ГИННЕСКЕ КІРМЕГЕН РЕКОРД

  (Эссе)

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

 

Алпамсадай абитуриент

Сонау сексен бірінші жылдың күзінде жыры таусылмайтын журфактың тағы бір рекорды жаңарды. Кілең бота тірсек бозбалалардың басын қосқан күндізгі бөлімге отыз төрт жастағы еңгезердей сақа жігіт оқуға түсті. Бұл қара шаңыраққа әр кезде талайлар ат басын тіреген. Солардың ішінде отызға жақындағанда оқу іздегендер де жетіп-артылатын. Ара-тұра келіп-кетіп, анда-санда төбе көрсетіп жүріп білімге сусындайтын сырттай оқитын сырттандардың жайы белгілі. Олардың арасында қырықтағы қырқылжыңдар да, елудегі еңселілер де ұшырасатын. Ал мына күндізгі бөлімге олжа салып тұрған айбарлы азаматтың жөні бөлек-ті. Бұйырса, ол бірінші семестрді аяқтайтын тұста отыз беске толмақ. Ал отыз беске толған адам күндізгі бөлімге ешқашан табан іліктіре алмайды. Сол ең соңғы мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, КазГУ-дің студенті атанған жігіттің аты-жөні Аманғали Дайрабаев еді.

fca1edcd13e63dde929eef0899314aaf-1

Біз алаөкпе болып емтихан тапсырған кезеңде оны үнемі сыртынан көріп жүрдік. Әдепкіде өзіміз секілді көп абитуриенттің бірі деп ойлағанымыз жоқ. Өйткені, ол алпамсадай ірі болатын. Оның үстіне, сол дәуірде отызды орталаған жігіттердің өзі тым ересек көрінетін еді ғой. Қазіргідей қарттардың өзі қутыңдап тұратын желіккен заман әлі қыр астында жатқан. Сондықтан оның бірінші курсқа түсем деп бақ сынап жүрген талапкер екеніне сену өте қиын-ды.

Көзінде күннен қорғайтын алақандай қара көзілдірік, қолында қалың папка… Өзі қатып киінеді. Біздің оқытушылардың қолы жете бермейтін қымбат костюм-шалбары өн бойына керемет жарасады. Оқытушы демекші, ол университеттің кез-келген қызметкерін тоқтатып алып, емін-еркін сөйлесе береді. Қатардағы оқытушы ма, мәртебелі профессор ма, оған бәрібір. Сөйлескенді айтасың, олармен құрда­сындай қалжыңдасып, бірге шылым шегіп, күлкіге қарық қылып тұрады. Сол себепті, ол абдыраған абитуриенттен гөрі баласын оқуға алып келген совхоз директорына көбірек ұқсайды.

Абитуриент Аманғали тек профессорлармен пікірлесіп, доценттермен дидарласып қана қой­майды, оқуға түсуге келгендердің ата-ана­ларымен де алқа-қотан әңгіме құрады. Мысалы, міне, сонау Семей облысының Баршатас ауылы­нан келген бір кісімен сөйлесіп тұр. Ол кісі Шұбар­тау аудандық атқару комитеті төраға­сының орынбасары көрінеді. Бұрын аудандық газеттің редакторы болған. Өзінің жолын қууға талпынған Ержан деген баласын ертіп келіпті. Онымен сөйлесу үшін Әбекеңнің тақырыбы дайын. Әйгілі шұбартаулықтар бастамасының дүрілдеп тұрған кезі. Тура сол жерден іліп алып, әңгіме қозғай жөнеледі. Күні бойы жұртпен сөйлесіп жүргенге оны ауыз жаппайтын әңгімеқұмар, еріккен біреу екен деп қалмаңыз. Сабағына тас түйін дайындалады. Әр емтиханнан аттай шауып өтіп келеді.

– Ана жігіт сенің жерлесің. Аралдан. Өзі бізбен бірге оқуға түскелі жүр, – деді қыз-жігіттердің бірі.

