Алаштың арлы азаматы еді

%d0%b1%d0%b0%d0%b9%d0%ba%d0%b5%d0%bd

Өзі 93 жыл өмір сүріп, жан жарымен 64 жыл отау тігіп, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп, жас кезінде соғыста толарсақтан саз кешіп, тобы­ғынан су кешіп, республиканың халық шаруа­шылығын дәргейлі биікке дейін өркендетуге бар қажыр-қайратын аямай жұмсап, тектілермен тең болып, кектілерге кең болып, артында өшпейтін атын, көшпейтін даңқын қалдырған абыз ақсақалымыз еді.  Бұл кісінің күн дидарлы мейірімді жүзі, әмәнда тік жүретін тұлғасы, сабырмен, баппен айтқан сөзі  біздің мәңгі есімізде қала бермек. 10 тамызда аса көрнекті мем­лекет және қоғам қайраткері Бәйкен ӘШІМОВ 100 жасқа толар еді. 

Өткен  ғасырдың 60-жылдарын еске түсірейік. Ол тұста үлкен, ортақ Отанымыз – Кеңестер Одағы, кіші ота­нымыз деп Қазақстанды ұғынатынбыз. Сол жылдардың орта тұсында шаруа­шылық реформа басталып, соның басы-қасында КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Алексей Нико­лаевич Косыгин  болды. Шаруашылық реформаның сәтті жүргізілгені сондай, ел-жұртымыздың еңсесі көтеріліп, әжептәуір қоңданып қалды. Әсіресе, ауылдағы ағайындардың мал саны өсіп, элеваторлар салынып, қалаларда өнер­кәсіп жанданып еді. Кішігірім қалалар (Кентау, Жаңатас, Рудный, Жаңаөзен, т.б.) бой түзеп, кейін олардың саны 47-ге жетті. 70-жылдары да А.Косыгин тағы бір реформаны, яғни, шаруашылық дербестікті, жеке маман адамды ынта­ландыруды қолдайтын үдерісті бас­тайын деп еді, алайда сол кездегі Саяси бюродағы шал-шауқандар бұл бастама­ны жақтамай, сөйтіп одан әрі 80-жылдарға – «тоқырау жылдары» дегенге ұласты.

Міне, сонау 60—70-жылдардағы мамы­ражай кезеңге келейік. Ағалары­мыз:

– Халықтың әл-ауқаты жақсарып, тойлар көбейіп келеді. Көңіл-күйлері жақсы, бәрі де дүркіреп көтерілуде, – деп айтушы еді сол мезетте.

Ал Қазақстан Үкіметін осынау жылдары халқымыздың данагөй ұлы, абызы, ардагер азамат, қажымас қайраткер Бәйкен Әшімұлы Әшімов  басқарған еді. Ол Министрлер Кеңесін басқаруға 1970 жылдың көктемінде келді. Алдында Талдықорған облыстық партия комитетін, ал оның алдында Қара­ғанды облыстық атқару комитетін басқарды. Ол жастайынан еңбекке, бейнетке шыңдалған жан. Қан майданда қан төккен жауынгер. Салиқалы ойлы, сарабдал мінезді азамат еді. Өзі сұлу Көкше жерінде 1917 жылдың 10 тамы­зында дүниеге келген. Бұл күн даныш­пан ақын, ойшылымыз Абай атамыздың да туған күні.

Бәйкен аға байтақ жеріміздің, сайдақ еліміздің экономикасын бүге-шігесіне дейін бес саусақтай білді десек, артық болмас. Сол тұста Қарағанды металлур­гия комбинаты тұңғыш прокат болатын өндіріп, дүние жүзіне паш етті. Ермак жылу электр стансасы, Қапшағай гид­роэлектр стансасы іске қосылды, кейін­ірек 80-жылдардың басында Одаққа мәшһүр аса қуатты Екібастұз электр стансасының алғашқы блоктарының генераторлары ток бере бастады. Ақтөбе, Ақсу (Ермак) ферроқорытпа, Жаңа Жамбыл фосфор зауыттары, Петропавл, Орал машина жасау өнер­кәсіп орындары сапалы тың өнімдер өндіріп шығарды. Қазақстан ғылымы да қарыштап дамыды. Биотехнология өркендеп, академик Мұрат Айтхожин бастаған ғалымдар Лениндік сыйлықтың лауреаты атанды, Мұхтар Өтелбаев атты математик өз жаңалықтарымен таң қалдырды, Ғылым академиясында ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби мұра­ларын зерттеу секторы ашылды, Есік қорғанында «Алтын адам» киім-кешегімен, қару-жарағымен табылды. Әдебиет пен мәдениетіміз де кең қанат жайды. 1974 жылы халық әртісі Серке Қожамқұлов, 1976 жылы халық жазу­шысы  Ғабит Мүсірепов Социалистік Еңбек Ері атанды, көптеген ақын-жазу­шылар, өнер қайраткерлері  КСРО, ҚазКСР мемлекеттік сыйлықтардың лауреаттығына, КСРО халық әртісі атақтарына ие болды. Ол кезде бұл үлкен дәреже, абырой еді. Кейін Халық қаһарманы атанған Әзірбайжан Мәм­бетовтің қойылымымен «Ана-Жер-ана», «Қан мен тер» спектакльдері Мәс­кеуде, шет елдерде аншлагпен көрсе­тілді.

