Талғат РАЗАҚОВ, Жетісу ауданының әкімі: БАСТЫ МІНДЕТІМІЗ – ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ

%d0%b6%d0%b5%d1%82%d1%96%d1%81%d1%83-%d3%99%d0%ba%d1%96%d0%bc%d1%96

– Бүгінгі таңда 160 мыңнан астам тұрғыны бар Жетісу ауданы Алматының бірден-бір ірі сауда және өнеркәсіп орталығы болып саналады. Қаланың күре тамыры, мықты экономикалық потенциалы жинақталған ауданның бірі болып табылады. Аудан көлемінде 45 ірі және орташа өндірістік кәсіпорындар жұмыс істейді. Жетісу ауданының кәсіпорындары өнім шығару жағынан басты орында. Жалпы өнім құны 50 млрд. 650 мың теңге, физикалық көлем индексі – 105,7 пайызды құрап отыр. Жетісу ауданының экономи­калық базисін кіші және орта бизнес құрайды, сондықтан бірден-бір негізгі мәселе инвестициялық климатты жақсарту және әкімшілік кедергілерді азайту дер едім.

Өткен жылы 8 кәсіпорынға («Склад ОВ» ЖШС, «Асфальтбетон» ЖШС, «Дер­жава Корпорациясы», «Алпроф» ЖШС, «Алматы Лифт» ЖШС, «Нұрсапа Бетон» ЖШС, «DOCTOR GREEN» ЖШС, «Казлег­пром-Алматы» ЖШС) жаңа техно­логиялар мен құрал-жабдықтар енгізілді. Енгізілген инвестицияның жалпы сомасы – 4 млрд. 259 млн. теңгені құраса, 291 жаңа жұмыс орны ашылды. Ағымдағы жылы 9 кәсіпорында («Хлебзавод №7,  «Салават БС» ЖШС, «КазСПО-Н ЖШС, «GoldenRіllTrade» ЖШС, «KBSEngіneerіng» ЖШС, «Royalfood» ЖШС, «ASІAPACK» ЖШС, «Келет» АҚ және «Семирамида тігін фирмасы» ЖШС) жаңа құрал-жабдық­тар орнатылып, қайта жаңғырту жұмыста­ры ұйымдастырылуда. Биылғы инвестиция көлемі – 5 млрд. 353 млн. теңгеге жетіп,  сонымен қатар, 230 жаңа жұмыс орны ашылып отыр.

Экономика секторында аймақтық кәсіпкерлікті тұрақты және теңгерімді  дамуды қамтамасыз ету үшін және жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу үшін, мем­лекет бірнеше бағдарламаларды жасағаны белгілі. Жетісу ауданының өнеркәсіптері де бұл мемлекеттік бағдарламаларға белсене қатысуда. Алматы қаласында 2015 – 2019 ж. «Кәсіпкерлікті қолдау картасы» бағдар­лама­сы аясында 21 жоба қолдау тапқан еді. Жобаның жалпы сомасы 9 млрд. 859 млн. теңгені құрап, 2371 жұмыс орын­дары ашылды. Біздің ауданда да осы бағ­дарлама шеңберінде жаңадан ашылған «Хлебзавод №7» инвестиция сомасы 450 млн. теңгені құрап, 129 адамға жұмыс ор­нын ұсынды. «DOCTOR GREEN» ЖШС-нің инвести­ция сомасы 105 млн. теңгеге жетіп, 62 жұмыс орнын ұсынды. «Бизнес жол карта­сы-2020 » шеңберінде 4 жылда 54 жоба қолдау тапты. Осы жобалар­дың арқа­сында жалпы сомасы 19 млрд. 885 мың теңге мен субсидия сомасы – 3 млрд. 285 млн. теңге, 12000 жұмыс орны ашылды. Ай­мақтық бағдарламаларды қаржыланды­ру­­дың шағын және орта кәсіпорындарға қол­дау көрсетіліп, 8 жобаға мемлекет қолдау көр­сетті. «Даму-өндіріс» бағдарла­масы нәти­жесінде ауданның 20 өндірісіне  қар­жылық қолдау көрсетіліп, 3 өндірісті дамы­туға 7,6 млн. теңге бөлініп, грант берілді.