Жетіп барып, сәлем бердім. «Осылай да осы­лай, мен де сіз секілді абитуриентпін, өзім Арал­дан келдім», – деп бастырмалатып жатырмын. Та­сыраңдай жөнелгенімді жақтырмады-ау деймін, бетіме қарап тұрды да, түсін суытып:

– Кімнің баласысың? – деді.

Бүкіл Аралдың халқын түстеп танитын адам секілді. Сірә, дөкейлердің бірінің ұлы ма деп ойлап қалса керек. Әкемнің атын айтып едім, жыға танымады. Қарапайым ауылдың қатардағы жұмысшысын қайдан біле қойсын?! Одан әрі әңгімеміз онша манди қоймады. Сонда да там-тұмдап білгеніміз: Арал ауданының «Қарақұм» совхозынан екен. Бала-шағасы бар. Негізінен мәдениет саласында қызмет істепті. Осы уақытқа дейін неғып оқып алмаған десейші? Осыншама жасқа келгенде өзіне ыңғайлы сырттай бөлімге бармай, күндізгі бөлімге жабысып алғаны несі? Бұл енді бәріміз үшін жұмбақ. Қалай болғанда да, ол тегін адам емес. Өзіне өте сенімді. Білмейтіні жоқ. Жастайынан жата-жастана кітап оқығаны байқалады. Қызылорданың кең қолтық кәдуілгі қазағына ұқсамайды. Орысшаға ағып тұр. Сондықтан басқа-басқа, оның оқуға түсетініне күмәніміз жоқ-ты. Солай болды да. Біз оқуға ілінген сәтте тікен тілді курстасымыз Қайрат Шалғынбаев Әбекең туралы мынадай өлең жазды:

Бала дейтін бала емес,

Аға дейтін аға емес.

Он сегіз жыл өткенде,

Әрең түскен молодец!

…Айдарымнан жел есіп, Аралдың әуе­жайында тұрмын. Туған ауылым – Қаратереңге ұшпақпын. Билет алу кезегінде ақсары талдырмаш келіншекпен аз-кем сөйлесіп қалдым. Ол Қарақұм ауылына ұшып барады екен. «Олай болса, Қарақұмның бір жігіті бізбен бірге оқуға түсті. Аты-жөні – Аманғали Дайрабаев. Жеңгейге сәлем айтыңыз», – дедім. «Жақсы болған екен», – деді жаңағы келіншек сәл жымиып.

Сөйтсем, сол жылы алпамсадай абитуриент – Аманғали ағамды оқуға аттандырып, елде қалған Қуанышкүл жеңешемнің өзімен жолығып тұр екенмін ғой. Оны кейін білдім…

 

Салиқалы студент

Сонымен оқуға түстік. Ол оқытушылардың көзіне бірден ілікті. Анадай әйдік тұлғасымен ілікпеуі мүмкін емес еді. Алдымен ол «Антикалық әдебиет» пәнінен сабақ беретін Галина Морозова апайға қатты ұнады. Галина Васильевна  оқыған-тоқығаны мол, соны майын тамызып айта алатын сақа жігітті өзгелерге үлгі етті. Одан соң Әбіл­файыз Ыдырысов ағамыз бауырына тартты. Ал кураторымыз, жазушы-ғалым Мамытбек Қалдыбаевтың ол дегенде жаны қалмайтын. Бізден гөрі заманы жақын болған соң сөйтетін шығар. Бірақ, Мамытбек ағай Әбекеңнің тым ширақ, аса тәуекелшіл екенін тұспалдап, «Дайрабаев, Дайрабаевқа сеніп қап, жайрамайық!», – деп жарасымды қалжыңмен қажап қоятын.

