«ЖҰМЫРТҚАДАН ЖҮН ҚЫРҚА БІЛЕТІН» ҚЫТАЙ

Тақтатастан мол газ алуға қол жеткізді

Пекинге  Орталық Азиямен Мәскеусіз ынтымақтастық ыңғайлы

 %d1%82%d0%b0%d0%ba

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» экономикалық шолушысы

Бүгінде халықаралық рынокта мұнай мен газ саудасының маңызды рөл атқаратыны, тіпті ол геосаясат пен әлемдік экономикаға ықпал етіп, кейде түрлі текетірестер мен қақтығыстардың тууына түрткі болып жататыны көпшілікке мәлім. Керек десеңіз, осы «қара алтын» болмаса, анау Атлант мұхитының ар жағында жатқан Америкаңыз Таяу Шығысқа табан тіреп, ат ізін де салмас еді. Басқаны былай қойғанда, біздегі  доллар мен теңгенің арақатынасы  да мұнайдың бағасына байла­нысты құбылып тұрғаны құпия емес.

Демек, мұнай мен газды өндіруге, оның саудасына қатысты әрбір жаңалық пен өзгеріс ешкімді де бей-жай қалдырмасы хақ.

Осыдан тура он бес жыл бұрын, яғни  2002 жылы әйгілі Америкадағы «Девон Энерджи» компаниясы тақтатастың қалың қабатын  әдеттегідей тік бағытта емес, көлбеу әдіспен бұрғылап, оған жоғары қысыммен су араласқан құм және химиялық реагент қоспасын жіберіп көргенде, құбыр бойымен көп  мөлшердегі газдың буы лықсып шыға жөнелді. Күтпеген жерден пайда болған бұл құбылыс сынақ-экспериментті жүргізушілерді қайран қалдырды. Олар қуаныштан бөріктерін аспанға атып, бірін-бірі құшақтап, құттықтап жатты.  Сөйтіп, әлемдік тәжірибеде тұңғыш рет тақтатастан газ алудың жаңа әдіс-технологиясы табылды.

Осының арқасында  АҚШ 2009 жылы  жалпы көлемі 745,3 млрд. текше метр (оның ішінде тақтатастан 81 млрд. текше метр) газ отынын өндіріп, осы сала бойынша Ресейді басып озып, дүние жүзінде алдыңғы орынға шықты. Ал 2013 жылы тақтатастан 319 млрд. текше метр «көгілдір отын» алуға қол жеткізді. Сөйтіп, Катар мен Египеттен тасымалданатын газ көлемін қысқартып, тіпті бас тартатындай жағдайға жетті. Елдің ішкі рыногындағы газдың бағасы арзандады. Мұны дүние жүзінің БАҚ құралдары жарыса жазып, «тақтатастан газ алудың таңғажайып технологиясы», яғни  «газ төңкерісі» деп бағалады. Кейбіреулердің айтуынша, бұл энергия бизнесінде соңғы елу жылда болмаған оқиға.

Американдықтардың жаңа өндіріс саласына үлкен үміт пен  сенім артып отырғаны барлау жұмыстарының мәліметінше, олардағы 50 штаттың 42-сінде тақтатас кені кездеседі екен. Әлемдегі тақтатастың ең мол қоры да осыларда. Вайоминг, Юта және Колорада штаттарына қарайтын жартылай шөлейтті далалық жазықтағы Грин-Ривер деп аталатын  кен алабында шамамен 430–450 трлн. тоннадай жоғары сапалы тақтатастың қоры шоғыр­ланған. Көпшілік кендерде оның қалыңдығы үш-төрт метр ғана болса, мұндағы тақтатас қыртысының қалың­дығы 600 метрге дейін жетеді. Мұндай қалыңдықтағы кен дүние жүзінде тек Батыс Австралия жерінде ғана ұшырасады.

