ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ МӘДЕНИ- ТАРИХИ ДӘСТҮРЛЕРІ

%d0%bc%d0%b0%d0%b4%d0%b5%d0%bd%d0%b8

Жаһандану бүгінгі таңда жалпы дүниежүзілік үрдіс болып табылады. Жаһандану кезеңінде Қазақстан өзінің ұлттық және мемлекеттік бірегейлілігін сақтап қалуы тиіс. Осы арқылы мемлекетіміз әлемдік ұйымдарда өз орнын сақтап, нығайта алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл жаһандану кезеңінің барлық жағдайларына көне беру деген сөз емес, яғни, Қазақстан тікелей өз даму стратегиясын жүргізуі қажет. Сонда ғана ұлттық және мемлекеттік бірегейлі­лігімізді сақтап қала аламыз.» Ж

Қазіргі жаһандану  заманында ұлттық ерекшеліктерді сақтай отырып, өз даму жолын табу – қай қоғамға да болмасын, өзекті мәселе. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында өткен тарихқа шолу жасап, дәл осындай қазақстан­дық даму бағдарын қалыптастыру мәселесін қозғайды. Мұнда ұлттық ерекшеліктерді сақтай отырып, әлемдік тәжірибеге негізделу керектігі көрсетілген және өз кезегінде  әр қазақстан­дықтың, сәйкесінше, тұтас қоғам санасының жаңғыруын қажет етеді. Қазақ халқының ұлттық болмысы ғасырлар бойы қалыптасып, бекем орныққан, сондықтан да ол қазақ рухын небір күйзелістерден аман алып келе жатқан айрықша қасиетке ие. Қазақтың ұлттық коды деп қазақ халқының жараты­лысын, табиғатын, рухани бітімін, өмір салтын айқындайтын белгілерді айтамыз, яғни, тарихи тамыры тереңде жатқан, ұлты­мыздың күні бүгінге дейін бәрінен жоғары бағаланатын қасиеттері, қазақтың ұлттық болмысының сыры, қастерлеп сақтайтын құпия кілті.

Жаһандану үрдісінде қазақ тек өз рухын жаңғырту, асқақтату арқылы ғана ұлттық болмысын, атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлан-ғайыр жерін, тәуелсіздігін сақтай алады. Олай болса, бүгінгі қазақты зұлым­дыққа емес, адамгершілікке бейімдеу ұлттық, мемлекеттік деңгейдегі мәселе болуы тиіс. Бүгінгі қоғам да осы негізде дамуы керек. Олай болмайынша, қазақтың рухы өзінің ішкі бірлігі мен тұтастығынан айырылуы мүмкін.

Қазақ халқы өзінің сан ғасырлық тірші­лігінде балалар мен жастарға эстетикалық тәрбие беру арқылы эстетикалық мәдениетін қалыптастырудың өзіндік тәжірибесін, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын жинақтады. Оларда халықтың озық тәжірибесі, орнықты қағидалары мен принциптері, мінез-құлық нормалары көрініс алған, әлеуметтік-эконо­микалық, тарихи-географиялық жағдайлары­ның, тұрмыс-салтының өзіндік ерекшелігіне сәйкес балалар мен жастардың эстетикалық мәдениетін қалыптастыруға деген талаптары қалыптасқан.

Әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі бар. Оны музыка мәдениетінен, би өнерінен, қол өнерінен, тұрмысынан байқаймыз. Ән, күйлерді тыңдай отырып, билерін, ою-өрнектерін, зергерлік әшекей заттарын көре отырып, оның қай ұлтқа тән екенін білуге болады. Осылайша қазақ ұлтын да оңай ажыратуға болады. Қазақ халқының бұрыннан пайда болған салт-дәстүрлері басқа көршілес жатқан ұлттардың салт-дәстүр­леріне ұқсас болып келеді. «Қырғыз, қазақ бір туған» деген мақал қазақ халқы мен қырғыз халықтарының бір-біріне өте ұқсас екенін көрсетеді. Сонымен қатар, түркі тілдес халықтар да қазақ халқымен бір қандас болып келеді. Қай халықтың болмасын салт-дәстүрлері сол халықтың мінез-құлқын, қасиеттерін таныта алады. Мысалы: қазақ­тарға тән бауырмалдық, ақжарқындық, қонақжайлық. Әрине, бұл қасиеттер басқа халықтарда да кездеседі. Бірақ, бұл қасиеттер әр  халықта әр қырынан көрініс береді. Сонымен ұлттардың салт-дәстүріндегі мінездері мен қасиеттері бір-біріне ұқсап, бірін-бірі толықтырады. Кейбір салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары сол халықтың тұрмысына, тәрбиесі мен мінезіне, сеніміне, ырымына қарай қалыптасып келеді. Қазақта «Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа» деген мақал бар. Той-думандарда, жиындар мен мерекелерде орындалатын осы қазақ халқының салт-дәстүрлері оның ұмыт болмағанын паш етеді.

