САЛАУАТТЫ АЛМАТЫ – САЛАУАТТЫ АЛМАТЫЛЫҚТАР

Қала дәрігерлері биылғы Медицина қызметкерлерінің күнін осы ұран аясында атап өтпек. Оның жөні бар, өйткені, Алматы қаласы ДДСҰ-ның «Салауатты қалалар» жобасына мүшелікке өтті.

whatsapp-image-2017-06-16-at-08-53-25

Нұржамал  БАЙСАҚАЛ

Маусым айының үшінші жетісінде ақ желеңді абзал жандар деп ардақ тұтатын дәрігерлеріміз бен медицина саласының қызметкерлері өздерінің төл мерекелерін атап өтеді. Осы мерекеге орай, кеше Абай атындағы акаде­миялық опера және балет театрында мерекелік жиын өтті.

Жиынға Алматы қаласында тұратын Қазақстан медицинасының көрнекті өкілдері мен ардагерлері және қала тұрғындарының ілтипа­тына бөленіп жүрген дәрігерлер мен мейірбикелер, қоғамдық денсаулық сақтау саласының өкілдері қатысты. Жиынды ҚР денсаулық сақтау министрінің орынбасары А.В.Цой ашып, алматылық дәрігерлерге деген  министрдің құттықтауын жеткізіп, Алматы жұртын  ең жоғары мәртебе – «Салауатты қала­лар» жобасына мүшелікке өтулері­мен құттықтады. Қазақ тілінде сөйлеген вице-министр бұл мәрте­беге Алматы қаласының әбден лайық екенін, мерекелік іс-шара­ның да «Салауатты Алматы – Са­лауатты алматылықтар» деп атал­уы­ның өзі медицина қызмет­керлері мерекесінің мазмұнымен үйлесіп тұрғандығын атап өтті. Дәрігерлік мамандықтың ең құрметті маман­дық екендігіне айрықша тоқталған А.В.Цой мырза ақ халат киген абзал жандардың барлығы қандай құр­метке болсын лайықты дей келіп, бір топ Алматы дәрігер­лерінің өңіріне «Еңбек ардагері» төсбелгісін тақты. Ардагер атанған дәрігер­лердің арасында медицина ақсақалы Т.Із­мұхан­бетов, дәрі­герлер – М.Ыды­рысова, Н.Мұха­медиярова, Р.Мұқа­тай, Т.Әшімова сынды өмірлерінің аяулы шақтарын денсаулық сақтау саласына арнап келе жатқан абзал жандар бар. Өз кезегінде сөз алған қала әкімінің орынбасары Р.Тау­фиков кейінгі жылдардағы Алматы қалалық денсау­лық сақтау саласының жетістіктері мен осы саланы дамыту бағытында қолға алынып отырған игі шараларға, жыл өткен сайын қала жұртының денсаулық көрсеткіші жақсарып, туу саны артып келе жатқандығын, Алматы жұртының салауатты өмір салтын ұстанып, салауатты өмір сүруге бет ала бастағандарына, осы бағытта қала өмірінде атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталды. Алматы қала­лық денсаулық сақтау мекемелерінің қатары артып, халыққа медициналық қызмет көрсету сапа­сының  жақ­сарып келе жатқандығын тілге тиек етті. Қала әкімінің орын­басары құттықтау сөзімен қатар, өз ісімен көпке үлгі болып жүрген бір топ дәрігерлерге, мейірбикелер мен қоғамдық денсаулық қызметінің үздіктеріне  қала әкімінің Құрмет грамотасын  табыс етті. Сонымен қатар, жиында үздіктер бай­қауы­ның қорытындысы жарияланып,  медици­наның әр саласы  бойынша үздік танылған жеңімпаздар анық­талды. Осы байқау қорытындысы бойынша «Үздік менеджер дәрігер – ден­саулық сақтау ісінің ұйым­дастыру­шысы» номинация­сын қа­ла­лық жұқпалы аурулар ауруха­насының бас дәрігері А.Әбдірах­манова жеңіп алса, №1 қалалық клиникалық аурухана­ның дәрігері Ә.Сейданова – «Үздік дәрігер», қалалық кардио­логия орта­лығының қызметкері Ю.Чеканова «Үздік техникалық білімі бар қыз­меткер», №4 қалалық клиникалық ауруха­наның мейір­гері А.Мұсаев «Үздік мейіргер», №2 қалалық перзент­хананың акушері Р.Садықова «Үздік аку­шер», ал Алатау ауданы­ның қоғамдық Денсаулық сақтау басқармасының эпидемиолог-дәрі­гері Сәуле Ақан  «Үздік санитар дәрігер» мәртебесіне ие болды.

Жеңімпаздардың барлығы ақ­шалай сыйлықпен марапатталды. Оларға бұл мерекелік сыйлық­тарын қазақ эстрадасының жұл­дыздары табыс етті. Дәрігерлердің мерекелік жиыны Алматы дәрігер­лерінің гимнімен аяқталды. Мере­ке­лері­ңізбен, ақ желеңді абзал жандар.