АҚҚУЛАР КӨЛІНЕ ОРАЛДЫ

%d1%8b%d1%80%d1%8b%d0%bc

Өмірден баяғы заманда өтіп кеткенмен, қазір де қалың Қытайды жатқызып-тұрғызатын абыз ақылман Конфуцийдің мынадай бір сөзі бар: «Адамның пейілі қандай болса, өмірі де сондай». Жадымда қалғаны бойын­ша келтіріп отырмын. Кере­мет сөз емес пе? Өмірдің ақиқат шындығы. Рас, мына қиын да қилы тіршілікте бұған кейде кері болуы да мүмкін. Десек те, адамның әрбір ісі, қоғамда шыққан биігі ниетінен, алға қойған мақсатынан баста­латыны онша дәлел тіле­мейді. Тек осы шын ниет, қатты мүдделілік нақты іске, қабілет­ті­лікке ұласса, адамның жақсы амалы көп, алмайтын қамалы жоқ.

Бақыт САРБАЛАҰЛЫ

Адамдықтың асыл тіні – адалдық болса, пейіл-ниет түзелмей, бесік пен есік түзелер ме?! Осы орайдан келгенде, менің ойыма кейде: «Мына біздер бүгін бақыттырақпыз ба, жоқ жалындаған жас шағымызда бақытты болдық па?» деген сауал оралады. Әрине, басымыздан кешкен, өткеріп жатқан қоғамдық-экономикалық жүйені ескермегенде. Жеке адам ретінде. Құрдас-әріптестерімді қайдам, өзімнің бүйрегім жиырма мен отыздың арасындағы жарқын күндерге бұра беретінін мойындағым келеді. Әсіресе, шығармашылық тұрғыдан. Біз адам екенімізге мерейленіп, келешегіміз бар, нұрлы екеніне сеніп өстік. Асқар асулар қол бұлғап шақырып тұрды алдан. Осы себептен қаламымыз да жазған сайын  ұшталып, «Лениншіл жас» бетінде жарық көрген әрбір жырымыз, мақаламыз, әңгіме-сырымыз, хикаяттарымыз елді елең еткізіп, билікті дүр сілкіндірмегенмен, тас жарып, тал өсіргені де сол кезгі өмірдің шындығы еді. Мәселен, таралымы 500 мыңдық жастар газетінде бір топ өлеңің немесе жарты бет жырың жарқыратып берілді ме, ертеңіне  ұйқыдан есіміңді күллі ел білетін Ақын болып оянатынсың.

Қазақ әдебиетінің қазіргі ұлылары мен ұстындары Әбіш Кекілбаев, Ақселеу Сейдімбек, Қалдарбек Найманбаев, Оралхан Бөкеев, Кәдірбек Сегізбаев, тағы солар секілді қаламгерлерді жап-жас кезінде жарқыратып ашып, бірден белгілі қаламгерлер етіп жіберген де – осы жастар газеті. Мен тікелей осы басы­лымда жұмыс істеп, ғарышқа қанат қаққандарды ғана айтып отырмын.

«Лениншіл жас» әдеби-көркем дүниелер түгілі әдетте көңілсіз, бұларсыз газет шықпайтын болса да екінші қатардағы дүниелер саналатын журналистика жанрлары заметка, суреттеме, очерк, репортаждардың өзін тап­қыр­лықпен сәтті безендіріп беріп, жарқыратып жария­лайтындықтан халық бұлардың да авторларын жақсы білетін, елге барғанда төбесіне көтеріп қарсы алатын.

Осы кездерде «Очеркті  «Лениншіл жас» журна­лис­терінше жазу керек» деген де ұғым  туған. Не жасыра­тыны бар, 1960–1970 жылдары тұтас бір толқын  жастар, жас журналистер «Лениншіл жас» қаламгер­леріне еліктеп жазып үйренгені, өскені, газеттің өз алдына бір мектеп болғаны да ақиқат.

«Ат қайда Ақбақайдай!..

«Жұлдыздар бұлтты жарып барады».

