Бала тәрбиесінде Қуыршақ театрының тағылымы мол

%d0%b1%d0%b8%d1%88%d0%ba%d0%b5%d0%ba

Театр өнері баланы мейірімге, ынтымақ­тастыққа, достыққа баулып, оның рухани өсуіне, ой-қиялының қалыптасуына үлкен септігін тигізеді. Осы орайда бала тәрбиесінде қуыршақ театрының тағылымы мол. Кішкентай көрермендер театр сахнасынан ертегілерді, батырлар жыры мен аңыз-әфсаналар желісіндегі қойылымдарды, драмалық туындыларды тамашалап, рухани тағылым алады.

80 жылдық тарихы бар Алматы мемле­кеттік қуыршақ театрының репертуарында қазіргі таңда отыздан астам балалар спектаклі бар. Алматы мемлекеттік қуыршақ театры биыл Қырғыз Республикасында, Молдавия мемлекетінде және Татарстанда өткен халықаралық фестивальдерге қаты­сып, өз өнерімен көрермендерді там­сандырып қайтты. Фестиваль өзара тәжірибе алмасуға, бүгінгі таңда бала­лар тақырыбына жазылған пьеса­ларды талқылап, жаңа ой-пікірлердің туындауына жол ашатыны белгілі. Өнер ордасы үшін биыл ерекше шығармашылық жыл болды.

Бішкек қаласында өткен ІІ ха­лықаралық қуыршақ театрларының фестивалінде әлемнің түкпір-түк­пірінен жиналған қуыршақ театрлары өз өнерлерін паш етті. Бұл халық­аралық фестивальде Алматы мемле­кеттік қуыршақ театры көрермен назарына А.Чеховтың «Каштанка» повесін ұсынды. «Каштанка» қойы­лымы жеңіл әрі терең философиялық пәлсапаға құрылған. Бейтаныс адамдардың үйіне келген кішкентай сары ит туралы бұл оқиға ересектерді де, кішкене көрермендерді де бей-жай қалдырмайды. Кішкентай ит өмір жолының тайталасына түседі, еркіндікте жүрсе де еркіндікті сезіне алмай, жайсыздықты бастан кешеді. Фестивальде көрермендердің ыстық ықыласына бөленген бұл қойылым «Классикалық шығарманы қуыршақ жанрында көрсеткені үшін» аталы­мында марапатқа  ие болды. Спек­такльді сахналаған режиссер Қубанычбек Адылов фестивальде «Ең үздік режиссура» аталымын иеленді. Сондай-ақ, Қырғыз театр қайраткерлері одағы режиссерді арнайы дипломмен марапаттады.

18519737_256651534807145_8218072083815901740_n

Айта кетерлігі, мамыр айында ғана театр ұжымының екінші құрамы Молдавия мемлекетінің астанасы Кишинев қаласында өткен «Под шапкой Гугуцэ» атты халық­аралық қуыршақ театрларының фестиваліне қатысты. Бұл өнер мерекесінде жиырма бес мемлекеттің өнер ордалары өзара бақ сынасты. Халықаралық фестивальде жас ұрпақты қарапайымдылыққа, жақсы­лыққа, адал еңбекке тәрбиелейтін қазақ халқының тұрмыс-салт ертегілерінің бірі – «Қаңбақ шал» қойылымын сахналаған театр ұжымы «Ұлттық дәстүрді насихаттағаны үшін» дипломымен марапатталды. Қазылар алқасы театр директоры Талғат Есеналиевке «Үздік менеджер» дипломын табыстады.

Театр ұжымы маусым айында Татарстан­ның астанасы Қазан қаласында өткен түркі халықтарының «Наурыз» ХІІІ халықаралық театр фестивалінде драматург Әлібек Файзуллаұлының «Алтын адам» эпикалық спектаклімен сапарын жалғастырды. Спектакльдің қоюшы- режиссері – ресейлік режиссер Юрий Уткин. Автор қазақ халқының жеті кереметінің бірі әрі бірегейі, 1970 жылдары Жетісу өңіріндегі Есік өзенінің бойындағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылып, бүкіл әлемді таңқалдырған Алтын адамды ертегі-қойылымға арқау етеді. Туынды осыдан 2500 жылдай бұрын өмір сүрген бабаларымыздың баба­лары – сақ тайпаларының тұрмыс-тіршілігін жас көрермендердің көз алдына елестетіп, азаттық, бірлік жолындағы жан­қиярлық, ерлік-шежірелерін паш етеді. Бүгінде Қазақ елінің тәуелсіздік символына айналып отырған қанатты барысқа мінген Алтын адам балаларды жігерлендіріп, олардың жүрегінде отаншылдық рухын оятады. Алтын бала – Азат хан сонау бір заманда Алтын адам көксеген азаттыққа қол жеткізеді.

