МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІ МІНСІЗ ОРЫНДАҒАН ҮЛГІЛІ ОТБАСЫ

Мемлекеттік қызметкер Марат Сәрсенбаевтың өнегелі өмірі туралы үзік сыр

Серік ЖҰМАБАЕВ

«Ерекше назарды мемле­кеттік қызметтер көрсетудің сапасын арттыруға аудару қажет. Міндет – мемлекеттік аппараттың халықпен өзара қарым-қатынастарында бір­жақты-өктем көзқарастардан арылып, азаматтарға мемле­кет­тік қызметтерді тиімді және жедел түрде көрсетуге көшу». 

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың

Жолдауынан.

img-20160502-wa00351-1

Елімізде жыл сайын мемлекеттік қыз­мет­шілер күні аталып өтіледі. Бұл кәсіби мерекенің мәні де, маңызы да ерекше. Өйткені, мемлекеттік қызмет саласы – ел дамуының ең негізгі тетігі, елімізді өрге жетелейтін басты локомотив. Осы айтулы мереке қарсаңында біз өзі де, Құдай қосқан қосағы да мемлекеттік қызметте істейтін Марат Сәрсенбаевтардың өнегелі өмірі төңірегінде сөз қозғағанды жөн санадық.

«Бұл ән басқа әннен өзгерек», – деп Шәкәрім шырқағандай, сіздерге баян еткелі отырған бұл кейіпкеріміздің оқиғасы ерекше. Бұл оқиға Алматы қаласы бойынша Қазынашылық департаментінен бастау алған.

1984 жылы дүние есігін ашқан Сарсен­баев Марат Бақытұлы арман қуып Алма­тыға Оңтүстік Қазақстан облысынан оқуға келеді, 2006 жылы Қонаев атындағы уни­верситетті тәмәмдап, еңбек жолын 2007 жылдың мамыр айында Алматы қаласы бойынша Қазынашылық департаментінен бастайды. Дәл осы жылы қазан айында Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеттің колледжін бітірген Сыды­қова Ақмарал Мақұлбекқызы да осы аталған департаментке еңбек жолының алғашқы қадамын бастайды. Биылғы жыл осы екі кейіпкердің тұлға ретінде қалып­тасып, еңбек майданына араласқанына, өзара танысып, сезім ұшқыны жылт етіп көрінгеніне де 10 жыл болыпты.

Осы екі жастың қызметкер ретіндегі алғашқы қадамдары мен жұмыстағы ең бірінші жетістіктері, міне, осы департа­мент­тен бастау алады.

«Отан отбасынан басталады» демекші, екі жас көңіл қосып, 2008 жылы бірлесе шешім қабылдап, отау құрады. Отбасының отағасы, тірегі, қозғаушы күші Марат Ба­қыт­ұлы бүгінде Алматы қалалық Қазы­нашылық департаментінің мемлекеттік бюджетті атқару басқармасы жергілікті бюд­жетті атқару бөлімінің басшысы қыз­метін абыроймен атқарып келеді. Ал Ма­раттың таңдаған өмірлік серігі — отбасының ұйытқысы, бір қыз, екі ұлдың анасы, Марат­тың жұмыста алаңсыз еңбек етіп жетістікке жетуіне жағдай жасап отыруы­мен қатар, өзі де ұжымның белді мүшесі әрі функционалдық міндеттерін адал орын­даушы Ақмарал Сыдықова аталмыш депар­таменттің төлемдерді алдын-ала бақы­лау және өткізу басқармасының бас маманы, яғни, бас қазынашысы қызметін атқарады. Бұл отбасы заман талабына сай жаңа­шыл әрі креативті десек, артық айт­қандық емес. Марат 2013 жылы отбасылық құндылықтарды дәріптейтін «Супер папа» телевизиялық жобасына қатысқан.

Қандай да бір қуатты әрі ынтымағы жарасқан мемлекеттің негізін ел басқарып отырған азаматтарының сындарлы саясаты мен халықтар бірлігі, іргетасы берік отбасы қалайтыны баршаға аян. Бүгінгі біздің кейіпкерлеріміз ана сүтімен бойына сіңір­ген тәрбиесінің арқасында отбасылық құн­дылықтарды сақтауымен қатар, Елбасының мемлекеттік қызметшіге айқындап берген «біздің міндет – елге қызмет» деген сөздерін басшылыққа алып, мемлекеттік қызметтегі міндеттерін мінсіз орындау арқылы үлгілі отбасылар қатарынан табылып отыр.

Марат СӘРСЕНБАЕВ, мемлекеттік қызметкер:

– Мемлекеттік қызметші атанғысы келетін азаматтар ең бірінші нені ескеруі керек? ЖОО-ны бітіріп, мемлекеттік қызметкер боламын дейтін әрбір азамат ең алдымен патриот болуы тиіс. Олар мемлекеттік қызметке шын мәнінде халыққа қызмет ету үшін және халықтан жоғары емес екенін түсініп келуі қажет. Өйткені, олар ертең мемлекеттік саясатты жүргізудегі ең басты және қозғаушы күш. Тәуелсіздік алған жылдардан бері қаншама реформалар жүзеге асты. Соның бәрін алға жүргізуші – мемлекеттік қызметкерлер. Олар елдің өсуі мен дамуы үшін өз үлестерін қосып келеді. Бұл – үлкен абырой. Мен мемлекеттік қызметті адами қасиетті қатар алып жүретін қызмет деп түсінемін.