«Қызғалдақ кешкен қыз».

Мен өзім сол кездері тәнті болып тамсанып оқыған, әлі жадымнан шықпай, жаңғыртсам, жалт-жұлт етіп шыға келетін кейбір очерктер осылар. Бұлардың авторларының арасында менің құрдасым, қазақтың белгілі, белді қаламгерлерінің бірі – Ырым Суанбайұлы Кененбай да бар.

Байқайсыз ба, әңгіме құрдастарымның бітім-болмысына, шығармашылық ұстаным-ұлағаттарына көшіп барады. Тіпті, бағанадан бергі сөзіміз әлқиссасы да «Лениншіл жаста» менің құрдастарым белсеніп қызмет істеген кезеңге қатысты. Өз басым 1974 жылы аталмыш жастар газетінің әдебиет және өнер бөліміне тілші болып жұмысқа тұрсам, газет қызметкерлерінің негізгі мәйегі – сайдың тасындай менің құрдастарым екен. Міне, осы газетте мен Ырым Кененбаймен де танысып, көп ұзамай-ақ құрдас, дос, замандас ретінде табысып кеттік.

Бұл жылдары біздің халқымыз талантқа бай, жомарт еді десек, асыра айтпаспыз. Осында бірге қызмет істеген Серік Әбдірайымов, Аян Нысаналин, Құрманғазы Мұстафин, Эрнест Төреханов, Рәшит Рахымбеков, Төлен Қаупынбаев, тағы басқаларды айтпағанда, Мағира Қожахметова, Әшірбек Көпішев, Жұмагүл Солтиева, Жақыпжан Нұрғожаев, Асқанбай Ерғожаев және өзгелердің қай-қайсысы да кейіннен қазақ журналистикасының сарбаздары мен сардарлары болып қалыптасты. Кеңес өкіметінің Леонид  Брежнев басқарған кемелденген тұсында өмір сүргеніміз бақ болды ма, кешегі сұрапыл соғыстан аман-есен оралып, біздерді көрген әке-шешелеріміздің алақанға салып өсірген тәлім-тәрбиесі   тақ болды ма, тіпті туған жыл-айларымыздың табиғатының бой-сойымызға сіңірген ерекшелігі де бар ма, әйтеуір арманшыл, аңғал, адал, пейілі – таза, жамандыққа – наза ұрпақ болып өсіп, қалыптасқанымыз аян. Міне, біздің Ырым Кененбайдың талантты журналист, қарымды қаламгер болудан да бұрын ақ пейіл, бақ-мейір бітім-болмысты жігіт, асыл адам, абзал азамат болып қалыптасқанына күмән  кем. Сондықтан да шығар, мен жақында Ырымның кезінде бәрі дерлік «Лениншіл жас» газеті беттерінде жарық көрген очерктерін, мақалаларын, толғамдарын  қайтадан оқи отырып, олардың дені ескірмегенін аңғарып, осы әдеби-әлеуметтік алуан дүниелеріндегі туған жерге деген жүрек  махаббатына, жан сырына тағы да қатты разы болғанымды айтқым келеді.

Мен тілеймін,

Жарқыным, сен де тіле,

Жақсылық орнасын де жер бетіне.

Аққу    тіле айдынның келбетіне,

Айдын тіле аққуды тербетуге, – деп жырлапты замандас ақын Мұқағали Мақатаев.

Бүгінгі күнгі  ой-тілектерін білмеймін және барлық құрдасымның жүрек-тілегіне жауап та бере алмаймын, бірақ сол 1970 жылдары «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істеген құрдастарымның, оның ішінде Ырымның да нақ осындай ниет-пейілде болғаны кәміл.

Міне, осындай жерім көгерсін деген тілектен, елім өркендесін деген жүректен отызға толған және толмаған Ырым Кененбай қаламынан «Қызғалдақ кешкен қыз» очеркі және «Аққулы мекен» повесі дүниеге келіп еді.

 

1.

