КАТАРҒА НЕГЕ ҚАТЕР ТӨНДІ?

Саудия бастаған «төрттік» оған қысым жасап отыр

Мұның себеп-сыры тым тереңде жатыр

%d0%b1%d0%b0%d0%b9

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Біраздан бері, яғни, кейінгі екі айдың көлемінде  Парсы шығанағындағы «Катар қайшылығы» әлемнің назарын өзіне аударған күрделі түйін болып тұр.  Оған Сауд Арабиясы, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері, Египет бастаған,  Йемен, Ливия, Мальдива, Маврикия және Мав­ритания қостаған  араб ел­де­рінің  Доха­мен дипломатиялық қаты­насты үзіп,  саяси және экономи­калық  қысым  жасауы  себеп болып отырғаны  белгілі.

Бұлар, ең алдымен, Катарды «әл-Каида», «Мұсыман бауырлар», «Тали­бан», ХАМАС, «Ислам мемлекеті», ан-Нусра майданы» және Жабхат Фатх аш-Шам сияқты  исламдық террористік ұйым­дарды  қолдап-қуаттайды, сөйтіп, аймақтың қауіпсіздігіне қатер төндіруде  деп айыптайды.  Сондай-ақ, Катар әмір­лігінің Саудия жек көретін, соның ыңғайымен басқалары да жаратпайтын  Иран Ислам Респуб­ли­касымен  жақын қарым-қатынас жасай­тынына наразы.

Міне, осындай наразылықтарын жи­нақтай отырып, олар Катарға  бас-ая­ғы 13 тармақтан тұратын шарт-талап қойды. Сол талаптары орындалғанда ғана  ын­тымақтастықты  қайта қалпына келтір­мек.

Саясаттанушылар білетіндей, Катар да оңай шағылатын жаңғақ емес. Ол өзіне тағылған айыпты негізсіз санап, қойылған талаптарды  орындаудан бас тарт­ты, әрі мұны  егеменді елдің ішкі іс­те­ріне араласу деп қабылдады. Бұл орай­да, Катардың  сыртқы істер минист­рі  Мұхаммед бен Әбдел Рахман  әл-Танидің жуырда Англияға жасаған сапарында  Лондондағы Корольдік халықаралық қатынастар институтында айтқан сөзін келтіруге болады.  Дәлірек айтқанда, әл Тани: «Катар  қарсы тарап­ты диалогқа шақырады және  егемендігі құрметтел­ген  жағдайда келіссөздердің кез-келген түріне бара алады.  Біз әрқа­шан ілгері жылжуға дайынбыз» деген пікір білдірді. Және де ешқандай қысы­лып-қымты­рыл­май-ақ, Сауд Арабиясы,  БАӘ, Бахрейн және Египетті  «агрес­сорлар» деп атады. Сондай-ақ, өз еліне қойылып отырған талаптарды  «намысты аяққа таптау» деп бағалады.

%d0%b1%d0%b0%d1%85

Әрине,  Таяу Шығыста  соғыс өртінің  жиі тұтануы, түрлі қақтығыстар мен жан­­­жалдардың, текетірестердің бой көр­сетуі өкінішті-ақ. Мұның түптеп кел­ген­де, араб елдерінің  бірлігі мен ын­ты­­ма­ғы­­на сына қағып, нұқсан келтіретіні  хақ.

Әйтсе де, халықаралық саясаттану­шылар және сарапшы мамандар Катар  «дағдарысының» тууын әр түрлі себеп пен жағдайлардан іздейді. Біреулері: –мұн­дай қайшылық  АҚШ президенті Дональд Трамптың  Сауд Арабиясына барып, Эр-Риядта Парсы шығанағы ел­дерімен саммит өткізгеннен кейін туын­дады. Демек, мұнда Вашигтонның қол­таңбасы бар. Өйткені, Ақ үйдің қожайы­ны сонда сөйлеген сөзінде Саудияны  араб және ислам мемлекет­терінің көш­басшысы, Құрама Штат­тардың сенімді серіктесі деп  мақтап, қолтығына су бүрікті. Өз кезегінде  Сауд Арабиясы да қарап қал­май коалиция атынан  Иран­ның сыртқы саясатын батыл айыптап  сөйледі. Демек, осының бәрі Катарға қысым жасау  арқылы  Тегеранға қыр көр­сетудің амалы болса керек, – дейді.

