Әйгерім БОЛАТҚЫЗЫ: ҚАЙДА ЖҮРСЕМ ДЕ ҚАЗАҚСТАНДЫ ОЙЛАП ЖҮРЕМІН

1275082_10153214291540066_184900652_o

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билері­міз бен жырауларымыз ғана бол­мауға тиіс. Мен бүгінгі замандастары­мыздың жетістік­терінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетіс­тігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр» деген салмақты пікір бар. Яғни, тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосқан әрбір азаматты бүгін ел білуі, тануы тиіс.

Осы ұстанымға орай, біз Италия­дағы Боккони университетінің лек­торы, «Мемлекетті басқару» магистр­лік бағ­дарламасының меңгерушісі Әйгерім Болатқызын оқырмандарға таныстыру­ды жөн көрдік.

Әйгеріммен алғаш рет біз Аста­нада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрыл­тайында таныстық.

– Әйгерім, құрылтай кезінде Елбасы алдында сөйлеген сөзіңізден біз сіздің 7 тілде еркін сөйлейтініңізді, қазір Сингапур мен Италияда өмір сүретініңізді білдік. Балалық шағыңыз қайда өтті? Қайда білім алдыңыз?

– Мен 1980 жылы Моңғолияның батыс өлкесі Баян-Өлгей аймағында ұстаздар отбасында дүниеге келдім. Отбасында үш баламыз. Ағам Түркияда, інім Ресейде оқып, білім алды. Қазір Қазақстанда қызмет етеді.

Мектепті алтын медальмен бітірген соң, Моңғолия мемлекеттік университетінің чех тілі бойынша халықаралық қатынастар факультетіне оқуға түстім. Студент кезімде Уланбатыр қаласында алғаш рет қазақ тілінде Қазақстанда болып жатқан соңғы жаңалықтарды таратып, Моңғолия қазақ­тарының зиялы тұлғалары, саясаткерлері, әртістері және Қазақстанның Моңғолиядағы өкілетті елшісін эфирге шақырып, сұхбат жүргіздім. Осы және өзге де еңбектерімді Моңғолия үкіметі жоғары бағалап «Талантты жас буын» алтын медалімен марапат­тады.

Моңғолияның мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін Дүниежүзілік банктің «халықты кедейшіліктен шығару» бағдарламасында премьер-министр кеңесшісінің көмекші лауазымында қызмет еттім. 2002 жылы Чех мемлекетінің грантымен Праганың ұлттық университетінде экономист мамандығымен магистр атандым. 2004–2006 жылдары Моңғолияның сауда және индустрия министрлігінде Германия елінің GІZ және сыртқы сауда саясаты жобасында жұмыс істедім. 2006 жылы Сингапурдың Ли Куан Ю мектебіне Азия даму банкінің грантымен оқуға түстім. Осында оқып жүріп Тайланд елінің астанасы Бангкок қаласын­дағы БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхит елдерінің экономикалық және әлеуметтік комиссиясында Сингапур, Тайланд, Моңғолия елдерінің көші-қон саясатын өзара салыстырған ғылыми жұмыс жаздым. Сондай-ақ, студенттердің қатысуымен қоғамдағы мүгедек, қартайған адамдарға көмек көрсету мақсатында көптеген іс-шаралар атқарып, «Гарвин» – лидерлік атағына ие болдым.

10550161_10154574316905066_923189647698845883_o

– Әйгерім, сіз «мемлекеттік саясат» бойынша мамандар дайындауда 15 жылдан астам кәсіби тәжірибе жинақтаған мамансыз. Осы біліміңізді туған еліңізбен бөлісіп жүргеніңізден хабардармыз. Толықтырып айтып берсеңіз.

– Құрылтайда Елбасы алдында айтқан «әлемнің қай жерінде жүрсек те біздің жанымыз да, қанымыз да қазақ» деген сөзімді тағы қайталағым келіп отыр. Сингапурдағы оқуымды табысты аяқтаған соң Астанадағы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Мемлекеттік саясат мектебін» дамыту жобасына жауапты менеджер болып жұмысқа орналастым. Кешікпей Сингапур ұлттық университетінің арнайы шақыруымен Орта Азия елдері бөліміне басшы қызметіне барып, сол қызметті жеті жылдай абыроймен атқардым. Алғашқы еңбек жолым Азия даму банкінің 1,2 миллион долларлық қаржысы бар «Орталық Азияның сегіз елінің лидерлерін қайта оқыту» үш жылдық жобасын қолға алудан басталды. Осы жоба бойынша 2009–2012 жылдар арасында Азияның сегіз елінде 250-дей мемлекеттік қызметкерді оқудан өткіздік. Сонымен қатар, Оңтүстік шығыс Азия елдерінің Бруней-Даруссалам, Мьянма, Тайланд, Въетнам, Индонезия, Үндістан елдерінің мемлекеттік қызметкерлерін қысқа мерзімді оқумен қамтып, Жапонияның Nіppon Foundatіon қорымен Сингапур ұлттық универси­тетінің арасында тағы да үш жылдық келісім-шарт­тың табысты іске асуына барынша қызмет еттім.

Сол жылдары Қазақстан мен Сингапур мемлекеттерінің білім беру саласындағы жақын қарым-қатынасының дамуына көп күш салдым. Қазақ мемлекетінің бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруі үшін Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің тәжірибесі өте маңызды. Сингапур аз жыл ішінде даңқты ұлы Ли Куан Ю-дің басшылығымен «Үшінші» әлемнен «Бірінші» әлемге зор серпіліспен қол жеткізген ел. Тарихи тұрғыда қысқа уақыт ішінде ауқымды эволюция жасап, әлемдік қауымдастықта маңызды орынға ие болған Сингапур мемлекетінің тәжірибесі Қазақстан үшін үлкен сабақ екені белгілі.

