«АЛМАТЫ» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ЕКІНШІ ТЫНЫСЫ АШЫЛДЫ

немесе қатар келген қос қуаныш

 img_0452

Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында әсем шаһардың тыныс-тіршілігімен таныстырып, оның көзі мен құлағы болып отырған «Алматы» телеарнасында заманауи құрылғылармен жабдықталған және тікелей эфирде жоғары НD сапада хабар тарататын студияның тұсауы кесілді. Жаңа аппаратты – студиялық кешенінің іске қосылуы – арнаның екінші тынысын ашқалы отыр.

600-ден аса шаршы метрді құрайтын павильон-трансформерде бірден 3 студия аумағы жаңалықтарға, сараптамалық бағдарламалар мен таңғы шоуға арналып салынған. Пайдалануға беріліп отырған студиялық кешен телеарнаның сапасы мен жұмыс істеу мүмкіндігіне көп өзгеріс әкелетіні белгілі. Мәселен, үлкен студияда репортерлер мен жүргізушілер емін-еркін қозғалып, LЕD монитордан түсірілген бейнекадрларды көрсетуге, тілшілердің оқиға орнынан тікелей байланысқа шығуларына мүмкіндік бар.

1

Сонымен бірге,  арнаның жаңалықтар қызметінің, сараптамалық және таңғы шоу бағдарламасының форматы өзгеше болмақ. Студияда еліміздегі болып жатқан жаңалықтарды, оқыс оқиғаларды дер кезінде жылдам жеткізуге барлық мүмкіндік жасалған. Шаһар басшысы Бауыржан Байбек барша бұқаралық ақпарат саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

– Осынау мереке аясында барлық бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін шын жүрегімнен құттықтап, қиын да жауапты жұмыстарыңызға шығармашылық табыс тілеймін. Жұмысы жеңілдеу, қаржысы молдау салаға емес, осынау жанкешті кәсіпті таңдап, халыққа дер кезінде жаңалықтарды жеткізіп, шынды да, сынды да жеткізетін сіздерсіздер! Ал «Алматы» арнасының жаңа студиясы өз көрермендеріне дер кезінде барлық жаңалықты жеткізеді деп сенім білдіремін, – деген шаһар басшысы төл мереке қарсаңында журналистер арасында жарияланған «Мың бояулы қала – Город тысячи красок» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Салтанатты шараға ҚР ақпарат және коммуникация вице-министрі Алан Әжібаев қатысты.

Жеті номинация бойынша өткен байқаудың «Үздік  газет мақаласы» категориясы бойынша «Түркістан» газетінің журналисі Динара Желдібаева жеңімпаз атанды, ал «Үздік  радиоматериал» номинациясы бойынша екі журналист – «Астана» радиосының музыкалық редакторы Әйгерім Біләлова мен «Қазақ радиосының» журналисі Аман Тасыған жүлдені өзара бөлісті, қазақтардың Дүниежүзілік ассоциациясы сайтының редакторы Ерлік Кебекбай ғаламтордағы үздік материал номинациясын жеңіп алса, үздік инфографика жүлдесі «ІGRAPHІC» дизайн бюросының бас директоры Бағлан Айдашовқа бұйырды. Ал Жанна Ахметова  әлеуметтік желілердегі үздік посттары үшін, Максим Золотухин үздік фото­материалдары үшін, сондай-ақ, «Үздік телевизиялық сюжет»  номинациясы бойынша «Хабар агенттігі» АҚ Алматы филиалының журналисі Ұлан Нарынбек пен «Астана»  телеканалының журналисі Әділ Өнербаевтар жеңімпаз атанды.

img_0449

Журналистердің еңбегін Шерхан Мұртаза ағамыз «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» деп бағалағаны, сірә, тегін болмаса керек. Шаһар басшысы осынау жанкешті кәсіп иелерінің еңбегін жоғары бағалап, жеңімпаздарға қомақты қаржылай сыйлық тағайындады. Әп-сәтте «миллионер» боп шыға келген әріптестеріміздің де өздерінің жүрегі қалаған кәсіпке деген ынтасы одан әрмен  түскендей. Осыдан соң, қала басшысы жаңадан пайдалануға беріліп отырған студия кешенін аралап көрді.

Жалпы, «Алматы» телеарнасын жаңарту 2017 жылдың көктем мезгілінде басталған еді. Сәуірден бастап гра­фикалық әрлеу өзгерді, жаңа логотип әзірленді, баламалы эфир кестесі құрылды. «Алматы» телеарнасының эфирін ойын-сауықтық және ақпараттық таңғы шоу ашса, ары қарайғы уақыт жас көрермендерге арналады. Шетелдік және отандық мультфильмдер мен балаларға арналған бағдарламалар көрсетіледі. «Алматы» телеар­насының тілшілері тек Алматы қаласындағы оқиғаларды ғана емес, сонымен қатар, елде және шет елде орын алған жағдайларды көрсетеді. Күні-түні жұмыс істейтін жаңа­лықтар қызметінің Whatsapp  жедел желісіне Қазақстан­ның барлық облыстарынан тұрғындар хабарласады. Бүгінде «Алматы» телеарнасынан Алматы және Астана қалаларымен бірге 14 облыстың орталық­тарына да хабар таратылады. Елордада «Алматы» телеарнасының жеке тілшілері жұмыс істейді. «Алматы» арнасының пункті БАҚ өкілдерінің басын қосқан Қазмедиаорталығында орналасқан.

Керек дерек:

«Алматы» телеарнасы 1999 жылы қалалық теледидар негізінде құрылған. 2001 жылы эфирде «Оңтүстік Астана» атты жаңа арна пайда болды.

2005 жылы ребрендингтен кейін телеарнаның аты «Алматы» деп өзгертілді.

2010 жылы Акционерлік қоғам «Оңтүстік Астана» телерадиокешені аймақтық хабар таратудан республикалық арнаға айналды.

2016 жылдың ақпан айында «Алматы» телеарнасы Ұлттық сандық хабар тарату тізіміне еніп, Қазақстанның барлық облыстарына ақпарат таратады.