Кәріпбек Күйіковтің көрмесі ашылды

d4s_4815

Қазақстан Рес­публикасы Ұлт­тық му­зе­йінде қазақ­стан­дық суретші Кә­ріпбек Күйіковтің «Радиация» атты көрмесі ашылды. Ол –  әлемдегі   анти­я­дро­лық қоз­ғалыстың бел­сендісі, Қазақ­стан­ның баста­машылығы­мен құ­рыл­ған халық­ара­лық «Атом» жоба­сы­ның құр­метті елшісі. Көрмені Қазақ­стан Респуб­лика­сы Сыртқы істер министрлігі Ұлт­тық музеймен бірлесіп ұйымдас­тырған.

Көрменің ашылу салтанатына еліміздің танымал саясат және қоғам қайраткерлері, Қазақстан Рес­публикасы Сыртқы істер министрлігінің, халықаралық  «Невада-Семей» қоғамдық қоз­ғалысының өкілдері қатысты.

Қарағандылық суретші Кә­ріпбек Күйіков Қазақстандағы антиядролық ұстанымын наси­хаттап, бүкіл әлемге ерек­ше талантымен танылған тұлға. Ол Қара­ғанды облысындағы Семей ядролық поли­гонынан зардап шеккен Егіндібұлақ ауылында дүниеге келді. Сол себепті қолы жоқ боп туған. Оның сурет салуы да өз­геше. Өз туындыларын қылқаламды тісімен тістеп, кейде аяғының башпайлары арқылы бейнелейді.

Көрменің ашылу салтана­тында сөз алған ҚР Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы Жәкен Таймағамбетов: «Ғажайып талант иесінің тағдырлы туынды­лары осымен үшінші мәрте Ұлттық музей төріне қойылып отыр. Бұл шығар­малар әрбір қа­зақ азаматын ізгі ойға жетелейді деген үміттеміз. Өмірін өнерге айналдырған Кәріпбек Күйіков секілді күрескер тұлғаның туындылары жүрек тебірентпей қоймасы анық. Тіпті, барша адамзатты бейбіт өмірге, достық-татулыққа шақырары сөзсіз. Мен өз атымнан, барша музей қонақ­тары атынан суретшіге алғыс айтқым келеді», –  деп лебізін білдірді.

Кәріпбек Күйіковтің туындылары Америка, Жапония, Германияның жеке және мемлекеттік коллекция­ларына қойылған. Оның көрме­лері Жапонияда, АҚШ, Герма­ния, Түркия, Қытай және Қазақ­станда ұйымдасты­рылды. Кәріп­бектің көркем туындылары­ның басты тақырыбы ядролық қару­дың адамзатқа келтірер қатерімен байланысты.

– Бүгінгі көрме ядролық қарудың қасіреті мен одан бас тарту және ядролық қарусыз бейбіт өмір орнату жолындағы жетістіктерге арналды. Автордың туынды­лары шет мемлекеттерге де таныстырылған. Күйіковтің шығармаларын халық жылы қабылдап, суретшінің еңбектері арқылы атом бомбасының зардабын түсінген. Тіпті, неліктен ядролық қарудан ең бірінші болып Қазақстанның бас тарт­қанын ұғынды. Қазіргі қоғам зардабы бүгінгі күнге дейін жал­ғасып келе жатқан сол қасіретті білу, түсіну үшін Күйіковтің туындыларын қайта-қайта тама­шаласа да, артық болмайды, – деді ҚР Сыртқы істер вице-министрі Роман Василенко.

Еске сала кетейік, Қазақтан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы ядролық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық самитте АҚШ Президенті Барак Обама­мен кездес­кен кезінде оған  К.Күйіковтің «Жарылыс» деген картинасын сыйға тартқан бо­латын.