«ТОЙДЫҢ ЖАҚСЫ ӨТПЕГІ –АСАБАДАН»… БА?

Four friends making having fun among confetti

Сәкен СЫБАНБАЙ

«Қайдасың, қаржы дағдарысы?» 

Қаржы дағдарысы қаһарына мініп, қанша қоқаңдаса да, одан ыққан қазақты әзірге байқай алар емеспіз. Сөздеріне қарасаңыз, екінің бірі «ойбай, анау жет­пей жатыр, мынау жетпей жатыр» деп еңіре­генде етегі толады да отырады. «Әй, басқасы – басқа, тап осыда ешқан­дай уайым жоқ-ау, аздап қарыз сұ­райыншы» деп ауқаттылау ағайынның босағасынан аттасаңыз, ол да «нансаң нан алатын ақшамыз жоқ» деп алақанын жаяды. Тіпті әрі-беріден соң, не үшін барғаныңызды ұмытып, әлгінің өзіне жаныңыз ашып, соған көмектескіңіз келіп кетеді. Ал арада ай өтпей жатып, «қара нанды әрең тауып жеп отырған» сол кісіңіз әлдебір дөй мейрамханада дүркіретіп той өткізіп жатады. Түсініп көріңіз!

Айтпақшы, бір досымыздың ата-анасы 70 жасқа толып, соған кішігірім той жасамақ болып әбігерленіп, шап­қылап жүр. Сенсеңіз, солар Алматыны шыр айналып шығып, тойды жақын айлардың (апталардың емес, айлардың!) ешқайсысының сенбі-жексенбісіне белгілей алмады! Рас, орталықтағы мей­рамханалардың бәрі қымбат, сондықтан досымыз салыстырмалы түрде арзандау тойханаларды шарлаған. Ал демалыс күндері олардың бәрі – бос емес екен. Бәрінде – той! Алдын-ала белгіленіп, кіші­гірім ақшасы төленіп қойылған! Шілдеден бастап қыркүйектің соңына дейін!

Таяуда тағы бір тойда болдық. Апта сайын той. Әрине, Құдай тойдан айыр­масын! Алайда, зәулім тойхананың қос қабатында қатар дуылдатып жатқан жұртты көргенде «Қайдасың, қаржы дағдарысы?» деп іздеу салғың келеді…

 

Бізге қандай асаба қажет?

Қазақ той жасағанда тамада таңдауға ерекше мән беретіні рас. «Асаба жақсы басқарса ғана той қызық болады» деп ойлайтындар аз емес. «Елді езу жиғыз­бай күлдірсе, жақсы әңгімесімен, өлең-сөзімен келген меймандарды риза етсе, оларды даңқ-дәрежесіне лайықты деңгейде әбден мақтап-қолпаштап ортаға шақырса, тост берсе, содан өзім­нің де мерейім биіктесе…» дейтін шығар. Ал мен тойдың жақсы болмағы тек тамададан ғана деп ойламаймын. Кейде телеэкраннан түспейтін «жұлдыз»-тамада басқарған тойдан ішіміз пысып, керісінше, аты-жөні беймәлім қайсыбір жас жігіттердің той тізгініне иелік ете білуіне де, жарасымды әзіл-қалжыңына да, дәмді сөзіне де риза болып, қуанып қайтатын жайттар кездесіп тұрады.