%d0%ba%d0%b5%d0%bd

Осы сияқты Монтана, Ваймонг және Солтүстік Дакота штаттарының аумағында  65 мың шаршы шақырым көлемді алып жатқан Баккен тақтатас кенінен мұнай алудың зор мүмкіндігі бар. Бұдан біраз бұрын ол мұнайдың қоры 150 млн. барралей деп есептелінген болса, кейінгі барлау жұмыстары оны 11 млдр. барралей деп түзетті. Мұндағы мұнайлы тақтатас жынысы үш шақырымдай тереңдікте жатса, оның қалыңдығы 40 метрге жетеді. Болжам бойынша, болашақта кен көзі тиімді игерілетін болса, тәулігіне 700 мың барралей мұнай беретін болады. Бейтарап батыс мамандарының өзі жалпы АҚШ-тағы тақтатастық мұнай қоры әлемдегі жер асты мұнайына ең бай ел саналатын Сауд Арабиясының қорынан бес есе көп дегенді айтады. Жоғарыда айтылған Баккен кенішінен көлбеу әдіспен мұнай алудың мүмкіндігі мен болашағына көз жеткізген жекеменшік компаниялар 2011 жылы тақтатас кен орындарында көлбеу бағытта бұрғылау жұмыстарын жүргізетін бес мыңдай ұңғыма қондырғыға 25 млрд. доллар инвестициялық қаржы салған.  Экономист мамандардың есептеуінше, тақтатастан алынатын мұнайдың бағасы әр баррель үшін 60 доллардан аспа­ғанда ғана тиімді болмақ. Сондықтан да өндіруші компа­ниялар ендігі жерде тақтатастан алынатын мұнайдың өзіндік құнын   барынша төмендетуге тырысады.

Егер де  американдықтар дүние жүзінде тұңғыш рет тақтатасты пайдалануды, кәдеге жаратуды жүзеге асырып отыр десек, онымыз өтірік болар еді. Тақтатас­тың бойында отқа жанғыш органикалық заттардың бар екені сонау орта ғасырлардың өзінде  белгілі болған.

Мәселен,  ХVІІ ғасырдың аяғында, дәлірек айтқанда, 1694 жылы епсекті де пысықай ағылшындар алғаш рет сланецтен құрамы жөнінен мұнайға жақын шайыр, одан  май алып, оны ең бір өтімді тауар – отынға айналдырып, кәсіпкерліктің пайдалы бір көзін тапқан.

Ал 1821 жылы  АҚШ-тың Нью-Йорк штатына қарасты  Фредониге жақын маңда Уильм Харт деген біреу тақтатас қабатын бұрғылап қазғанда, одан  отқа жап-жақсы жанатын газ шыққан. Бірақ та ол сол кезде   кәдімгі табиғи газ бен мұнайға бәсекелес бола алмады.

Ресейде тақтатас өндіруші кеніштер 1916 жылдан бастап жұмыс істей бастады. Одан алынған кукерситтік шикізаттар жылу электр станцияларында отын ретінде пайдаланылды. Сонан соң термикалық әдіспен тақтатастан шайыр, бензин, газ және метан, әрі қарай өңдеу арқылы ихтиол, сырлау материалдары, шпал майлары, жолға төсейтін битум, т.б. өнімдер  да алынып, ең соңғы  қалдық пен күлінен цемент пен кірпіштер жасалынып отырды. Кеңес Одағы тұсында 1975 жылы 36 миллион тонна тақтатас өндіріліп, әлемдік рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді.

Жалпы қазіргі есеп бойынша, әлемнің 38 мемлекетінде 48 тақтатас бассейні кездеседі. Олардың жер қабатын­дағы тереңдіктері  әр түрлі. Бразилияда оны ашық әдіспен өндіреді. Чуваш жерінде 10-нан 50 метрге дейінгі  терең­дікте жатқандықтан, оны экскаватормен де қазып алуға болады. Эстония мен Ленинград облысында  тақта­тастың кукерсит түрі 80-300 метрге дейінгі тереңдікте болса, Бело­руссияда 60-500 метр, ал Украинада 2500 метр тереңдікте жатыр.

Осы мәселемен айналысып жүрген мамандар  «Жер шарының қойнауында  650 трлн. тонна жанатын тақтас қоры бар», – дейді. Кейінгі кезде біреулер оны 1500 трлн. тоннаға жеткізіп қойды. Бұдан 200 трлн. текше метр газ алуға болатын көрінеді. Оны өндірудің жолы болып, сәті түссе, территориясында 36,7 трлн. текше метр тақтатас қоры бар Қытай Халық Республикасының айы оңынан туады деседі. Мұнан кейінгі орындарда АҚШ – 24,4 трлн. текше метр, Аргентина – 21,9 трлн. текше метр, Мексика – 19,3 трлн. текше метр, Оңтүстік Африка Республикасы – 13,7 трлн. текше метр т.б. (кейбір мәліметтер бойынша, Қазақстан жерінде Кендірлі кенінде 700 млн. тонна тақтатас қоры бар).

