ЕЛІН ҚАРЫЗДАН ҚҰТҚАРАТЫН БАСШЫ

Моңғолияның жаңа президенті Х.Баттулга  осындай уәде беріп отыр

%d0%bc%d0%be%d0%bd

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

«Демократия аралы» атанған Моңғолиядағы кезекті президенттік сайлау елді өз ерекшелігімен елең еткізді. Олай дейтініміз, 7 шілдеде өткен мемлекет басшысын таңдау додасында  50,6 пайыз дауыс жинаған оппозициялық демо­кратиялық партияның  үміткері, 54 жастағы  Баттулга Халтмаагийн  оза шауып, жеңіске жетті. Оның қарсыласы  билеуші Моңғол халықтық партиясының өкілі Миеэгомбын Энхболд  небәрі 41,2 пайыз дауыс жинап қалып қойды. Президенттік сайлаудың бұлай екінші турға  жалғасуы  елдің  жаңа тарихи кезеңінде тұңғыш рет орын алып отыр. Сайлау барысын бақылаған   халықаралық  бақылаушылар және бейтарап сарапшылар саяси науқанды  «барынша демократия­лық деңгейде  өтті»  деген баға берді.

Халтмаагийннің Баттулгасы Моңғолияның кейінгі ширек ғасыр тарихындағы  бесінші президенті. Бұған дейін мұндай лауазымды қызметті әр жылдары: Моңғол ұлттық-демо­картиялық  партиясынан – Пунсалмаагийн Очирбат (1990–1997 ж.ж.), Моңғол халық-революциялық партиясынан –  Нацагий Баганбанди (1997–2005 ж.ж.), Моңғол халық-революциялық партиясынан – Намбарын Энхбаяр (2005–2009 ж.ж.) және  Демократиялық партиядан – Цахиагийн Элбэгдорж (2009–2017 ж.ж.)  атқарды.

%d0%b8%d0%b4%d1%83%d1%81

Тасы өрге домалап, бағы жанған Халтмаагийн Баттулга дауыс беру нәтижесі белгілі болысымен  шетелдік БАҚ құралдарына  сұхбат беріп: «Сайлауда Моңғолия жеңіске жетті!» дегенді айтты. Және де  алдын-ала берген уәдесіне сай  шұғыл түрде елді экономикалық  қиындықтан шығаруға кірісетінін, сондай-ақ, мемлекеттің және жеке тұлғалардың  қарыздары мәселесін шешетінін мәлімдеді.

1992 жылғы қаңтарда қабылданған ел Конституцияға сәйкес Моңғолия бір палатадан тұратын (Мемлекеттік Хурал) парламенттік республика. Мұнда парламенттегі 76 орын үшін төрт жыл сайын негізінен МХП (Моңғол халықтық партиясы) мен МДП (Моңғол демократиялық партиясының) арасында қызу саяси күрес, талас-тартыс өтіп тұрады. Бір партия парламентте басым мандатқа ие болғанымен, әділеттілік үшін келісіммен  үкімет каолициялық сипатта құрылады. Алысқа бармай-ақ, осыдан он шақты жыл бұрынғы оқиғаны еске түсірсек, Моңғолияның ішкі саяси жағдайынан біршама хабардар боламыз.

2006 жылдың 11 қаңтарында  МХРП ( Моңғол Халықтық Революциялық партиясы) өзінің каолициялық үкімет құрамынан шығатынын мәлімдеді. Арада екі күн өтісімен Ұлан Баторда жаппай тәртіпсіздік бой көрсетіп,  Демо­кратиялық партияның  өкілі премьер-министрі Цахиагийн Элбэгдоржді жақтаушы  бір жарым мың  адам  МХРП-ның  шешіміне қарсы наразылық шеруін өткізді. Олар мұнымен тынбай, үш жүздей полиция жасағының қарсы­лығына қарамастан,  есік-терезелерін сындырып, аталған пар­тияның  штаб-пәтеріне басып кірді.  Бұл кезде  МХРП  мүшелерінен ешкім қалмаған еді. Сөйтіп, бірнеше сағат бойы  ғимаратты қолдарында ұстап тұрды. Осылайша  елдегі ірі екі партияның  қарым-қатынасы ушығып, араларына іріткі түсті.

