«ӘРБІР ҮШІНШІ ШЕТЕЛДІК АЛМАТЫДА ЕМДЕЛГІСІ КЕЛЕДІ»

%d1%84%d0%be%d1%82%d0%be-%d0%b0%d1%85%d0%bc%d0%b5%d1%82%d0%be%d0%b2%d0%b0-%d0%b2-%d0%b8

Бұл Алматы қаласындағы емдеу мекемелерінің  медициналық қызмет көрсету саласы бойынша әлемдік бәсекеге қабілеттіліктерін көрсетіп, медициналық туризмнің дамуына негіз болады, – дейді Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Уәлихан Исаұлы АХМЕТОВ

Маусым айының үшінші жексенбісінде біздің медицина қызметкерлері өздерінің төл мереке­лерін атап өтеді. Жылына бір келетін осы күні алматылық дәрігерлер өздерінің жұмыстарын саралап, қол жеткізген жетістіктерін таразылайды. Біз осы ретте Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Уәлихан Исаұлы Ахметовпен жауапты кезең қарсаңында тұрған Алматы қаласының денсаулық сақтау саласының қазіргі  ахуалы жайында әңгімелескен едік.

–       Уәлихан Исаұлы, сізді ең алдымен келе жатқан төл мерекелеріңізбен құттықтаймын. Биыл Алматы дәрігерлері өздерінің мерекелерін үлкен табыстармен қарсы алып отырғанына сенімдіміз. Алматы қаласы Дүниежүзілік денсау­лық сақтау ұйымының «Салауатты қалалар» жобасы бойынша Еуропалық жүйесіне мүшелікке қабылдануға өтініш жасағандары­ңыздан хабардармыз, ал оның нәтижесі қалай болды?

–       Алматы қаласының тұрғындарын құттықтауға болады. Біздің қаламыз Орталық Азия мемлекеттерінің арасында бірінші болып, ДДСҰ-ның  «Салауатты қалалар» жобасына мүшелікке қабылданды. Бұл үшін біз  Алматы қалалық әкімдігіне, қалалық мәслихат пен ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне алғыс айтқымыз келеді. Ең алдымен, қала әкімдігінің қолдауына ризашылығымыз шексіз. Тұрғын­дар тарапынан бұл жоба бізге не береді? – деген сауал туындауы мүмкін, жобаның ең басты міндеті – қаланың тұрғындар үшін жайлы болуын қарастырады, одан кейінгі салауатты өмір сүру бағытындағы ұстаным­дарын нығайта түседі. Қала тұрғындары үшін қолайлы әрі қауіпсіз болуы үшін оның инфра­құрылымдарын жақсартып, қала тұрғында­рының денсаулығын жақсартуға мүмкіндік беретін спортпен шұғылдануларына, салауат­ты өмір салты қағидаларын ұстануларына қажетті жағдайлар жасау болып табылады. Қарап отырсақ, Алматы қаласында дәл қазір тұрғындар үшін барлық жағдайлар жасалған. Кейінгі жылдары пайдаланылуға беріліп жатқан балалар мен тұрғындарға арналған спорт алаңдары, шағын демалыс орындарының ашылуы,  қоғамдық денсаулық комитеттері мен емдеу мекемелері жанындағы  «Денсау­лық» мектептерінің құрылуы ДДСҰ-ның осы жобасымен  сәйкес келіп отыр. Тіпті, Алматы қаласын 2020 жылға дейін дамытуға арналған бағдарламадағы «Алматы – салауатты қала» бағдарламасымен сәйкес келіп отырғандығы да бізді қуантады. Бүгінгі таңда осы жоба бойынша алдағы уақытта атқарылатын іс-шаралар жоспары жасалып, сол бойынша жұмыстар жүргізілуде.

????????????????????????????????????