Тойдың жақсы өтуіне, әрине, тама­даның сіңірер еңбегі, етер ықпалы зор. Оны жоққа шығарғалы отырған жоқ­пын. Бірақ, тойдың қалай өтуі оның иесіне де, сосын келген қонақтарға да бай­ланысты. Кей тойларда қуаныш иесінің өзі асып-сасып, абыржып, неме­се әлденені уайымдап, қабағы түйіліп, өңі өрт сөндірген адамдай түнеріп жүреді. Жарайды, қаншама адам шақы­рып отыр, соларды күтіп алу, орын-орнына жайғастыру, басқа да қат-қабат шаруаға алаңдамау мүмкін емес делік. Бірақ, келген жұртшылық алдымен той иесінің қас-қабағына да қарайды. Сондықтан қуаныш па – қуанышты көңіл-күйде, ақжарқын қалыпта жүр­ген дұрыс. Сосын меймандардың да қан­шалықты тілеулес, қаншалықты ниеттес болып келгені олардың сол тойдағы жүріс-тұрыс, отырыс-ықыласынан да аңғарылады. Осы тойға шын қуанып келген доспейіл адам «мына асаба менің көңілімді қашан, қайтіп, қанша­лықты көтереді?» деп күтіп отырмайды, өзі белсеніп кірісіп кетеді: думанды қыздырады, ән салады, би билейді… Той асабаның белсенді әрекетімен қатар, қуаныш иесінің ақжарқын пейілімен де, қонақтардың ыстық ықыласымен де қыза түседі.

Тойшы қауымның асабаларға қояр талабы – саңқылдаған үн, салиқалы сөз, орнықты мінез, тапқыр әзіл, міне, осы шеңбермен шектеледі. Әрине, елдің бәрінің бабын табу, көңілінен шығу мүмкін де емес. Және қазаққа қажет тамаданың типтік бейнесін жасап шығу да қиын. Өйткені, біреуге ұнаған тамада екінші біреуге жақпай қалып жатады.

Бір тойда болдық: асаба тоқтаусыз сөйлейтін сөзшең жігіт екен, өзі он-он бес минут сайрайды, сосын шама-шар­қынша тілек айтқан адамның қолынан микрофонды қайта алып, келесі сөз сөйлейтін кісіге он минут тоқталады… Тостқа шығып тұрған кісілер он шақты, солар түгел тілек айтып біткенше, үндемей тұра тұруға болады ғой, жоқ, әрқайсысына жеке-жеке тоқталады. Уақыт болса, зырылдап өтіп бара жатыр. Сөз сөйлеймін дейтін әлі қанша­ма қонақ бар… Қысқасы, ұшы-қиырсыз ұланғайыр сөзден құлағымыз бітеліп, басымыз зеңіп кетті. Ал сол тамадаға риза болып, «сөзге шешен екен, тойы­мызды басқартатын-ақ жігіт екен» дес­кендер де аз болған жоқ. Яғни, әркімнің талғамы әр түрлі.

Қазақта не көп, туыс көп, жекжат көп. Бізге солардың бәрінің жөн-жосы­ғынан хабардар, құданың да, нағашы­ның да, жиен мен бөленің де, алыс-жақын басқа ағайынның да өзіндік орнын, ретін, қадір-қасиетін білетін, той табиғатын шебер меңгерген тама­далар керек. Кей жерлерде осы қара­пайым-ақ қағидалардың ұмыт қалатыны немесе шатастырылатыны, содан «бір атым насыбайға өкпелегіш» қазақтың тойында жоқ жерден реніш туып жата­тыны бар… Сосын бізге қазақтың салт-дәстүріне жетік, ұмытылып бара жат­қан сондай ұлттық жөн-жорал­ғыларды тойларда көрсете жүретін, насихаттай жүретін, қазақы сөздің қаймағын біле­тін, әдебиеттен де, өнерден де құр ала­қан емес, жан-жақты асабалар керек. Әйтпесе кімнен кейін кімнің сөйлей­тінін хабарлау екінің бірінің қолынан келеді ғой.

 

Тойдың сәні – қандай ән?

Түн ортасында түртіп оятып сұрасаң да, жаттаған сөзінен жаңылмайтын асаба ағайындардың жиі айтатын әдемі сөздерінің бір парасы – «тойдың сәні – әуелеген әні мен мың бұралған биі» дегенге саяды. Расында да, сөзбен қымыз сапырып, таптаурын тілектен нөсер жауғызатын қайсыбір мылжың меймандар болмаса, былайғы жұрттың той-томалаққа сол қуаныш иесін құттық­тауға, шаттығын бөлісуге, бірге көңіл көтеруге, ән салуға, би билеуге баратыны анық. Ал сол ұлан-асыр тойдың көрігін қыздырып, есімі елге белгілі өнерпаздар жүрсе, несі айып?

