БІРТҰТАС ҰЛТ БОЛУ ҚАДАМЫ

%d0%bb%d0%b0%d1%82%d1%8b%d0%bd-2

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – ұлттық рух пен ұлттық сананың кемелденуіне, ұлттық салт-дәстүріміз бен тілімізді, мәдениетімізді сақтауға үндейтін іргелі бағдарламалық бағыттағы құжат.

Мақалада елдің ертеңгі рухани, мәдени өсуінің бағдары, бағдаршамы дерсіз. Мақалада үлкен мән бар, ой бар, сұрыпталған сөз, іріктелген тіркес, көптен толғандырып жүрген ойдың әсерлі толқынысынан туған тұжырым бар.

«Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» – ең алдымен, еліміздің бір­тұтас ұлт болуын мақсат етіп, соған барар жолдағы ұлттың рухани бол­мысының мәні қалай болуы керек, нені негізге алып, қандай базалық құндылықтарды сақтауымыз қажет, ертеңгі ұрпаққа табыстар мұрамыз­дың сипаты қандай болуы керек, бү­гінгі жастар мұраты қандай, батысқа еліктеу еліміздің болашақ межесіне үлгі бола ала ма деген бүгінде қазақ қоғамын іштей тол­ғандырып жүрген басты мәселе­лердің шешімі мен оның бағдары осы бағдарламада кеңінен қозғалып, тиянақталған.

ХХ ғасырдағы батыстық жаң­ғыру­дың үлгісі бүгінгі егемен қазақ еліне үлгі бола алмайды дейді Ел­басы. Өйткені, «жаңғырған қоғам­ның өзінің тамыры тарихының те­реңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу».

Ұлттық код қайда? Ұлттық код – ең алдымен, тілде, сосын дәстүріміз бен салтымызды, мінезімізді айқын­дайтын ділде, ұлттық мәдениетте. Қазақ баласының тағылымы мол тарихында мәдени-рухани болмысы ізгілікпен әдіптеліп, қарапайым­дылықпен шыңдалып, парасатпен шырайланған. Ұлттық кодымызда ізгілік, адалдық, перзенттік инабат­тылық, адамгершілік, парыз, этикет, ақыл-парасаттылық кеңінен өріс­теген, молынан қамтылған.

Ұлттық кодта парыз бен әділдік қатар сомдалып, Ж.Баласағұни, М.Қашқари, А.Яссауи, Абай мен Шәкәрім, Ахмет пен Әлихан, Мағжан мен Міржақып шығарма­шылығы арқылы халыққа дәріп­телген, астары мен арқауы мықты оралымды сөз өрнегімен, ұғынықты тілмен өрілген. Қазақтың ұлттық кодында әділдік тұжырымдамасы ежелгі дәуірден бастап жинақталып, туыстығы жоқ үлкенге деген сый­ластық болып танылған. Сыйластық пен ізгілік, ізеттілік пен имандылық қазір енді этикетке айналған тұста, осы ұлттық кодты дамыта отырып, рухани мәдение­тімізді жаңғырт­уымыз қажет. Ұлттық кодымызда ұят категориясы бар. Бесіктен белі шықпаған баладан бастап, ұят боладыны айтып өсірген ата-ана баласын жақсылық пен жауыз­дықтың бөлінетінін айтып, мінезін қалыптастырады. Жауыздық­пен күрес және жақсылықты дәріптеу коды қазіргі мораль мен өнегелік категориясын дамыта түседі.

Ұлттық кодқа негізделген ұлттық сананың кемелдене дамуын Елба­сымыз үлкен мәселе етіп көтеріп, екі қырын атап көрсетеді: ұлттық сананың көкжиегін кеңейту және ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. «Қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгілерінің қатері» де бар екенін ескертеді. Ол қандай қатер деңіз? Қатер мынада: өзгенің ұлттық даму үлгісі жұрттың бәріне ортақ әмбебап үлгі бола алмайды. Елбасымыздың көрсет­уінше, «іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мем­лекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда». Дер кезінде және нақты айтылған пікір дер едік.

Елбасымыз бұл қатерді неге ескертіп отыр? Демек, өзге ұлттың даму үлгісінің бәрін көшіріп ала беру, өз еліміздің ерекшелігін, халқы­мыздың ділін, мінезін, рухани және материалдық құндылықтарымызды ескермеу бізде жоқ емес. Осы қатер туралы қазіргі басшылар да көп ойланса, нұр үстіне нұр болмақ.

