ЖИЫРМА АЛТЫ ПӘННІҢ БАЗАСЫН ҚҰРУҒА АТСАЛЫСҚАН ҒАЛЫМ

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі  Ғылым комитетінің Математика және математикалық моделдеу институтының бас ғылыми қызметкері, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Бақытбек Дәнебекұлы Қошанов  туралы бір үзік сыр

%d0%bc%d0%b0%d1%82%d0%b5%d0%bc

Бақытбек Қошанов  – Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданының тумасы. Ата-анасы отбасында он бала тәрбиелеп өсірді,  ол – балалардың үшіншісі. Әкесі Дәнебек аймаққа белгілі, мектептің қарапайым математик мұғалімі болды. Мінезі тік, шыншыл, еңбекқор, көп шәкірт тәрбиелеген, ел сыйлаған кісі еді. Тағдырдың жазымымен 1980 жылдың желтоқсанында көлік апатынан қайтыс болған. Шешесі Бейсенкүл – ардақты ана,  шәкірттерді тәрбиелеуде жолдасына көмектесіп, совхозда жұмысшы болып қызмет атқарды.

Қошановтардың балалары түгелімен жоғары білім алып, әр түрлі мамандық­тардың иесі атанып, республикамыздың түкпір-түк­пірінде, халық шаруашылы­ғының әр сала­сында еңбек етеді. Олардың арасында 1 ғы­лым докторы, 4 ғылым кандидаты бар. Бұл, әрине, аналарының жанкешті қажырлы еңбегінің арқасы.

Әкесі – Дәнебектің үлкен ағасы, Бақыт­бектің атасы Еркімбек Оспанов елге сыйлы, қария кісі еді. Үйінен кісі үзіл­мейтін, Таш­кенттегі Орта Азия мемлекеттік универси­тетін бітірген, Ұлы Отан соғы­сының ардагері, соғыстан аға лейтенант шенінде оралған. Бақытбек кішкентай кезінде сол атасының қолында өсті. Төрткүл қауынының арасында өскен, топырақтың қап-қара баласын атасы еркелетіп «атасының аппақ баласы» дейтін.

1977  жылы  Қарсыбай  Спатаев атын­дағы совхоздың 3-ші бөлімшесіндегі 8 жылдық мектепті бітірген соң,  Бақытбектің алдында таңдау тұрды: совхоз орталығы – Төрткүлдегі 10 жылдық мектепті бітіру немесе учили­щелердің біреуіне оқуға түсу. Әкесі Бақыт­бекті  Шымкенттегі Ә.Қастеев атындағы көр­кемсурет  училищесіне апарып, құжаттарын тапсырды. Алайда, екі емтиханнан «бес» алған Бақытбекті әкесі  оқуға түсіп тұрға­нына қарамастан қайтадан ауылға алып кетеді. Училище директорының: «Көке, әкетпеңіз, балаңыз екі бес алды, училищеге түсейін деп тұр» – деп шырылдағанына  да көнбей, құжат­тарды алып, ауылға қайтты.

Ауылға келген соң  әкесі бір конвертті қолына ұстатып тұрып: «Балам, сен  Алма­тыда оқитын боласың, РФМШ-ға шақы­рып жатыр», – деді. Шымкенттен көңілсіз келген Бақытбек үшін бұл керемет жаңалық болды, сол сәтте одан бақытты адам жоқ еді. «Ле­нин­шіл жас» газетінің соңғы бетіне жария­ланған РФМШ-ға 9-шы сыныпқа түсетін­дерге арналған есептер жиынтығын шыға­рып, 12 беттік дәптерге толтырып, поштамен салып жібергені сонда ғана есіне түсті оның.

