«БІЛЕКТІ БІРДІ ЖЫҒАДЫ, БІРІККЕН КӨПТІ ЖЫҒАДЫ»

Шанхай ұйымының қатары көбейді

5-%d0%b1%d0%b5%d1%82%d0%ba%d0%b5

Көпшілік хабардар болып үлгер­геніндей,  Астанада  әлемдік  ЭКСПО-2017 көр­месінің салта­нат­ты ашылуы қарсаңында – 8-9 маусым күндері ШОС (Шанхай ынты­мақтастығы ұйымының) кезек­­ті саммиті өтті. Мұндағы басты жаңалық — ұйымның қата­ры көбейіп, оның құра­мына Үн­діс­тан мен Пәкістан қабылданды.

Еске сала кетсек, ШОС әуелі 1995-1996 ж.ж. аспан­асты елінің Шанхай қала­сында  Қазақстан, Қыр­ғыз­стан, Қы­тай, Ресей және Тәжікстан елде­рінің келісім­дерімен құ­рылған. Сонан соң 2001 жылы бұл ұйымға Өзбек­стан қосыл­ды.

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Халықаралық Шанхай ынтымақтас­тығы  ұйымы  әу бастан  НАТО сияқты әске­ри  альянс,  не АРФ  (Азиялық аймақ­тық форум)  тәрізді   таза қауіпсіздік  мәсе­лесін емес, өзінің алдына терроризм, сепа­ратизм, экстремизм, есірткі тасымалына және табиғат апаттарының салдарына қарсы күресіп, қамту аймағында тұрақ­тылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жайын міндет етіп қойды.

Арада өткен бес-алты жылдың ішінде  ШОС-қа басқа мемлекеттердің назары ауып,  Моңғолия, Иран, Ауғанстан, Бела­русь, Үндістан, Пәкістан – бақылаушы мәртебесін иеленді. Армения, Әзірбайжан, Шри-Ланка диалогтық әріптес ретінде қабылданды.  2015 жылдың шілдесінен Үн­дістан мен Пәкістанды толыққанды мүше етіп қабылдау шаралары қолға алынып, оның соңғы нүктесі  Астанада қойылды.

Сонымен  Еуразия құрлығындағы елеулі  бірлестік-ұйым  ШОС-тың  қатары сегізге жетті.  Оның  территориясы 34 млн. шаршы шақырымды құраса, халқының саны  3 млрд. 40 млн. адамнан асады (Жер шары тұрғындарының 43 пайызы),  әлемдік ЖІӨ төрттен бірін өндіреді. Құрамындағы төрт  ел: Қытай, Ресей, Үндістан және Пәкістан ядролық  қаруларға ие.

Сөйтіп, о баста шекаралық аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «алтылық­тың» ұйымы ретінде құрылған ШОС бірте-бірте өңірлік  бірлестікке, ақырында халықаралық альянсқа айналды. Дұрысы, мұны халықаралық ұйымнан гөрі геосаяси жоба деген жөн секілді.

Айрықша  бір атап өтерлігі, ШОС-тың Астанадағы басқосуына БҰҰ Бас хатшы­сы А.Гутерриш қатынасып:

– Мен осы саммитке Шанхай ынты­мақтастық ұйымының бірте-бірте бүкіл әлемдегі ықпалдастық орталығына айнала бастағанын жете сезініп келдім. Бұл ұйым, менің ойымша, бүгінгі әлемдік құрылым­ның маңызды тірегі болып саналады. Үн­дістан мен Пәкістан осы басқосуда сын­дар­лы диалог жүргізу үшін жаңа мүмкін­діктерге ие болады деп ойлаймын, – деген пікір-лебізін білдірді.

Саяси сарапшылар, саясаттанушылар тарапынан  ШОС-тың  мақсат-мүддесі жайында әрқилы пікірлер айтылуда. Біреулері  Қытайды ең бастысы ШОС-тың экономикалық мүмкіндігі қызықтырады, мұнымен ол өзінің  «Бір белдеу – бір жол» жобасын  жүзеге асыруды көздеп,  алдымен Орталық Азияға, ТМД  елдеріне, әрі қарай  Парсы  шығанағына, Еуропаға шығуға ұмты­лады десе, екінші біреулері Ресей  ШОС-қа мүше болу арқылы терроризмге, экстремизмге және сепаратизмге қарсы күресіп, санкциялық қысымына ұшырап отырған Батысқа қыр көрсеткісі келеді, дейді. Бірақ, Мәскеу  Пекиннің Орталық Азияға, посткеңестік елдерге  экономи­калық экспансия жасағанын қалмайды, сондықтан да өзі бас болып құрған  ЕурАзЭС (Еуразиялық экономика­лық одақтың) нәтижелі жұмыс істеуіне барынша  күш  салады дегенді айтады.