Ара-тұра өзімен ұстасып қалатынына қарамастан оны факультетіміздің темірдей қатты деканы – Темірбек Қожакеев те жақсы көрді. Әбекең оған біраз бойы үйренген соң тілі шыға бастаса, деканымыз: «Әй, Дайрабаев, менің алдымнан Теңізбаев пен Мұхитбаевтар да өткен. Сен бар болғаны Дайрабаев қанасың», – деп арынын басып, сабасына түсіретін. Ал өзге факультеттерден келетін жас оқытушылар біздің аудиторияға кібіртіктеп кіретін. Өйткені, әрі білімді әрі мінезді Аманғали талайдың мысын басып тастайтын. Оның қойған өткір сұрақтары жас ұстаздарымызды тәлтіректетіп жібереді. Әбекең сабаққа келмей қалған күндері олар қуанышын жасыра алмай отыратын-ды. Шынында да, Атыраудың атырабын жайлап, бүкіл жұртқа қорған болған әйгілі аттасы – банда Аманғали секілді мұның да болмыс-бітімі бөлек еді.

Сол өрлігі кейде өзіне таяқ болып тиетін. Оқытушылардың ішінде оның ойындағысын бетке айтатын турашылдығын көтере алмай, соңына шырақ алып түскендері де болды. Ағамыз олардан айылын да жыймайды, сабыр сақтап, салмақты сөйлеп, тегеурінді тойтарыс береді. «Не болып жатыр өзі сендерде?», – дегендерге: «Даудың басы Әбекеңдердің көк сиыры ғой», – деп қалжың­дайтынбыз. Ол бәріміздің ойынымызды көтере білді. Өйткені, өзі де бақас сөзге бейім-ді.

Біздің курсымыздың ақыны Күлдір Ізтілеуова­мен айтысқан жоғарғы курстың ақыны Мұратбек Оспановтың:

 

Жіберейін жырыммен жел естіріп,

Бұл сендерге лайық емес қылық:

Дайрабаев дейтұғын ағайларың,

Ұстаздармен ұстасад деп естідік, –

деп әзілдегені әлі күнге дейін есімізде. Бірақ, сол ұстаздардың бәрі кейін онымен дос-жаран болып кетті. Сірә, біздің курстасымыз не нәрсені айтса да, жүрегінің түбіне кір жасырмайтынына көздері әбден жеткен болар.

Әйгілі бесінші жатақхананың бесінші қабатында бірге тұрдық. Ол кейде кешірек келеді де қайтпас қайсар Құтмағамбет Қонысбаевты шырт ұйқыда жатқан жерінен оятып алып, екеуі түнімен шахмат ойнайды. Ойындары жойқын енді… 502-ші бөлменің Карповы мен Каспаровы таң атқанша жан алысып, жан беріседі. Жеңгені төсекке қисаяды. Жеңілгені сабаққа кетеді.

Ең естиярымыз болған соң Әбекеңе бүкіл курстың стипендиясын тарату сеніп тапсырылған еді. Сол күні ұлы бар, қызы бар, жүз қаралы студент оның артынан томпаңдап еріп жүреді. Соның бәрі қызық дәурен екен ғой…

Ол өзінен бір жарым мүшел кіші балалармен бірге оқыды. Жас жағынан алсақ, «Ақылман Аманғалидан жасөспірім Жанарға дейін» деп сипатталатын, ал дене тұрқы жағынан алсақ, «Алпамсадай Аманғалидан жұдырықтай Жанастанға дейін» деп топтастырылатын біздің курстың қай тізімінде де ол бірінші тұрар еді. Барлық параметрлер бойынша оның көрсеткіштері жоғары болатын. Сабақты өте жақсы оқыды. Кітап оқудан алдына жан салмады. Кейде дағдарып қалсақ, салып ұрып, Әбекеңе жүгінетінбіз. Бірде ол Темірбек Қожакеевтің емтиханында үстелге қоятын гүл таппай дағдарған Н.Байсақалованы қиындықтан құтқарды. Таң атпай тұрып, әлдебір баққа барып, оған бір құшақ табиғи гүл әкеп берді. Көріп болғанша көктей солатын көшенің гүліне мүлде ұқсамайды. Ұзындығы жарты құлаш, хош иісі мұрын жарады. «Қожакеев «құлайтын» болды енді», – деп қуанды старостамыз. Жалпы, біздің Байсақалованың да асып бара жатқан «гүлшілдігі» жоқ еді, тек емтиханда қатырамыз деп уәде берген жігіттер алдап кетіп, ептеп қамығып тұрғаны рас-ты.