Алматы – салауатты қала мәртебесіне лайық қала

– Медеу ауданы бастама көтеріп, құрылып жатқан қоғамдық денсаулық сақтау комитеттері де осы «Салауатты қала» атанудың алғы шарттары болып отыр дейсіз ғой,

– Солай десек те болады. Бұл комитеттің құрылуына дәнекер болған Қазақстанның денсаулық сақтау саласының көрнекті өкілдерінің бірі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Талапқали Әбішұлы Ізмұ­хамбетов. Сол кісінің бастамасымен құрылған. Қазір қоғамдық денсаулық комитеттері қаламыздағы сегіз ауданда да құрыл­ды. Сонымен қатар, қала әкімдігі жанынан қала тұрғындарының денсаулығын қорғау бойынша Үйлестіру кеңесі құрылды. Мұның барлығы, айналып келгенде, қала тұрғындарының денсаулығын жақсартуға бағытталып отырған игі шаралар. Талапқали Әбішұлы  айтып жүргендей, мақсат — халықты денсау­лықты дәрімен емес, салауатты өмір сүру қағидалары арқылы жақсартуға үндеу болмақ. Кейде қала көшелерімен жүріп келе жатып, көше бойларындағы спорт алаңдарында жүгіріп, спорттық тренажерлармен жаттығулар жасап жатқан үлкен-кішіні көргенде, арнайы бөлінген велосипед жолдарында велосипед теуіп жүрген жастарды көргенде, жұрттың салауатты өмірге бет бұра бастағанына қуа­намын. Қазір Алматы қаласының тұрғындары велосипедпен жүруді дәстүрге айналдырып келеді. Оны  қаламызда өткізіліп тұратын дәстүрлі  велошеруге де қатысушылардың қатарының көбейгенінен аңғаруға болады.

– Алматылықтар денсаулықтың қадірін біле бастады  дейсіз ғой.

–       Халқымызда «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қанатты сөз бар ғой, міне, сол жол салауатты өмір қағидаларын ұстану дер едім.

– Дегенменде, пенде болған соң бас ауы­рып, балтыр сыздайды  дегендей, жалпы, қала тұрғындарының денсаулығына қандай дигноз қояр едіңіз?

– Осы жылдың төрт айлық нәтижеле­ріне тоқталсақ, диагнозымыз жаман емес. 1 мен 2 жас аралығындағы нәрестелер өлімі 71 пайызға төмендеген, туберкулезбен ауырушаңдық 5,8 пайызға, оқыс жағдайлардың салдарынан бола­тын жарақаттану мен улану 9 пайызға төмен­депті. Сол секілді, қатерлі ісік ауруларын ерте кезден анықтау, оның алдын алу шаралары да жақсарып келеді. Қазіргі кезде қаламыздағы 10 емханада үш әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша қан қысымының жоғарылауы, қант диабеті, жүрек қызметінің нашарлауы бойын­ша пилоттық жобалар қолға алынды. Туу көрсеткіштері де жақсарып келеді. Өткен жылы өмірге 42 мың сәби  келсе, оның 1-еуі – төртем, 7-еуі – үшем, 520-сы – егіз.

 dsc_0299

Әрбір бесінші дәрігер, әрбір оныншы мейірбике Алматыда қызмет етеді

– Жағдайдың жақсы болуы қалтаңдағы қаражатыңа да байланысты екендігі белгілі, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жағдайы қалай?

– Жыл өткен сайын денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат көлемі ұлғайып келеді. 2017 жылға 92 миллиард қаражат қарас­тырылған. Бұл соңғы жылдары қаржыландыру көлемінің 15 пайызға артқандығын көрсетеді. Алматы қаласында кейінгі жылдары денсау­лық сақтау саласының жаңа нысандары көптеп пайдаланылуға берілуде. Соңғы жылдардың өзінде қала бойынша 7 жаңа емхана салынып, пайдаланылуға берілді. Солардың ішінде Медеу ауданындағы №5 клиникалық аурухана жанынан салынған жаңа емхана құрылысы жағынан да, медициналық құрал-жабдықтар­мен жабдықталу жағынан да жаңа модельді емдеу мекемелерінің бірі болып отыр. Бұл қатарға қалаға қосылғанына үш жыл ғана болған Наурызбай ауданында салынып жатқан 2 емхананың да құрылысын қосуға болады. Бостандық ауданында заманауи талаптарға сай салынып жатқан зертхананың құрылысының да аяқталуына аз уақыт қалды. Вакциналарды сақтайтын қойманың құрылысы аяқталды. Қазіргі кезде бұған қоса бірнеше емдеу мекеме­лерінде күрделі жөндеу жұмыстары мен сейсми­калық күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта Түрксіб ауданындағы стансаны сүріп, орнына жаңа станса салу жоспарланса, Алатау, Наурызбай ауданда­рында жаңа жедел жәрдем стансалары салы­натын болады. Міне, осы шаруалардың бар­лығы, жоғарыда өзіңіз айтқандай, қаражаттың жеткілікті мөлшерде бөлінуі мен қала басшы­лығының денсаулық сақтау саласына деген шынайы қамқорлығының нәтижесі.