Мұндай пікірмен келіспейтіндер де баршылық. Олардың айтуынша, Ва­шинг­тон үшін Сауд Арабиясы да Катар да бірдей, екеуімен де тиімді сауда-эко­но­микалық қарым-қатынаста. Мәселен,  ал­дыңғысымен – 460 млрд. долларға, кейінгісімен – 21,1 млрд. доллар көле­мін­де қару-жарақ сауда келісім-шарты  жасалынған. Оның үстіне, Дохаға жақын маңдағы Эль-Удейд қалашы­ғын­да Құ­рама Штаттардың он мыңнан астам жауынгер қызмет ететін ірі авиациялық әскери базасы орналасқан. Сондықтан да, Д.Трамп қарсыласушы жақтарды  келіссөзге шақырып, қайшы­лықтың бей­біт жолмен шешілгенін жақтайды.  Алай­да, ол Эр-Риядтағы кездесуде ке­лісілгендей, терроризм мен жаулық иео­логияны насихаттауға бөлі­нетін қар­жының жолын жабу жөніндегі міндет­темелердің мүлтіксіз орындалуын  да қалайды.

Сарапшылардың енді бір тобы: – Ка­тардың  сыртқы саясатта өзін тым еркін ұстап, өз бетінше бағыт-бағдар жүргізуі  Сауд Арабиясына және оның жақтас­тарына  ұнамайды. Сол себепті ол БАӘ, Бахрейн және Египет т.б. қолдауымен  Доханы саяси-экономикалық  қысымға алып, айтқанына көндіріп, айдауына жүргізуді көздейді, – деседі.

Басқалардан гөрі осы соңғы айтылған  пікір-пайымдау қисынға көбірек келеді. Өйткені, олардың айла-әрекетінен  Катар­мен қарым-қатынасты шорт кесіп, мүлде тыю пиғылы байқалмайды. Басқаша айт­қанда,  ырқына көнбей,  бұра тартқан  ағайынды тезге салып, тәртіпке шақыру­дың амалы тәрізді.

Бұл бір емес, Катар мен Парсы шы­ғанағы  елдерінің ынтымақтастығы кеңе­сіне мүше мемлекеттердің арасындағы қайшылық жиі болып тұрады. Тым алысқа бармай-ақ, 2014 жылы «араб көктемі» тұ­сындағы оқиғаны еске алсақ та жет­кілікті.  Сол кезде Катар «Мұсылман ба­уыр­­­лар» ұйымын қолдау арқылы  Еги­петте Хосни Мүбаракты тақтан тай­дырып, оны орнына Мурсиді әкелген болатын. Бірақ та ар­тынша-ақ,  Саудия Каирде  мемлекеттік төңкеріс ұйымдас­тырып, билікке ас-Си­сиді отырғызды. Нәтиже­сінде Эр-Рияд пен Доха арасында текеті­рес туындап, Катар елшілері Саудия мен БАӘ-нен қуы­лып,  артынан  қатынас әупіріммен қайта қалпына келді.

Жалпы, жан-жақты  таразылап, жете үңіліп қарар болсақ,  Сауд Арабиясы  мен  Катардың арасында қарама-қайшылықтың тамыры тереңде жатқанын байқаймыз.  Ол үшін  Саудия мен Катар қарым-қаты­на­сы­ның тарихына аз-кем шолу жасап өтейік.

Парсы шығанағындағы жағалауын су шайып жатқан, жер көлемі небәрі 11586 шар­шы шақырымды құрайтын (Алматы  облысындағы Кербұлақ ауданының жеріндей) кішігірім Катар елін Саудияның негізін салған Әбдел Әзиз Әбдірахман әл-Сауд сонау 1930 жылдары өзіне қаратып алуды көксеген. Бірақ та, оған  ағылшын­дар  жол бермеді. Катар күні кеше, яғни, 1971 жылы ғана Англиядан тәуелсіздік алып, содан бастап көршілес Сауд Ара­биясымен дипломатиялық қатынас орнатты. Екі елдің байланысы бірнеше жыл бойына тәп-тәуір сипатта жалғасты.

