«НҰРЛЫ ЖЕР» ЕЛІМІЗДІҢ ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫН ДАМЫТУҒА ЖАҢА СЕРПІН БЕРЕДІ

1

Кеше Алматыда Құрылысшы күніне арналған салтанатты шара өтті. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек өзінің құттықтау сөзінде қаланың ІӨӨ құрылыс секторының үлесі 262 млрд. теңгені құрағанын атап өтті. Тек өткен жылдың өзінде ғана 1,9 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, 2015 жылмен салыстырғанда 35%-ға көп.

«Құрылысшы мамандығы барлық кезеңде үлкен абырой мен құрметке ие. Сіздер тек қана үй, инфрақұрылым нысан­дарын салумен шектелмейсіздер. Қалаларға архитектуралық келбет беретін де, экономиканы дамытатын да Сіздер. Құрылысшылардың арқасында өмір сапалық жағынан оң  сипатқа ие болып, азаматтардың тұрмыс жағдай­лары жақсарады. Өздеріңіз білесіздер, Елбасының тапсырмасы бойынша биыл­ғы жылдан бастап «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру басталады. Оның басты мақсаты – таяудағы 15 жыл ішінде  1,5 миллион отба­сын тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бағдарламаға тұрғын үй нарығын қол­даудың кешенді шаралары  енгізілген. Бұл, сөз жоқ, еліміздің құрылыс сала­сын дамытуға жаңа серпін береді. Біздің негізгі  міндетіміз – алматылықтардың тұрғын үй мәселесін шешу. «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру барысында 73 үй салынуда, оның 24-сінің құрылысы биылғы жылы аяқта­лады», – деп атап өтті Б.Байбек.

Қала басшысы 2015 жылдан бастап құрылыс саласына құйылған инвести­ция көлемінің 17%-ға артқанын айтты. Тек биылғы жылдың  бірінші жарты­жыл­дығында құрылыс саласына 235 млрд. теңге инвестиция бөлінген.

Бүгінгі күні Алматыда тұрғын үй және азаматтық бағыттағы 1140 объек­тінің құрылысы жүріп жатыр, бұлар­дың ішінде  762 құрылыс жеке инвес­тиция  арқылы, ал  378 нысан бюджет арқылы қаржыландырылуда. Мемлекет­тік бағдарламалар аясында 2016-2017 жылдары  әкімдік  тарапынан 1040 пәтерлі 19 тұрғын үй салынды. «Қол­жетімді баспана — 2020»  бағдарламасы бойынша биыл «Саялы», «Жас Қанат» ықшамаудандарында тағы 17 тұрғын үйді  іске қосу жоспарланған.  «Ескі үйлерді сүру» қалалық бағдарламасы бойынша 3 жаңа үй салынып, ескі үйлердің тұр­ғындары жаңа қонысқа көшірілді.  Бү­гінгі күні заманауи ықшамауданға ай­нал­ған  Атлеттер ауылынан 1748 отбасы  пәтер алды. Наурызбай ауда­нында соң­ғы жылдары құрылыс кең қанат жаюда.

Биылғы жылы білім беру жүйесінің 42 нысанының құрылысын салу және сейсмикалық қуатын нығайту қарасты­рылған. Оның 29 объектісі биыл  іске қосылады. Денсаулық сақтау саласы­ның 18 объектісі салынуда және жөнде­луде. Жыл аяғына дейін 10 нысан пайдалануға беріледі.

Қала тұрғындары мен қонақтарына барынша қолайлы  әрі жайлы жағдай жасау және экологияны жақсарту үшін Жібек жолы, Панфилов, Гоголь, Қа­бан­бай батыр көшелері мен «Астана» алаңында ауқымды абаттандыру жұ­мыс­тары жүзеге асып, қайта жаңғырту жұмыстары жүруде. Бұл көшелер жаяу жүргіншіге басымдық беру мақсатында қайта жасалуда, мұнда демалуға қо­лайлы қоғамдық кеңістіктер, жаяу жүр­гінші аймақтары, веложолдар, жасыл желектер пайда болады.

 

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».