Қазақ халқының салт-дәстүрлері тіршілік кәсібіне, наным-сеніміне, өмірге деген көзқарастарына байланысты ұрпақтан-ұрпаққа берілгенде ауысып, өзгеріп, жаңарып отырады. Қазіргі уақыттың өмір ағымына байланысты кейбіреулері түрленіп қана қоймай, жаңадан еніп те жатыр. Үлкенді сыйлау – қазақ халқының жазылмаған заңына айналған. Бұл дәстүр бойынша жастар рухани-эстетикалық, моральдық-этикалық мәдениет элементтерін: үлкеннің алдын кесіп өтпеу, сыпайы болу, үлкенмен сөз жарыс­тырмау, үлкендерге бірінші болып орын беру, олардың отырған бөлмесіне рұқсатсыз кірмеу, сөздерін жөн-жосықсыз бөлмеу, сөз қайтармау, дөрекі сөйлемеу, тіпті, үлкендердің алдында қатты күлмеу және т.б. меңгерген. Үлкендерге деген мұндай мәдени көзқарасты  адамгершілік-эстетикалық тұрғыда жалпы­адамзаттық өлшем деп қабылдаса да болады.

Қазақ халқының қонақжайлылық дәстүрі­нен де эстетикалық мәдениеттің көптеген көріністерін байқауға болады. Атап айтсақ, «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем беруге асығады» деген мақалға байланысты, қандай да бір қонақты «құдайы қонақ» деп танып, оған бар жол-жорасын тартуға асығады, оған төрден орын беріп, алдына ақ дастарханын жайып, сый-құрмет жасайтындығы. Осындай қонақжай­лылық кәдесін – ғұрыпын атқару барысында қонақты әңгімеге тартып, ел жаңалықтарын тыңдау, тіпті олар домбырашы, сазгерлер болса, онда олардың өнерін тамашалау да әдетке айналып отырған. Оны «жөн сұрасу», «қонақ кәде» деп атап кеткен. Олардың қатарына елге танымал ақын-жыраулар, сазгерлер мен айтыс ақын­дары да жатқан. «Ауылдың алты ауызы» деген  ырымды ұстана отырып, қонақ күтуші оның көңілін табу үшін ауыл жастарына өлең айтқызып, домбыра тартқызу да қонақжай­лылықтың бір белгісі ретінде танылған. Осыдан барып халқы­мыздың  «Адам болар бала қонаққа үйір» деген мақалы да тегін айтыл­маған. Қазақ халқы осындай іс-шара­ларға жастарды қатыстыруды шартқа айналдырған. Онда үлкендердің әңгімесін, өлең-жырларын тыңдау арқылы жастарға тәлім-тәрбиелік өнеге, ғибрат беру көзделген. Мұндай қонақ­жайлық әрекет те жастардың эстети­калық мәдениетінің қалыптасуына өз ықпалын тигізіп отырған.

Тіпті, сәлемдесудің де ерекшелігі әр түрлі болған. Мысалы, жастардың үлкендерге қос қолдап амандасуы немесе әйел затының ыммен, мимикамен, сондай-ақ, қолын тізесіне апарып иіліп сәлем беруінің өзі сырт­тай қарағанда жарасымды болып көрінеді. Мұндайда үлкендер «Өркенің өссін!», «Ұл тап!» деген секілді өздерінің көңіл күй әсерін білдіріп отырады. Яғни, үлкендер мен жас­тардың, әйелдер және қыздардың арасын­дағы қарым-қатынаста осындай әсерлі мінез-құлық белгілері, әрине, адамшылықтың өлшемі болып, болашақ мұғалімдердің эстетикалық мәдениетінің көрсеткіштерінің бірі ретінде маңызды қызмет атқарады.

