ӘМИНА АПА

Есмұқан Обаев,

Қазақстан Республикасының халық әртісі

 

Люстраны сындырасыз

«Апа! Апатай, қарқылдап күлмеңізші, люст­раны сынды­расыз!» деп әзілдеуші едім мен.

Ал ол кісі болса, тәмпіш мұр­нын аспанға шүйіріп, одан әрман күлетін.

Қайран, Әмина апа!..

Кей-кейде маған «Япыр-ай, сондай тамаша кісілермен де дәмдес-тұздас, сапарлас болдық қой. Біз қандай бақытты едік» деген ой келеді.

Расында да, бұл өзі кез-келген жанның маң­дайына жазыла бермейтін бақ қой деймін.

Апамның әлгі күлкісін есті­генде, атақты Шәкен Айманов ағамыздың өзі: «Әй, сені құр­татын осы күлкің ғой!», – деп жымияды екен.

Ал шындығында, Әмина апам­ның ерекше күлкісі қазақ кино­сының тарихында мәңгілікке жазылып қалды.

Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» комедиясы елдің ең сүйікті фильмдерінің бірі.

Әмина апам осы фильммен бірге мәңгі жасай береді. Бұл – ақиқат.

%d0%b0%d0%bc%d0%b8%d0%bd%d0%b0

Әрине, оның басқа да фильм­дердегі рөлдері туралы ай­тылған, жазылған пікірлер қаншама. Қазақ актрисасының шеберлігіне қол соқпаған ұлт жер бетінде кемде-кем шығар-ау, сірә. Бірақ, Әмина апамның аты атала қалған жерде көпшіліктің көз алдына ең алдымен «Тақия­лы періштедегі» Тананың рөлі елестейтіні анық.

Себебі, оның мінезін, келбетін, күлкісін халыққа жеткізген Әмина апам ғой.

Бір сөзбен айтқанда, Әмина Танаға, Тана Әминаға айналып кеткелі қашан.

Осы фильмнен кейін апамды көшеде көріп қалса, «Әй, Тана, тоқта!» деп жабыса кететін жұрт көбейді.

«Мен де баламды үйлен­ді­рейін деп жүр ем. Соның жолын үй­ретіп, ақыл қосшы, айна­лайын» деп жалынатын болды.

Ондайда біздің Әмина апам бәлсініп, ойбай-ау, мен актри­самын ғой. Тана менің кинодағы рөлім емес пе деп жалтарып кетпейді. Қолындағы сөмкесін тротуардың шетіне қоя салып, әлгі шешеймен қызу әңгімеге кіріседі.

Сөйтіп, қыза-қыза келе: «Әй, абысын, үйге жүр. Ендігі қал­ға­нын шай ішіп отырып жал­ғас­тырайық» деп өзімен бірге ерте жөнеледі.

Міне, осындай ақ көңіл, аузын ашса, жүрегі көрінетін жан еді ғой ол.

 

Қарапайым кісі

Әмина апамның құдай қосқан қосағы – орта бойлы, көзі бақы­райған, өте елгезек, қызуқанды кісі – Кә­маси Өмірзақов ағамыз болатын. Ол да өз ор­тасына сыйлы өнер адамы еді.

Оқырманның есіне оңай түсетін бір рөлін айта кетейін. Атақты актер ағамыз Нұр­мұ­хан Жан­төрин ойнаған фильмдегі Шоқан­ның ат айдаушысы болып жүретін елгезек кейіп­кер бар емес пе. Міне, сол – Кәмаси ағамыз ғой.

Әмина апам ол кісі туралы айтқанда ылғи да: «Асып бара жатқан түгі жоқ. Түрі де, тұлғасы да көзге түсе қоймайды. Бірақ, өте жақсы адам. Маған одан артық ешкім де керек емес. Кей-кейде кір жуа қалсам: «Әкел бері. Өзім жуам» деп, екі білегін сыбанып, кірісіп кететін. Содан оның аулада кір жайып жүргенін көрген көрші әйелдер: «Әмина ерке қатын ғой!» деп, пыш-пыш әңгіме қып жатады», – деп күлуші еді.

Өкінішке қарай, Кәмаси ағамыз бұл дүниеден ерте өтіп кетті. Әмина апам қырық бір жасында жесір қалды. Бірақ, «маған одан артық ешкім де керек емес» деп өзі айтқандай, басқа еркектің етегінен ұстаған жоқ.

Бар өмірін киноға, театрға арнады. Небір тамаша рөлдерді сомдады. Мен Мәскеудегі режис­серлар курсын бітіріп келгеннен соң ТЮЗ-да жұмыс істедім. Ол кезде бүгінгі Мүсірепов театры солай аталушы еді ғой.

Міне, осы ТЮЗ-дің сахна­сында Әмина апам ұзақ жылдар бойы шолпан жұлдыздай жар­қырап жүрді-ау, шіркін.

Орыс-қазақ труппаларынан құрылған ТЮЗ-ді Гүлжаһан Жанысбаева деген апамыз бас­қаратын. Ол кісі қазақ өнерінің дамуына ерекше еңбек сіңірген ірі тұлғалардың бірі. Талантты жандардың жолын ашып, шы­найы қамқорлық жасаған жан.

Екі апамыз бір-бірімен сырлас, тату-тәтті дос еді. Бірінсіз бірі шай ішпейтін.