Техникалық және кәсіби даярлауда мемлекеттік бағдарламаларды жетілдірудің бірнеше іс-шаралары жасалынды. Маман­дарды екі сатыда дайындау қарастырылып, арнайы пәндерді оқытатын мұғалімдерді және өндіріс шеберлерінің білімдерін шет елде жетілдіру қолға алынды. Бүгінгі таңда кәсіби оқытуды жетілдірудің бұрынғы дәстүрін өзгертіп, мамандар дайындауда оқытудың дуальды жүйесін енгізу қолға алынды. Бұл әдіс кадрларды дайындауда дүние жүзінде ең үздік әдіс болып табылады. Оның ерекше­лігі – оқушы өндірісте жүреді. Бітірушілерді жұмысқа орналас­тыру кезінде де оңайырақ болады. Себебі, олар жұмыс берушінің талаптарына толық сай келеді. Екіншіден, жоғары деңгейде білім алады. Жаңа технологияны  меңгереді. Үшіншіден, «Тәжірибеден — теорияға» деген принциппен жұмыс істейді. Студент көбіне өндіріспен жұмыс істейді.

Төртіншіден – мамандарды дайындауда олардың сапасын бағалауды жұмыс беру­шінің өзі жүргізеді. Бірінші күннен бастап оқушылар көпшілік уақытын жұмыс орнында өткізеді, өзінің іс дағды­ларын және қызығушылығын көрсетеді. Осылайша, жұмыс берушілер болашақ мамандардың дайындығын өндіріс жағ­дайында бағалай алады. Осындай талап­тар­дан мүдірмей өтіп келе жатқан Алматы механикалық кол­леджі 10 жылдан бері ауданның алдыңғы қатарлы компанияла­рымен әлеуметтік серік­тестік жүйені тығыз орнатқан. Мыса­лы, «СВС» ЖШС, Интер­сервис, Айна­бұ­лақ, – авто, т.б.

Бұл колледж 2001 жылдан бері ҚР Оқу министрлігінің  экспе­римент алаңы болып табылады. Елбасымыз өзінің Қазақстан халқына арнаған Жол­дауында  еңбек рыногын жетілдіру туралы  кеңінен айтты.

Халықты жұмыспен қамту үшін 2017 жылдан бастап «Көпшілік кәсіпкерлік және жұмыспен қамту» бағдарламасы қолға алынды. Бұл бағдарламаға 2017 жылы 8,5 млрд. теңге бөлініп, 5360 адамның маман­дық алуы үшін 1,5 млрд. теңге бөлініп отыр. Тегін кәсіби оқумен негізінен  9 – 11-сыныптардың бітірушілері, жоғары оқуға түсе алмаған, жұмыс іздеуші жастар, аз қамтылған отбасылар, орта жастағы жұмыссыз азаматтар қамтылады.

Дәл қазіргі уақытта «Апатты үйлерді бұзу» бағдарламасы Жетісу ауданында мемлекеттік жекеменшіктік серіктестіктің көмегімен, «Тұрғын үй жинақбанкі» және «Риголит» ЖШС-нің қатысуымен іске асырылуда. Жасалған жобаға сәйкес Боткин көшесіндегі № 1, 3, 5, 7, 9, 11, 13, 15, 17-үйлерді, Райымбек даң­ғы­лын­дағы 241-үйді бұзу жоспарланған. Сәтін салса, бұзылған үйлердің орнына 9 қабатты 11 үй тұрғызылады. Жалпы, жердің ауданы – 2,2 га., құрылыс ауданының жалпы көлемі 4354,49 шаршы метр, кешеннің жалпы ауданы 37410 шаршы метр, пәтердің жалпы саны – 513, сондай-ақ, бүгінгі күні 160 мың тұрғыны бар Жетісу ауданы Алматының бірден-бір ірі сауда және өнеркәсіп орталықтары орна­ласқан, экономикалық потенциалы мықты аудан болып табылады. Бүгінгі күнде 45 ірі және орташа өндірістік кәсіпорындар жұмыс істейді.