Осының бәрі бір жағынан эконо­ми­каға, әлеуметтік-мәдени салаға білікті­лікпен басшылық жасаудың арқасы еді. Байкен Әшімұлы табиғатынан мінезге бай, парасатты, ақылға кенен болған­дықтан, әр мәселені байыпты, байсалды­лықпен шеше білді. Жанында жастай қосылған адал жары Бақыт Әспетқызы әмәнда қайраткердің қасынан табылып, отбасының ұйтқысы, бала-шағасының қамқор жанашыры болды. Екеуі Ұлы Отан соғысынан кейін қосылыпты. Содан санасаңыз, 64 жыл бірге өмір сүріпті, бір ұл мен екі қыз бала тәр­биелеп өсірген. Қосағымен қоса ағарған, үлгілі отбасы деген осы да. Бәйкен аға 50-жылдары Көкшетау облысындағы Зеренді аудандық партия комитетінің екінші хатшысы кезінде Зерендіде менің қазіргі қайын жұртым Әсеновтер отба­сымен көрші тұрыпты. Сол кісілердің кейінгі бір қызы туғанда, Бақыт Әспет­қы­зының үлгілігі сондай, соның атына орай есімін Бақыт деп қойыпты. Сол жылдары Зерендіде Әшімовтің ұлы Оңдасын да туған. Қазір ол М.Қозыбаев атындағы Қызылжар мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі.

1980 жылы астанамыз Алматыда республи­ка­лық мал шаруашылығы еңбеккерле­рінің кеңейтілген мәжілісі өткізілді. Осынау шопандар мен малшы­лар форумын КОКП Саяси бюросының мүшесі, Қазақстан КП Орталық Коми­тетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев кіріспе сөзбен қазақша ашып, ал 1 сағаттық баянда­маны Бәйкен Әшімұлы бастан-аяқ жалпақ қазақ тілінде жатық түрде оқып берді. Бұл хабар теледидардан берілді, біз Жамбыл ағамызбен (көке дейтінбіз) қарап отырып таңдана масайрағанымыз сондай, екеуміз  тіпті телеэкранға «жа­бысып» қалдық. Ойлаңызшы, тотали­тар­лық режим… Орыс тілі барлық жерде үстем, ысқырығы жер жарады. Ал мұнда республика басшылары қазақша сайрап тұр. Міне, патриоттық, ана тілімізге, салт-дәстүрімізге деген адалдық қайда жатыр?! Қазақтар сол күні бір-бірін құттықтап жатты…

Байкен ағаның тағы бір үлгі тұтар­лығы – оның тазалығы, мүбәрак жан­дылығы. Рухани таза адам өзін әспет­теуге, әшекейлікке, қолпаштауға, жарам­сақтыққа бой алғызбайды. Ішкі жан сарайы мөлдір адам ғана түрлі пендәуи қылықтардан ада болады. Көрші мемлекет басшылары пендеші­лікке салынып, туған-туыстарын, бала­ларын жайлы орынтақтарға отырғызып, өздері байлыққа белшесінен батып,  халықты тентіретіп жібергенін біліп отырмыз. Ал Димекеңнің үйінде тек тұтастай бөлме қабырғаларын алып жатқан кітаптардан басқа түк таппаған ғой Гдлян мен Иванов, Калиниченко сияқты құйыршықтар. Бәйекең де бұл тұрғыда таза боп шықты. Ол кісі әу   бастан-ақ өзінің арлылығымен, пәкизә жанымен халықтың сүйіспеншілігіне бөленген еді.

