АЛҒАШҚЫ БАЛАБАҚШАҒА 100 ЖЫЛ

img_2576

Рая ЕСКЕНДІР

Биыл еліміз тағы да бір  айтулы мерекені атап  өтті. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының ашылғанына 100 жыл толып отыр.

Осыған орай Алматыда «Білім мен ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға  арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру жүйесі мазмұнын жаңарту» деп аталатын  Тамыз кеңесі болып өткен еді.

Оның жұмысына ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Мектепке дейінгі балалық шақ»  республикалық орталығының  директоры Бижан Игембаева қатысты.

Кеңеске қатысушылар алдымен Алматыдағы ең алдыңғы балабақ­шалардың озық іс-тәжірибелері қойылған көрмені тамашалады.

Осыдан соң өткен  күндерге шолу жасалып, «Алматы қаласындағы мектепке дейінгі білім беру ұйы­мының ғасырлық шежіресі» атты деректі фильм көрсетілді.

Осынау мерекеге тарту ретінде бүлдіршіндер орындаған «100 жыл толды  балабақшамызға» деп аталатын би де ерекше серпін берді.

Келесі кезекте ғасыр тойына арналып өткізіліп отырған Тамыз кеңесін қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Айтқұлова ашып, жүргізіп отырды.

Сөз кезегін алған қалалық Білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие бөлімінің басшысы Әлия Сағиева 2016–2017 оқу жылында атқарылған жұмыстармен таныстыра келе, 2017–2018 оқу жылының міндеттеріне тоқталды. Жалпы, Ал­маты қаласы бойынша 179  мемле­кеттік,  299 жекеменшік, 125 жеке­мен­шік шағын орталық бар.

Осы мекемелерде 59 913 бала тәрбиеленіп, 5668 педагог жұмыс атқарады деген Әлия Жолдасбекқызы мектепке дейінгі мекемелердің міндетін, көтеріп отырған жүгінің аса  жауапты екендігіне тоқталып өтті.

Өз сөзінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңартылған мазмұны арқылы мектепке дейінгі ұйымдарда білім беру процесіне жетілдіруге ықпал ететін жаңа тәсілдер енгізу, мемлекеттік стандарт аясында мектепке дейінгі ұйымдарда тиімді инновациялық технология­ларда енгізу арқылы білім берудің сапасын арттыру жолдары кеңінен сөз болды.

Осыдан соң Халықаралық ІSSA қауымдастығының мүшесі Д.Айт­жанова, Алматыдағы №113 бөбекжай балабақша  меңгерушісі Ш.Қали­асқарова, №54 бөбекжай-балабақша меңгерушісі Ф.Омарбекова өздерінің озық іс-тәжірибелерімен бөлісті.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңартылған мазмұнын іске асыруға білім беру процесін ұйымдастырудың жаңа тәсілдері туралы Б.Игенбаева  баяндама жасап, осы саланың үздік қызметкерлері Білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің әдіскері Жанна Әлиакбарова мен №51 бөбекжай балабақша меңгеру­шісі Фарида Омарбекованы ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Қалалық «Ең үздік мектепке дейінгі ұйым» байқауларының жеңімпаздары мара­патталып, «Ең үздік  портфолия», «Ең үздік мектепке дейінгі  бейнеролик», «Ең үздік қазақ тілі кабинеті» және «Балапан» байқауының жеңімпаз­дары марапатталды.