1995 жылы  Хамад бин Халифа әл-Тани  әкесі Халифа бин Хамад әл-Таниды ың-шыңсыз тақтан тайдырып, билікті қолына алған бойда сауд-катар қатына­сына бірқатар өзгерістер енгізді. Оған дейін де ол 1990 жылы елдің қорғаныс министрі болып тұрған тұста  Парсы шығанағында соғыс өртінің тұтануына орай  Катар жеріне сауд әскер күштерінің  уақытша келіп орна­ласуына рұқсат етпей, Саудия билігінің ашу-ызасын келтірген. Осыны ұмытпаған саудтықтар  1996 жылы Катарда көтеріліс ұйымдастырып, Хали­фаны билік басына қайта әкелудің  әре­кетін жасады. Алайда, онысы сәтсіздікке ұшырап, жүзеге аспай қалды. Бұған жауап ретінде Хамад қасақана Йемен, Иран және Иракпен  ынтымақ­тастықты күшейтіп, Саудияны одан әрі ызаландырды. Сол жы­лы бүгінде әлемге әйгілі болып отырған әл-Жазира  телеарнасын ашып, онда Эр-Риядтың саясатын, діни ұстанымына қайшы келетін хабар-ошарларды кеңінен тарта бастады. Саудия әл-Жазира ха­барлар мен көрсе­тілімдерінің өз аума­ғында таратылуына тыйым салды. Өзі  де қарап қалмай, бас­пасөз беттерінде Катар әмірінің ерге­жейліге теңеген карика­туралық суреттерін жариялап таратты.

2003 жылы  Катар жеріне АҚШ-тың  жоғарыда аталған әскери авиабазасы келіп орналасты. 2010 жылғы  «араб көктемі» қоз­ғалысы да  Саудия-Катар қатынасын  шиеленістіре түсті.  Эр-Рияд  Катардағы араб көтерілісшілеріне қолдау білдірсе, Катар Саудия террористік ұйым санайтын  «Мұсылман бауырлар» ұйымының жетек­шісі Жүсіп әл-Кардавиді құшақ жая қарсы алып,  оған жан-жақты көмек көр­сетті. Осылайша  бір-біріне ерегіскен екі мем­лекет  Тунис, Ливия, Египет және Сирия­дағы әр түрлі  көзқарастағы  саяси ұйымдар мен топтарды қаржыландыру  және қару-жарақпен  қамтамасыз ету әре­кетіне құлшына кірісті. Бұл қайшылықтың  бет-бейнесі 2014 жылы Египеттегі төң­керісте  көрініс беріп,  аяғы өзіміз сөз етіп отырған  биылғы  маусым айындағы  дағ­да­рыста жалғасын тапқандай.

Бұдан байқайтынымыз, Катарды  мойынсұндырып, өз жағына қаратып, тәуелді ету  Сауд Арабиясының қашаннан бергі арманы. Ондай үстемдікке  Катар­дың бас игісі келмейді.

Ақиқатын айтар болсақ, екі жақты да «судан таза, сүттен ақ» деп ақтау қиын. Мә­­селен, Саудия  Катар әмірлігін  «Мұ­сыл­­ман бауырлар», Хамас сияқты  тер­рор­шыл ұйымдарды қолдайды деп айып­тайтын болса,  бұл жағынан  өзі де  таза емес. Олай дейтініміз, оның  Батыс Еуропа мен Балкан түбегіндегі, тіпті, Кавказдағы  тыныштықты бұзып, ушық­тырып отыр­ған  уаххабилік радикалдық  идеология­ның басты демеу­шісі, Сирияда соғысып жүрген бірқатар  исламшыл қарулы топтардың  қолдаушысы екені  саясат­тану­шы мамандарға  жақсы мәлім.

