ЕКІНШІ РЕТ ТҮНГІ ВЕЛОШЕРУ ӨТТІ

6f387486af2ad6186f47d9b601f8a4de

Бұрнағы күні «Спорттық Алматы» жобасы аясында мегаполисте екінші рет  түнгі велошеру өтті. Мыңға жуық қала тұрғындары мен қонақтары қатысқан велошеру «Нұрлы Тау» бизнес орталығынан бастау алып, ҚР Тұңғыш Президенті саябағында аяқталды. 12 шақырымдық қашықтықты бағындыруға ниет білдірген қатысушылар велошеруді бастамас бұрын би билеп, өздеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұл күні мәреге келген әуесқойлар арасында көптеген бағалы сыйлықтар ойнатылды. Соның ішінде, ең басты сыйлық – велосипедті Нона есімді алматылық тұрғын жеңіп алды.

– Менің қуанышымда шек жоқ. Бұл менің түнгі велошеруге алғаш қатысуым. Сөйте тұра бағалы сыйлық ұтып алдым. Осы спортқа қызығушылығымды оятқан жолдасыма алғысым шексіз. Сонымен қатар, ұйымдастырушыларға да үлкен рахмет. Бұдан былай велошерулерге қатысып тұрамын, – дейді Нона.

Айта кетер жәйт, биыл екінші рет өткен түнгі велошеру «Спорттық Алматы» бұқаралық спортты дамытуға арналған бағдарлама аясында ұйымдастырылып отыр. Ұйымдастыру­шылардың айтуынша, алдағы уақытта сегіз велошеру өткізу жоспарда бар екен.

 Н.АСЫЛ.