168 ОТБАСЫ ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАДЫ

Алматы қаласының әкімі «Атлеттер ауылы» кешенінен 168 отбасына жаңа пәтер кілттерін тапсырды.

ffdgdgdgfgd

Нұрлан СҮЙІН

Алматыда 28-Бүкіләлемдік Қысқы Универсиада ойындары табысты өткені белгілі. Универ­сиада өткеннен соң, Алматы қаласы әкімдігі «Универсиада мұрасы» арнаулы бағдарламасы аясында қысқы ойындарға арнап салынған нысандарды алма­тылықтардың игілігіне пайдалануды бастап кеткен. Универсиадаға алынған мүліктер (тұрмыстық техника, жиһаз, ком­пьютер, т.б.) әлеуметтік мекеме­лерге таратылып, спорттық емес нысандарда емхана, байланыс, пошта бөлімшелері, мемлекеттік қызмет көрсету мекемелері ашы­луда. «Атлеттер ауылы» тұрғын үй кешеніндегі жаңа пәтерлер болса, кезекте тұрған алматылықтарға беріліп жатыр.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек 16 маусым күні үй кезегінде тұрған 168 отбасына «Атлеттер ауылынан» жаңа пәтер кілттерін тапсырды. Баспаналы болған алматылық­тардың қатарында мүгедектер, көпбалалы және толық емес отба­сылар, мемлекеттік және бюд­жеттік қызметтегілер, әске­рилер, т.б. бар.

Б.Байбек «Атлеттер ауылы­ның» жаңа тұрғындарын қоныс­тарымен құттықтап, олардың мегаполистегі заманауи да жан-жақты жабдықталған ауданның тұрғындары атанып отырғанын айтты. Қаланың Алатау ауда­нына қарайтын «Атлеттер ауылы» 23 гектар жерде бой көтеріп, 14 көпқабатты тұрғын үйі бар ке­шенді шағын ауданға айналған. «Атлеттер ауылы» барлық жағы­нан (бейнебақылау, өрт қауіп­сіздігі, т.б.) заманауи жабдық­талған. Қалашықта ХҚКО, емха­на, супермаркет, банк, пошта бөлімшелері, полиция бекеті, сұлулық салоны, басқа да қызмет көрсету нысандары жұмыс істейді. Бір сөзбен айтқанда, 1748 пәтерлі «Атлеттер ауылында» барлық жағдай жасалған. Алма­ты қаласының әкімі «Атлеттер ауылында» әлі біраз алматылық­тар өз кезегінде қоныс тойын тойлайтындарын айтты. Олар қалалық Тұрғын үй басқармасы жанындағы комиссияның реттеуі бойынша, баспана кезегіне сай қоныстанатын болады. Жалпы, жыл соңына дейін баспана алу кезегі адам факторынсыз, «Элек­тронды үкімет» порталы арқылы жүзеге асатын болады.

Алматыда соңғы 5 жылда 10 мыңдай пәтер беріліпті. 2017 жылдың соңына дейін тағы 4,5 мың пәтер бөлу жоспарланған. Осылай 2017 жылы кезекте тұрған әрбір төртінші отбасы пәтерлі болуы керек.

Айтып өткендей, «Атлеттер ауылы» Алатау ауданында бой көтерген. Ашылғанына сегіз жыл болған Алатау ауданына осы уақытта бюджеттен 200 млрд. теңге қаржы бөлініп, жетінші аудан бүгінде алдыңғы қатарлы, заманауи мекенге айналған. Сегіз жылда алатаулықтар 1,5 есеге артып, 200 мыңнан асқан.

«Атлеттер ауылын» аралаған шаһар басшысы алатаулықтарға жоғары сапалы медициналық қыз­мет көрсететін емханада, ұлт­тық мәзірде ас дайындайтын «Nomads» мейрамханасында болды.

Бүгінде Қазақстанның қар­жы-бизнес, спорт-мәдени орта­лы­ғына айналған Алматы ХХІ ғасырдың заманауи мегапо­лисі ретінде дами бермек.