Сонымен,Б.Қошанов Қарсыбай Спа­таев атындағы 8 жылдық мектептен кейін 1977 жылы Республикалық физика-математика мектебіне түседі. Бұл мектепте сынып жетек­шісі, математика мұғалімі республикаға танымал тұлға  Күләш Еркінбекқызы Толым­бекова болды. Күләш апай елден бұрын есеп шығарған  Бақыт­бектің зеректігіне риза болып,   «алтын бұйрабасым» деп мақтап оты­ра­тын. 1979 жылы РФМШ-ны бітіргеннен кейін, Қазақ  мемлекеттік университетінің математика факультетіне оқуға түсіп, 1981 – 1983 жыл­дар аралығында үздіктер қатарында Этвеш Лоранд атындағы Будапешт мемле­кеттік университетінің (Венгрия) математика факультетіне дәріс алуға аттанады. 1986 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемле­кеттік университетін қызыл дипломмен  бітіреді де, Арқалық педагогикалық инсти­тутына жұмысқа жіберіледі, сонымен бірге,  КазМУ-дің аспирантурасына қабылда­нады.

1986 жылғы Желтоқсан  көтерілісінің  жалыны  Бақытбекті де жанап өтеді. 18 жел­тоқсан күні Карл Маркс (қазіргі Қонаев) пен Шевченко көшелерінің қилысында УАЗ машина­сындағы әскери қызметкерлер ұстап алып, тексереді. Бақытбектің  төлқұжатында  тіркелімі болмағаны үшін «келімсек  революционер» деп тұтқындайды. Медеу ауданының Ішкі істер бөлімінде 3 күн қамауда отырады. Үшінші күні КазМУ-дің аспиранту­расының бастығы Зинаида Кари­мовна Валиханова: «Төлқұжаттық тіркелімі­нің  жоқтығына біз кінәліміз, аспирантураға түскені туралы  бұйрық   8-желтоқсанда шықты, 10 күнде  тіркеу  жасап үлгермедік» деп, босатып алады. Бірақ, бұл оқиға елеусіз қалған жоқ, факультеттің комсомол, партия жиналыстарында мәселесі талқыланып, әбден әуре-сарсаңға түсіреді.

1989 жылы аспирантураны ойдағыдай бітірген соң Арқалық педагогикалық инс­титутының  математикалық талдау кафедра­сында асссистент, оқытушы, аға оқытушы болып жұмысын жалғастырады. 1990 жылы КазМУ-ге қызметтік талдау  және ықтимал­дықтар теориясы кафедра­сына ауысады.

Бақытбектің ғылыми жолы Қазақ­стан­ның белді математиктерімен (үш китімен) тікелей байланысты. Алғашында, дипломдық жұмыстың жетекшісі, әлемге әйгілі мате­матик, физика-математика  ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Мұхтарбай Өтелбайұлы Өтелбаев болды. Кандидаттық диссерта­цияны көрнекті ғалым, физика-математика  ғылым­дарының док­торы, профессор Шалтай Смағұлұлы Сма­ғұловтың жетек­шілігімен, ал док­торлық диссерта­цияны аса көрнекті мате­матик, физика-математика  ғылымдарының док­торы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Тыныс­бек Шәріпұлы Кәлменовтің жетек­шілігімен қорғайды. Сол себептен де болар, Бақыт­бектің ғылымдағы айналысатын саласы әр түрлі.

1991 жылы кандидаттық диссертацияны «Бастапқы тығыздығы ерекшеленген магнитті газды динамикалық теңдеулер үшін шеттік есептердің шешілуі»  атты тақырыпта, ал докторлық диссертацияны 2010 жылы «Полигармониялы теңдеуі үшін регулярлы шеттік есептердің Грин функ­циясын құру және олардың қасиеттері» атты тақырыпта қорғайды.

Ғылым жолында тынбай еңбек етуіне қолдау жасап жүргендердің бірі, ғылыми консультанты, бүгінде еліміздің  белгілі математигі – физика-математика  ғылым­да­рының докторы, профессор Балтабек Есмат­ұлы Қанғожин. Бақытбектің осындай ғылы­ми жетістіктерге жетуіне Балтабек Есмат­ұлының  қосқан үлесі зор. Б.Д.Қоша­новтың ғылыми тағылымының саласы – Магнитті газды динамика есеп­терінің шешімділігі және Полигармониялы теңдеулер үшін шеттік есептердің Грин  функциясын құру және оларды қолдану.