Осы күнге дейін  тақтатасты әр ел, әр мемлекет  шама-шарқынша өндіріп,  түрлі мақсатта пайдаланып келді. Мәселен, шведтер одан метанол және жолай бағалы уран алады. Қытайлықтар өздерінің тақтатас өңдеу зауыттарында: дизель отыны, бензин, парафин, аммоний сульфаты, техникалық майлар тәрізді өнімнің 45 түрін шығарады. Осы сияқты австралиялықтар да өз жер­леріндегі тақтатас қыртыстарынан мұнай өнімдерін алуды көздеген, бірақ та экологтардың «қалған  қалдықтары айналаны ластап бүлдіреді» деп қарсы шығуынан жобаны тоқтатуға мәжбүр болды. Сонда да болса қазіргі таңда жылына  отын  ретінде  Қытайда  бірнеше  ондаған  мил­лион  тонна,  Эстонияда – 20 млн.  тонна,  Ресейдің өзінде – 10 млн. тонна тақтатас жынысы жағылады.

Бірқатар кемшіліктеріне байланысты тақтатас осыған дейін  бағалы қазба байлықтар қатарына жатқызылмады. Қарапайым тілмен айтқанда, тақтатас отқа жанғанда одан  көмірге қарағанда жылу екі есе, мұнайға қарағанда төрт есе аз бөлінеді және шығаратын жалыны да біркелкі емес, қалатын қалдық күлі де көп.  Сондықтан да дап-дайын мұнай мен газ тұрғанда, тақтатасты отын ретінде пайдалану артық машақат болып көрінді,  бос әурешілік  саналды.

Дей тұрғанмен, кейде ойламаған жерден өндірісте ашылған бір жаңалық үлкен істерге қозғау салып жата­ды. Сол айтқандай,  тақтатастан газ алудың амери­кандық технологиясы жария болысымен,  жер-жерде, әлемнің әр түкпірінде  бұл бағыттағы іс-әрекеттер кеңінен өріс алды.

Қай нәрсені де қалт жібермей, «жұмыртқадан жүн қырқа білетін» Қытай  бұған дереу ден қойып, құлшына іске кірісті. Сөйтіп, айналасы бес-алты жылдың ішінде  үлкен  жетістіктерге қол жеткізді.

«Жэньминь жибао» газетінің жазуынша,   Жер және табиғи ресурстар министрлігі  2016 жылдың қоры­тындысында,  Қытай тақтатастан 7,9 млрд. «көгілдір отын» алып, дүние жүзінде  АҚШ пен Канададан кейінгі үшінші сатыға көтерілгенін жариялаған.

Осы мақалада  айтылғанындай, Қытай жалпы 36,7 трлн. текше метр тақтатас қорына ие деп болжанған бол­са, әзірге өз мамандары геологиялық барлау жұмыс­тары­ның нәтижесінде  764,3 млрд. текше метр тақтатас қоры бар екені, оның 600,8 млрд. текше метрі  «Фулин» кенішінде жатқанын анықтады.  Сөз жоқ, тақтастың мұн­дай мол қор құлашты кеңге сермеп, ұзақ жылдар жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Қазіргідей қарқынмен жұмыс істей отырып, Аспан асты елі  тақтатастан газ  өндіруді жылына 10 млрд. текше метр деңгейіне жеткізбек.

Бұл  жетістік қытайлықтар үшін жақсы болғанымен,  Ресейдің  «Газпром» концерніне жайсыздау тиіп тұрған сыңайлы.  Өйткені, 2014 жылдың  21 мамырында  екі елдің мемлекет басшылары  Владимир  Путин және Си Цзиньпиннің қатысуымен  ресейлік «Газпром» және қытайлық CNPC арасында (жиынтық құны 400 млрд. долларды құрайтын)   алдағы отыз жыл бойына жылына 38 млрд. текше метр  газ жетізіп беру  жөнінде келісім-шартқа қол қойылған еді. Сол бойынша  Якутиядағы Шаянды кенішінен  Қытайға қарай  «Сила Сибири»  магистралдық құбыры тартылатыны, оның 2200  шақырымдық бастапқы бөлігі  2017 жылдың аяғында тартылып бітетіні келісілген-тін.  2018 жылдың басынан  (кейін 2019 жылға шегерілген)  «көгілдір отын»  жеткізіле бастайды деп жоспарланған да. Осының бәріне енді «түзету» енгізілетін түрі бар.