Дей тұрғанмен, Сауд Арабиясы бас­таған «төрттіктің»  Катарды  оқшаулап, қысым көрсету, сөйтіп, дегендеріне көндіру  «жоспар-жобасы» әзірге күт­кен­дегідей нәтиже бере қоймады. Керек десеңіз, Парсы шығанағы  ынтымақ­тастығы кеңесінің белсенді мүшелері саналатын Оман мен Кувейт Катарды оқшаулау  саясатына қосылмады.

«Азықсыз – аш, киімсіз – жалаңаш қалады» деп  ойлаған Дохаға теңіз және әуе жолы арқылы жан-жақтан, ең алдымен, Түркия мен Ираннан  ағылып келіп жатқан азық-түлік пен күнделікті тұтыну тауар­лары  қисапсыз,  молынан жетіп-артылады.

Түркия тарабы  қажеттілік туса, Катарға  жауынгерлік құрамасын жібе­ріп,  әскери көмек беретінін жариялады. Түрік парламенті сондай заң қабылдап, оны ел президенті Тайып Эрдоған бекітіп үлгерді. Кейбір дерек көздеріне қара­ғанда, Анкара уақыттан озып, Катарға 171 жауынгерін, 10 БМП және 2 САУ (өздігінен жүретін артил­ле­рия­лық қондырғысын)  апарып та қойған.

Катар әмірлігі басына түскен дағда­рысты еңсеруде  Түркия мен Иранға қоса, Ресей мен Қытай шет қалмайды, қол ұшын береді деген үмітте.

Таяу Шығыс мәселесіне қашан да белсене араласып отыратын  Құрама Штаттар үшін формальды түрде болса да  Саудиядан бастап, БАӘ, Бахрейн, Египет және Катарға дейін әріптес-одақтас елдер саналады. Бұл одақтас­тықтың әр жағын­да қатысты қандай да бір мақсат-мүдденің жатқаны анық. Шындығына келгенде, Вашингтонға  араб елдерінің бір-бірімен қырғи-қабақ, дүрдараз болғаны тиімді. Себебі, бас­тары піспей­тін,  алауыз жұртты билеп-төстеу оңай.

Осының бәрін жан-жақты салмақ­таған, қай нәрсені де әріден ойлайтын айлакер Америка өзінің  сыртқы істер мекемесінің басшысы Реккс Тил­лерсонды  Кувейт, Катар және Сауд Арабиясына арнайы жіберіп, қайшы­лықты шешудің қамына кірісті.  Мемле­кеттік хатшының  осы сапарының бары­сында Катармен тер­рористік ұйымдарды қолдап, қаржылан­дырмау жөнінде өзара түсіністік меморан­думына қол қойды. Доха  Таяу Шығыста немесе әлемнің басқа жерлерінде  болсын, экстремистік  топтарды қолдамау туралы өзіне мін­деттеме алды. Іле-шала осы міндетте­месін өзінің бейбітшіл ұстанымы ретінде мақтанышпен жария етті. Саудия бас­таған «төрттік» ол мұндай қадамға біздің қысымымыздан кейін барды деседі.

Базбір сарапшы  текетірес жасап отырған араб елдері  (Катар мен  Сауд Ара­­биясының жетегіндегі: Бахрейн, БАӘ, Египет) жұрт күткендей анау айт­қан қақтығыс пен соғысқа бармайды, әншейін Дохаға доқ көрсетіп,  қоқан-лоқы жасаумен аяқталады деп еді. Бұл болжам ақиқатқа жақын.

Таяуда  Катар  өзіне қарсы санкция жариялап, қыруар зиян-залал шектірген  «төрттікті» аймақтық және халықаралық сотқа беретінін мәлімдеді.  Осындай  сөз шығысымен Саудия бастаған тарап  райларынан қайтып, алдыңғы қойған 13 талабын  екі есеге азайтты.

Ендігі жерде олар Катар  терроризм мен экстремизмді қаржы және қарумен қолдауды тоқтатып, олардың басшы­ларын  паналатудан бас тартса, көрші мемлекеттердің ішкі істеріне араласпаса  болғаны деуге көшті. Осынау жұмсарған саясаттың аясында баяғы  «әл-Жазира те­­леарнасы дереу жұмысын тоқтатып, шұғыл түрде жабылсын!» деген қатаң талап жайына қалды.