Қазақтар бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Қазақтың дәстүрлі тәрбиелік үлгі-өнегелері ұрпақтан-ұрпаққа ауысып оты­рады. Жиналып тұрған топқа жақын келген адам оларға бірінші болып сәлем беруге міндетті. Атты адам жаяу кісіге, жасы кіші үлкендерге бірінші болып сәлем береді. Алға келген астан алдымен жасы үлкен адам дәм татады. Тамақ ішіп отырған кезде көп сөйлеуге болмайды. Балаларға жақсы тәрбие, үлгі-өнеге беруде мақал-мәтелдердің атқа­ратын рөлі зор. Халық даналығы балаларды еңбексүйгіштікке, алды-артын аңдап сөй­лейтін сақтыққа, адамгер­шілік асыл қасиет­терге баулиды. Мәселен, «Аққа Құдай жақ», «Батырдың күші – айла­сында», «Асық­паған арбамен қоян алады», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Қолы қимыл­дағанның аузы қи­мылдайды», «Жаздың бір күні жылға азық», «Жақсыда жаттық жоқ», «Жаман үйді қонағы билейді», «Жақсы жігітке жеті өнер де аз» сияқты мақалдардың тәрбиелік маңызы зор.

Ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр, әдет-ғұрып,  ұлттық діл, ұлттық намыс және тағы да басқа  ұлтымызға тән ерекшеліктердің қайсысынан бастап дәріптеп, білім беру қажет десек, әрине,  ұлтты ұйыстыратын, оны өзге этностардан өзгешелігі мен айырмасын айқын аңғартатын негізгі белгісі де, бет-бедері де оның тілі болғандықтан тіл мәсе­лесін айқындаудан бастаған дұрыс. Ұлттың ыдырамас тұтастығы, мызғымас бірлігі, түптеп келгенде, ұлт тілімен тығыз байла­нысты. Демек, ұлттық тәрбие тек ұлт тілі арқылы жүзеге аспақ. Бүгінгі таңда тіліміздің халі ұлттың тілін тарихи және саяси-әлеу­меттік, рухани категория ретінде талдауға жетелейді.

Елбасы өз бағдарламасында «Халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын!» деп нақты айтты.  Қазіргі кезде әрбір халық үшін өзінің тарихына терең үңілу, ата-бабалардың ғасырлар бойы ұрпағына қалдырған салт-дәстүрлерінің мол мұрасы қоғам және орта талаптарына сай сұрыпталып, күнделікті оқу-тәрбие ісінде пайдалану арқылы жан-жақты жетілген ұрпақ тәрбиелеуге септігін тигізуде. Жалпы, осы салт-дәстүр негізінде білім мен тәрбие беру барысында біріншіден, бүгінгі өркениетті дүниеде болып жатқан өзгеріс­терді ескеріп отыруға, екіншіден, өз хал­қының ұлттық мәдени-тарихи, әлеуметтік-экономи­калық ахуалын терең танытуға айрықша назар аудару керек. Осындай мұраттар басшылыққа алынған жерде адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына дарытқан жоғары интеллектуалды, парасатты тұлға тәрбие­ленері анық. Ежелден келе жатқан ұлттық мәдение­тіміз халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі есебінде жетілетіні белгілі. Сол себепті де біздің бүгінгі таңда жас ұрпақты рухани дамытып, олардың бойына иман­дылық, инабаттылық қасиет­терін сіңіру, оның негізін қалау заман талабынан туып отырған қажет­тілік. Осыған орай, халқымыздың рухани жаңғыру үрдісінде жас ұрпақты тәрбиелей отырып, ұлттық қадір-қасиеттерді сіңіру – кезек күттірмейтін міндеттердің бірі.

 

Жазира ОШАҚБАЕВА,

Философия, саясаттану және дінтану институты философия бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері,

философия ғылымдарының кандидаты.