Бүгінгі күні қатары сегізге жеткен ШОС-ты  кейбір саяси сарапшылар батыс­тың әйгілі G7 «жетілік» (АҚШ, Англия, Германия, Жапония, Италия, Канада және Франция) елдеріне  балама ретінде құрылып отыр деседі. Себебі, аталған «жетілік» (өзінің жарғысы, келісім-шарттары бар ресми ұйым болмағанымен) аса дамыған мемлекеттердің халықаралық клуб ретінде  жаһандық геосаясат пен экономикаға айтар­лықтай ықпал етеді. Сондықтан да  кейде әлдебір әлемдік мәселелер талқы­ланғанда Қытай, Ресей, Үндістан сияқты елдердің есесі кеткендей сезіледі.

Айтқандай, Астана саммитінде Үндіс­тан мен Пәкістанды мүшелікке қабылдау шарасына қоса, халықаралық терроризмге қарсы күрес, Ауғанстан мен Таяу Шығыс­тағы жағдай талқыланды. Сондай-ақ, Қытай­дың  «Бір белдеу – бір жол» жобасын қолдау  декларациясына қол қойылды.  Бір қызығы, бұл кезде Үндістан  дауыс бере­тіндей толыққанды мүше болып үлгермеген еді.

Әйтсе де, құрылғанына он алты жылдан асып бара жатқан ШОС-тың  араласуымен қандай да бір халықаралық шаруаның шеші­­ліп, не көпжақты жоспар-жобаның жүзеге асқанын еске түсіріп, айту қиын. Былайша айтқанда, артылар үміт пен сенім алда.

Дей тұрғанмен, ШОС ұйымына бір-бірімен қырғиқабақ Үндістан мен Пәкіс­танның  мүше болып кіруі  жұртшылықты таңдандырып отырғаны рас. Өйткені, басқасын айтпағанда, соңғы жетпіс жыл көлемінде, яғни, 1947 жылдан бері екі елдің арасында бірнеше соғыс пен қақтығысқа себеп болған Джамму мен Кашмир штат­тарына қатысты территориялық дау-жан­жал әлі күнге  шешілмей келеді. Осыған бай­­ланысты болса керек, Үндістан Пәкіс­танды  «елдің шырқын бұзатын исламдық террористік ұйымдарды қолдайды» деп айыптайды. Оған дәлел ретінде 2003 және 2008 жылдары  Мумбайға жасалған шабуылды, соның  салдарынан  екі жүзден астам адамның құрбан болғанын, мұндай қылмыстық істің ар жағында терроршылар ғана емес, Пәкістанның күштік құры­лымдарының тұрғанын алға тартады. Бұл орайда,  Үндістан да қарап қалмай  2016 жылдың қыркүйегінде  оның арнаулы жасақтары  Кашмирдің  Пәкістанға қарай­тын бөлігіндегі «Джейш-э-Мухаммед», «Лашкар-э-Тоиба» және  «Хизб-уль-Муджахеддин» сияқты терроршыл ұйым­дардың лагерлеріне  шабуыл жасап, елуге жуық жауынгердің көзін жойды.

Бұған қоса, Үндістан  Қытайдың  «Бір белдеу – бір жол» жобасын  онша қолда­майды. Оның түп-тамырында  экономика­лық экспансия – «отарлау» жатыр деп есептейді. Сол себепті де осы жобаға арна­лып,  биылғы жылдың мамыр айында Пекинде өткізілген халықаралық  форумға қаты­насқан жоқ. Ресми түрде «Қытай-Пәкіс­тан  инфрақұрылымдық  жол қаты­насы жобасының  (үнді жағы өз жері деп есептейтін)  даулы аймақтан өтетініне қарсы­лыққа  байланысты  қатыспайды»  деген мәлімдеме жасалды.

