«ЛЕНИННІҢ ӨЗІ ДЕ КЕСПЕ САТҚАН БОЛАР ЕДІ»

Хо Ши Минге тіл тигізсеңіз, алты айға отырып келесіз

%d1%85%d0%be-%d1%88%d0%b8-%d0%bc%d0%b8%d0%bd-72078207

Въетнам Социалистік Республи­касында әркімге жеке кәсіппен айналысуға рұқсат етілген. Есесіне, саяси анекдот айтсаңыз, 4 айға сотталасыз, ал Хо Ши Минге тіл тигізсеңіз, 6 айды алаңсыз арқалап кетесіз. Демек, анек­доттарды үйде, ас үйде немесе көрпенің астында жатып айтуға тура келеді.

Ұлы Қазан төңкерісінің 100 жылдығына орай «АиФ»-тың тілшісі Георгий Зотов КСРО-ның құлаға­нына 26 жыл өтсе де Въетнам неге әлі күнге социалистік мемлекет деген мәселе төңірегінде толғанып­ты. Осыған орай, тілшінің Ханойда болған сапарындағы жазбаларын («АиФ», №27, 2017) ықшамдап аударып беріп отырмыз.

Въетнамның қалалары мен көшелерінде социализм салтанат құрып тұр. Айналада орақ пен балға плакаты, еңбекшілерді коммунистік партияның съезіне үн қосуға шақыру, бесжылдықты төрт жылда орындау тәрізді көтеріңкі социа­листік міндеттемелерден көз тұнады. Бұл ел әлі күнге ресми түрде Въетнам Социалистік Республикасы деп аталады. Көшелерде «Въетнам коммунизмінің негізін қалаушы, «күміс сақалды «ағай» (оны толық ресми түрде осылай атайды) Хо Ши Минмен бірге Лениннің, Маркс, Энгельстің портреті ілулі тұр.

– Мен де жарқын болашаққа сенемін, – дейді кәсіпкер Ту Нгуен. – Менің Ханойда үлкен шеберханам бар. Онда менің туысқандарым мен достарым жұмыс істейді. Екі есе жақсы жалақы алады. Мен ком­муниспін, сондықтан адамдарға, «жаңа въетнамдықтарға» қамқорлық жасау, олардың партияның қатарын көбеюіне қолұшын беру менің парызым.

Тыйым салынған әзіл

Әрине, мұндағы эко­номикалық реформаға бәрі де разы емес. «Менің әкем орманда, американ бомба­сының астында жүріп соғыс­ты, – дейді 40 жастағы ша­ғын маркет қызметкері, – енді тағы да бір байшы­кештер шықты. Ал қара­пайым халық өкілі тек бүгінгі күнін ойлайды. Менің ата-анам сонда не үшін соғыс­ты? (Ол жан-жағына үрке қарап, «мен бір жағынан өз ойымды білдіріп жатырмын, ал партияға бәрі белгілі ғой» деп қояды).

%d1%85%d0%be%d1%88%d0%b8%d0%bc%d0%b8%d0%bd

Въетнамдағы бір партиялық жүйе биліктің коммунистердің қолында екенінің белгісі. Үкіметті сынағаныңыз үшін 4 айға, ал «күн көсем» Хо Ши Минға тіл тигіз­сеңіз, жарты жылға кетесіз. Коммунистер жөнінде әзіл (анек­дот) айтсаңыз жағдайыңыз на­шарлауы мүмкін, оны КСРО-дағы сияқты ішіңізді жарып бара жатса ас үйде сы­быр­лап ай­туыңызға тура келеді.

– Бұл жерде көрші Қытай­дағыдай еркіндік жоқ, – дейді – ІТ компанияның менеджері Линг Лонг (аты өзгертілген. Ред.) – Мәселен, Шанхайда мынадай жағдай болды. Қытай полициясы бір отбасынан эротикалық дис­кілер тәркілейді. Содан жанжал туып, әлгілерге дискілерді қайтаруға тура келді. Ал бізде болса бұл үшін айып­пұл төлеп, партия жиналысында сөгіс берілер еді. Жалпы, Въет­намда – капитализм. Білім аса қымбат болмаса да ақылы. Оқушылардан 40 000 донг (100 рубль) алады, ал студенттерге екі есе қымбат. Медицина балалар үшін тегін. Үлкендерге ақылы. Алайда, бәрі зейнет­ақымен қамтылған. (Қы­тайда зейнетақы тек қана мем­лекетік қызметкерге бөлінген).