 

«Жасыл жайлау төсінде жарқын жүзді жасампаз еңбек иелерімен қуана жүздестік. Солардың ішінде бір кездесу мен үшін айрықша болды. Ол жадыра жайлау төрінен бала күнгі досым Қалдыгүлді кезіктіру еді.

…Сол жылы қызғалдақ қалың шықты. Бүкіл қыр бетін қаулап өрттей болып алау нұрға  малындырып, жайқалып, жайнап тұрар еді. Күнде таңертең орнымнан тұрғанда сол қалың қызғалдақ ортасынан тұлым шашы желбіреген жас өрім қызды көретінмін. Ол үстіндегі көбелек гүлді көйлегі көлкілдеп, қалың гүл арасында қалқып жүрер еді. Алқызыл гүлді жапыра кешіп жүгірер еді. Содан әлдебір уақытқа дейін қайда қонарын білмеген көбелекше гүлден  гүл құшып, қалықтай ұшып құмарта қыдыра берер еді.

– Ол Қалдыгүл ғой, – дейтін анам солай қарап тұрғанымды байқап. – Мына қыр астына келіп қонған Мұрат қойшының қызы. Қырық жасқа келгенде Мұрат пен Күләннің көрген тұлабойы тұңғыштары көрінеді…

Ал Қалдыгүл болса мына тылсым дүниені бір сәт бейқам қалдырғандай қызғалдақ кешіп жүре берер еді, жүре берер еді. Бір қызығы, әр гүлге қонып, оны қызыға аялағанымен, бір тал гүлді үзіп алмайтын…

Қалың қызғалдақты кешіп, бір тал гүлді үзбейтін оның таң қаларлық мінезінің бұл құпия сырын мен кейіннен білдім…».

Бүгінгі күні бұл сөз-сөйлемдер көтеріңкі пафосты, әсіреқызыл сөздер көрінуі де әбден мүмкін. Бірақ, очеркті оқып отырып, мұны сезбейсің. Сезбейтінің – жүректен шыққан сөздер. Бұған қоса Қалдыгүлдей қазақ қыздарының жаны сұлу, әрі нәзік. Мұнысы  – әке-шешесі тәрбиесінің әсері де шығар, алайда өскелең өмір, тамылжыған табиғат көбіне-көп өнерден де сұлу емес пе? Жер жәннаты Жетісудің жайлауларын Ырым осылайша суреттемесе, қалай көрікті  жеткізбекші?!

Өмірден ойып алынған осы очерк – әдеби көркем әңгімедей. Жас сұлу, әлі буыны қатпаған өспірім Қалдыгүл аяқ астынан тағдырдың ауыр соққысына ұшырады. Аяқ астынан жаңбыр жауып, оның суық бұршаққа ұласуы, қар түгіл кейде тастар көшкіні – Жетісудың асқар таулы өлкелерінде таңсық емес. Сондай апаттар кесірінен және сол уақыттағы ел тұрмысы әлі де көп төмендігі себепті жеткілікті шипагерлік көмек жасалмауынан Қалдыгүлдің алдымен анасы, артынан әкесі опат болып,  қыз жалғыз қалады. Ол амалсыз алыс жамағайындары қолына кетеді.

Содан бері  арада талай жыл өтіп, Алматыда оқып, журналист болған кейіпкеріміз қызғалдақ кешкен қызды ұмыта да бастаған. Онымен ойда-жоқта жүздесу бәрін қайтадан жадыға оралтты. Сол Қалдыгүл Семейдегі жоғары оқу орнынан дәрігерлік мамандық алып, облыс орталығында табысты еңбек етіп, баспана  иеленсе де, бәрін тастап, кіндік кескен, өскен жеріне оралыпты. Қапыда әке-шешенің ажал құшуы өмірді өліп-өшіп сүйген қаршадай қызға аманат арақалатты ма, ол енді жасыл жайлауларда қайтадан қызғалдақ кеше алатын болыпты.

