ПАРЛАМЕНТ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТТЫҒЫНА ҮМІТКЕР – Б.ШУАҚОВ

2017 жылғы 16 тамызда «Тәртіп» АҚ ғимаратында Алматы қаласынан Қазақстан Республикасы Парла­ментінің Сенаты депутаттығына үміткер Б.Шуаковтың сайлаушылармен кездесуі өтті. Іс-шараға Алматы қаласы мәслихат депутаттары И.Байрамуков, З.Касанов, С.Козлов, А.Котенев, В.Ли, Н.Ниязова және т.б. қатысты.

Б.Шуақов сайлаушылармен — қалалық мәслихат депу­таттарымен кездесу барысында Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының мақсаттары мен міндеттері, сондай-ақ, «Алматы – 2020» даму бағдарламасының  негізгі бағыттары ұштастырыла қарастырылған сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

Б.ШУАҚОВТЫҢ   САЙЛАУАЛДЫ   БАҒДАРЛАМА­СЫНАН:

Бағдарламаның негізгі мақсаты – Елбасы Н.Назар­баевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақала­сында және Алматы қаласы даму бағдарламасында айтылған   міндеттердің  толығымен орындалуын қамта­масыз ету болып табылады. Өзімнің бағдарламам арқылы мен келесідей міндеттерді жүзеге асырғым келеді:

— Мемлекеттік тілге айрықша мән бере отырып, үштілділік білім беру бағдарламасына қолдау көрсету;

— Жастарды жұмыспен қамту мақсатында, мемлекеттік бағдарламаларға, жобаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, жұмыссыз жастарға кең көлемде қолдау көрсету;

— Медицина саласы аурулардың алдын алуға бағытталуы керек. Ауылды жерлерде жаңа ауруханалар салу. Балалар мен ересектерге арналған жеке қызмет көрсетуді қалпына келтіру. Дәрілердің бағасын төмендету;

—  Жеке және мемлекеттік балабақшалар, спорттық алаңдар мен балаларға арналған шығармашылық үйлерін ашу арқылы өскелең ұрпақтың дамуына жағдай жасау; Бұл мекемелер бірінші кезекте салауатты өмір салтын насихаттауы қажет;

— Азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықбұзушылықтың алдын алу.  Қауіпсіздік пен құқықбұзушылықтың алдын алу – Ішкі істер органдары мен азаматтарымыздың арасындағы ынтымақтастық қағидаттары негізінде құрылуы тиіс. Мұндай ынтымақтастық сенім телефонымен байланысу түрінде ғана емес, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің басшылығымен әлеуметтік белсенді азаматтарды  құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жұмысына тарта отырып, жүзеге асырылуы қажет;

— Ана мен балаға, жас отбасыларға қолдау көрсету, отбасы мен отбасы құндылықтарының мәртебесін көтеру. Сондай-ақ, аға буын мен ардагерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау көрсету.

Мен, еліміздің әрбір азаматының өмірін жақсарту үшін өзімнің барлық күш-жігерімді, білімім мен тәжірибемді жұмсаймын.