КЕНЕСАРЫНЫҢ ҚЫЛЫШЫ

ОҚО музейі жәдігерлерін де ЭКСПО қонақтарына ұсынды

583824b4641efa140e048f4a493e26fa_xl

Орталық комму­никациялар қызметінде өткен баспасөз кон­ференциясында Оң­түстік Қазақ­стан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков мәлімдегендей, Оңтүстік өңірінде 800-ге жуық киелі кешендер орналасқан. Өңірдің әулиелі, тарихи жерлерге бай екендігін таныстыру мақ­сатында Елорда төріндегі айтулы шарада оңтүстіктің киелі жерлеріне қатысты түсірілген фототуынды­лардан арнайы көрме ұйымдас­тырды. Онда өңірдің тарихи, киелі жерлерінен де мол мағлұматтар берілген, деп хабар­лайды sn.kz сайты.

– Ежелгі тарихымызды, салт-дәстүрімізді дәріптеу мақсатында Қ.А.Яссауи атындағы халық­аралық Қазақ-түрік универси­тетінің студенттері салған «Ұлы дала тарихы» сурет галереясын жұрт назарына ұсынамыз. Қазақ күресінің дарабозы атанған Қажымұқан бабамыздың өміріне, палуандығы мен патриоттығына куә болар фотосуреттер, әлемдік сайыстардан жеңіп алған орден-медальдары және 74 жасында Ұлы ақынымыз Абай Құнан­бай­ұлының  100 жылдық мерей­тойына киіп барған киімдері, жаттығу кезінде пайдаланған кір тастарын Елорда жұртшылығы тамашалай алады, – деді Ұласбек Сәдібеков.

Сонымен қатар, қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасым­ұлының қылышы да халық­аралық көрме қонақтарына ұсынылған. Темір қылыштың сабы сүйектен және қынабы былғарыдан жасалған.  Оның ұзындығы 70 см, сабы 15 см, жүзінің ені 3-4 см құрайды.

Баспасөз конферен­ция­сында мәлім болғандай,  2 қыр­күйек күні «Қазанат» ипподро­мында аударыспақ, қыз қуу, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік және ат үстінде өнер көр­се­тілсе, 3 қыркүйек күні «Этно­ауылда» қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ және көрер­мендер арасында «Қошқар көтеру» сайысы ұйымдасты­рылады. Аталған іс-шараға облыстан шыққан белгілі спорт­шылар Мұхтархан Ділдәбеков, Әлия Юсупова, Мырзағали Айтжанов, Жазира Жаппар­құлмен қатар, 200-ге тарта спорт саласының мамандары мен спортшылар қатысады.