Бұдан соң 2008 жылғы маусымда өткен  парламенттік сайлауда да  МХРП партиясы 76 мандаттың  46-сына ие бол­ды. Соған қарамастан, саяси дағдарысты болдырмау мақ­сатында  каолициялық үкімет құрып, билік портфелінің 60 пайызын өздеріне алып, қалған 40 пайызын  ДП партиясына берді.

Алайда, сол жылдың шілде айында  ДП және басқа да оппозициялық партиялар бірігіп,  «парламенттік сайлау әділ өтпеді, нәтижелері бұрмаланды»  деген себеппен наразылық акциясын өткізді.  Ел астанасы Ұлан Батордың көшелерінде өткен акцияның  аяғы бұзақылық пен тәртіпсіздікке ұласты. Полицияның күшімен бүлікті басу барысында  бес адам  қаза  тауып,  бірнеше кісі жараланды, жүздеген  бүлікші қамауға алынды.

2009 жылдың  мамыр айында болған  президенттік сайлауда ДП партиясының көшбасшысы Цахиагийн Элбэгдорждың  жұлдызы жанды.  Ол бұған дейін екі рет (1998 және 2004 ж.ж.)  премьер-министр болған,  елде жаңаша  бетбұрысты реформалық өзгерістердің болуын қалайтын демокартиялық қозғалыстың өкілі-тін.  Содан бергі екі мер­зімде Цахиагийн Элбэгдорж  президенттікке сайланып,  елдің  саяси-экономикалық және әлеуметтік дамуын ілгерілетуде  біршама істерді жүзеге асырды.

Дәлірек айтқанда, баспасөз бостандығы мен  бейбіт демон­страцияға шығу құқығын заң жүзінде бекітті. БАҚ құралдары: газет-журналдар мен радио-телевизияны  үкімет тарапынан бақылау шектеліп, оларға еркіндік пен тәуелсіздік берілді. Жұмыссыздықты азайтуға ден қойып,  кәсіптік училищелер мен техникумдардың санын көбейтті. Тұрғындарды арзан компьютерлермен қамтамасыз етіп,  интернет желісіне  кеңінен қосылуына мүмкіндік жасады. Әр түрлі әкімшілік  кедергілер мен шығындар, алым-салықтар, лицензияларды  қысқартып, кәсіпкерліктің  өркен жаюына жол ашты.

Сыртқы елдермен байланыста  қос бүйіріндегі алып көр­шілері Ресей мен Қытайға қоса, «үшінші көрші» саясатын ұстанып, АҚШ, Жапония және Оңтүстік Корея сияқты  дамы­­ған елдермен  сауда-экономикалық қатынас жасауға  бет бұрды.

Элбэгдорждың бағына қарай,  оған дейін 6,4 пайызды құрап келген  ЖІӨ өсімі 2011 жылы 27,8 пайыз жетіп, бүкіл әлемді таң қалдырды. Сарапшы мамандар Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея, Гонконг, Тайвань  тәрізді:  «Азия­ның ендігі жолбарысы  Моңғолия болады!» десті.

Мұндай толағай табыс пен ерен жетістіктерге қалт жібермей қадағалап, бақылап отыратын МВФ (Халықаралық валюта қоры)  «Моңғолияның 2012–2016 ж.ж. орташа  эконо­микалық дамуы 14 пайызды құрайтын болады» деген болжам жасады. Тіпті, «негізінен мыс, әрі аздап  алтын өндіретін «Ою-Толгой» өндірістік кеніші толық қуатында іске қосылатын болса,  ЖІӨ жылдықөсімі  22,9 пайызға жетеді», – деді.

Алайда,  қоғамның да мемлекеттің де дамуы барлық уақытта адамның  ойлағанындай бола берген бе? Сол айтқандай,  Моңғолияның экономикалық дамуы  2014 жылы – 7,2 пайызға, 2015 жылы – 5 пайызға, 2016 жылы – 1 пайызға төмендеп кетті. Мұны сарапшы-экономист мамандар  әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың әсерімен, шет елдерден келетін инвестицияның 6-7 есе азаюымен және Моңғолия сыртқа шығаратын экспорттық өнімдер: мыс, көмір, темір және жүнге деген сұраныстың кемуімен түсіндірді.