Оның негізгі ғылыми жетістіктері  ретінде: «Бастапқы тығыздығы ерекше­ленген магнитті газды динамикалық теңдеулер үшін шеттік есептерінің ше­шілуі» («Известия АН КазССР», «Си­бирский журнал чистой и прикладной математики»), «Көп өлшемді полигар­мониялы теңдеулер үшін Дирихле есебінің Грин функциясын құру», («Complex varіables and Ellіptіc equatіons», «Доклады Российской Академии Наук», «Сибирский математический журнал»), «Полигармо­ниялы теңдеулер үшін шеттік есептерінің шешім­ділігі», («Математический журнал, Алматы», «Уфимский Математический журнал», «Journal Advances іn Pure and Applіed Mathematіcs»), «Пуассон және бигармониялы теңдеулер үшін шектелме­ген облыстарды Дирихле есебінің шешімі жайында» («Мате­матический журнал, Алматы»), Жоғарғы ретті эллиптикалық теңдеулер үшін Дирихле-Нейман  жалпы­ланған есебінің шешілуі тура­лы» («Диф­ференциальные уравнения» жур­налы) сияқты еңбектерін ерекше атап өткен жөн.

Б.Д.Қошанов 90-нан астам ғылыми еңбектер басып шығарды, сонымен қатар,  ғылыми монография («Полигармониялық теңдеулер үшін жүйелі аймақтық есептер: монография // Алматы: ИМММ, 2016. – 227 б.»., физ.-мат. ғылымдарының докторы, профессор Балтабек Қанғожинмен бірге) мен ғылыми әдістемелік оқулық («По­лигармо­ниялы функциялар және оларды талдау»)  жазды.  Ғалым  ғылыми  кадрлар  дайындау  ісімен  де  белсене араласады. Оның ғылыми жетекшілігімен біршама PhD докторлық, магистрлық диссерта­циялар қорғалғанын айта кеткен де жөн. Ол 2007-2009 жылдары  ҚР мемлекеттік стипендианты атанды.

Бақытбек Дәнебекұлы 1995–1999 жылдар аралығында Алматы техноло­гиялық инсти­тутында «Жоғарғы мате­матика» кафедрасы­ның меңгерушісі, «Тағамдар технологиясы» факультеті деканының орынбасары қызмет­терін атқарды. 1999–2004 жылдар аралығын­да сол кезде жаңадан құрылған Респуб­лика­лық тестілеу  орталы­ғының  ғылыми-зерттеу әдістемелік лабора­ториясының меңгерушісі қызметін атқарып, 26 пәннің (орысша, қа­зақша) негізгі базасын құруға тікелей атсалысты. Жұмыста ол өзінің іскерлік, жасампаздық қатынасымен, еңбексүйгіштік, кәсібилік, қайырымдылық және жауап­кершілік қасиеттерімен  ерек­шеленеді, Математика және математи­калық моделдеу институты ұжымының құрметіне бөленген.

Бақытбек Дәнебекұлы өзінің жары Бақыт Тұрысбекқызы  Кітапбаевамен екеуі  екі ұлды – Таңат пен Мақсатты тәрбиелеп, өсіріп отыр. Үлкен ұлы Таңат КБТУ-ды бітірген соң, маман ретінде Астанадағы  ЭКСПO құрылысына  атсалысса, Мақсат әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «механика» мамандығын бітірген.  Қазіргі кезде жеке кәсіпкер, компьютер саласының маманы. Бақытбек пен Бақыттың қуаны­шына немерелері Жантөре мен Жәңгір, Рамазан мен Айқын  өсіп келеді.

Еркімбек атасының «аппақ» баласына, Күләш апайының «алтын бұйрабасына» зор денсаулық, мол бақыт, ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек тілейміз.

 

Шерәлі БІЛӘЛ,

физика-математика  ғылымдарының  кандидаты,  филология  ғылымдарының докторы,  профессор.