Зейнетақыны кемінде ор­таша жалақы көлемінде алады. Азық-түлікпен, өндіріспен ай­налысатын шаруалар салықтан босатылған. Партия қатарында болу – құрмет. Въетнамның 92 млн. халқының 4 млн. 600 мыңы – коммунистер.

«Саясатыңа түкіргенім бар»

Түскі үзіліс сәтінде мейрамханаға барып, витринаның арасынан көз салсаңыз, залда ұжымның партия жиналысы өтіп жатады. «Қазір қандай қарар қабылдады?» деп сұрадым мен. «АҚШ-тың үрейінің құрбаны болған Солтүстік Корея еңбекшілерін қолдаймыз» дейді олар. Дүкенге кіргенде, таңқалдым. Мен Въетнамға осыдан 10 жыл бұрын келгенмін. Күріштің, өсімдік майының бағасы сол күйінде. Ұлттық валюта донгтың құны да аса өспеген, долларға шыққанда 20 пайызға ғана көтерілген. Оның себебі түсінікті. Партия органдары елді-мекеннің жағдайы төмен отбасылары тұтынатын негізгі азық-түліктің бағасын қатаң қадағалайды. Егер дүкендердегі баға өсетіндей болса теледидар арқылы «саудагер әлеуметтік маңызы зор тауарларды қымбаттатса, тез хабар беріңіз. Онымен тиісті органдар айналысады» делінеді.

%d1%85%d0%b0%d0%bd%d0%be%d0%b97

Бірде мен Қытайда ірі кәсіпкерден «сен социализмге сенесің бе?» деп сұрадым. Ол қалтасынан 100 доллар алып, күліп тұрып «Міне, менің сенетінім» деді. Въетнамда жұрттың бәрі бірдей тең, кедей емес қоғамда өмір сүретініне үміттенеді. Оның үстіне шетелдік инвесторлар американдық демократияға сенген көрші Индонезия мен Филиппинге қарағанда, коммунистік Въетнамға инвестиция құюға пейілді. Оларда жағдай әр сәтте өзгеруі мүмкін. Ал Въетнам коммунистік партиясының темір тәртібі қашанда тұрақтылықты сақтап қалады.

«Въетнамды тұралатып кеткен 32 жылдық соғыстың аяқталғанына да 42 жыл өтті. 4 млн. адам көз жұмды, 362 мың адам мүгедек болып қалды», – дейді американ оккупациясы аймағында болған партизан отрядының бұрынғы командирі Ле Фуонг. – Біздің тек қана коммунизмге деген сеніміміз француз басқыншылары мен американ империалистерін жеңуге көмек берді. Социализм құрамыз деген сенім ғана бізді жеңіске жеткізді. Мемлекеттің жағдайы қиын еді, елдің 70 пайызының жағдайы нашар болды. Ал қазір көріп отырсыз, экономикамыз өрлеп тұр. Кезінде мен де байлар мен жекеменшікке қарсы күрескенмін.Ойласам, қателік жіберіппін. Сондықтан әркім өзінің дүкенін, шаштаразын ашса, ертең балаларымды қалай асыраймын деп бас қатырмайды. Мәселен, орыс Ленин 1921 жылы НЭП-ті ашып, жекеменшікке рұқсат берген жоқ па? Солай емес пе?! Ақшасы бар, қарны тоқ адамның саясатпен шаруасы да болмайды. Тіпті, қазір Лениннің өзі кеспе сатуға арланбас еді.

Хошиминдегі кафе иесі былай дейді.

– Егер социализм болмағанда, ел құрдымға кетер еді. Сіздерде қалай болды? Горбачев тәртіпті босаңсытып жіберіп еді, КСРО құлады. Въетнамдықтар сіздердің қателіктеріңізді қайталағысы келмейді. Әрине, мұнда бірпартиялық жүйе, анекдот айтқаныңыз үшін қамаласыз, есесіне, менің бизнесім гүлденіп тұр, үй салып жатырмын. Ал саясат деген не? Менің оған түкіргенім бар, – дейді ол жымысқы жымиып.

Журналист Г.Зотов мақаласының қорытындысында «Мен КСРО-ның мемлекеттік құрылымына табынушы емеспін. Алайда, Въетнамдағыдай даму үрдісі болғанда, бәрі де басқаша болар еді» дейді.

Расында да, мәселе жүйеде емес, иеде болса керек.

А.ЫРЫС.