Бес жүз адамға ауызашар берді

Мәслихат депутаты қала имамынан қарапайым көршілеріне дейінгілердің басын қосты

img_0308

Қасиетті Рамазан айының 19-күнінде Алматы қалалық мәслихатының депутаты, «Ахыска» республикалық түрік этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Зиятдин Касанов Медеу ауданындағы «Ритм» мейрамхана­сында ауызашар беріп, қуғын-сүргін, ашар­шылық, соғыс жылдарында шейіт болған барша қазақстандықтарға Құран бағыш­тады.

Бес жүзден астам адам дастархан басы­на жиналған ауызашарда Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы өкілдері, Алматы қалалық мәслихат депутаттары, Алматы қалалық ҚХА өкілдері, басқа да ауыз бекіткен мұсылман жамағат жиналды. Алматы қаласының бас имамы Нұрбек қажы Есмағанбет Құран оқып, жамағаттың басын қосқан Зиятдин Исмиханұлы оразадағы тілегін айтты.

img_0190-1

– Ағайын, баршаңызды қасиетті Рамазан айымен құттықтап, жылдағы қалып­тасқан дәстүр бойынша басқосу өткізіп отырмыз. Бүгінгі дастархан басында өзге дін өкілдері де отыр,  оның өзіндік себептері бар. Олар, негізінен, Қазақстан халқы Ассамблеясындағы әріптестер. Олар сонау сұрапыл жылдары қуғын-сүргін көріп, Қазақстанға күштеп қоныс ауда­рыл­ғандардың ұрпақтары. Қазақ халқы өзі аш болса да, жарты құртымен бөлісіп, аман алып қалғандардың ұрпақтары. Менің өзім де қазақтан қайыр көрген сол буынның ұрпағымын. Жалпы, ашаршылық, репрес­сия, соғыс, т.б. 1930–1950 жылдардағы сұра­пылдардың азабын ең көп тартқан қазақ халқы. Біздің аталарымыздың, әкеле­ріміздің аманаты бойынша біз қазақ халқы­на мәңгілік қарыздармыз, мәңгілік алғыс айтып өтеміз деп ойлаймын. Сол себепті де қасиетті Рамазан айында, ораза­ның үстінде бақилық болған барша қазақ­стандықтарға Құран бағыштасақ деп едім, – деді ҚХА мүшесі, мәслихат депутаты, меценат Зиятдин Касанов.

З.Касанов бүгінгі Қазақстанның бизнес өкілі ретінде Елбасының толеранттық саясатын жүзеге асырып отырған егемен елде ұлтына, дініне қарамастан барлық мүмкіндіктер жасалғанын да тілге тиек етті. Тәуелсіз Қазақстанда заң аясында әрекет етсең табысқа жетіп, халық қалаулысы атану­дың үлгісі ретінде өзін мысалға кел­тірді. «Осының бәрі Қазақстан топырағы­ның, қасиетті қазақ халқының ниеті арқа­сында», – деді З.Касанов.

img_0204

Белгіленген уақытта ауыз ашып, дастар­ханда бас қосқан жамағатқа Алматы қала­лық мәслихатының хатшысы Қалды­бай Қазанбаев, Алматы ҚХА этно-мәдени орта­лықтары басшылары, Түркияның Алма­тыдағы консулы, т.б. тілек айтып, Рамазан айымен құттықтады. Бүгінде барша қазақ­тың апасына айналған, қазақ тілінің жана­шыры, ғалым Асылы апа Осман жамағат­тың басын қосқан Зиятдин бауырына алғыс айтты.

– Зиятдин өзімнің тәрбиемді көрген бауырым. Жалпы, оның елге жасаған қайырымдылығы, жайған дастарханы мен көңіл-ниетінің барлығы да қазақи. Қазақ халқынан қайырым көрген әрбір ұлттың өкілі осылай етсе екен, – дейді Асылы Әлиқызы.

Ауызашарда Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы (ҚМБД) өкілі, бас мүфти­дің орынбасары М.Алсабеков қажы баста­ған имамдар сонау зұлмат жылдарда шейіт болған қазақстандықтарға бағыштап Құран оқыды. Ауызашарға келгендер де бір-біріне оразадағы игі тілектерін айтып жатты.