Қаламыздағы республикалық, қалалық және денсаулық сақтау мекемелерінде 30 мыңнан астам ақ халатты абзал жандар қызмет етеді. Яғни, еліміздегі әрбір бесінші, әрбір оныншы мейірбике Алматы қаласының тұрғындарына медициналық қызмет көрсетуде.

–  Ал осы мамандарыңыздың кәсіби деңгейі қандай?  Дәрігерлеріңіздің атына айтылатын сын көп пе, әлде алып жатқан алғыстарыңыз көп пе?

– Кәсіби деңгейімізді жоғары дер едім. Оған кейінгі жылдары Алматыға келіп ем алуға ниет білдіруші шетелдік азаматтардың санының артуы мен қала тұрғындарының  күн сайын  бірыңғай  СаLL  орталығы арқылы біздің дәрігерлердің атына жолдап жатқан алғыс хаттары дәлел болар еді. Ал енді жұмыс болған соң кемшіліктердің орын алуы заңды­лық шығар, дейтұрғанмен, Алматы дәрігер­лері­нің анау айтқандай, сынға ұшырап, біл­местікке жол беріп жатқан фактілері осы төрт айдың ішінде тіркеле қойған жоқ. Әрине, оған жол бермеуге тырысамыз. Қазіргі кезде қала­мыздағы барлық емдеу мекемелері жанынан бақылау комитеттері құрылды. «Нұр Отан» партиясының постары және бар. Алматы қалалық прокуратурасымен бірлесіп, «Алматы мед» порталы ашылды. Алматы клиника­ларының ассоциациясы құрылды. Ондағы басты мақсат – медициналық қызмет көрсе­тудің сапасын жақсарту мен денсаулық саласы бойынша жемқорлық әрекеттерге жол бермеу. Сондай-ақ, емдеу мекемелерінің, оның ішінде алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін емхана­лардың жұмысын жақсартып, медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатында «Денсау­лық» сапа айлығын өткіздік. Осы айлық аясында біздің дәрігерлер тұрғындардың денсаулықтарын тексеруден өткізіп, олармен келер жылдан бастап ендірілетін МӘМС жөнінде  түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Олар­дың әлеуметтік мәртебелерін анықтады. Әлеуметтік мәртебені анықтаудың маңызы зор, ол сіздің ертең медицицналық көмекті МӘМС бойынша алуыңызға кепілдік беретін төлқұжатыңыз болып саналады. Кезінде рес­публикалық емдеу мекемелерінде жасалатын жоғары медициналық көмекті қажет ететін оталар мен басқа да емдеу шаралары бүгінде қалалық клиникалардың деңгейінде жүзеге асырылуда, Әсіресе, трансплантология саласы бойынша қол жеткізіп отырған жетістіктеріміз көңіл қуантарлық.

– Жоғарыда сіз әрбір үшінші шетелдік Алматы қаласындағы емдеу мекемелеріне келіп емделуге өтініш білдіруде дедіңіз, оларды біздің медицинаның қай саласы көбірек қызықтырып отыр? Мәселен, өткен жылы қанша шетелдік келіп бізден ем алып қайтты, олар қайдан келді? Бәлкім, оларды біздегі медициналық қызмет үшін төленетін ақының төмендігі көбірек қызықтыратын шығар?

