Қазақстанда Түркияның 1800 кәсіпорны жұмыс істейді

Түркия Қазақстандағы инвестиция көлемін арттыруға ынталы

img_4828

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында Түркия Республикасының Ұлттық күні аталып өтті. Осы іс-шараға байланысты Қазақстан–Түркия бизнес-форумы ұйымдастырылды. Аталған іс-шараны өткізуге ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы атсалысты.

Бизнес-форумға ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хайыров пен Түркия Республикасының Экономика министрі Нихат Зейбекджи, сондай-ақ, Қазақстан Сыртқы сауда палатасының төрағасы Аян Еренов қатысты. Сонымен қатар, екі елдің 200-ден астам бизнес өкілдері бас қосты.

Форумды ашқан ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хайыров Қазақстанда бизнес жүргізіп, инвестиция құйып, серіктестік байланысты дамыту үшін барлық жағдай жасалғанын ерекше атап өтті.

– Соңғы 10 жылда Түркиядан Қазақ­станға түскен тікелей инвестициялардың ағымы 2,1 млрд. АҚШ долларын құрады. Сонымен қатар, Қазақстанда түрік капи­талы салынған шамамен 1800 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді және екі ел арасында Үкіметаралық экономикалық комиссия жұмыс істейді. Екі елдің іскер топтары үшін «Жаңа синергия» атты бірлескен экономикалық бағдар­ламасы бар. Бұл бағдарлама біздің елдердің ын­тымақ­тастығын нығайтып сауда-инвести­циялық, өнеркәсіптік, логистикалық және тағы басқа салаларды дамытатын болады, – деді Ерлан Хайыров.

Бүгінде Қазақстан мен Түркия іскерлік байланысы негізінде Іскерлік кеңес алаңы жұмыс істейді, екі ел азаматтары үшін визасыз режим бекітілген, тікелей авиақатынас орнатылған, сондай-ақ, инвестицияны ынталандыру мен екіжақты қорғау туралы келісімге қол қойылылып, күшіне енген.

Іс-шара барысында Түркия Респуб­ликасының Экономика министрі Нихат Зейбекджи Түркияның экономикалық даму көрсеткіштерін тілге тиек етіп, халық­аралық аренадағы деңгейін ерекше атап өтті.

– Бүгінде Түркияның Қазақстанға құй­ған инвестиция көлемі 2 млн. доллар, ал Қазақстанның Түркиядағы инвестиция көлемі 1 млн. доллар. Біз инвестиция көлемін өзге елдердегідей арттыруға қауқарымыз мол. Мысалы Эфиопияға 5 млн. доллар құйылған. Қазақстандағы инвес­тиция көлемін 4, 6 млн. долларға арттыруға болады. Соны­мен қатар, екі ел бірігіп үшінші мемлекетке инвестиция құюға да мүкіндік бар. Түркия Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасып, Қазақстан Орта Азияда хабқа айналса, сауда-экономикалық байланыс күшейетіні сөзсіз, – деді Түркияның экономика министрі.

Өз кезегінде Қазақстан Сыртқы сауда палатасының төрағасы Аян Еренов түркі елдерінің Іскерлік кеңесінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Түр­кияның Сауда палатасы одағы арасында келісім жасалғанын, екі ел бизнесінің дамуына ықпал ететін қадам жасалғанын ерекше атап өтті.

Сонымен қатар, форум барысында Түркия экспорт­таушылар қауымдастығы төрағасының орынбасары Мұс­тафа Чыкрыксоглу, Қазақстан–Түркия Іскерлік кеңесінің тең төрағасы Мерт Сары, «Kazakh Іnvest» ҰК» АҚ өңірлік қолдау департаментінің директоры Жандос Нұрланов, Түркия Экономика министр­лігінің сыртқы сауда жөніндегі сарапшысы Суат Эртилав екі елдің инвестициялық мүмкіндіктері мен экспорттық әлеуетін, инвесторларға жасалған жағдайлар мен жеңілдіктер, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау тақырыптарында сөз сөйледі.

Қазіргі таңда Қазақстанда Түркияның ірі холдингтері мен шағын және орта бизнес өкілдері жұмыс істейді. Абди Ибрахим (фармацевтика), Анадолу Групп (тағам өнер­кәсібі), Эджибаши (жеңіл өнеркәсіп) компанияларының жобалары іске қосылған. Сонымен қатар, Йелдарым, Голд Алюминиум, Нобель Фарма (фарма­цевтика) және т.б. компаниялармен ынты­мақтастық байланыс жалғасын тауып отыр.

Түркі тілдес бауырлас елдердің баста­маларын жүзеге асыру үшін еліміздің оңтүстігінде Қазақстан–Түркия индуст­риалдық аймағы құрылған. Бүгінде бұл индуст­риалдық аймақта жалпы сомасы 40 млн. доллар болатын 8 инвестициялық жоба іске асырылып отыр.

Шара барысында екі елдің бизнес өкілдері В2В форматында кездесіп, іскерлік байланыс мәселелерін талқылады. Түркия делегациясының Қазақстанға арнаған жұмыс сапарында қос тарап сауда-эко­номикалық ынтымақтастық мәселелерін қарастырды. Атап айтқанда, түрік компа­ниялары құрылыс, энергетика, тоқыма өнеркәсібі, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығына арналған жабдық, туризм, машина жасау, авиациялық қызмет, қалалық ортаға арналған жабдық өндірісі, банк ісі, синтетикалық талшық пен өнеркәсіпке арналған желім шығару салаларына қызығушылығы жоғары.