Әрине, айналасы жеті-сегіз жылдың ішінде  прези­денттік қызметті атқарған Цахиагийн Элбэгдоржды  «Моңғолияны  дамыған елдердің қатарына қосып, ұшпақ­қа шығармадың?»  деп кінәлау қисынсыз.  Оның үстіне,  индустриясы кенжелеу қалған, негізінен мал шаруа­шылығымен айналысып, көшпенді тіршіліктен арыла қоймаған моңғол елінің  қысқа мерзім ішінде өркендеп кетуі  екіталай-тын.

Демек, өнеркәсібі енді-енді өркен жайып келе жатқан аграрлы Моңғолияның  экономикалық-әлеуметтік саладағы шешілмеген мәселелері әлі де жетерліктей.

Бүгінгі таңда көптеген мемлекеттер үшін  қаржы-экономикалық  саладағы ең бір көкейтесті мәселе  – сыртқы қарыз болып отыр. МВФ-тің  дерек көздеріне қарағанда, дүние жүзі елдерінің ішінде тек үш мемлекеттің: Бруней, Макао және Палау Республикасының ғана  сыртқы қарызы жоқ көрінеді. Ал қалғандардың  қарыздары мен борыштары шаш-етектен. Әлемдегі аса бай мемлекет саналатын АҚШ-тың  сыртқы қарызы 18,9 трлн. доллар болса, Жапонияныкі –$ 11,4 трлн., көршіміз Ресейдің  қарызы – $ 525,7 млрд.  Қазақ­станның  қарызы $ 163,7 млрд.

Моңғол  жұртын  да  алаңдататын жәйттің бірі – осы сырт­қы қарыз жайы. Жұртшылыққа жария болып жүрген бірқатар мәліметтерге сүйенсек,  Моңғолияның ЖІӨ 15,7 млрд. доллар көлемінде, жан басына шаққанда  5400 доллардан айналады.  Сыртқы елдерге қарызы  21 млрд.  долларға жеткен.  оның 7  млрд.-ы  үкіметтікі де, қалған 14 млрд.-ы жеке фирмалардың қарызы.

Моңғолия үкіметі биылғы 2017 жылы  – $ 580 млн. қарыз­ды, келесі 2018 жылы –  $ 500 млн.-ды төлеуге  тиіс.

Сайлаушылардың басқа үміткерлерден гөрі  Халтмаагийн Баттулга  көбірек  сенім артып, басым дауыс бергені  осы қарыз мәселесіне қатысты болса керек.  Өйткені, ол  өзінің сайлауалды бағдарламасында: «елді экономикалық тығы­рықтан шығарамын, қалайда сыртқы қарыздан құтқарамын!» деген уәде берді. Талайдан  сауда-саттықпен айналысып, кәсіпкерліктің жілік  майын шағып, қыр-сырын меңгер­гендіктен  жұртшылық оған  үлкен үміт пен сенім артып отырған сыңайлы.

Әдеттегідей  кез-келген елде жаңа мемлекет басшысы сайланған бойда  оның  жұмысты қалай жүргізіп, қызметті қалай атқаратындығы турасында тон пішіп, сәуегейлік жасаушылар табыла кетеді. Сол айтпақшы, қазірдің өзінде  Халтмаагийн Баттулганың ішкі және сыртқы саясатта қандай бағыт-бағдар ұстанатындығы жөнінде болжам жасап  жатқандар баршылық.

Қытайлық  сарапшыларды  қайдам, ресейлік сарапшылар  орысша еркін сөйлейтін, әрі әйелі орыс Халтмаагийн Баттулга бұрынғы президентке қарағанда  Ресейге  көбірек іш тартып, қарым-қатынасты жандандырады деген пікірде.

Мәселен, Ресей Ғылым академиясы Қиыр Шығыс инс­титутының директоры, профессор Сергей Лузяниннің пайымдауынша: «Баттулга  өмірдің біраз тар жол, тайғақ кешулерінен өткен, спортпен де, кәсіпкерлікпен де айна­лысқан  халықтың өз ортасынан шыққан адам. Ол  көршілес Қытайдан төнетін қауіпті, жұрттың одан  секем алатынын  жақсы сезеді. Сондықтан  Қытайдың экспан­сиясын шектеп, Ресеймен жақындасуға ұмтылады. Бұл біз үшін қосымша инвестициялық терезе болмақ», – дейді.

