БЕС КҮН оқып, ЕКІ КҮН демал…

дейтін жаңа жүйе бізге не береді?

 5-%d0%ba%d1%83%d0%bd-%d0%be%d0%ba%d1%83

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Олар және біз

Е л экономикасының қарыштап дамуы білім беру жүйесіне тікелей байланысты десек, қателес­пей­міз. Сол елдің көшін алға сүйрейтін азаматтың бүгінгі қоғамда тек қана білім алуы жеткіліксіз. Ең маңыз­дысы  сол – алған білімін күнделікті өмірде тиімді қолдана білуі тиіс.

Біздің мемлекет білім саласына ешқашан қаражат аяп қалған емес. Ең көп қаржы бөлінетін басты салалардың бірі де осы білім. Соның нәтижесінде балаларымыз бала­бақшадан бастап, мектепті жалғап, одан әрі жоғары оқу орындарының аудиториясынан аттап, саналы да сапалы білім алуда.

Әлемдегі ең ілгері деген мемлекеттер сапынан көрінуге ұмтылған Қазақстан жұмыр жер бетіндегі жұртпен білім-ғылым, өнер, дәулет жолындағы тартыс бәсекесіне араласып, жаһандық білімдегі ең озық инновация мен технологиялардан да қалыс қалмай келеді.

Бүгінгі тақырып бескүндік оқу жүйесі туралы болмақ. Бұл да әлемді мойындатқан шет елдерден әкелінген жаңа жүйе. Иә, әлемдегі бірқатар мемле­кетте бескүндік оқу стандарты бұрыннан бар. Тіпті кейбіреуінде оқушылар түске дейін ғана оқитын көрінеді.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы құрамындағы елдер осыдан отыз жылдай бұрын білім беру­дің жаңартылған үрдісіне көше бастаған екен. 1997 жылы біраз мемлекет PІSA деп аталатын жаңартылған мазмұнды бағалаудың бірыңғай стандартына көшу туралы келісімге келген. Ал біздің еліміздегі бірқатар мектеп 2009, 2012 және 2015 жыл­дары осы стандарт бойынша білім сапасын анықтауға қатысты.

Осы зерттеудің нәтижесінде, оқушылардың функцио­налдық сауаттылығын арттыру қажеттілігі анықталды. Білім беру мазмұнын жаңартудың себебін осыдан деп түсіну керек шығар.

Бұл жүйенің шымылдығын біздің Қазақстанда былтыр 1-сыныптық бүлдіршіндер ашқан болатын. Жаңа жүйеге көшу кезең-кезеңімен жүзеге асы­рылады. Енді биылғы қыркүйектен бастап бұл қатарға  2, 5, 7, 9-сыныптар оқу­шы­лары қосылады.

Біздің елде Кеңес заманынан қалыптасқан дәстүр бойынша, білім маусымы 1 қыркүйектен басталып, 25 мамырда аяқталатыны белгілі. Одан кейін оқушы­ларымыз «алақайлап» үш айлық жазғы демалысқа шығады.

Білім саласының майын ішіп жүрген мамандардың сараптауынша, кеңестік жүйеден шыққан дамушы ел­дердің білім жүйесінде оқушылардың демалыс күн­дерінің мерзімі көп. Яғни біздікілер дамыған елдердің оқушы­ларына қарағанда аз оқиды, көп демалады. Ал батыс ел­дерінің жазғы демалысы көп болса 1,5-2 айға ғана созы­лады екен. Оның үстіне, психолог-мамандар да үш айлық жазғы демалыста бала мектепте не үйренгенін ұмытып, олардың сабақ оқуға деген ынта-ықыласы төмендейтінін айтып отыр.

1 қыркүйек және 25 маусым

Жалпы, біздегі осы қалыптасқан оқу маусымы не себепті күзде басталады? Яғни  жаңа оқу жылы неге 1 қыркүйекте басталып, 25 мамырда аяқталады? Оның сыры неде?

Бұл үрдіс Кеңестік дәуірдің сонау 30-жылдарынан бастау алыпты. Оқушы балалардың жаз айында ұзақ демалатын себебінің сырын патшалық Ресейдің аграрлық ел ретінде қалыптасқан экономикалық жағдайынан іздеу қажет.