Бәйкен Әшімов басқарған тұста жоға­рыда айтқанымыздай, жаңа қала­лар қанат жайып, мыңдаған сәулетті ұжымшарлар мен кеңшарлар өріс алып еді.  Республикада 300 мың трактор, 200 мың жүк машинасы, 150 мың комбайн болды, өрісте 36 миллион бас қой, табында 15 миллион бас ірі қара, үйірінде 5,5 миллион жылқы жайылды, Одақтың ортақ қорына жылына 100 мың тонна ет өткізетін. Әсіресе, екі мәрте Социалистік Еңбек Ерлері –  Алдабергенов пен Головацкийдің құр­ған кеңшар-ұжымшарлары қалаға бергісіз еді, су құбыры, жарықтандыру, жылыту жүйелері заманға сай болатын. Әттең, соның бәрі кезінде 90-жылдары жекешелендіру науқанымен қиратылып, құлазып қалды. Енді білгіштер кооперацияға көшкен дұрыс дейді, онда неменесін кеңшар-ұжымшарларды тараттық, батыстағы фермерлік шаруа­шылықтар да солардың өркениеттенген үлгісі емес пе еді?

Бәйкен Әшімов Үкіметті ең ұзақ (14 жыл) басқарған басшылар санаты­нан. 1984 жылдан 1985 жылға дейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы­ның Төрағасы болып, сол лауазым орнынан зейнеткерлікке бір-ақ шықты. Әрине, саяси қайраткердің іс-тәжіри­бесінен тағылым ала, 70-ке толтырып шығаруға да болар еді, бірақ та сол кезде билік басына әпербақан, көкезу М.Горбачев келіп, ондайға жол бермеді. 1977 жылы ересен ерен еңбегі үшін Қазақ­станның миллиард пұт астық тап­сырғанына және өзінің 60 жылдығына орай Социалистік Еңбек Ері атанып, омырау кеудесіне Алтын Жұлдыз тағылды. Зейнеткерлік кезінде де ширек ғасыр – 25 жыл бойы Бәйекең қоғамдық жұмыстардан қол үзбей, кейінгі толқын жастарға ақылшы, Ардагерлер кеңе­сінің, сан алуан ұлағатты ұйымдардың мүшесі болып қызмет істеді. Осы еңбегі үшін және 90 жылдық құрметіне байланысты оның кеудесіне Елбасының өзі 2007 жылы жоғарғы марапат – «Отан» орденін тақты.

Ағамыз өзімен аралас-құраласқан ел-жұрттың  пайымдауынша, ешкімді ұлтына, руына бөлмеген. Тек азаматтың біліктілігі мен біліміне, іс-тәжіри­бесі­не, адамгершілігіне қарайтын. Алайда, сол кезде бірен-саран өзімшілдік, өркөкіректік, төрешілдік үрдістер байқалатын. Мәселен, айтулы акаде­миктер Ебіней Бөкетовтің, Шаһмардан Есеновтің, Төрегелді Шармановтың нақақтан себепсіз қудалануы халықтың наразылығын тудырғаны шындық еді. Қазақтың ауруы – осындай көре­алмаушылық пен қызғаншақтық, іштар­лық, етектен тартушылық. Бәйекең мұндай қылықтардан ада болды.

Менің 50 жылдығым Жазушылар одағында атап өтілді, жазылған өлеңдеріме әндер шырқалды. Сонда Бәйекең ауырып жатса да маған телефон қоңырауын соғып құттықтады. Бұдан көңілің марқаймай ма?! Қандай биік мәдениет, ізет! Ұлық болсаң кішік бол деген осы! Бұл да қазіргі кезде шікірейген, байлы­ғы мен мансабына мастанған байшы­кеш­­тер мен бишігештерге өнеге-тәлім.

Ендігі жерде еңбегі сіңген ердің аты өшпес үшін туған елінде көшелер мен шаруашылық, мәдени орындарына Бәйкен ағаның есімі беріліп жатқанына қуанамыз. Алматыда Бәйкен атында мешіт бар, шаһардың батыс жағындағы ұзын бір көшеге, Қарағандыда шағын ауданға, Қызылжардағы теміржол колледжіне ағамыздың есімі берілді.

 

Бақытжан ТОБАЯҚОВ,

ҚР еңбек сіңірген энергетигі,

Ұлттық инженерлік академиясының

мүше-корреспонденті, профессор, Қазақстанның мәдениет қайраткері,  Жазушылар одағының мүшесі,

Ә.Бөкейханов атындағы сыйлықтың лауреаты.