КӨШЕНІ ЖӨНДЕУ КЕШЕНДІ ЖҮРЕДІ

Алматы қаласының әкімі қаланың жол инфрақұрылымының

қайта жасалуын тексерді

ytj4y8948jt

Алматы әкімі Бауыржан Байбек  кезекті жұмыс сапарында қаланың жол инфра­құрылы­мының қайта жасалуын тексерді және жолдарды жөндеу жұмыс­тарын ұйымдастыруға кешенді келудің маңызды екендігін атап өтті. Яғни, асфальт төселіп, бордюрлер ғана жаңартылмай, тротуарлар, арықтардың жиектері де жасалуы, заңсыз қоршаулар­дың алынып тасталуы, жолға жақын орналасқан аймақтардың көгалдандырылуы қажет екендігін  қадап тұрып айтты.

Мысалы, Абдуллиндер көше­сінде, Бөгенбай батыр көшесінен Төле би көшесіне дейінгі жолдың шығыс жағында тротуарлар мүлдем жоқ, ал қоғамдық аймақ көлік тұрағы ретінде пайдала­нылған. Көшелерге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде атал­ған  учаскеде қоршаулар алынып  тасталды, жаяу жүргінші жолы жасалып, абаттандырыл­ды, көлік тұрағы аймағы ретке келтірілді.

Алматы қаласы Жолаушылар көлігі  және автомобиль жолдары басқармасының бас­шысы Мақсұт  Исахов қазір­гі кезде қалада  29 көше­нің жөнделгенін, 25 көшеде жұмыстар­дың жүріп жатқанды­ғын, келесі айда 114 ма­­гис­тральды және ұзын­дығы 83,7 шақы­рым бо­латын аудан­дық ма­ңы­зы бар көше­лердің жөн­делетіндігін айтты.

Байтұрсынов кө­ше­­сінде, Тимирязев кө­ше­­сінен  Абай даң­ғылына дейінгі аймақ­та, Жан­досов көшесінде, Сайн көше­сінен  Таусамалы елді меке­ніне дейінгі 2,08 шақырым жерде күрделі жөндеу жұмыстары жүруде.

Алатау ауданындағы Алғабас және Ақбұлақ елді мекендеріндегі 10,9 шақырым жол, Наурызбай  ауда­нындағы Қалқаман, Алты Алаш елді мекендеріндегі 17,3 шақырым жол жөнделуде.

Алматыда биыл 102  өтпелі жолға түн мезгілінде жарық бері­летін болады.

Естеріңізге сала кетейік, қала­да тұрғындардың жүріп — тұруына жайлы болу үшін жүйелі жұмыс­тар жүргізілуде, саябақтар мен скверлер абаттандырылып, өтпелі және веложолдар жасалуда, қоршаулар алынып тасталып, қоғамдық кеңістік кеңеюде.

Алмалы ауданында Дүйсенов көшесі, Аренский көшесінен Гайдар көшесіне дейінгі аймақ, Қарасай батыр көшесі, Абылай хан көшесінен Масаншы көше­сіне дейін толық абаттандыры­лады. Бостандық ауданында Тими­рязев көшесі, Есентай өзені­нен Байтұр­сынов көшесіне дейінгі  2,5 шақы­рым аймақ абаттанды­рылады.

Жалпы, биылғы жылы әр аудан­да 16 өтпелі аймақ және Пан­филов, Жібек жолы, Гоголь, Қабанбай батыр көшелері және Астана алаңы қайта жасалып, бұларда жаяу жүргінші­лерге басымдық беріледі.

Трамвай рельстері алынып тасталған 18 жол қиы­лыстары  да жөнделуде. Жиырма бригада жолдар­ға асфальт төсеу жұмыстарымен айналысуда, қазірдің өзінде жоспарланған 250 мың шаршы метр жолдың  69 мың шаршы метрінде жөндеу жұмыстары аяқ­талды. Ұзындығы 18 шақырым болатын  47 учаскеде тро­туар­ларды  абаттандыру және жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 8,5 шақырым аймақ  көгал­дандырылды. 130 бекет кешендері  абаттандырылды.

«АҚШАМ-АҚПАРАТ»