– Өзінің денсаулығын ойлайтын адамдарды төлейтін ақысынан бұрын, мамандардың біліктіліктері көбірек қызықтырады деп ойлай­мын. Өткен жылы 1648 шетелдік келіп ем алса, биылғы бес айдың ішінде 789 шет ел азаматы Алматы клиникаларында емделіп, денсаулық­тарын түзеп қайтты. Ал енді оларды біздің медицинаның қай саласы көбірек қызық­тырады деген мәселеге келсек, гинекология­лық, хирургиялық, жарақат, бет-жақ хирур­гиясы, урология және ЭКО саласы қатты қызықтырады және олар осы сала бойынша көрсетілетін көмек түрлеріне өте жоғары баға беріп отыр. Біздің гинекологтардың қолының шипасы тиіп, нәрестелі болған шет ел аза­маттарының қуанғанын көргенде, кәдімгідей көңіліміз өсіп, марқайып қаламыз. Өйткені, кезінде біздің адамдар буын ауыстыру үшін, болмаса жүректеріне қарапайым стенд қойдыру үшін шет ел асса, енді олар бізге келіп жатыр, қуанарлық жағдай, әрине. Меди­циналық туризмнен түскен қаражат 166 миллионды құрайды.

 

Мәртебеңді анықтаудың маңызы зор

– Келер жылдан бастап денсаулық сақтау саласы жаңа жүйе – Міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қоры арқылы қызмет көрсететін болады. Қазір осы жүйені жүзеге асыру мақсатында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Қазіргі атқарылып жатқан негізгі түсін­діру – халықты ақпараттандыру жұмыстары. Осы уақытқа дейін қала тұрғындарымен және қаламыздағы ірі өндіріс орындарының қыз­меткерлерімен 648 кездесу өткізіліп, нәтиже­сінде қаламызда уақытша тіркеуде тұратын 173 473, бұрын емханаға тіркелмеген 59 932 адам анықталып, олар өз қалаулары бойынша емха­наларға тіркелді. Көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке секторларды аралау барысында 769  235 адам емханаға тіркелді. Мен осы жерде қалалық Денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырған «Емханаға тіркеліп, мәртебеңізді анықтаңыз» атты акцияға бірінші болып БАҚ өкілдерінің қолдау білдіргендерін атап өткенді жөн көрдім. Қашанда жақсы жаңалықтардың қасынан табылатын журналистердің бұл бастамасын кейін өнер адамдары мен спортшыларымыз, қалалық мәслихат депутаттары қолдады. Түсіндіру жұмыстары әлі де жалғасуда, сол себепті мен қала тұрғындарына емханаға тір­келіп, мәртебені анықтауға салғырт қарамауға шақырамын, өйткені, сіздің денсаулығыңыздың күтімі ендігі кезекте сіздің қорға төлеген қаражатыңызға байланысты болғандықтан, мәртебелеріңізді анықтау маңызды екендігін ескерте кеткім келеді.

 

Дәрігер – жанкешті мамандық

– Айтпақшы, Алматының жедел жәрдем стансасының қызметкерлері ЭКСПО Халық­аралық көрмесінің аясында өткізілген медици­налық жедел жәрдем қызметінің ІІ Республи­калық байқауында бірінші орынды иеленіп, Литвада өтетін Халықаралық байқауға жолдама алыпты деген жағымды жаңалық естіп жатырмыз…

