Балаңыздың мектепке әзірлігі қандай?

%d0%bc%d0%b5%d0%ba%d1%82%d0%b5%d0%bf%d0%ba%d0%b5-%d0%b4%d0%b0%d0%b9%d1%8b%d0%bd

Ала жаздай далада доп қуып, алаңсыз көрші үйдің қыздарымен қуыршақ ойнайтын кездер енді бір тоғыз айдан кейін айналып келмекші. Иә, мектеп оқушылары үшін жазғы демалыстың бітуіне де санаулы үш аптадай уақыт қалды.

Баласы мектепке баратын әрбір шаңырақта қазір атмосфера өте ұқсас. Бірі базар жағалап жүрсе, енді бірі базарға бару керектің уайымымен жүр. Қайбір күні «әзіл де болса, шындық-ау» деп оқыған әзіліміз есімізге түсіп отыр.

– Дәріханаға барып, валерьянка сұрасам, бітіп қалыпты. Ата-аналар алып кеткен бе, мұғалімдер алып кеткен бе, түсінбедім?! – демекші, ата-аналар мен мұғалімдер үшін тоғыз айға созылатын оқу жылына дайындық барысы қалай? Балалардың бес қаруы сай ма? Бүгінгі сауалнамамызды ата-аналардың ортасында жүргізген едік.

 

Салтанат ЕРЖІГІТОВА,

4 баланың анасы: 

– Мектепке дайындық орташа, себебі, бәрі қымбат. Жағдай көтермейді. Биыл үш балам да мектепке барады. Былтыр тек форма ғана алғанға орташа бағамен 40 мың теңге кеткен, биылға әлі алмадым. Барахолка базарынан киімді де, кітапты да былтырдан бері көпбалалы ретінде түгендеп берген болады, бірақ, қосымша кітаптардың өзіне бір балаға 6-7 мың теңге кетіп қалады. Биыл есептеп қарасам, 3 баламды мектепке толық дайындау үшін 100 мың теңге кетеді екен.

Мектеп формасы бірыңғай көк болатын, биыл оюлы жакет болады деп жатыр, бағасы да белгісіз. Өз басыма, арнайы мектеп формасын тіккізіп отырған ұнамайды, одан да барлық мектепке тән бірыңғай көк форма қалғаны дұрыс деп ойлаймын. Балам мектепке қуана барады, бірақ, кейбір мұғалімдердің сабақ беру мәнерін ұнат­пайтындықтан, олардың сабағын оқуға құлықсыз.

 

Гүлнаш АСХАТҚЫЗЫ,

оқытушы:

– Балаларым А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта оқиды. Үнемдеп киім алғанның өзінде бір балаға 100 мың теңгеге жуық ақша кетеді. Биыл төрт балам да мектепке барады. Кенже қызым Арунаның мектеп формасы – 15000 теңге, жейдесі – 5000 теңге, оны ауыстырып кимесе, тағы болмайды. Сондықтан 2 жейде аламыз. Галстугі – 1500 тг, туфлиі – 7000 тг, сөмкесі – 9000 тг, спорттық аяқ киімі – 7500 тг, спорттық футболкасы – 3000 тг, спортқа киетін формасы – 15000 тг,  800 теңгелік колготкиден үшеуін аламыз. Енді бұған кеңселік заттары мен кітабын қосу керек. Ал алдыңғы үш баламның жасы өскен сайын киімдерінің де бағасы қымбаттай береді. Балаларым мектебін сағынды, достарын асыға күтіп жүр. Өз басым, мектептің арнайы формасын құптаймын, сол үшін оның сапалы болғанына назар аударамын. Әсіресе, аяқ киім баланың аяғын терлетпеуі қажет, аяқ киімде биік ұлтарақ болу керек.

 

ГҮЛІМ,

аспазшы:

– Мектеп басталатын кезде балалар бір-бірлерін сағынатын болу керек, қуана барады. Ата-аналар ғой балалардың үй тапсырмасын ойлап, әлден шаршап жүрміз. Үлкен қызымды мен уайымдамаймын, ол барлық сабағын жақсы оқиды. Екінші қызыммен бірге сабақ қараймыз. Өзі біраз еркелеу. Сыныптағы ата-аналар балаларын ақылы қосымшаларға қатыстырып жатады. Егер төлеуге мүмкіндігің болса, әрине, ағылшын тілі сияқты пәндерден қосымша алар едік. Үлкен қызыма биыл киім алмаймыз. «Мама, өткен жылғы киімдерімді кие беремін, бәрі тура келіп тұр» дейді. Ақылды қызым үнемі әке-шешесін өстіп ойлап жүреді. Екінші қызымның киімдерін базардан аламыз, бағасын түсіртіп, саудаласқанға жақсы.

 

Динара КҮШІМОВА,

Астана қаласының тұрғыны:

– Биыл тұңғыш қызым екінші сыныпқа көшсе, ұлымды бірінші сыныпқа бергелі тұрмын. Екеуін бірдей мектепке дайындауда кететін шығын аз емес, әрине. Оның үстіне, қалам, дәптер, киім-кешек пен аяқ киімнің бағасы жылда өсіп отырады. Өткен жылы тамыз айында Алматыға келіп, қызыма мектепке керектінің бәрін мұндағы барахолкадан алып берген едім. Өйткені, Астанада бәрі қымбат. Биыл да Алматыға бір жағы қыдырып келіп, екіншіден екі балама киім әперейін деп арнайы келдім. Бала тез өседі. Қызыма алған былтырғы киімдер қысқарып қалған. Оған қайта алуға тура келеді. Сөйтіп, арқаға асатын қоржындарың әрқайсысын 5 мыңнан алдым. Ұлыма 7 мыңға спорт костюмін алсам, спорттық екі аяқ киімді 12 мыңға (қызға – 6500 теңге, ұлға – 5500 теңге) сатып алдым. Қуантатыны, оқу құралдарын сатып алмаймыз. Ол жағын мектептің өзі қамтамасыз етеді. Біз тек қалам, қарындаш, дәптер аламыз. Бірақ, соның өзі де арзан емес.  Оқушы дәптерінен бастап, санауыш таяқшаларға дейін ұсақ-түйек болғанымен бәрі ақша. Бір сөзбен айтқанда, бірінші сыныптың оқушысын мектепке дайындау үшін кемі 30–40 мың теңге қажет.

 Сауалнаманы жүргізген – Әсел ДАҒЖАН.