АЛМАТЫҒА АЛТЫН ЖАУҒАН КҮН БОЛДЫ

img_9998

Рая ЕСКЕНДІР

2017 жыл қаламызда Жастар жылы деп жария­ланғаны бел­гілі. Осынау мерекелі жылға биыл­ғы мектеп түлектері керемет тарту жасап отыр. Биылғы мектеп бітіруші 7263 түлек­тің 413-і – «Ал­тын бел­гіге» бітірсе, 627-сі «Үздік аттес­тат ие­гері» атанды. Ала­тау­ға апа­рар жолдағы «Royal Tulіp» кешені бақытты боз­бала мен бойжет­кен­дердің күміс күлкісіне тұнған. Ер­теңгі өмірге асыққан жас­тардың жүзінен нық сенім, асқақ арман байқалады.

Үлкен экран мектеп бітіруші түлек­тердің өткен жылғы шежіресінен сыр ақтарды. Былтыр қала мектептерін 6810 түлек бітірсе, олардың 254-і «Алтын белгі» иегері атанып, 300-ден астамы үздік аттестатқа қол жеткізген еді. Бітіруші түлектердің барлығы да ҰБТ қорытын­дысы бойынша өз білімдерін дәлелдеп, қалаған оқу орнының студенті атанған. Қай кезден-ақ Алматының алғыр бала­лары білім бәйгелерінде биіктен көріне­тіні белгілі ғой.

Мәселен, 12 жыл қатарынан респуб­ли­­калық олимпиадада командалық есеп бойынша бірінші орында келсе, рес­пуб­­ли­­­калық ғылыми жоба бай­қауында 15 жыл бойы жеңімпаз боп келді. Ал 11-сы­нып оқушылары арасында өтетін Прези­дент олимпиадасында 4 жыл қата­рынан бірінші орында келеді. Міне, осындай табысқа өздері де үлестерін қосқан алғыр­лар үлкен өмірге жолдама алғалы тұр.

Ғасырлар тоғысында дүниеге келген кішкентай ғана қала тұр­ғындары бүгін аттың жалын тартып, азамат атанып, ел өміріне араласуға қадам баспақ. Жүздеріне нұр тұнған бақытты елдің, бақытты жастарын шаһар басшысы Бауыржан Байбек құттықтады.

img_9636

– Бүгінгі күн сіздер өмірлеріңіздегі ең бір жарқын да, сәулелі сәтке толы керемет оқиғаны бастан кешіп тұрсыздар. Он бір жыл бойы оқыған алтын ұяны «Алтын белгімен» аяқтап, ардақты ата-аналарыңыз бен сүйікті ұстаздарыңыздың сенімін ақтадыңыздар! Баласына қарап, ата-анасын бағалайды. Міне, бүгін сіздер өздеріңіздің ата-аналарыңыздың да мерейін арттыр­дыңыздар. Алда нағыз жалындаған жастық дәурендеріңіз күтіп тұр. Осы бастан уақыт­ты тиімді пай­даланып, әркез сергек болуға, ұқыпты болуға үйреніңіздер. Кітап оқы­ңыздар. Үлкен кісілердің ғибратты әңгіме­леріне ден қойыңыздар. Салауатты өмір салтын қалыптастырыңыздар. Алдағы тапсыра­тын емтихандарыңыз сәтті болсын! Емтиханнан жүрексініп, қорқудың еш қажеті жоқ. Өмірдің өзі емтихан, – деді шаһар басшысы.

Осыдан кейін сөз кезегін ҚР білім және ғылым вице-министрі Эльмира Сухан­бердиева алып, барша түлектер қауымын осынау қуанышты күнмен құттықтады. Міне, ең бір қайталанбас керемет сәтке де кезек келді. Өз білімдерінің арқасында табысқа қол жеткізген түлектер «Алтын бел­гілерін» аялай ұстап, мақтаныш сезім­мен кең зал ортасынан орын алды. Қаламыздың құндылығына айналған білім ұялары бұл жолы да биік белесті бағын­дырып, асудан асып отыр.

Алтыннан алқа таққандардың көшін білімнің байырғы  бапкері Мәжит Өтеш басшылық ететін №178 лицейдің 49 «Ал­тын белгі» иегерлері бастады. Келесі орында Ы.Алтынсарин атындағы Эль­мира Бидай­бекова басшылық ететін №159 гимназия­ның 22-cі – «Алтын белгі» иегері, «Білім-ин­новация» лицей-интерна­тының 24 «Ал­тын белгі» иегері, қазақ білімінің қараша­ңырағы, атақты алтын ұя Рахима Сәкенова басшылық ететін №12 мек­тептің 14 «Алтын белгі» иегері, М.Мақа­таев атындағы Сәния Тілеубайқызы басшы­лық ететін №140 гимназияның 10 «Алтын белгі» иегері, Гауһар Манкеева басшылық ететін, «Жаңа ғасыр» №175 гимназияның 10 «Алтын белгі» иегері, Роза Мәке­жа­нова басшылық ететін №147 гимна­зияның 9 «Алтын белгі» иегері, Фатима Алиакпарова басшылық ететін №148 мектеп-гимна­зияның 8 «Алтын белгі» иегері, Әлия Төле­генқызы басшылық етіп отырған, №105 гимназияның 11 «Ал­тын белгі» иегері, Бағи­ла Әшімбаева бас­шы­­лық ететін А.Яссауи атындағы №123 гимназияның 8 «Алтын белгі» иегері биыл­ғы жылдың нағыз жұлдыздарына айналды.

Қаламыздағы басқа да айтулы білім шаңырақтары №169, №26, №92, №138, №182, №126, №173, №39, №133, №145, т.б. мектептер де білім биігінен көрінді. Қазақ өнерінің мақтанышы «МұзАрт» тобы «Ұстазым» әнімен ұстаздарға қошемет біл­діріп, «Өз елім» әнімен жастарға зор сенім артты. Алматы аспаны жастардың қуаны­шына куә болды. Бұл бір алтын жауған күн болды.