«Адам – өмірдің еркесі, өмірдің гүлі» болса, ал «гүл біткен – адам өмірінің көркі. Өмір адамды аяласа, адам гүлді аялауға» тиіс. Міне, осындай өмірге махаббат, гүлге ғашықтық  жанын тербеп өскен Қалдыгүлдің туған жеріне оралуы, өмірдің гүлі мен табиғат гүлін қолынан келгенше аялап, мына тіршілікте жақсылық молая беруге үлес қосуы түсінікті де еді.

Аталмыш очерк  Ырымның қаламы әбден ұш­талған, бабын тапқан 1973 жылы жазылса, мына бір дүниелер – одан гөрі балаң, бәлкім, студент қана емес, мектеп оқушысының қаламынан туған үлгілер. Осы ретте «Арман қуған қыз» атты шағын дүниені түгел келтірсек те артық еместей.

«Келер күні Сарноқай жайлауына көтерілдік. Бірімен-бірі таласып орналасып, биікке ұмтылған құзар шыңдар сені алға жетелегендей болады. Баяу ғана тербетілген тау қызғалдақтары саған қол бұлғағандай көрінеді. Мен биікке шыққанды, биікке ұмтылғанды ұнатушы едім.

Жүгіріп биік қыраттың басына шықтым. Бұл жерден айналаң тіпті көрікті болып көрінеді.

Дәл осы тамаша көріністің ортасында кітап оқып жап-жас қыз отыр. «Япыр-ау, деп ойлаймын мен ішімнен. – Бұл неғып жүрген адам? Жападан жалғыз. Қызық?»

Мен қызға жақындап келгенімде, ол кітабынан басын көтерді. Жүзінде таңданғандық белгісі бар (кітаптың әсері болса керек). Әдемі қой көздерінде күлкі ойнайды.

Қапелімде сөз таба алмай қалдым да:

– Сіз мұнда неғып жүрсіз? – дедім.

– Көрмейсіз бе? – деді қыз менің бас-аяғымды шолып өтіп. – Арман қуып жүрмін.

Ол осылай деді де, сәл езу тартты. Мен жаңа көрдім: қыраттың күн шығыс жағындағы қапталда қой жайылып жүр екен. Бейтаныс қыздың шопан екенін сезе қойдым».

Шынында да осынау жолдар – 1964 жылы, әлі мектеп оқушысы Ырымның қаламынан туған жолдар. Шып-шымыр. Әдемі. Шопан қыздың есімі – Сара. Сол уақыттағы талапқа сай очеркте жас шопан қыздың еңбек көрсеткіштері де қамтылған. Бірақ, шағын очерк қасаң, жадағай жазылмаған. Жалаң таныстыру емес, Тойлыбаева Сара қыздың шопандыққа келу себебін оқиғалы түсіндіріп, тартымды жеткізген. Арман жолына қол артқан 10-сынып оқушысы Ырымның, бәлкім, өзі қатарлас қыздың қарекетінен арман  қуғандықты көруі де жарасып тұр. Жасыл жайлау. Үлбіреген қыр қызғалдағы.

«– Сара, неткен әдемі едіңіз? – дедім ақырын ғана.

– Бір нәрсе дедіңіз бе? – деді Сара елең ете қалып».

Бұл  – 17 жастағы жасөспірім журналист Ырым Суан­байұлының бірдеңе деуінің басы ғана. Ары қарай ол ҚазМУ-дің журналистика факультетін оқып бітірді. Үшінші курста оқып жүргенде-ақ жұмысқа шақырыл­ды. Содан жастардың жалынды газеті, Ғани Мұ­ратбаев­тар жолын жалғастырушы, Шерхан Мұр­таза, Сейдахмет Бердіқұлов сияқты майталман маман,  жүректері елім деп соққан, алашшыл қазақ қалам­герлері жетекшілік еткен «Лениншіл жас» газетінде 11 жыл бойы еңбек етті.

Жемісті жылдар. Журналист ретінде де, жазушы-прозашы ретінде де жеңіс биіктерінен көрінген жыл­дар.