Патшалық Ресей тұсында жаз кезінде оқушылар мектепте оқымаған. Өйткені, сол кездегі тұрмыс-тірші­ліктің ауыртпалығынан жас балалар күнкөрістің қамымен егін немесе мал өсірумен айналысатын әке-шешелеріне көмектесіп, қолғабыс етіп, аз да болса өз жәрдемін тигізе­тін болған.

Бертін келе ауылдық жерлерде осы дәстүр сол күйінде қалып, тек қаланың балалары ғана жаз айларында пионер­лік лагерьлерге жіберілетін болған. Ал бүгінгі таңда жазда ата-анасына көмектесіп жүрген оқушылар ауылдан табыл­маса, бүгінгі таңда қаладан ондай оқушыны кезіктіру қиын.

Міне, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан сол бұрынғы кеңес жүйесінің шекпенінен шыға алмай жатыр. Ендігі жерде бізге әрідегі патшалық Ресей мен бергідегі Кеңес дәуірі тұсындағы ескі жолды шаңдатып ары қарай жалғастыру экономикалық және оқу үрдісін ұйымдастыру тұрғысынан да тиімсіз деп отыр мамандар.

Демек, индустриалды-инновациялық экономиканы тереңдетіп дамытуға бет алған бүгінгі Қазақстан үшін аграрлық экономика тұсында қалыптасқан бірізділік қасаңдылықтан арылуы керек.

АҚШ, Батыс Еуропа сынды озық мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткендей, білім жүйесі экономикалық дамудың негізгі қазығына байланбаған ел дамудың алғы сапында бола алмайды. Дамыған елдер өз экономи­касы­ның көсегесін жаңашыл инновация мен тиімді техноло­гиялар арқылы көгертіп отыр. Ал бұл ұғымдар өз кезегінде білім мен ғылымға келіп тіреледі.

Бескүндік оқу жүйесі балалардың сенбі, жексенбі күнгі демалыс уақытында олардың ата-анасымен бірге бол­уына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, балалардың шығармашылық қабілетін арттыруға, қосымша білім алуына, түрлі үйірмелерге баруына, әсіресе, спортпен, өнермен айналысуына көбірек уақыт бөлінеді деген пікірде білім мамандары. Көптеген ата-ана да осы пікірде, яғни жаңа жүйені құптап отыр.

Нұрсұлтан

НАЗАРБАЕВ:

– Бүкіл дамыған елдер­де мектеп­тер бес күн оқиды. Кейбір елдерде тіпті төрт күндік оқу стан­дарты жұмыс істейді. Бүгінгі күні осындай фор­мат дамыған елдерде трендке айналып отыр. Ғалымдар оқу апта­сын қысқартқан жағдайда білім алу нәтижесінің де артатынын дәлел­деді. Бізге де осындай тәжіри­бені ендіру қажет.

 

«Әке, бір сағатыңызды маған қиыңызшы…»

img-20170816-wa0007

Күләш АУҒАНБАЕВА,

№64 жалпы білім беретін мектептің география пәні мұғалімі, жоғары санатты ұстаз, Медеу ауданы:

Бүгінгі өмір ағыны тым қатты, бәрі жұмысбасты. Таңнан шыққан ата-ана үйлеріне кешкі сағат жетілерде әрең жетіп жығылады. «Бір тамағымызды жасап ішіп болғанша, кеш те батады. Ол кезде өзің де болдырасың, бала да шаршап, ұйықтап қалады. Сөйтіп, онымен тілдесуге, сабағын қарауға, тіпті еркелетіп кекілінен сипауға да мүмкіндік болмай қалып жатады», – дейді біраз әке-шеше.

Иә, баланың қоршаған ортасымен, отбасымен тиісті деңгейде қарым-қатынас орната алмауы қатыгездікке, немқұрайлылыққа әкеп соқтырып жататындығы жасырын емес. Сондықтан бескүндік оқу жүйесі өте дұрыс. Бала үйдегі тәрбиені, оң көзқарасты, жылылықты сезініп өскені абзал. Мәселен, ұлдың әкесімен жетектесіп қандай да бір мәдени орынға жетектесіп қыдырып барғанының өзі көп жетістік әкелер еді.