Ресейлік ғалымның Қытайға қатысты айтып отырғаны негізсіз емес. Моңғол жерінде стратегиялық маңызы зор көмір, мыс, платина,  алтын, күміс,  уран сияқты кен орын­дары бар. Аспан асты елін осынау мол қазба байлықтар қызықтырады.

Сайлаудан үш күн өтісімен, яғни 10 шілдеде  Моңғо­лияның мемлекеттік резиденциясында  салтанатты түрде жаңа президенттің  қызметке кірісуін ұлықтау рәсімі болып өтті. Жиын барысында Халтмаагийн Баттулга  бұрынғы президент Ц.Элбэгдорждан мемлекеттік мөрді қабылдап,  қысқаша сөз сөйледі. «Моңғолияны баяғыша ұлы мемлекет етеміз және өндірісін өркендетеміз», – деді. Ең бастысы, елдің  ынтымағы мен бірлігіне қызмет ететінін айтты.

Соңғы  күндері Халтмаагийн Баттулга зәулім президент­тік резиденциядан бас тартып, ел қатарлы пәтерде тұратыны және орынсыз, артық-ауыс шығындардан бас тартатыны айтыла бастады.

Байқасақ, кейінгі кездері сайланып жатқан бірқатар елдердің президенттері осындай дақпырт пен даңғазадан арылу әрекеттеріне көшті. (Мысалы, Оңтүстік Кореяның жақында сайланған жаңа президентті Мун Чже Ин де атақты президенттік «Көгілдір сарайдан» орталықтағы қарапайым ғимаратқа көшті). Өйткені, президент өткен ғасырлар­дағыдай  өздерін король,  патша не хан сезінетіндей билеуші –  әмірші емес, халық  белгілі мерзімге сайлап, сенім артқан жоғары деңгейдегі  қызметші тұлға.

Орыс халқы  «Жаңа сыпырғыш жаңаша сыпырады» деген мәтелді жиі айтады. Моңғол елі сенім артып отырған жаңа президент Баттулга Халтмаагийннің  қалай жұмыс істейтінін уақыт пен өмірлік  тәжірибе көрсетеді.

«Ақшамның»  анықтамасы

Баттулга Халтмаагийн  1963 жылы наурызда Ұлан Баторда дүниеге келген. Мамандығы суретші. 1982 жылы  көркемөнер училищесін тәмәмдап, 1986 жылға дейін  көркемөнер комитетінде сурет­шілік жұмыспен айналысқан. Қосымша  спорттың самбо және дзюдо түрлерімен шұғылданып, мұнда да үлкен жетістіктерге жеткен. Әлемдік жарыс­тарда қола, күміс және  алтын медальдарды жеңіп алған. Моңғолияға еңбегі сіңген спортшы  және дзюдо ассоциациясының президенті. Елінде дзюдо спортын дамыту мақсатында өз қалтасынан миллиард тугриктен астам қаржы жұмсаған.

Саясат пен мемлекеттік қызмет тәжірибесінен де кенде емес. 2004 жылы Моңғолия Мемлекеттік Ұлы хуралына депутат болып сайланған. 2008–2012 ж.ж. аралығында  көлік министрі, 2012 жылдан өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы министрі қызметтерін атқарған.  Кәсіпкерліктің де қыр-сырын жетік біледі.

Кешегі 90-жылдары  кішігірім бизнесті  қолға алып, балалар киімін тіккізіп, оны Венгрия мен Син­гапурға апарып сатып, ол жақтан видео камера­лар әкеліп, пайда табудың  жолын тәуір меңгерген.

2002 жылы атамекені Баянхонгорда қыс қатты болып, жергілікті халық көп малынан айырылып, жұтқа ұшыраған. Сондай қиын сәтте әке-шешесі Баттулгаға жерлестеріне қол ұшын беріп, көмектесуге  кеңес берген. Малшы қауымның ауыр тұрмысын көрген намысты да жігерлі азамат сол күндерден  бастап саясатпен айналысып, қара халықтың жағдайын жақсартуға  ден қойған.

Баттулга ана тіліне қоса орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Екі рет үйленген. Хэйнтий аймағында туған, жергілікті орыс қызы Анжелика Даваин екеуінің егіз саналатын төрт перзенттері бар.