Осы тұрғыда қазіргі уақытта халық көңілінен шықпай, ерекше алаңдатып отырған мәселенің  бірі – бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін енгізу, жоғарғы сыныптарда жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту дер едім. Жараты­лыстану пәндерін ағылшын тілінде мектепте және жоғары оқу орын­дарында жаппай оқыту қазақ тілінің ғылым тілі бола алмайтындығының басты кепілі болмақ. Қатер ме? Әрине, қатер. Білім жүйесінде шет елдің бәрі жақсы екен деп, түгел сол жүйені көшіріп әкеле салғанда, жоғары деңгейде дамып кетеміз деу күпірлік қана емес, оның ар жағында ұзаққа шаба алмайтын шабандық та жатады. Елбасымыз ескертіп отыр­ғандай, қазақ білім жүйесінің өзінің дербес даму үлгісі жасалуы қажет. Ол ұлттық сананы, ұлттық рухты асқақ­татып, жастардың бойын­дағы ұлттық сананың кемелденуіне жетелеуі тиіс. Н.Ә.Назарбаевтың «ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқан­дай жаңғыру болмайды» деуінің мәнісін терең түсіну абзал. Бірінші сыныптан балаларға үш тілді оқыту­ды немесе жаратылыстану пәндерін тек ағылшын тілінде оқытуды қолда­мау үштілділік идеясына қарсылық емес. Ағылшын тілін оқудың, үйренудің бүгінгі таңда еліміздегі жастар үшін мотивациясы да жоғары, мүмкіндігі де мол. Болам деген баласына ата-анасы кез-келген тілді ақылы түрде оқыта алады. Бұл біздің ұлттық кодымызда жаңғырған, қажеттілікке айналған, кодталған мінез. Ал оқығысы келгендерге арнап, тегін әрі өз қалауынша оқып-үйрену үшін, ағылшын курстарын ашып қою арқылы да көп мәселені шешуге болар еді.

Елбасымыз таяу жылдардағы басты міндеттердің бірі және негізгісі ретінде қазақ жазуын латын әліп­биіне көшіру жұмыстарын біртіндеп бастау керектігін нақтылайды. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап айтыла бастаған бұл мәселенің қазір шешілетін сәті келгендей.  Әлеу­меттік желілердегі кешелі-бүгінді жазылып жатқан пікірлер легін саралау да көпшіліктің бұл рефор­маны қол­дайтынын аңғартады.

Қазақ жазуының өткен тарихы қиын. Қазақ еліне өз өктемдігі мен өкімдігін жүргізгісі келгендердің барлығы оның рухани болмысына жасайтын шабуылын, ең алдымен, жазуды өшіруден бастаған екен. Кез-келген жазу сол ұлттың дәстүрлі мәдениетін, елдігін, тарихи жадын сақтайтын жәдігер екенін ескерсек, мұның мәнісі түсінікті де. Араб жаулаушылары атының тұяғы жет­кен жерлердің барлығында түркілік таңбаларды жоюға күш салыпты, орыс колонизаторлары қазақ еліне кең тараған араб жаз­уы­мен, араб мәдениетімен күресіп, жазуды өшіріп, ақыры өз  әліпбиін енгізген. А.Байтұрсын­ұлының төте жазуының тағдыры қалай болғаны бүгінгі көзі ашық қауымға белгілі. Қазақтың қайран тілі көшпенді ғұмыр-тірші­ліктің арқасында жазуға мойынсұн­бағандықтан, өзге тілдер­дің ырқына көне қоймай, өз болмыс-бітімін сақтай дами берген.

Ал қазіргі жай басқаша. Тәуелсіз еліміз әлемдік өркениетте өзіндік орнын белгілеп, алдыңғы қатарға шығу үшін ұйымдасуда. «Тарихтың темір қақпанына түспеу үшін» эволюциялық даму бағытымен, өркендей дамуды басты бағдар ретінде белгілеп, ұлттық құндылық­тарды ұлықтауды қалайды. Қазір бірінші сыныпқа барған балалардың 90 пайыздайы қазақ сыныптарында отыр, жоғары оқу орындарындағы аудиторияларда қазақ топтары 85–90 пайызды құрайды. Демек, латын әліпбиіне көшудің ең басты алғы­шарттары орындалды деуге толық негіз бар. Ендігі басты мәселе – қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау. Біздің пайымдауымызша, мұндай стандарт бізде бар. Ол – Ахмет Байтұрсынұлы жасаған әліпбидің негізін сақтайтын  латын­ша таңбалық нұсқалары.

Қазіргі тілші ғалымдар емлелер мен жазу ережелерінде бірізділік болатындай жақсы емлелерді өзара анықтап алып, халыққа ұсынуы тиіс.

 

А.САЛҚЫНБАЙ,

филология ғылымдарының докторы,

ҚазҰУ-дың профессоры.