Бізде өткен оқу жылында «Әке, бір сағатыңызды сатып алайыншы» деген тақырыпта кең көлемдегі тәрбие сағаты ұйымдастырылып, сол басқосу көпшілігіміздің кеудемізге сәуле түсірген болатын. Сол аттас бейнероликті тамашалаған ата-ананың талайы көздеріне жас алып отырды. Онда жұмысбасты әке-шешесінің мейіріміне зәру бала туралы айтылады. Қоғамның тұтқасын ертең ұстайтын бүгінгі бала басты тәрбиені отбасынан алады. Сондықтан сенбі күні балаларда ата-аналарымен тілдесуге, отбасы дәстүрлерімен танысуға, адами, адамгершілік құндылықтармен сусындауына уақыты болуы керек деп ойлаймын.

img-20170816-wa0005

Жанат ҮМБЕТОВА,

№2 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, жоғары санатты ұстаз, Жетісу ауданы:

Бұл жүйенің түпкі мақсаты – баланың жан-жақты шығармашылық дамуына негіз­делген. Иә, әсіресе, оқуға енді бейімделіп келе жатқан бастауыш сынып оқушыларына алты күн сабаққа бару тым ауыр. Физикалық тұрғыдан шаршаған баланы зорықтырып, ынтасын жоғалтып алуымыз мүмкін.

Сан жылғы тәжірибе көрсетіп жүргендей, бірнеше айға созылған жазғы демалыстан келген оқушының мектеп, оқу ырғағына қайта көндігуі үшін кемінде екі апта уақыт кетеді. Мұны біз ұстаз ретінде өте жақсы білеміз. Ал көп ата-ана баласына мектепте өткендерін, білетінін жазғы демалыс кезінде қайта қаратып, пысықтатып отырады деп тағы айта алмаймыз.

Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс аптасы ересектерге арналған талап бойынша 40 сағаттан, ал балалардың оқу аптасы 30 сағаттан аспауы қажет. Мектептегі сабақтан бөлек, балалардың үй тапсырмасын орындайтынын ескерсек, оқушылар аптасына 50 сағаттан артық жұмыс істейді екен. Сондықтан балалардың денсаулы­ғын да ескергеніміз жөн.

Өзім де ұстаз ретінде баланы бес күн оқытып, алтыншы күнінде жеке шығармашылығыммен айналысып, тың ізденістерге тереңдей бойлап, білім-білігімді шыңдауға күш салар едім.

Бірақ бүгінгі таңда көп ата-ананың мектеп жасындағы баласына тәрбие беру шеңбері «ішкізіп-жегіздім, киіндірдім» деген тар түсініктің аясында қалып жүргені жасырын емес. Бала тәрбиесін түбегейлі мектепке артып қойған ондай отбасылардың балалары екі күн үйде отыра алмай, көше кезіп кетпесіне кім кепіл?..

img-20170816-wa00011

Бірімжан ЖҰМАТАЙҰЛЫ,

төрт баланың әкесі:

Мен ата-ана ретінде бескүндік оқу жүйесін құптаймын. Онсыз  да мектептің жүктемелері көп. Күрделі пәндер де баршылық. Тақы­рып­тары да ауыр. Аптасына алты күн оқыған­дықтан, біздің бос уақытымыз өте аз.

Бес күн оқып, қалған екі күнді бала өзін-өзі дамытуға, шығармашылыққа, әке-шешенің жанында болуға арнау керек. Сөйтіп, баланың миын демалдырып, көңілін бір мезгіл сабақтан да басқа дүниелерге аудару қажет. Тіл үйрену курстарына немесе спорт секцияларына да қатысуға мүмкіндігі болар еді.

Мысалы, біздің бала күнімізде (Кеңес Одағы тұсында) демалыс күндерінде үйден оқып келуге хрестоматиядағы көркем шығармаларды беретін. Ал гаджетке телмірген бүгінгі бала кітап та оқымайды.

Өзіңіз де білесіз, қазір өмір сүру оңай емес. Ата-аналар да бір жексенбіде үйінің күйкі тірлігінен аса алмай, баласына қажетті деңгейде көңіл бөлуге уақыт таппай жатады.

Жаңа оқу жылы да қыр астында тұр. Соған орай ата-аналар да қарбалас үстінде. Бүгінде көпшілігі мектепке дайындық  шаруасымен жүгіріп жүр. Ал балалардың, әсіресе, кішірек­терінің әлі де ойын мен жаз қызықтарынан арыла қоймағаны анық. Бірақ бізге білімді ұрпақ, ал балаға оқу-тоқу керек. Сондықтан бескүндік оқу жүйесінің бізге не берерін, құрметті оқырман, сіз де іштей сараптай отырарсыз.

Жаңа оқу жылында кездескенше!