Сол мақсатпен Ли Куан Ю (ЛКЮ) мектебінде менің басқаруыммен 200-ге жуық Қазақстанның мемле­кеттік саясаткері, яғни, министрлер, вице-министр­лер, департамент директорлары, жауапты хатшы­лар Астана және Сингапур қалаларында қысқа мерзімді оқуға қамтылып, мемлекеттік саясат саласындағы білімдерін шыңдады. 2011 жылы сол кездегі үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бастаған кабинет мүшелері Назарбаев университетінде менің бастамаммен ұйымдастырылған қысқа мерзімді оқуға қамтылды.

2012 жылы ЛКЮ мектебі тарапынан Назарбаев Университетінің жанынан “Жоғары мемлекеттік саясат мектебін” (ЖМСМ) ашу және оның жұмысын ары қарай жүргізу туралы 5 жылдық келісім-шартқа қол қойдық. Бұл серіктестіктің негізгі мақсаты – ЛКЮ мектебінен Назарбаев Университеті жанындағы ЖМСМ-нің магистратура және докторантура бағдарламаларының акаде­миялық оқу структурасын жасау, стратегиялық даму жобасын даярлау, шет елден ең үздік профессорларды және менеджерлерді жұмысқа тарту. Сонымен қатар, Орталық Азия, Моңғолия, Қытай және т.б. шет ел студенттерін жыл сайын осы жаңа оқу орнына тартып, оларға қойылатын шарттарды бекітіп, мектептің ішкі және сыртқы саясатын жоспарлау және ғылыми зерттеу жобаларын Қазақстанның негізгі даму салаларына қажетті тақырыпта жүргізуді  қамтамасыз ету. ЖМСМ осы салаларда ғылыми жұмыстарды екі елдің үздік профессорларына жасату, оларды дүние жүзіндегі үздік ғылыми журналдарға жариялау сынды міндеттерді ЛКЮ мектебінің тәжірибесіне сүйене отырып, дүние жүзіндегі ең үздік университеттердің қатарына қосылу үшін халықаралық стандарттағы жоғарғы мамандық­тарды өз елімізде дайындау ісіне атсалысуды көздедім.

2015 жылдан бері мен Италияның Милан қаласындағы Боккони университетінде лектор және МРА магистрлік программасының меңгерушісі болып қызмет етудемін. Дүние жүзінде «менедж­мент-басқару» саласында маман дайындауда алдыңғы орынға кіретін Боккони университетінде қазақ жастарының да білім алуына мүмкіндік жасау үшін 2016 жылы осы жоғарғы оқу орнын «Болашақ» бағдарламасының негізгі тізіміне енгізуге күш салдым.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен тікелей қарым-қатынас орнатып, Қазақстанның Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы Әлихан Бәйменовпен келісім-шартқа қол қою нәтижесінде, Қазақстан азаматтары алғаш рет Боккони университетінің мемлекетті басқару магистрлік (МРА) бағдарламасында «Болашақ» стипендиясымен білім алатын мүмкіндікке ие болды.

Өзімнің тікелей араласуыммен Боккони университетімен Қазақстаннан бөлек, Грузия, Қытай мемлекеттері, Солтүстік Корея институттары қарым-қатынас орнатып, сол елдердің мемлекеттік қызметкерлерін үкімет стипендиясымен МРА бағдардарламасына оқуға түсіруге мүмкіндік жасадым.

Назарбаев Университетінің студенттеріне арналған Сингапурдегі 2 апталық жаздық бағдар­ламаны ұйымдастыру жұмыстары да өзімнің қатысуыммен  іске асуда.

– Әйгерім, алдағы уақытта елге ораласыз ба, жоспарыңыз қандай?

– Жұмыс барысымен Қазақстанға жиі келіп тұрамын. Менің мақсатым – Қазақстанның жоғары оқу орындарының оқыту сапасын жақсарту. Азия мен Еуропаның үздік университеттерінің оқыту бағдарламаларының тәжірибесінен қажетті методикаларды, оқу орындарын басқару методо­логиясын Қазақстанның жоғары оқу орындарында іске асыру. Қолымнан келсе, білім саласындағы эксперттер мен мамандарға осы мәселелер жөнінде кеңес берсем деген ойым бар.

– Сөз соңында кімдерді оқитыныңызды білгіміз келеді.

– Қазір әлемдегі білімді де ғұлама адамдардың өмірбаянын, Ли Куан Ю-дың Сингапурдың даму тарихы туралы туындыларын, лидерлік жолдарын, соның ішінде әйелдер арасынан лидерлерді тәрбиелеу, Еуразияның даму тарихы, жаһандану, коммуникация, миграция саласындағы кітаптарды оқығанды ұнатамын. Бүгінгі күнге дейін дүние жүзіндегі 50-ден аса елдерді араладым. Сонда жаһан­дану, әсіресе, білім жүйелеріндегі жетістік­терді зерттеп, сол тәжірибелерді  Қазақстанда іске асыруға мүмкіндік туғанына қуаныштымын. Назарбаев Университетінен Жоғарғы мемлекеттік саясат мектебін ашып, Азияның ерекшелігіне негізделген үздік оқу системасын Қазақстанда іске асыруға мүмкіндік жасауы, Елбасының – ел қамын, болашағын әріден ойлайтындығының дәлелі. Біз қазір білімді де білікті кадрларды, мемлекеттік саясаткерлерді, меңгерушілер мен көшбасшыларды өз елімізде дайындаудамыз.

 

Сұхбаттасқан – Әсел ДАҒЖАН.