Әбекем барлық сабақты үздік оқығанымен, өзі тілеп алған араб тіліне аса құлқы болмады. Бұл пәннен ардақты Мәрзия Мәженова апайымыз дәріс береді. «Қиын екен, апыр-ай, араб тілі, Күрделі екен апайдың характері» (Мұратбек Дүйсенбеков), – деп әндетіп сабаққа келеміз. Мәрзия апай Аманғалидан алдымен сабақ сұрайды. Жасы ұлғайғанда тіл сындыру оңай ма, Әбекең өйтіп-бүйтіп бірдеңе айтқан болады. Оған ұстазымыз қанағаттана қоймайды. «Дәжажатун» деген не?», – деп сұрайды апай. Біз «Тауық» деп жан-жақтан жабыла сыбырлаймыз. Қаттырақ айтуға қорқамыз. Ал Әбекеңнің құлағы сыбы­рымызды шала-шұла шалып қалады. Бірақ, өзіне аса сенімді емес. «Білмеймін, апай, тауық па бірдеңе шығар», – дейді амалы таусылып. Сыбыр­ла­ғанымызды біліп отырған Мәрзия апай ішек-ілесі қатып күледі. Сосын тәуір бағасын қойып береді.

Ол кез-келген сәтте осылайша тығырықтан жол тауып кететін.

 

Жігерлі журналист

Оқу бітірген соң Қазақ телевизиясына қыз­метке келді. Журфакта оқып жүргенде теле­журналистикаға емес, мерзімді баспасөз ісіне маманданып еді. Яғни, газет-журналдар редакция­сының біріне баратын шығар деп ойлайтынбыз. Жоқ, ол қолына блокнот емес, микрофон ұстады. Жеделдікті талап ететін осы кәсіпті бірден игеріп әкетті.

Тележурналистика газеттей емес, адамды ұжымдық жұмысқа бейімдейді. Шағын ғана бір сюжет дайындау үшін талайлармен бірлесуге тура келеді. Тапсырма алған соң, қасыңа оператор мен жарық берушіні ертіп, хабар түсіруге кетесің. Қайтып келген соң оны монтаждау үшін бейнеинженердің кезегін күтесің. Болған соң режиссер мен дыбыс режиссерінің сүзгісінен өтесің. Ауық-ауық режиссердің ассистенті де ескертпесін айтып қояды. Қазір, әрине, техника­ның жетілуіне байланысты журналистер көп шаруаны ешкімге жалынбай, өздері атқара беретін болды. Ал ол кезде сюжет дайындаудың әрбір кезеңі белгілі бір маманның көмегінсіз жүзеге аспайтын. Сондайда олармен ұдайы тіл табысып отыруың керек.

Мінезінің кедір-бұдырлығына қарамастан ол әріптестеріне ұнады. Өйткені, телевидениеге қажет басты қасиет өткірлік пен әбжілдік десек, мұның бәрі біздің кейіп­керіміздің бойында бар еді. Ол өзгелер жанына жолауға жасқа­натын асау тұлғалардан сұхбат алды. Қатарластары қол жеткізе алмайтын ақпараттарды тауып келіп, басшыларының алдына тосты. Мұндай еті тірі репортерден телеарна оңайлықпен айрыла ма, ол осы салада ұзағырақ жұмыс істеді. Іссапарға жиі шығатын. Өзі туып-өскен Сыр өңірінен де телерепортаждарды жиі жолдап жататын.

