Шархан ҚАЗЫҒҰЛ, Журналист: Қазақ үшін мақтана білейік

%d1%88%d0%b0%d1%80%d1%85%d0%b0%d0%bd

Қазақтың атын әлемге бірді-екілі адам ешқашан атойлатып шығара алмайды. Елдің атын ел болып шығара аламыз. Бұл – аксиома. Қазақ елін осы уақытқа дейін әлем танып-білді деп айту қиын.

Өз басым ЭКСПО-17 жобасын жеңіп алғанымызда қатты қуандым. Өйткені, ЭКСПО – қазіргі заманғы әлем тарихының ең басты атрибутының бірі де бірегейі. ЭКСПО өткізген ел дүние тарихына алтын әріптермен жазылып қалатыны хақ. «Соқыр десең, Құнанбайға тиеді», бұған дейін осы төңіректе «анау-мынау», «ырың-жырың» әңгімеміз көп болды. Мұндай «пыш-пыш» бізді ел қылмайды. Жиған-тергенін тек тойға шашуды тілеп тұратын халық емес пе едік?! Томағатұйықтық пен қасаңдық бізге ешқашан опа бермейтіні қазір дәлелдеуді керек етпей қалды. Дүниеден өз орныңды ойып алу – қияметқайым шаруа. Шашетектен шығын шығармай, шашбауыңды көтеретін ел табу қиын қазір. Бізге басқа елдер ұмтылу үшін, ең алдымен, біз оларға өзіміз ұмтылуымыз керек. Таңдау – мықты мемлекеттерде. Бізде қазір таңдау бар ма? Анығы сол, өзімізді әлемге танытудың бұдан басқа жолы жоқ. Өзіңді де сыйлататын күнге жету үшін өзің де сыйлай білетін күнді бастан өткеру керек шығар! Құдайға шүкір, ЭКСПО аясында елдігімізді көрсетіп жатырмыз. Шынымызды айтамыз деп, сырымызды ашып алмайық, ағайын! «Державамыз» деп шалбары сөгіліп кете жаздайтын Ресейдің өзі өткізген жоқ мұндай халықаралық жоғары деңгейдегі шараны. Ал  бізге, ойбай-ау, әлем халықтары келіп, сәлем салып жатыр ғой. Сондықтан да қазақ үшін мақтана білейік. Елің үшін мақтана білу де – үлкен өнер. Тіпті, осыдан асқан өнердің атасы бар ма екен?!

%d1%8d%d0%ba%d1%81%d0%bf%d0%be

«ФБ» парақшасынан.