Сонда да Катардың шегінетін, ыға­тын түрі жоқ, «қоржынымызда қиын күн­­ге сақтап қойған 340 млрд. доллар қар­­жымыз бар!» деп шіреніп отыр. «Бай­лық не  дегізбейді, кедейлік не же­гіз­бейдінің» кері.

Былай  ақылға салып қарағанда, Катар дағдарысында «бас жарылып, көз шыққандай» ештеңе жоқ, бәрі  де сұрқия саясаттың, біреуді кіріптар етудің ылаңы мен салдары. Ең жаманы,  мұндай теке­тірес елдің мазасын алып, талай жұртты әбігерге салып қояды.

«Ақшамның» анықтамасы: 

Катар VІІ ғасырда Араб халифатының құрамында, XІІІ—XІV ғ.ғ. Бахрейн әмірлі­гінің, XVІ ғасырда Португалияның, кейін Осман империясының қол астында болған шағын ел. Ол 1916–1971 ж.ж. Ұлыбри­та­нияның протектораты болып,  1971 жылы тәуелсіздікке қол жеткізді.

Жер қойнауы мұнай мен газға бай. Газ­дың қоры жөнінен әлемде алғашқы үштікке кіретін және «көгілдір отынды» сыртқа молы­нан  сататын ірі экспортер. ОПЕК ұйымы­ның белсенді мүшесі. МВФ-тың мәліметі бойынша, Катар әлемдегі ең бай мемлекет. ЖІӨ 323,2 млрд. доллар көлемінде, жан ба­сы­на  шаққанда 144 мың доллардан айна­лады.  

2003 жылы 29 сәуірде қабылданған Конституцияға сәйкес, Катар абсолютті монархия. Әмір елдің бірегей басшысы, әрі қожасы. Оның билігі мен құзыреті шексіз. Тек шариғатпен ғана шектелген. Ол пре­мьер-министрді, үкімет пен Консультативтік кеңестің  мүшелерін тағайындайды. Бұл елде түрлі саяси партиялар, кәсіподақ ұйымдарын құруға және бейбіт шерулер өткізуге тыйым салынған.

1995 жылғы  29 маусымда  ханзада Хамад бин Халифа әл-Тани  әкесі Халиф бин Хамад  әл-Таниді бейбіт жолмен тақтан тайдырып, билікті қолына алды. Арада сегіз жыл өткен соң,  2013 жылдың 24 маусы­мында өз еркімен тақтан бас тартып, билік тізгінін отыз үш жастағы баласы Тамим бин Хамад әл-Таниге берді.

Катар халқының 40 пайызы жергілікті арабтар да, қалғандары Пәкістан, Үн­ді­стан және Иран жерінен ауып келгендер.

ЖІӨ елу пайызын мұнай мен газ құрайды, пайданың жетпіс пайызы осы екі өнімді сатудан түседі. Қызмет көрсету сала­сының үлесі  25 пайыз, ауыл шаруашылығы мардымсыз дамыған, небәрі 0,1 пайыз ғана. Азық-түлік, киім-кешек, тұтыну тауарлары түгелдей сырттан сатып алынады.

Катарда өндірілетін сұйытылған газ бен мұнай отыны, тыңайтқыштар мен болат құймасы негізінен: Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Таиланд және Үндістанға экспортқа шығарылады. Қажетті маши­налар мен қондырғылар, көлік құралдары, азық-түлік пен химиялық өнімдер – АҚШ, Жапония, Германия, Италия және Франция елдерінен тасымалданады.

Бірегей монархия бола тұра, Катар әмірлігі араб елдерінің ішіндегі «ашық қоғам» саналады. Мұның сыртқы саясат­тағы көршілерімен санаспайтын тәуелсіздігі мен еркіндігі өздерін араб әлемінің серкелері санайтын: Сауд Арабиясы, БАӘ, Бахрейн мен Египетке  ұнамайды. Сондықтан да олар  тентекті тезге салудың амалына көшіп, оған әр түрлі жолдармен  ықпал етіп, қысым жасауға ұмтылып отырады. Қазіргі «қайшылық» та соның жарқын дәлелі.