АЛМАТЫЛЫҚТАРДЫҢ ЖАППАЙ ВЕЛОСИПЕД ТЕБЕТІН КҮНІ ЖАҚЫН

20160916140153

Дүйсенбі күні жұмыстан қайтып келе жатып, Төле би көшесінің  Сейфуллин даңғылынан Сайран көліне дейінгі аралығында 6-7 жерден велосипедтерді уақытша пайдалануға беретін орындардың ашылып жатқанын көрдім. Атап өтетіні, соның алдындағы екі күндік демалысқа дейін бұл көшеде мұндай стансалар атымен жоқ болатын. Соған орай маған сол сәтте «демек, жуық арада велосипедтер Алма­тыдағы басты қатынас құралы болады екен ғой» деген ойлар келді…

Құттыбек АЙМАХАН

Жалпы, біздің шаһарымыз елімізде алғаш болып велосипедті тізгіндеуді қолға алғаны белгілі. Естеріңізде болса, қала­мызда шын мәнісінде велосипед тебу 2009 жылы 16 тамыздағы «Спорт күні» аясында басталған-тұғын. Сол кездегі қала әкімі Ахметжан Есімов мегаполистегі №1 мәселе – экологияға айрықша мән бере келіп, алматылықтарды автокөліктен велосипедке отырғызудың артықшылығын атап айтқан еді. Осы ретте қала басшысы «Спорт күнін» арқау етіп, алғаш рет рет қала тұрғындарын жаппай велошеруге шақырған болатын. Сөйтіп, келесі жылдан бастап шаһарда түрлі мерекелерге орай қаламызда вело­жарыстар өте бастады. Нәтижесінде бірте-бірте бұл үрдіс қаламызда тұрақты дағдыға  айналып, содан кейінгі 5 жыл ішінде-ақ 50-ден астам велосипедтен қалалық шерулер өткен еді. Содан барып Алматыда вело­сипед тебу тұрақты дәстүрге айналып, шаһар­дағы велосипед тебушілер саны алтыншы жылдың өзінде-ақ 90 мың адамнан немесе қала халқының 6 пайы­зынан асып жығылды. Оның соңы 2013 жылы ару қаламызда әлемнің Альберто Контадор, Винченцо Нибали, Фабио Ару секілді кілең велоспорт марқасқалары қатысқан «Тур Алматы-1» халықаралық кәсіпқой веложарысының өтуіне серпін берді. Ал оған әлемнің 20 кәсіпқой вело­командасынан желмен жарысқан 155 велошабандозы қатысты. Осылай небары 5-6 жылда қаламызда велосипед тебу қар­қынды дамып, алматылықтардың велоси­педке деген қызығушылығы күрт өсті.

81e576eae31dd9eeac4701fa1cb97503

Содан да қалада велосипед сататын дүкендер саны бірден 30-ға артып, онда сатылған велосипедтер саны тез арада 2,5 есеге өсті. Сосын сол 2013 жылдан бастап қалада велосипедті жалға беретін бекеттер саны 3-тен 21 нүктеге дейін өсіп, велосипед жөндейтін шеберханалар көптеп ашыла бастады. Сөйтіп, велосипед тебуге айрық­ша назар аудару нәтижесінде Алматыда велосипедті серік еткендер енді қайтып азаймайтындай дәрежеге жетті.

Енді, міне, биылғы жылы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры мен Алма­ты қалалық әкімдігі бірлесе жүзеге асыра бастаған әлеуметтік-инновациялық жоба­ның екінші кезеңінде шаһарда 150 жаңа велостансалар іске қосылады деп күті­луде. Соның ішінде қазіргі күннің өзінде  жұмыс істеп тұрған 50 велостан­саның қатарына «Almaty Bіke» автоматтан­дырылған веложалдау желісі аясында тағы да 30 станса қосылып үлгерді. Нәтиже­сінде осы қолға алынып отырған жоба аясындағы үш кезең қорытындысы бойын­ша,  келер жылға қарай алматылықтар енші­сінде 2410 дана велосипеді бар 300 велостанциялар паркі қызмет көрсететін болады.

Атап өтетіні, жоғарыда келтіріп өткен «Almaty Bіke» автоматтандырылған вело­жалдау желісі, яғни, ақылды веложүйесінің қалалық коммуникация желісіне қосыл­май-ақ күннің қуатымен жұмыс істей беретін артықшылығы бар екен. Бұл ретте велосипедті пайдаланатын адам тіркеуден өткен соң кез-келген пайдалану бекетінен велосипедті жалға алып, жүріп біткен соң желінің басқа нүктесіне қаңтарып кете алады. Осылай қаламыздың әрбір тұрғыны қалаған уақытында велосипедті емен-жарқын жүргізуге мүмкіндік ала алады. Тіпті, егер велосипедті жалдау уақыты жарты сағаттан аспайтын болса, онда оны тегін пайдалануыңыз да мүмкін. Өйткені, жобаны жасаушылар велосипедті қалалық қатынас құралы ретінде тұрақты пайдала­натындардарға осындай жолмен сый-тарту жасамақ ниетте.

Сөзіміздің соңында айтарымыз, әзірге көп уақыт велосипедті пайдаланушылар үшін жалға алу тарифі сол бұрынғы күйінде қалатын болады. Атап айтқанда, 1 сағатқа пайдалану құны – 100 теңге болса, 2 сағат­қа – 250 теңгеге түседі. Ал жылдық або­нент­тік төлем – 10 000 теңгеге дейін барады. Бұл ретте, зейнеткерлер, студенттер мен ІІІ топтағы мүгедектер үшін төлем 5000 теңгеге дейін жеңілдетіледі. Дегенмен, велосипед тебудің өзі – алдымен денсаулыққа пайда­лы болса, сосын спорттың ең тиімді түрі екенін есімізден ешқашан шығармаға­нымыз жөн!

Almaty Bіke велостансаларының жаңа мекен-жайлары:

* Орталық мәдениет және демалыс саябағы (басты кіреберіс қақпа);

* Гоголь көшесінің бойындағы Сейфуллин даң., Байтұрсынов көш., Қалдаяқов көш., Мұратбаев көш., Байзақов көш., Әуезов көш., Наурызбай көш., Қайырбеков көшесінің қиылыстарында;

*  Райымбек даңғылы бойындағы Фурманов көш., Абылай хан даң., Сейфуллин даң., Пушкин көшесі қиылыстарында;

* Төле би көшесі бойындағы Сейфуллин даң.,  Байтұрсынов көш., Мұратбаев көш., Байзақов көшесі қиылыстарында;

* Мәметова көшесі бойындағы Қонаев көш., Панфилов көш., Абылай хан даң., Пушкин көшесі қиылыстарында;

* Мақатаев көшесі бойындағы Фурманов көш., Абылай хан даң., Сейфуллин даң., Наурызбай батыр көш., Жангелдин көшесі қиылыстарында;

* Жібек жолы көшесі бойындағы Панфилов және Қалдаяқов көшелері қиылысында.