ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ҰЛЫҚТАЛДЫ

%d0%b0%d0%b1%d0%b0%d0%b9-%d2%9b%d2%b1%d0%bd%d0%b0%d0%bd%d0%b1%d0%b0%d0%b5%d0%b2-%d1%81%d1%83%d1%80%d0%b5%d1%82%d1%96

Алатау  ауданы  ақсақалдар  ұйымының   кезекті  алқа  отырысы  болды. Алқа  отырысына  ықшамаудан  төрағалары,ардагерлер  ұйымдарындағы  белсенді  зейнеткерлер  қатысып,  басқосуды ұйым  төрағасы  Құдайберген  Қабдолдин сөз сөйлеп ашты. Кездесу алдында жиынға қатысушы ақсақалдарға сәлем бере келген аудан әкімінің бірінші орынбасары Қайыржан Серікбайұлы мен әкім аппаратының  басшысы Баян Көкімбайқызы алқа жұмысына сәттілік тіледі.

Құдайберген Қабдолдин өз сөзінде  Нұрсұлтан Назарбаевтың  Қазақстан  халқына  Жолдауы мен  «Болашаққа  бағдар: рухани  жаң­ғыру» туралы бағдарламалық  мақа­ла­сына, дүние  жүзі  қазақтарының  5-құрылтайында  және ЭКСПО-2017  халықаралық көрмесінің ашылу  салтанатында, шет  ел  делега­ция­ларын  қабылдау  кезіндегі  сөйлеген  сөздеріне жан-жақты  тоқталды.  Ол: «Елбасымыз  өзінің  мақаласында  «Қазақстанның  руха­ни  құнды­лықтары» жобасында  үш  негізгі  бөлімді  атап  көрсеткен.  Соның  бірі  және  бірегейі  «Қазақ­стандағы 100 жаңа  есім» тұрғысында  өз  ойлары­мызды  ортаға  салайық» деп, ал­ғашқы  сөзді алқа  мүшесі  Жо­ра­лы  Аяпбергенов  мырзаға  берді.

Сөз  алған  Жоралы  Аяпбергенов «Қазақ  елінің  ұлттық  рухы – Ұлы  Дала  елінің  дамуының  басты  қозғаушы  күші» деген  тақырыпта  ой ағытты. Ибн Сина, Әбу-Нәсір әл-Фарабиден  бастап, бүгінгі  күнге  дейінгі  қазақ  зиялы  қауымының ғылым-білім мен тәрбиедегі жетіс­тіктеріне  тоқталды. Ұлы ғұлама  әл-Фараби  бабамыздың  «тәрбиесіз  берілген білім, адам­заттың  қас  жауы» деген  даналық  сөзі  Елба­сы­мыздың  мақаласының  өзегі болып  тұрғандай, еңбек ұлттық құндылық­тарымызды  дәріптейді деген ой айтты.

«Кемеңгер адамның  сөзі  ән  тәрізді» деген  тақырыпта сөз  алған  алқа  мүшесі  Әлібек Солтанбеков мырза әңгімені әріден бастап,  Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би  баба­ларымыз  армандаған  ұлттық тату­лық, халықтар  бірлігі, бос­тандық   туралы  құндылықтар   Елбасы­мыздың  көрегенді­лігімен  бірте-бірте  қалыптасқанын тілге тиек етті: «Төле  би бабамыз «Адам­ның  басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынау­шысы – халық, таусылмайтыны – арман, ең  қым­баттысы – арды сақтау, бәрінен  ардақтысы – өмір  сүру, соның  ішінде  ең  тәттісі – сыйластық» деген. Біліп  айтқан  сөзге  құн  жет­пейді. Жас  адамға басты  кесір – еріншектік, ортаншы  кесір – ұй­қышылдық, кенже  кесір – тіл­азарлық , кежірлік. Ал  Қаз  дауысты  Қазыбек: «Алтын ұяң – Отан  қымбат, Құт-берекең  атаң  қымбат, Туып-өскен – елің  жақын, Адал  болса – досың  жақын, Сөз  қуған  пәлеге  жолығады. Жол  қуған  олжаға жолығады» дейді. Әйтеке  бидің  даналығы  Төле би мен  Қаз дауысты  Қазыбек биден  кем  түспе­ген. «Ашу  бар  жерде  ақыл  тұрмай­ды. Ашу  деген – ағын  су, алдын  ашсаң  арқырар. Өмірім  халқымдікі, өлімім   ғана  өзімдікі. Тексіздің  тегі – құл. Асқар  тау   сенде  бір  мін  бар – асу  бермейсің. Тасқын  су  сенде  бір  мін  бар – өткел  бер­мей­сің. Билер  сендерде  бір  мін  бар   – басқаға  сөз  бермей­сің. Жалпы, біз  бір  ауыз  сөзге  тоқтаған  халықпыз. Елбасының  мақаласында  қазақ  билері  арман­даған  нәрсенің  бәрі  қамтылған  және  мына  бір  сөзін  келтіре  ке­тейін. «Егер  жаңғыру  елдің  ұлттық – рухани  тамырынан  нәр  алмаса, ол  адасуға  бастайды» дейді. Демек, Елбасы  мақаласы  қазақ  елінің  ұлт­тық  тұғырнамасы –  Мәңгілік  Елі­міздің  бағдарламасы  деп  түсінеміз».

Алқа  мүшелері Тілек  Егізбаев, Серік  Қармасбаев, Хасен  Шалабаев,  Ертай Балбаев, Орынкүл Шер­ниязова, Несіпхан Батырхановалар да мол мағлұматты өнегелі, өрелі пікірлерін ортаға салды. Профессор, алқа мүшесі Сағынбек Әшірбекұлы де ұлттық құндылықтар жөнінде өз ойларын ортаға салып, дана, дара, ұлт ойшылы, ақын, сазгер, әнші Абай Құнанбаев туралы тың  мәліметтер айтты. Абайдың 45 сөзі 45 кітаппен бара-бар дүние деді. Абайды Абай дәрежесіне жеткізген Ұлы Мұхтар Әуезовке қазақ қарыздар. Қара сөзде адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар олар – надандық, еріншектік, залымдық,  осыдан қашпақ керек деген Абай. Бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол, дәл бүгінгі нағыз рухани құндылығымыз емес пе деп тұжырымдады өз сөзін.

Әр тақырып бойынша дөңгелек үстелге қатынасушылар өз пікірлерін білдіріп отырды. Пікір алмасуды жүргізіп отырған төраға орынбасары  С.Тауыпалды «Қазақстанның рухани құндылықтары» туралы айтылған пікірлердің алдағы уақытта еске­рілетінін, жаңа оқу жылында қоз­ғалған  тақырыптар жөнінде ық­шамаудандардағы мектептерде бастауыш ұйым төрағалары мен белсенді зейнеткерлердің, ақса­қалдардың  мектептермен бірлесе  жұмыс жүргізетінін, мұның өзі ұрпақтар үндестігін қалыптас­тыратынын, жас ұрпақтың тәрбие­сіне оң ықпал ететінін алға тартты. Ұлттық руханиятымыздың  жаң­ғыруына мұғалімдер мен ата-аналар бірдей атсалысып, өз үлестерін  қосатынына сенім білдірді.

 

Мәли  ЖАПАҚҰЛЫ,

«Алғабас-6» ықшамауданы

 ақсақалдары бастауыш ұйымының  төрағасы.