–       Иә, осы байқауда қаламыздағы №8 жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Айдын Сармалаев жетекшілік еткен команда мүше­лері біліктіліктерімен қатар, кәсіби шеберлік­терінің арқасында бірінші орынды иеленіп, қыркүйек айында Литвада өтетін байқауға қатысу мүмкіндігіне ие болып отыр. Өткен жылы да осы елде өткен халықаралық бай­қауда 30 елдің жедел жәрдемші дәрігерлерінің арасынан озық шығып, екінші орын алғанбыз. Биыл да биік тұғырдан көрінеміз деген үміт­теміз. Қазір қалалық жедел жәрдем қызметінің көліктері  25 пайыз жаңартылды. Биыл бірінші рет парамедиктер дайындадық. Енді біздің жүргізушілер көлік жүргізумен ғана шектел­мейді, науқастарды тасымалдау кезінде дәрі­герлерге көмек көрсетеді. Универсиада кезінде 150 дәрігеріміз ағылшын тілін оқып-үйреніп, спортшыларымызға сапалы медици­налық қызмет көрсете білді. Медициналық туризмнің дамуына осы Универсиада кезіндегі медици­налық көмектің сапалылығы мен шетелдік әріптестеріміздің Алматы қаласының емдеу мекемелеріне берген жоғары бағала­рының  нәтижесі болуы керек, Универсиада­ның денсаулық сақтау саласына қалдырған тағы бір үлкен мұрасы – қаламыздағы ең ірі екі №4 және №7 қалалық ауруханалардың жанынан медициналық көмек көрсететін тікұшақтар қонатын алаңдардың жасалуы дер едім. Мұндай алаң қазірше басқа өңірлерде жоқ. Осы универсиада аясында ендірілген жаңалық­тардың тағы бірі – №4 қалалық клини­калық аурухананың қабылдау бөлімі қайта жасақ­талып, «Emergency Romm» қағидасы бойынша жұмыс істеуге көшірілді. Бұрын жедел жәр­деммен келіп түскен науқастар  әр кабинетті жағалайтын болса, қазір  оларды қабылдау бір жерде жүзеге асырылады. Бұл науқастардың қабылдау бөлімдерінде болатын уақыттарын 2 есеге азайтса, құжат толтыруға кететін уақыт­ты 1,7 есе азайтуға қол жеткізді. Енді №7 қала­лық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімінің қызметін осы жаңа жүйеге көшіру жоспарланып отыр. Бірыңғай CaІІ орталығы іске қосылды. Өздеріңіз байқап жүргендей, емханалардағы кезек толықтай электронды жүйеге көшірілді. Жалпы алғанда, Алматы қаласының денсаулық сақтау саласы бүгінде жаңа бағытқа, Елбасымыз Н.Назарбаев алдымызға қойып отырған алдыңғы қатарлы отыз елдің қатарына ілігіп, бәсекеге қабілетті болуға ұмтылуда. Ал оған Алматы қаласының емдеу мекемелері мен дәрігерлерінің толық мүмкіндіктері де, жағдайлары да жеткілікті.

– Алдағы жексенбіде медицина қызмет­керлерінің күні аталып өтеді, қаланың Бас дәрігері ретінде әріптестеріңізге қандай тілек жолдар едіңіз?

– Ең бастысы, денсаулық тілеймін. Қыз­меттеріне адал болып, ақ халаттарына лайық абыройға бөленулеріне тілектеспін. Дәрігерлік – түсіне білген адамға жанкешті мамандық­тардың бірі. Бір адамның денсаулығына жауапты болу үшін дәрігер қаншама тер төгеді, ұйқысыз түндерін өткізеді. Мәселен, бір тәулікте қаладағы емханаларға 140 мыңнан астам тұрғын келіп тексеріледі, 60 мыңнан астам зертханалық талдаулар жүргізіледі. 2000-ға жуық адам күндізгі стационарларда ем алса, бір тәулікте 600 адам ауруханаларға жатқы­зылады. Бір тәулікте хирургтарымыз 250-ге жуық ота жасайды. Ал мұның барлығы айтуға оңай болғанмен, іс жүзінде дәрігерлеріміздің жанкешті еңбектерінің арқасында жүзеге асатыны анық. Олай болса, дәрігерлерді осы қиын да жауапты істе тек сәттіліктер жебесін деп тілеймін. Мерекелеріңізбен, әлемдегі ең құрметті мамандық иелері – дәрігерлер! Сіздер барлық құрметке лайықтысыздар!

 

Әңгімелескен – Нұржамал БАЙСАҚАЛ.