«ДУМАННЫҢ» СӘУЛЕСІ

dsc_0043

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Жанына жақын тарта білетін адам көрсек, «біздің» деп жекеменшіктеп алатын мінезіміз бар ғой, ал Медеу ауданына қарасты №2 қалалық емхананың «Думан» ықшамауданындағы филиалының жалпы тәжірибедегі дәрігері Сәуле Қалибекқызы Бижігітованы бүкіл «Думан» ықшамауда­нының тұрғындары «біздің Сәуле» деп құрметтеп, сыйлайды. Сондықтан болар, олар Сәуле деген есім ести қалса, «Қай Сәуле, біздің «Думанның» Сәулесі ме?» деп елеңдесіп жатады. Көптің құрметі мен ыстық ықыласына бөлену қазіргідей мейірім тапшы болып тұрған мына заманда оңай болмаса керек. Ол үшін сол көптің жүрегінің төрінен орын ала білу керексің. Ал  жұрт­тың аузында қолы шипалы, аузы дуалы дәрігер атанып жүрген Сәуле Қали­бекқызы жұрттың жүрегін өзінің дәрігерлік білікті­лігімен ғана емес, кішіпейіл де қара­пайым мінезімен, адамгершілік қасиетімен де баурап алған ақ пейілді абзал жанның бірі.

Уақыт шіркінде тоқтам болсын ба, Сәуленің қолына дәрігерлік диплом алып, «Гиппократ антына адал дәрігер бола алам ба, жоқ па?» деп жүрегінің лүпіл қаққаны күні кеше ғана сияқты еді, ал қазір қарап отырса, дәрігер болып қызмет атқарғанына да ширек ғасыр уақыт болыпты. Ал өзі болса, әйел затының ең әдемі, даналыққа  бет бұрар, келін мен күйеу балаға ене, немерелерінің әжесі атанған әдемі жасы екі жиырма бестің басын қосар белеске де жетіпті. «Шүкір» дейді, қызметінде құр­метті, көпке сыйлы, отбасында Азаматтай  ержігіттің сүйікті жары, алтындай екі қыз бен екі ұлдың аяулы анасы, шаңырағының жарқын мінезді шырақшысы – Сәуле Қалибекқызы.

1990 жылы Алматы медицина институ­тының «емдеу ісі» факультетін терапевт-дәрігер мамандығы бойынша бітірген ол еңбек жолын туған жері Талдықорған облы­сының Гвардия ауданындағы Голубинов­ский ауылындағы дәрігерлік амбулатория­ның меңгерушісі болудан бастаған еді. Әлі тәжірибе жинақтай қоймаған жас дәрігер ауыл адамдарының денсаулығына жауапты бөлімді басқаруға жүрексіне кіріскенмен, көп ұзамай-ақ ауыл адамдарының алғы­сына бөлене бастады. Тіпті, оны кішкентай кезінен білетін жерлестері Сәулетай тура Зоя Степановнадай мықты дәрігер болыпты десіп, мұны жақсы сөздерімен демеп, қолдау көрсете білді.Үлкендердің ақ батасы мен сенімдері оны күн өткен сайын шыңдай түсті. Дәрігерлік мамандықты таңдауда қате­леспегеніне көз жеткізді. Зоя Степа­новна Сәуленің ауылдағы көрші дәрігер апайы болатын.

– Менің дәрігерлік мамандықты таң­дауыма көршіміз Зоя Степановнаның ықпалы көп болды. Ол кісінің жұмыстан кейін де үйіне адамдар келіп қаралып жата­тын. Жұрттың барлығы сол кісінің үйінен шықпайтынын көріп жүргендіктен, қуыршағымды арқалап мен де Зоя Степа­новнаға барып, қуыршағымды тексеріп беріңізші дейтінмін. Сонда ол кісі ерінбей қуыршағыммен қоса өзімді де тексеріп, «Біздің Саулеша дәрігер болады» деуші еді маңдайымнан сипап. Үйге келе сала мен Зоя Степановна болып ойнап, үйдегілердің мазасын алатынмын. Дәрігер болсам деген арманыма ықпал еткен сол Зоя көршім болса, ал арманымды алға жетелеп, жақсы маман болып шығуыма институтта терапия пәнінен дәріс берген ұстазым Анна Андреев­на Белоусованың ықпалы зор болды. Қазір көршілерім маған келіп тұрады. Сондай кезде Зоя апайымды есіме алып, қанша шаршап тұрсам да көрші­лерімнің денсаулығын тексеріп, ақыл-кеңе­сімді беруге тырысамын.

Қабақ шытып, ренжіп, шар­шап тұрғанымды сездір­ген емес­пін. Өйткені, менің ұстаздарым мамандығын жақсы көрген адам ешқашан жұмысынан жа­лық­пайды дейтін. Мен маманды­ғымды жақсы көремін, – дейді ел марапатына бөленіп жүрген «Ду­ман­ның» Сәулесі.

«Жұмысына қуанып барып, үйіне қуанып қайтатын адам бақытты» деген тәмсілді Сәулеге қарата айтуға болады.

Өйткені, оны жұмыста өзін жақсы көретін емделушілері асыға күтіп отырса, ал үйде әрдайым өзіне қолдау көрсетіп, қорғаны болып жүрген жары Азамат, қызы Жібек, ұлы Дәулет және бүгінде басқа отаудың отын жағып отырған сағындыра келіп тұратын тұла бойы тұңғышы Айданасы мен күйеубаласы Ерболат, немерелері Жәния мен Нұрәли қарсы алады. Адам бақыты деген осы да.

«Нұр Отан» партиясының мүшесі, аудандағы қоғамдық жұмыстардың белсен­дісі Сәуле Бижігітова медицина қызметкер­лерінің күніне орай ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен мара­патталды. Өз саласы арқылы көрсе­тілген бұл құрмет оған тағы бір үлкен жа­уап­кершілік жүктегені анық. Ал ол ама­натты Сәуле Бижігітованың абыроймен ақтайтындығына емхананың бас дәрігері Тоғжан Еспергенова басшылық жасайтын №2 қалалық емхана ұжымы нық сенеді.