«ҚАЙРАТТЫ» кімдер, қаншаға сатып алады?..

%d0%ba%d0%b0%d0%b9%d1%80%d0%b0%d1%82

Естіген болсаңыздар, биылғы тамыз айының басында  «Қайрат» футбол клубы акциясының бір бөлігі  саудаға қойылды. Осыған орай, электронды сауда алаңқайы «Алматы қаласы әкімдігі бағасын көтеру үшін «Қайрат» футбол клубындағы өз үлесін аукционға сатуға қойды. Бұл ретте кім көп ақша ұсынса, сол сатып ала алады. Ал белгіленген баға 2,03 млрд. теңгеден басталады» деген хабар таратты.

Құттыбек Аймахан

Одан кейін бұл ақпаратты Ал­маты қаласы Қаржы басқармасы да құптай келе, «Қайрат» футбол клу­бының мем­лекет үлесіндегі 30 пайы­зы жекешелендіру бағдарла­масы аясын­да саудаға қойылды. Өйткені, футбол клубы 2017 жылы сатылуы жоспар­ланған мүліктер тізбесіне енгізілген» деп атап көрсетті.

Атап өтетіні, ел ішінде «халықтық команда» аталып жүрген фубол клубының 70 пайыз үлесі қазіргі таңда «Globex Energy FZE» жекемен­шік компаниясына қарайды екен. Бірақ, олар да саудадан қалған бөлікті сатып алудан үзілді-кесілді бас тартқан. Олай дейтініміз, қала­лық Қаржы бас­қармасы қосымша  «ЖШС туралы» заңға сәйкес бақы­лау пакетінің иесіне жекеше­лендіру жүргізу барысында сатып алу басым құқығы берілмеген. Бірақ, олар басқалармен бірге аук­цион­ға қатыса алады. Бұл ретте бақы­лау пакетінің 70 пайыз үлесі біраз уақыттан бері жеке ұйымның үле­сінде болып келгендіктен, біз соңғы кезеңде клуб саясатына соншалық­ты күшті ықпал ете қоймадық» дегенді қосты. Демек, бұл «Қайрат» футбол клубының жағдайы жуық арада ешқандай өзгеріске түспейді деген сөз.

Әрине, «Қайрат» ФК-ның бүгінгі ахуалына қарағанда, әлемдік футбол клубтарының қаржылық жағдайы тіптен бөлек екенін жақсы білеміз. Өйткені, шынын айтқанда, шетелдік футбол клубтары соңғы кезде шексіз қаржыға шомылып жүр. Мысалы, Англия премьер-лигасындағы 8 азулы топ-клубтың ғана шетелдік қолдау­шыларымен жасаған соңғы келісім-шарттары 3,3 млрд. еуроға тең келеді екен. Сондай-ақ, олар өздеріне түсе­тін пайданың жартысы­нан астамын бүгінде бағасы құтырып тұрған тележобалар арқылы табатын көрін­еді. Атап айтқанда, 2015 жылы көгіл­дір экрандағы футбол көрсе­тілімі үшін ағылшын телемагнаттары 5,7 млрд. еуро шашып тастаған. Бұл ретте Ағыл­шын заңы бойынша, ақысыз телеарналар футбол чемпио­натының көрсетілімін беруге қақысы жоқ екен. Тек олар арна жаңалық­тарында ғана футбол ойын­дарының үзінді­лерін ғана беруге құқы бар көрінеді.

Міне, осы себептен де еуропалық айтулы футбол клубтарында шексіз ақша айналымда жүр. Тіпті, олар бір-бірімен миллиондаған доллар, еуро­мен ғана сөйлесетін болған. Мысалы, биылғы жылғы бразилия­лық Неймар­дың испан­дық «Барсе­лонадан» фран­цуздық «Пари Сен-Жермен» клубына 222 млн. еуро трансферлік сомамен өтуінің өзі естіген адамды есеңгіретіп жіберді. Өйткені, бұған дейін мұн­шама ақ­шамен ешбір футболшы сатылып көрмеген. Керек десеңіз, бұл деген біздің бір облыстың бюджетіне тең келерліктей қаржы емес пе?..

Осы орайда еске түседі. Өткен ғасырдың 80-жылдары басында мен «Алматы тұрғын-үй құрылыс» тресіне қарасты 11-Құрылыс-монтаж басқар­ма­сында құрылысшы болып жұмыс істеп жүріп, кезекті жал­ақымды алмақ болып кеңсеге барға­ным бар. Сонда касса алдынан «ай­лығын ал­ғалы жатқан» сол кездегі «Қайрат­тың» белді шабуылшысы Евстафи Пехлева­ниді көріп таң-тамаша болғаным бар. Сөйтсем,  «Қайраттың» ойыншылары да осы­лай қаладағы әр мекемеге бекі­тіліп беріліп, «айлық еңбекақы­ларын» солардан алып тұрған екен ғой.

Ал енді отандық футболдың қар­жы­ландырылуына келсек, олар об­лыс­­тық және Астана, Алматы қала­лық бюджеттері арқылы күн көреді. Сол себепті де біз жоғарыда «Қайрат» футбол клубындағы мемлекеттік үлес 70 пайыз» екенін айттық. Дегенмен, олардан басты айырмашылық – қазақстандық кәсі­би футбол премьер-лига команда­лары шетелдіктер секілді телекөр­сетілімдер арқылы көл-көсір қаржы таба алмайды дейді. Оны айтасыз, отандық ҚКФЛ (қазақстан­дық кәсіби футбол лигасы)  ойындар­ды теледи­дардан көрсеткені және жарнамасы үшін бір тиын ақы алмайды дейді. Осыдан кейін біздегі футбол қайдан дами қойсын!..