Әрине, «сай сайға, бай байға құяды» демекші, той иесінің қызметіне, қоғам­дағы орнына, дәулетіне, абырой-беде­ліне байланысты шақырылатын әнші­лердің де даңқ-дәрежесі көтеріле түседі. Өнерпаздарға төленетін ақының да мұндай жағдайда бірнеше есе жоғары болатыны – түсінікті жәйт. Сондай кәсіпкер, бизнесші, байшыкештердің жиі шақыруының арқасында кейінгі уақытта бірқатар әншілердің «ставка­сы» күрт өсті. Олардың сол мөлшерге әбден үйреніп алғаны сондай, енді той иесі қаланың қалталы қуы ма, ауылдың ортаңқол шаруасы ма, қарап жатпайды, ақысын бір-ақ кесіп айтады. Шамасы келгені – төлейді, шамасы келмегені – тойын әншісіз-ақ өткізеді.

Бірде «мүйізі қарағайдай» бір акаде­миктің тойында болдым. Аламан бәйге өткізердей алып зал – лық толы адам. Үйлену тойы болған соң белгілі ғой, жасы да, жасамысы да аралас. Қазақ эстрадасы жұлдыздарының бәрі дерлік сол жерде жүр. Роза Рымбаевадан бас­тап, Бауыржан Исаевқа дейінгі іліп алар үздіктеріміз шетінен ән айтып жатыр, бірақ, тойдағы қауымның назары есік жаққа еш түспей-ақ қойғаны-ай! (Музы­канттар отыратын жер әдетте есік жақта болады ғой). Әншілер барын салып бағуда, соған қарағанда ақысын да жаман төлемеген болуы керек. Алайда, оны тыңдап жатқан, бағалап, разы болып жатқан, «разы болғаныңыз» не, тіпті көңіл қойып жатқан бір адам жоқ! Әр үстел өзімен-өзі гу-гу.

Неге? Себебін мен кейінірек түсін­дім. Өйткені, тойдың соңына қарай шағын сахнаға бір жас бала көтерілді де, жан даусы шығып, «Жамайка» деп айғай салды. Бағанадан бері қазақтың небір сұлу да сазды әуеніне селт етпеген салбыраңқы құлақтар «қайшыланып», сірескен жуан мойындар «сірәзім» бері бұрылып, бұлтың-бұлтың айналған ұрттардың қимылы күрт тоқтап, май­лан­ған мұрттар сүртіліп, жұрттың бәрі жаңағы әншіге сүйсіне қарады. Орын­дықтарды сықырлата жылжытып, біраз адам секеңдеп биге шықты. Елдің еңсесі енді көтерілді! Сөйтсем, бұлар бағанадан бері шет елдің әнін күтіп, сондай бір «шедеврдің» қазақ әншілерінің бірде-бірінің репертуарынан табылмағанына күйініп отырған екен.

Бұған керісінше бір мысал. Алма­тыда бір танысымыздың тойы болды. Той иелері – қарапайым адамдар. Мей­мандар да солай. Кейінгі уақытта тәуір әндерімен көзге түсіп жүрген қазақтың екі-үш жас әншісі келіп, өнер көрсетті. Сондағы оларға деген елдің құрметін көрсеңіз! Айтқан әндерін ыстық ықы­лас­пен тыңдады, оларды ортаға алып, айнала жүріп биледі, кетіп бара жатқан жерінен қолқалап қайта шақырып, ән салғызды. Бала-шаға қаумалап, қолтаң­ба алып, суретке түсті.

Ал жаңағы академиктің тойында­ғыдай қалалық орыстілді қауым өз әнші­лерімізді аса менсініңкіремей, ресей­лік әншілерді аттай қалап алды­руға құмар. Немесе оларды шақыра алма­ған күнде сол көңілдерінің жырты­ғын өзіміздің «жамайкалармен» жама­ғысы келеді.

Расында да, «тойдың сәні – ән мен би» шығар-ақ. Бірақ, қандай ән, қандай би?.. Осыған мән берсек қой…