Кейінірек «КТК» телеарнасына ауысты. Сол кездері жаңалықтар қызметіне арналған телесюжетінің соңында өзін «Аманғали Нұрға­зыұлы Көлімбет» деп таныстырып жүрді. Бір әулетке атау болған арғы атасының атын шығарғысы келген шығар. Соны біз іліп алып, «Микрофон ұстап, еңіреп жүрген елім деп, Аманғали Нұрғазыұлы Көлімбет» деп қалжыңдайтынбыз.

Оның бірбеткей мінезі бағдар­ламаларында батыл ой-пікірлердің көбірек болуына жол ашты. Әкімқаралардан ыға қоймайтын балуан денелі, білекті әрі жүректі журналист телеэфирде өте еркін сөйлейтін. Комментарийлеріндегі ептеген мысқылдарына дейін жарасып тұратын. Мысалы, бірде ол жаңадан тағайындалған аудан әкімдерінің біріне: «Сонда сіз осы ауданды көркейтем деп келіп отырсыз ба?», – деп сұрақ қойды. Әлгі әкім қапелімде сасып  қалды да, тікелей эфирде ұстамдылық таныта алмай, «Әбеке, сіздің сұрағыңыз өзі қалай-қалай?», – деп қалды. Содан елді еліктірген қызу әңгіме жүрді де кетті. Бұл Әбекеңнің қонағын сөйлету үшін әдейі қолданған әдісі ме, әлде кездейсоқтық па, білмейміз, бірақ, осы жәйт сол жолы сәтті сұхбатқа тамызық болып еді.

Оны айтасың, Аманғали ағамыз тек телехабарлар әзірлеп, мақа­лалар жариялап қана қойған жоқ, көркем әңгіме де жазды. Әдеби туындыларын сонау студент кезінде бастады. Бір күні «Қазақ әдебиеті» газетінің екі бетін алып, «Жиналыс» деген әңгімесі жарық көрді. Журналистер өмірін баян­даған жап-жақсы дүние. Соның алдында ғана республикалық беделді басы­лымдардың біріне барып, өндірістік практикадан өтіп келген. Сондағы әсерлерін әдеби әдіспен әдіптеген сияқты. Кейіп­керлерінің бәрін де танып отырмыз. Жалпы, сол кездегі қаламгерлер қауымы бұл әңгімеге едәуір назар аударды. Бірақ, Әбекең тағы бірер әңгіме жариялады да, көркем прозадағы қадамын одан әрі жалғай қоймады. Оның есесіне қолжазба күйінде қалған әңгіме-повестері баршылық еді. Әсіресе, «Әтір иісті қар» деген новелласын рахаттанып оқитынымыз есімізде.

«Қырық мың жол өлең жазған ақын» деп дәріптелетін ағамыз, көрші оқу тобының кураторы Әбулақап Райымбеков Аманғалиға өлең арнағаны бар-ды. Сол өлең «Түсіп отыз төртеуінде Каз ГУ-ге, Шәкірттермен бөленіп жүр мәз-күйге» деп басталатын. Ақын ағамыз айтқандай, отыз төртінде университеттің күндізгі бөлімінде қабылданып, сырттай бөлімге ауыспай, бастаған ісін аяғына дейін жеткізген Әбекеңнің табандылығы бүгінгі ірілі-ұсақты әр түрлі рекорд­тар кітабына жазылатындай-ақ жәйт еді. Оған дейін мұндай жағдай болды ма, жоқ па, білмейміз. Ал одан кейін дәл осындай жанкеш­тілікті ешкім байқата қоймады. Бұған мәңгілік старостамыз Нұржа­мал Байсақалова бастаған курстас­тарымыз түгел куәлік бере алады.

Есесіне ол бар болмысымен біздің көңіл кітабымызға кірді. Көңілі­міздің Гиннесіне…

Аманғали ағамыз аман-есен болғанда, бүгінгі жетпістегі жігіт­тердің қатарында желіп жүрер еді.