«МЕДЕУДІҢ БАСПАЛДАҚТАРЫНДА НЕГЕ ЖАРЫҚ ЖОҚ?»

%d0%bc%d0%b5%d0%b4%d0%b5%d1%83

Әсел ДАҒЖАН

Өткен аптада Стамбұлдан келген Үмміхан есімді құрбымызды  Медеуге алып бардық.  Өзіміз демалыстан енді келіп жатқан кезіміз болатын. Алма­тыға алты жыл бұрын келген құрбымыз бір айдан бері тойда жүр екен. Қазақ­тың тойынан қолы босамай, қыдыруға уақыт таппаған көрінеді. «Келесі жылы Нау­рызда келмесек, жаз уақытында алма­тылықтардың тойдан қолы боса­майды екен» дейді күліп. «Алматыны жақсы аралай алмадық. Үлкен Алматы көліне баруға уақыт таптық, әйтеуір. Бірне­ше суреттерімді инстаграмға салып едім, достарым жан-жақтан «бұл қай жер, таби­ғаты қандай сұлу» деп таңға­лып сұрап жатыр» деді риза кейіппен.

Сонымен не керек, құрбымыздың қай­тарынан бір күн бұрын кешкілік Медеуге алып шығуға ғана мұршамыз болды. Оның өзінде жұмыстан кейінгі кешкілік уақыт. Байқаймыз, Медеуде адам көп. Сарқырап ағып жатқан тау суының жанынан өтіп бара жатып, «Стамбұлда Алатаудай тау жоқ, теңізі болмаса, таудың ауасы адамға қуат бере­ді» деп қоямыз. Баспалдаққа түсіп-шығып жүрген жастар көп. Көз байланған ақшамнан кейінгі уақыт болған соң, «қалай суретке түссек бола­ды екен?» дегенге бас қатырып келеміз.

Біз, жарайды, тауға қыста түсіп-шығып жүрген адамдар бұл жерге өзіміз де, бойымыз да үйреніп алған. Стамбұл­дық апалы-сіңлі қыздар: «Тастай қараңғы екен. Неге бұл жерде жарық жоқ. Мына баспал­даққа неге ұшар басына дейін жарық орнатпаған? Адам­дар қалай түсіп-шығып жүр? Қорқы­нышты әрі қауіпті», – деп кәдімгідей ренжіп, көңіл-күйлері түсіп кетті. «Елдің бәрі осылай телефонның жары­ғы­мен түсіп-шығып жатыр ғой. Ештеңе етпейді. Суретке түсе алмасаңдар да, Медеудің баспалдақтарын бағындыр­дық деген тамаша сезім қалады» деп, біз тағы бірнеше баспалдақ жоғары шығайық деп қолқалап тұрғанбыз. Көз алдымызда кішкентай бала шалынып, құлап түспесі бар ма. Содан кейін-ақ ана жер, мына жерде жылтыраған шамдардың түбіне келіп, селфи жасадық. Негізі, демалысы­мыз көңілсіз емес.

%d0%bc%d0%b5%d0%b4%d0%b5%d1%83-2

Ақыр соңында «Ал білдей бір мегапо­листің тілшісі жүр жанымызда. Медеу сондай қап-қараңғы. Адамдар баспал­даққа шығам деп құлап жатыр. Дұрыстап суретке де түсе алмадық. Бұл қалай?» деп қалжыңдап болса да жан-жақтан сұрақтар жауып жатыр. «Бұл мәселеге мен жауапты емеспін, дегенмен, қолымнан келгенше мәселені жеткізетін жаққа жеткізем» деп күліп жүріп уәде бердім.

Медеудің алдындағы жарық шамдар­дың тұсына келіп, суретке түсіп жүрміз. Үмміхан құрбым маған қарап: «Әсел, Алматының адам демалатын жерлері негізі қараңғы екен. Кеше түнде кіш­кентай сіңлім паркке барып, велосипед айдағым келеді» деген соң, түнгі сағат 10-да шығып Орта­лық демалыс саяба­ғына бардық. Саябақта адам өте аз екен. Велосипед айдайтын жерінің өзі шағын ғана. Оның үстіне, қап-қараңғы. Жан-жағыңа қарасаң, сондай қорқынышты. Біраз уақыт жүрдік те, қайтып кеттік», – деді.

Әдетте, «сырт көз сыншы» дейді ғой. Инстаграмдағы бір ғана суретімен Үлкен Алматы көлі шетелдіктердің үлкен қызығу­шылығын оятып жатыр. Ертең осы бір ғана сурет бірнеше туристі алып келуі мүмкін. Ал біздің негізгі демала­тын орында­рымыз түнгі уақытта қараң­ғы. Қап-қараң­ғы. Алматы­лық­тар теле­фонның жарығымен жүр. Қазақ болса да, Стамбұлда оқитын құрбымыз рені­шін жасырмады. Медеудің баспалдақ­тарына жарық қойсақ, турис­терді айтпа­ғанда, оған түсіп-шығып жүрген спорт­шы алматылық­тардың да саны өсетініне біз 100 пайызға сеніміздіміз.