Салтанат МЫРЗАЛИЕВА: ҚАСЫМДА ОТЫРҒАНДАЙ КҮЙ КЕШТІМ

%d0%ba%d0%b0%d0%b4%d1%8b%d1%80

Балнұр АХМЕТ

Ұлтымыздың руханиятына қызмет етуді перзенттік асыл парызы санаған Қадыр Мырза Әлі – тағылымды тарихын тасқа қашап жазған ұлттың ұрпағын алтын тамырына жақындатқан қазақ кемеңгері, даналық нәрінен сусындатқан сөз зергері. Таным мен тағылым, пайым мен парасат тұнған туындылары қазақ әдебиетінің алтын қорына енген есімі алты Алашқа қадірлі тұлға. Халық мұрасынан нәр алған ақынның көркем тілмен кестеленген маржан жырлары бүгінде қазақ әдебиетінің қазынасына айналғаны ақиқат. Төл әдебиетіміздің тарихында ерекше орын алатын таудай тұлғаның өнегелі өмірін, рухани нәр беретін ақын мұраларын, халық құрметіне бөленген адамгершілік асыл қасиеттерін насихаттау мақсатында бүгінгі таңда елімізде бірқатар ізгі шаралар атқарылып жатыр. Солардың бірі – туған елін, туған жерін сүюдің үлкен үлгісін көрсеткен асқақ рухты ақынның ғибратты ғұмырына арналған «Мәңгі майдан сарбазы» атты деректі фильмнің жарыққа шығуы.

Ғылым ордасының кино за­лында өткен деректі фильмнің тұсаукесер көрсетілімінде белгілі ақын-жазушылар мен зиялы қа­уым өкілдері көзден кетсе де, кө­ңілден кетпейтін алып ақын тура­лы жүректегі жылы лебіз­дерін білдірді. Ізгі шараны «Қадыр Мырза Әлі» қоғам­дық қоры мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұйымдас­тырды. Ш.Ай­манов  атын­дағы  «Қазақ­фильм»  кино­сту­диясы түсірген туынды ұлттық құндылықтары­мызды қас­терлеуге баулитын ақын талантына, сөз зергерінің жүрек тазалығына тәнті ете түсетіні ақиқат. Ақынның жандүниесіне үңіл­діретін бұл фи­льм жақын арада отандық теле­арналардан көрермен­дерге жол тартпақ. Деректі фильм сценарийі­нің авторы – Болат Же­тек­бай, режиссері – Орал Жүнісов. Деректі фильмнің ал­ғашқы көрер­мендері­нің бірі болған ақынның аяулы жары Салтанат Мыр­залиева туын­дыны тамашалау барысында ақын­мен бірге өткізген өмірдегі сәулелі сәттері көз алдына елестегенін айтты.

 ????????????????????????????????????

– Жүрегі туған елім деп лүпіл­деген, тамыры туған жерім деп бүлкілдеген Қадыр ағаларың туралы деректі фильм көңілімнен шықты, жандүниемдегі сезім­дерді теңіздей толқытты. Бар ғұмырын еліне қызмет етуге арнаған ақынның адамгершілік қасиеттері мен бекзат болмысы бейнеленген бұл фильмде ақын табиғатымен таныстырудағы жоба авторлары­ның еңбегі мен жан-жақты ізде­нісі айқын аңғарылады. Фильм бары­сында Қадыр ағаларың сөйлеген сәтте өзі қазір қасымда отырғандай іштей керемет күй кештім. Ақын­ның көзін көрген қалам­герлердің жүректегі жылы лебіздеріне толы бұл деректі фильм жан сезімімді ерекше тербеді, жандүниемді тебірентті. Елінің елеулі, халқының қалаулы ақынының аяулы жары болу бақыты бұйырғанына шүкір­шілік етемін, – деді ақынның аяулы жары Салтанат Мырзалиева.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлы­ғының лауреа­ты Ғаббас Қабышұлы деректі фильмнің мағыналы әрі маз­мұнды болып шыққанын атап өтті.

– Біз Қадыр Мырза Әлі екеуміз құрдас болдық. Мен оны Қадырия десем, ол мені Ғаббасия дейтін. Біз екеуміз осылай қал­жыңдасатын едік, әдемілеп әңгімеле­сетінбіз. Оның адамгер­шілігі, азаматтығы, ақындығы тұлабойынан танылып тұратын. Мен Қадыр өлең­дерінің барлығын білемін, жыр жинақ­тарының барлығын оқыдым. Ол туралы «Қадырия» деген естелігім де жарыққа шықты. Құдайдың құдыретімен бұл фәниге адам болып келген Қадыр, бұл дүниеден адам деген ардақты атқа лайық болып өтті. Жарық әлемге азамат болып келген Қадыр азамат болып өтті. Өмірге ақын болып келген Қадыр ақын болып өтті. Осындай адамгершілік қасиеттері­мен ол қазақ тарихында таудай тұлға болып қалды. Бұл деректі фильмде Қадыр Мырза Әлі туралы айтылуға тиісті сөздердің барлығы айтылды. Тұлға туралы тағылымға толы деректі фильм мағыналы әрі мазмұнды, құнарлы болып шыққан, – деді Ғаббас Қабышұлы.

Ал М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институ­тының дирек­торы Уәлихан Қалижан өз сөзінде қазақ тарихында өшпес із қалдыр­ған, жырсүйер қауымның жүрегін­де поэзияның құдыретін сездірген тұлға туралы деректі фильмді тама­шалаған сәтте тарихпен тілдес­кендей күйде болғанын айтты. Сондай-ақ, ол егемен еліне қызмет қылуды мұрат қылған, өмірді өлең­мен өрген тұлға қазақ поэзиясының көгінде мәңгі жарқырап тұратынын атап өтті.

Ізгі шара соңында «Қадыр  Мырза  Әлі»  қоғамдық  қорының  дирек­торы  Донеділ Қажымов деректі фильм сценарийінің авторы Болат Жетекбайды, фильм режиссері Орал Жүнісовті, Жым­питыдағы ақын ескерт­кішінің авторы, мүсінші, Қазақстан Су­ретшілер одағының мүшесі  Өмір­зақ Шановты, М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер инсти­тутының директоры Уәлихан Қалижанды, «Айқын» газеті бас редакто­ры­ның орынбасары Ермахан  Шай­хыұлын «Қадыр Мыр­за Әлі» меда­лімен марапаттады.