Міне, осылардан кейін  Қытай – Үндіс­тан – Пәкістан үштігі  ШОС ұйымының шеңберінде  өзара тізе қосып, түсіністікпен жұмыс істей ала ма деген сұрақ туындайды.

Бір айта кететіні, ШОС-тың жарғысына және қабылданған келісім-шартқа сәйкес мұнда саяси-экономикалық әлеуетіне қарай Қытайдың да, Үндістанның да немесе Ресейдің де үстемдігі жүрмейді.  Әр мемлекет,  тіпті, Қырғызстан мен Тәжікстан да бір-бір дауысқа құқылы. Ұйымның аясын­дағы кез-келген шешім  барлық мүше елдердің мақұлдауымен, яғни,  кон­сенсуспен қабылданады.

Алайда, жаңадан қосылған  Үндістан мен Пәкістан да сыртқы саясатта, халық­аралық қатынаста оңайлықпен ешкімге есесін жібере қоймайды. Мұның қай-қай­сысы да  ШОС-қа мүшелікке кірердің алдын­да мүмкіндік пен жағдай төңірегінде «мың толғанып, жүз ойланып», «жеті өлшеп, бір кескендері» кәдік. «Үмітсіз шайтан» дегендей, бәлкім, ШОС олардың  жаңа мазмұн мен сипатта келіссөздер жүргізіп, ымыраласуына жол ашып қалар.

Шанхай ұйымына кірудің ендігі кезегі  Иранға келді. Кезекте тағы Ауғанстан,  Беларусь және Моңғолия тұр. Бұл бірлес­тікке кіруде АҚШ пен Батыстың қысымы­нан арыла алмай отырған  Тегеранның өз есебі бар. Екінші жағынан, оны Қытайдың Жібек жолын жаңғыртуға бағытталған – «Бір белдеу – бір жол» жобасы» қызық­тыра­ды.  Осы жобаның  мүмкіндігін пайдала­нып, өзіне инвестиция тартуды, экономи­калық қуаттын арттыруды көздейді.

ШОС-қа мүше болуға Ауғанстан да асығулы. Ол Шанхай ынтымақтастығы елдерінің  ішкі жағдайды тұрақтандыруға, экономикалық  ахуалды сауықтыруға септегі тиеді деп үміттенеді. Олай болуы да ғажап емес. Себебі, көршілес Пәкістанның  «Талибан» қозғалысына ықпалы жүретіні даусыз. Керек десеңіз, саясаткерлер  оны Исламабад тудырған «жоба»  деп жүр. Осы сияқты, Тәжікстан мен Өзбекстанның  ауған жерінде тұратын қандас бауыр­ларына  басу айтып, келісімге көндіруі ықтимал. Ал Қытай мен Үндістаннан  экономикалық қолдау болса жеткілікті.

Қазірше  Шанхай ұйымына мүше елдер әскери-саяси ынтымақтастық жайын қарастырудан аулақ.  НАТО-ға қарсылас-бәсекелес болудан қашқақтайды. Деген­мен, болашақта бұл мәселенің де күн тәртібіне қойылуы мүмкін.

БАҚ құралдарында жазылғандай, Астана саммиті аясында  Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Қытай қорғаныс министрі Чан Ваньцюаньмен кездесіп, қытайлық әріптесіне 2017 — 2020 ж.ж. арнал­ған екі елдің әскери саладағы ынтымақтас­тығын дамытуға  бағытталған жол карта­сына қол қоюға ұсыныс жасады. «Қытай мен Ресейдің  әлемде бейбітшілікті сақтау және халықаралық қауіпсіздікті қамтама­сыз етуде маңызды рөл атқаратынын»  атап көрсетті. Қытай  қорғаныс ведомство­сы­ның басшысы биылғы 2017 жылы  өз елінің Ресеймен бірлесіп әскери шара өткізуді жоспарлап  отырғанын  жеткізді.

Айтпақшы, Астана кеңесінде  тездетіп ШОС-тың ортақ банкісін құру мәселесі де сөз болды. Қаржы-қаражат  қай кезде де шешуші рөл атқарған. Демек, ШОС келе­шекте геосаясатта, экономикада сөзі өтімді  ірі де қуатты халықаралық ұйымға айнала­ды деп үміттенуге болады.

Қазақы ұғыммен ШОС жайында ой түйетін болсақ, «Білекті бірді жығады, біріккен  көпті жығады». Басқаша айтсақ, «Көп қорқытады, терең батырады».