SONY DSC

Өнер ұжымы маусым айында Астана қаласында, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Алматы қаласы мәдениет және архивтер басқарма­сының қолдауымен Қ.Қуанышбаев  атын­дағы  Қазақ мемлекеттік акаде­миялық  музыкалық драма театрының сахнасында астаналық кішкентай көрермендерге театр репертуарындағы үздік екі қойылымды тарту етті. Қойылымдар қазақ және орыс тілінде жүрді. Театр ұжымы бұл жолы Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Жақып Омаровтың «Құлын­шақ пен Бөлтірік» қиял ғажайып ертегісін және М.Поливанованың «Көңілді қонжықтар» ертегісін көрсетті. «Құлыншақ пен Бөлтірік» қойылымы қуыршақ театрының сахнасында, қуыршақ жанрында бірінші рет сахналанды. Бұл спектакль – режиссер Р.Жаныамановтың қуыр­шақ театрындағы тырнақалды туын­дысы. Сахна суретшісі С.Карпельдің шеберлігінен туындаған қойылымдағы медиадекорациялар кішкентай көрермендер­дің көңілінен шықты. Қойылым құлыншақ пен бөлтіріктің достығы арқылы балаларға жақсылық пен жаман­дықтың аражігін ажыратуды үйретіп, достықта шекара бол­майтынын дәріптейді. Қуыршақ құлыншақ (А.Сақтағанова) пен  қуыршақ-Бөлтірік (Т.Тілеулиева) қуыршақ­тармен бірге ойнап, бірге қуанып, бірге достыққа қол жеткізеді. Қасқырлардың қатыгездігі мен жылқылар­дағы тектілік бүгінгі адамдар арасындағы қарым-қатынасты көрсете білгендей. Қиял-ғажайып қойылымдағы қасқырлар тобыры­ның бақталастық, тақталас­тық сахналарын А.Жолдасхан заманауи шетелдік әуендермен әрлеп, оқиғаға өзгеше сарын беріп отырды. Театр хореографы Г.Дәулетқұлова спекта­кльдегі екі топтың табиғи мінезіне ұласатын билерімен сахна­ның сәнін кіргізді. Көрер­мендерді достыққа баулитын бұл қойылым­нан бүлдіршіндер ерекше әсер алды. Қойы­лым соңында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Жақып Омаровтың рухына бағыштап жары Т.Атымтаева ас берді. Ал режиссер П.Поторока сахналаған «Көңілді қонжықтар» ертегісі ағайынды екі қонжық туралы баяндайды.

Театр фойесінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі С.Абуева, мәдениет қайрат­кері К.Ильясова, Е.Жүнісова шеберлік са­бақтарын өткізіп, балдырғандар  қиял-ғажайып ертегілердегі қуыршақ кейіпкер­лерімен бірге ертегі әлеміне саяхат жасады.

Алматы мемлекеттік қуыршақ театрының қойылымдарына тек балалар ғана емес, сондай-ақ, ҚазКСР халық әртісі Қорлан Ихсанқызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Түймехан Атымтаева, Қазақстанның халық әртісі Г.Әспетова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.Жақыпбаев, режиссер Ә.Оразбеков, Қ.Қасымов­тар да қызығу­шылық танытып, өздерінің ыстық ықылас­тарын білдірді. Қуыршақ театрының ұжымын құшақ жая қарсы алған театр басшысы А.Сексенбаевқа және өнер ұжымына теат­ры­мыздың алғысы шексіз. Өнердегі мұндай жылы жүздесулер мәдениет қайраткері Т.Есеналиев басқарған театр ұжымына жаңа серпіліс бергені анық. Қуыршақ театрының ұжымы астаналық­тармен бірге шығарма­шылық энергияға негізделген ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмені тамаша­лады.

Жазира АХМЕТОВА.