Кейбір деректерге қарағанда, Қытай  2016 жылы 205,8 млрд. текше метр  газ отынын тұтынған болса, соның 137,1 млрд. текше метрі өз ішінде өндірілген.  Алдағы он бес жылда сұраныс  көлемі  76 пайызға өсіп, жылдық тұтыну  347 млрд. текше метрге жетеді. Мұның 14 пайы­зы тақтатастан алынады. Алайда,  қазірше елдің энерге­тикасында  62 пайыздық үлестегі көмір  негізгі отын болып  саналады. Мұнан кейін 19 пайызды мұнай құрай­ды, ал газдың үлесі 6 пайыз ғана. Үкіметтің жоспары бойынша,  газ тұтыну мөлшері 2020 жылға қарай 10 пайызға, 2030 жылға қарай 15 пайызға өседі.  Импорттың  көлемі 150 млрд. текше  метрге дейін артады.

Дегенмен, газ импорты жөнінен Қытай  тек Ресейдің қолы мен қас-қабағына қарап отырған жоқ. Ол  «көгілдір отынды» іргедегі Қазақстан, әріректегі Өзбекстан мен Түркіменстаннан да тасымалдайды. Бұған қоса, едәуір сұйытылған газ отынын АҚШ пен Катардан сатып алады. Таяу уақытта Австралиядан да алып отырмақ.

Қазіргі таңда геосаясаттағы қайшылықтарға байланысты, АҚШ пен Еуроодақ елдерінің санкциялық қысымына ұшырап отырған  Ресей  Қытаймен сауда-экономикалық қатынасты ұлғайтып, әсіресе,  мұнай мен газды көбірек  сатуға  аса мүдделі.

Кез-келген елмен  сауда-саттықта оңайлықпен есесін жібере қоймайтын Пекин енді жерде Мәскеумен жасалатын газ саудасында  барынша өзінің талабын тықпалап, сатып алу бағасын мейлінше төмендетуге  күш салатын болады.

Оның үстіне, баға конъюктурасы да Қытайдың пайдасына жұмыс істеп тұр. Олай дейтініміз, 2014 жылы бұлар  «Сила Сибири» құбырын  тарту  туралы келісім жасаған кезде  Азия-Тынық  мұхиты аймағында газдың 1 мың текше метрінің  бағасы 600 доллар болған болса, қазір 270 долларға арзандап кетті. Жағдайды  жан-жақты барлап, рыноктың  тынысын біліп отырған  Қытайдың  бағаны бұдан да төмендететіні айдан анық.

Ресейдің бір үміттеніп отырғаны өнімнің өзіндік құнында. Бұларға табиғи жолмен  газдың  1 мың текше метрін өндіру 20 долларға түсетін болса, тақтатастан алынатын «көгілдір отын»  шығыны  90–150 доллар көлемінде.

Қай кезде де  «Экономика – саясатты айқындайды» демекші,  осы айтылғанның бәрі сайып келгенде,  Қытайдың  Ресей және Орталық Азия елдермен қарым-қатынасына әсер етуі ықтимал.

Басқаны айтпағанда, мысалы, құрамына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей кіретін Еу­разиялық экономикалық одақпен сауда-экономикалық ынтымақтастыққа қол қоюға ықылас білдірген  Қытай  кейінгі кезде мұны сырғытып кешеуілдетуге көшті. Өйткені, ол Ресейдің қатысуынсыз Орталық Азия елдерімен екі жақты келісімдер негізінде қарым-қатынас жасай алатынын, әрі одан өзінің  инвестициялық әлеуеті  әлдеқайда жоғары екенін жақсы біледі.

Ендеше, Ресейдің де басқалардың да  әлемдік және аймақтық саясат пен экономиканың  осылай құбылып тұратын мойындауларына, соған амалсыз ыңғай­лануларына  тура  келеді.

Қай жағынан алғанда да Қытайдың ұпайы түгел.