Фируза ШӘРІПОВА: «ЭКСПО КӨРМЕСІНЕ ЖЕҢІС СЫЙЛАДЫМ!»

firuza_2

Осыдан бір апта бұрын ЭКСПО көрмесі аясында Фируза Шәріпова болгарлық спортшы Милена Колевамен жекпе-жекке шыққан болатын. 26 тамыз күні Амфитеатр сахнасында ЭКСПО-2017 халық­аралық мамандандырылған көрмесі аясында өткен айқас Әлем чемпионы дәрежесін берумен аяқталды. Осы додада чемпион атанған Фируза Шәріпова «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ баспасөз орталығында өз әсерімен бөлісті.

Жекпе-жек жеңіл өтті деп айта алмаймын, бірақ жеңіс біздікі. Мен өте қуаныштымын, өйткені, әдемі бокс өткізу жоспарымыз іске асты. Алдағы жоспар – келесі дәрежелер үшін бокстасу, оларды біріктіріп, жаңасына қол жеткізу, жеңіске жете беру, еліміз – Қазақстанның атағын шығару, – деді Фируза Шәріпова журналистерге берген сұхба­тында.

Чемпионның менеджері Сергей Завелейский де шоудың өте жақсы өткенін айтты.

– Меніңше, біз көздегенімізге жеттік. Менің ойымша, бәріне ұнаған сияқты, өзіңіз де көрдіңіздер. Шоу да көңілден шықты, Фируза мен Милена қызықты жекпе-жекті көрсете алды: бүкіл 10 раунд бойы айқас қызықты өтіп, екі тарап та бір-біріне қауіпті екендігін танытты. Яғни әлсіз боксшымен айқасқан ешкім жоқ. Жекпе-жек Фируза үшін пайдалы болды, бірден жеңіп алған екі дәрежесі үшін ғана емес, сондай-ақ, тәжірибе ретінде тиімді. Фируза 10 раунд бойы бокстасып көрмеген, әрі мұндай мықты қарсыласы болмаған. Милена да жарады – қайсарлы, тәжірибелі боксшы, – деді Сергей Завелейский.

Ол жекпе-жектің қатал болғандығына қара­мастан, спортшылардың бір-біріне деген шын ықыластарын сақтап қалғандарын атап өтті.

– Болашақта біз Миленаны Фирузаның лагеріне жаттығуларға, спарринг жұмыстарына шақыратын боламыз. Бүгін бұл туралы Миленамен сөйлескенбіз. Демек, сіздер әлі де Фируза мен Миленаны бір рингте спаррингтен түсірілген суреттер мен бейнежазбаларда көретін боласыздар, – деп сендірді жеңімпаздың менеджері.

Алдағы жоспарға байланысты Сергей Заве­лейский Фируза Шәріпова ұзақ демалысынан кейін бокстан Бельгияның  чемпионы (дәл осы спортшы 26 тамызда Фирузаның қарсыласы болуы тиіс еді, алайда жекпе-жектен бас тартқан) немесе ресейлік Светлана Кулаковамен айқасқа дайында­лады. Турнирдің өтетін орны ретінде Тараз (Фируза Шәріпованың туған жері), Алматы және Астана қарастырылып жатыр. Өзге де ұсыныстар бар: фран­цуздар Парижде әйел боксы­ның жаңа жұлдызымен, оның есімі құпия сақталуда, жекпе-жекті өткізуді ұсынып отыр. Сергей Завелейскийдің айтуынша, айқастар ІBO және WPBF нұсқалары бойынша өтсе, Фируза бірден екі салмақта чемпион атағына қол жекізе алады.

– Қазақстанда тек қана Бейбіт Шүменов екі салмақ категориясында – ауыр және жартылай ауыр салмақта чемпион атанған, – деді менеджер.

Журналистердің сауалдарына жауап берген Фируза Шәріпова әуел баста өмірін бокспен байланыстыруды ойламағанын айтып берді.

– Кішкентай кезімде мен ән айтатынмын, би билеп, мектеп байқауларына қатысып жүрдім. Сосын спортзалға келдім, бокс ұнады, сөйтіп, ол менің өмір салтыма айналды. Жаттығуға күтпеген жерден түстім. Бұл істі шындап қолға аламын деп ойламадым. Ата-анам басында қолдамады. Өзіңіз түсінетін шығар­сыздар, мұсылман отбасыдан шыққанмын: «Қызым, бұның керегі не?» дейтін. Кейіннен мені түсініп, мақсат, арманымның барын білді, – деді Фируза.

Чемпионның жолдасы оның мәртебесі мен кәсібін құптайды. Өйткені, өзі де боксшы.

– Жақсы көзбен қарайды! – деп әзілдеді чемпион.

Фируза Шәріпова «Астана ЭКСПО-2017» Ұлт­тық компаниясы» АҚ жетекшілігіне өзінің ескі арманын орындауға мүмкіндік бергендері үшін шексіз алғысын білдірді.

– ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырыл­ған көрмесіне алғысым шексіз. Біз сенімді ақтап, халықты әдемі жекпе-жек, әсерлі бокспен қуанта алдық, – деп қорытындылады сөзін Фируза Шәріпова.