БІТІМБАЙ АҒАНЫҢ БІТІМІ БӨЛЕК ЕДІ

69

Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданындағы біздің бүгінде Биназар (еліне қорған болған батыр баба) деп аталатын алақандай ауылымыздан да еліне еңбегі сіңген бірталай айтулы азаматтар, белгілі ғалымдар, басқа да саланың мықты  мамандары шыққан. Мәселен, малшылар, Социалистік Еңбек Ерлері — Шоман Шәріпбаев, Құдайберген Біртаев, медицина ғылы­мының докторлары – Мәтхалық Қайрақбаев, Қапан Мақашев, Рәпия Мақашева, медицина ғылымының кандидаты Горький Сабыров, биология ғалымының докторы Ерболған Ертаев, басқа саланың белгілі ғалымдары Сайын Орынбеков, Бодау Бөлдешов, Хасен Жидебаев, Жезқазған облыстық партия комитетінің екінші хатшылығына дейін көтерілген Аманжол Көпбаев, авиация генерал-майоры Асқар Бөлдешов, ішкі істер полковнигі Жәнібек Майханов, тамаша педагог Боранқұл Арғынбеков, есімі құрметпен аталған Мұхаметжан Беркімбеков, Сәкен Мұқашев, және т.б. Бұл санаттан 1938 жылы туған, марқұм Сқақов Бітімбай ағамыз да ойып  тұрып орын алған еді.

img021

Келмеске кеткен кешегі кеңес өкіметі кезінде, атап айтқанда, өткен ғасырдағы 1934-35  жылдарда осы Биназар ауылы орын  тепкен жерде «Коминтерн», «Көк­терек», «Көркей» деген үш колхоз болыпты. Бітекең осы «Көркейдегі» халыққа қадірлі Иманбайұлы Сқақ пен Ахметқызы Рәзия­ның отбасында дүниге келген ұлдың бірі.

Бітімбай кішкене кезінен-ақ білімге, білуге құмар еді, талабы таудай болатын. Мек­тепті бітірген соң еңбек жолын мұға­лімдіктен бастаған,  совхозда есепшілік міндетті де атқарған. Алайда, Алматыға барып оқысам деп армандайтын. Ақыры, көздеген мақсатына жетіп, сол тұстағы астанамыздағы Қарғалы кооператив техникумын үздік бітіріп шығады. Мұнан кейін Бітекеңнің алдында Новосибирск сауда институты тұр еді. Батылдығы мол, батырлығы да көп, алған бетінен қайтпай­тын алғыр, жігерлі жігіт Ресейдің аталған беделді жоғары оқу орнын да қызыл дип­ломмен бітіріп шыққан. Шалғайда жатқан, сексеуілі серейген Мойынқұм сияқты ауданда өмірге келген қарапайым қазақ баласы үшін бұл сол уақытта үлкен жетіс­тік десек, қателеспеспіз. Содан өзі бітірген Алматыдағы кооператив техникумына қайта оралып оқытушы болған.

Алайда, үнемі қай істі де белсене, бел шеше атқаратын оған бір нәрсе жетіс­пейтіндей көрінетін, яғни, мұғалімдіктен гөрі басқа қызметке баруды іштей қалай­тын. Сол ұдайы ұмтылыс 1971 жылы оны Қазақстан тұтынушылар одағының орта­лық аппаратынан бір-ақ шығарады.

Іске мығым, сөзге де шешен, білімді, білікті, әрдайым жарқырап, жайнап, жан-жағына шуағын шашып жүретін  жайдары жігіт қалай көзге түспейді!? Сөйтіп, енді ұлы Абай еліне жол тартып, Семей облыс­тық тұтынушылар одағы басқармасы басты­ғының орынбасарлығына тағайын­далады. Онан кейін Семей қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары болады. Сонымен бұл өңірде сегіз жыл өмірін өткізген Бітекең өз бойындағы жақсы қасиеттерімен, іскерлігімен, білгірлігімен абыройға жетті.

Бұдан соң Алматыға оралып, Қазақ­стан тұтынушылар одағының сауда ұйым­дастыру басқармасының бастығы қызме­тіне келеді. Сондай-ақ, Қазақстандағы ең үлкен дүкен – ЦУМ-да (сол кезде мұнда 1700 адам істейді екен) директор болып, көп ұзамай Алматы қалалық (онда қалада 26 мың сауда қызметкері бар) сауда бас­қар­масының басшылығы қызметіне жоғарыла­тылған. Әрине, бұл еңбектің бағалануы, ісінің жемісті жүруінің анық белгісі. Сол кезде ол кісі бұрынғы астанадағы сауда саласының алға басуына айтарлықтай үлесін қосты.

Бітімбай ағамыз, сонымен қатар, Қазақ­стан тұтынушылар одағының бірнеше бас басқармасын да байыпты басқара білді. Әйтеуір, қай жерде істесе де беделі өсіп, сый-құрметке  бөленіп жүрді.

Бітекеңе Құдай Гүлсара атты жақсы жар жолықтырып, екеуі 52 жыл бақытты, бақуатты, ғибратты ғұмыр кешті. Мұрат, Серік атты  ұлдары, немерелері, аяулы әке­ле­рінің, ардақты аталарының адамдық, адалдық жолын жалғастыруда.

Шынында да, Бітімбай ағаның бітімі бөлек еді. Өйткені, ісі мен сөзі жақсы қабыс­­қан, жұмысқа жанын салатын, жүктелген міндетті абыроймен орындайтын  адамгершілігі мол, адалды­ғымен, әділдігі­мен танылған тамаша азамат еді. Келбеті де  келіскен,  сымдай тар­тылған сымбатты, отбасы мен туған-туыс­тарына өте қымбатты жан еді. Ала­қандай  ауылдан шықса да елеулі еңбегі­мен, қалтқысыз қызметімен Алматыдай алып шаһардың төрінде жүрген жігіттің  төресі еді.

«Жыл толды ғазиз жүрек тоқтағалы» дегендей, асыл ағамыздың дүниеден өтке­ніне – бір жыл. Кеңсайдан мәңгілік мекенін тапқан марқұмға «Жатқан жеріңіз жайлы болып, пейіште нұрыңыз шалқысын!» дейміз.

 

Берікбай ҚАДЫҚОВ,

журналист.