«Қайратқа» жанкүйер қолдауы қажет

%d0%ba%d0%b0%d0%b9%d1%80%d0%b0%d1%82

Сәкен СЫБАНБАЙ

Футболға баратын, ойынды ста­дионнан көретін адамның бәрі біледі – жанкүйер қауым ешқашан көз алдындағы көріністі театрда­ғыдай үнсіз тамашаламайды. Спорт­­тың өзі  қаныңды қыздырып, делебеңді қоздыратын бәйге іспетті дүние ғой. Сол себепті, жарысқа қатысушы, жасыл алаңда белдесуші команда­лардың шырқырап тілеуін тілеу, қиқу тастау, даусы мен ай­ғайын аямау – кез-келген жанк­үйерге тән нәрсе деп білемін.

Кілең бөріктілер отырған соң ара­ларында ара-тұра ұшырасатын әйел затын елеп-ескермей былапыт сөзді қарша борататыны да рас енді… Арқасы көтеріліп, алапаты асқан сәтте ондай «ұсақ-түйекке» мән беріп, тілінің тізгінін тарту екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл – бұрыннан бар һәм әлі күнге жалғасып келе жатқан жағдаят. Қоғамның өз ішінде қордаланған тәлім-тәрбие кемдігі, мәдениет мәселесі стадион мен спорт сарайларында да көрініс тауып жатқаны анық.

Алайда, бұрын жанкүйерлердің бірін-бірі кекеп-мұқауы, жақтас командасы жеңіліп қалғандарды іліп-шалып, мүйіздеуі ішінара кездескенімен, қазіргідей «сәнге» айналамаған еді. Бүгін жанкүйерлік топтар ұйымдаса әрекет ететін болды. Топтанған төбелес-қақтығыстар да аз емес. Өткен ғасырдың 80-жылдарында кеңестік темір терезенің ашылуымен көзге көрініп, көңілді аударған шетелдік фанаттар «ерліктері» талай жасөспірімнің қиялына қанат бітірді. Одан бергі теледидар, ғаламтор «ғажайыптары» әлемнің қай бұрышындағы фанаттардың қандай әрекет жасайтынын көз алдыңа оп-оңай алып келеді. Сөйтіп, қазір бізде де аз-кем фанат жүйесі қалыптаса бастады. Фанаттар өз командасын қиқуымен алға ұмтылдырып, жігерлендірумен шектелсе, құба-құп. Шектен шығып кетпесе екен.

Былтырғы Еуропа футбол чемпио­натында орыс және ағылшын жанкүйер­лерінің қандай бұзақылық жасағандарын бүкіл әлем көріп, жаны түршікті. Кері­сінше, Ирландия, Исландия жанкүйерлері өз командаларын керемет жігерлендірді, ән салды, көшеде түрлі ойын ұйымдастырып, қойылымдар қойды. Ирланд жанкүйерлері бірнеше күн аялдаған Бордо қаласының мэрі: «Біздің қалада бұған дейін дәл мұндай қызық фестиваль өткен емес! Мың алғыс ақжарқын ирландықтарға!» – деп ағынан жарылыпты. Қазақ жанкүйерлері солардан үлгі алса, қане…

* * *

Футболдан Еуропа лигасының екінші електік кезеңінен өте алмай (Албанияның «Скендербеу» клубына есе жіберді – 1:1, 0:2), бапкерінен айрылған (Кахабер Цхададзе отставкаға кетті) «Қайрат» ұлттық чемпионатта да сүрінді. Көш басындағы «Астананы» өкшелей қуып келе жатқан алматылықтар кешегі жексенбіде «Аты­рауды» қабылдап, 1:1 есебімен тең ойнады. Сөйтіп, «Астанадан» 7 ұпай артта қалып қойды.

«Атыраумен» ойынға Орталық ста­дионға… 6 800 адам ғана келіпті. «Қай­ратқа» жанкүйер қолдауы енді керек емес пе? «Асыл адам айнымас» дегендей, шын жанкүйер сүйікті командасын қиын кезеңде де қолдайды.