Бір қызығы, Гүлжаһан апамыз орысша сөйлейтін де, Әмина апа­мыз қазақша жауап беріп оты­ратын.

Соны байқаған мен оларға:  «Қай тілде сөй­лесіп отыр­сыз­дар?», – деп қалжың­даймын ғой.

Ондайда Әмина апам: «Әй, повырдың баласы, бізге тездетіп бірдеңе-сірдеңе пісіріп берсең қайтеді?!», – деп жымиятын.

 

Нағыз достық

Сол жылдары ТЮЗ-да Мұс­тай Кәрімнің «Ай тұтылған түн» атты пьесасын сахна­лағанбыз.

Бұл өзі, барлық одақтас рес­публика­лардың сахналарында қойылған дүние десем, артық айтқандық бола қоймас, сірә.

Жас күнінде бір қателік жа­сап, некесіз бала туып алған Таң­қабике атты әйелдің кейін тас­түйін боп бекініп, мінезі қатайып, ел бас­қарған шағын бейнелейтін шы­ғарманың те­реңінде талай ой жатыр.

Міне, осы бір күрделі образды қазақ қызы Әмина Өмірзақова мен ұйғыр қызы Сәлима Сат­та­рова сахнада кезектесіп сом­да­ды. Екеуі де мықты, екеуі де жалпақ жұртқа танымал акт­ри­салар ғой.

Жаңа спектакльдің премье­расы жақын­даған сайын театрда алғашқы болып кімнің труппасы шығады деген сұрақ туындай бастайды.

Театрдың басшысы Гүлжаһан апамыз күнделікті «планер­калардың» бірінде: «Мұндай шығармашылық мәселелерді режиссер шешуге тиісті. Кімді таңдайты­ныңызды өзіңіз айты­ңыз», – деп қалды.

Ол кезде біз жас едік. Ой­ла­нып, толғанып, саралап, сал­мақтап жату дегенді біл­мейміз. Көңілдегі сөзді бірден сарт еткізіп айтамыз да, жүре береміз.

Осының алдында ғана Әуезов театрында «таяқ жеп», Мәскеуге «қуылып» кеткенімді ұмытқам. Өткеннен сабақ алу, қорытынды шығару деген тіпті қаперімде жоқ.

Орнымнан тұра салып, Гүл­жаһан Жаныс­баеваға қарап: «Алғашқы күні Әмина Өмір­зақова шығады», – деп сақ ете қалдым.

Театрдың ішінде шыбынның ызыңы естілетіндей өлі тыныш­тық орнады. Байқаймын, Әмина апамның көзі бақырайып бара­ды.

Сөйтсем, Сәлима апайдың Әмина апамнан жасы үлкен екен ғой. Демек, шығыс дәстүрі бойынша жолы да үлкен болуға тиісті. Бірақ, «Айтылған сөз – атылған оқ» демекші, ауыздан шықты да кетті…

Кенет, Сәлима апай әлгі тыныштықты бұзып, орнынан көтерілді. Содан соң: «Жарай­сың, Кегенский! – деді маған қарап күлімсіреп. – Мен сенің көңіліңнің тазалы­ғына ризамын. Бұл рөлді бірінші болып расын­да да  Әмина ойнауға тиісті».

Қазір ойлап қарасам, бұл нағыз – азаматтық, нағыз – достық екен ғой.

Кейін Сәбеңнің – Сәбит Мұқа­новтың «Қашқар қызы» пьесасын сахналағанымызда да Сәлима апай мен Әмина апам бір рөлді ойнады. Бұл – Әмина апамның кино актрисасы ретінде атағы дүркіреп шыққан кезі болатын. Сондықтан да, «сьем­каға» жиі шақырады. Ұзақ уақыт бойы кино түсіру алаңында болады.

Міне, сондықтан да театрдағы бар салмақ Сәлима апайдың иығына түсетін. Сондай бір қиын да, қызықты күндерде ол кісі: «Әне, көрдің бе, Әмина биікке самғап ұшты да кетті. Ал мен саған өте керек актриса болып қалдым!» деп әзілдеуші еді.

Әмина апам нағыз табиғи, шынайы талант иесі ғой. Ол кісінің сахнада ештеңе айтпай-ақ, көзі бақырайып, аузы ашылып отырған сәтінің өзі ешкім қай­талай алмайтын образ болып шығатын.

Әлі есімде, Қалтай Мұха­меджанов ағамыздың қаламынан туған «Өзіме де сол керек!» атты комедияда Байділда Қалтаев, Қасым Жәкібаев және Әмина Өмірзақова үшеуі дуэт болып ойнады. Бұл бір тамаша, көрген жұртты күлкіге қарық қылатын ерекше спектакль еді.

Гастрольдік сапарларда жүр­генімізде олардың бір ауылда ойнаған спектаклі екінші бір ауылға барғанымызда мүлде жаңарып, өзгеріп шыға келетін. Актерлік импрови­зацияның шыңына жеткен шақтарын көретінбіз. Сол спектакьді қой­ған өзіміз де елмен бірге таң­данып, басымызды шайқап, ішек-сілеміз қатып, күліп қайтушы едік.

Әңгімені әзірлеген –

Нұрғали Ораз.

Жалғасы бар.