ҰЛЫЛАРДЫ ҰЛЫҚТАУ — ПАРЫЗ

Қаныш Сәтбаевты білмейтіндер бар екен

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының»

саяси шолушысы

…Орайы келіп, бір топ студент-жас­тармен әңгімелесіп отырғанмын.  Сөзден сөз шығып, мен олардан Сәтбаев туралы сұрап қалдым. Иә, кәдімгі  Қазақстан  Ұлттық ғылым академиясының тұңғыш президенті, көрнекті геолог-ғалым, академик  Қаныш Имантайұлы Сәтбаев  тура­лы. Өкінішке қарай, көбі біл­мей­тін болып шықты. Араларынан әйтеуір, «аға, Қазақ Ұлттық тех­никалық университеті сол кісінің  атында емес пе?» – деген біреуі табылды. Оған да шүкір. Сонда менің өзегімді: «Апырмай-ә, халқымыздың біртуар перзенті Қаныш Сәтбаев­тай  ғұлама ғалымды білмейтін ұрпақ өсіп келеді екен-ау?!» – деген өкініш  өртеді. Сондықтан менің оларға мына бір оқиғаны  әңгімелеп беруіме тура келді.

kanysh20s

Қаныш ағаның арқасында ашылған журнал

…1998 жылдың аяғы. «Зерде» (бұрынғы «Білім және еңбек»)  журналында жұмыс істеп жүрген кезіміз. Әдеттегідей келесі жылдың жоспар-жобасын жасауға кіріс­тік. Күнтізбеге көз жүгіртсек,  1999 жылдың сәуір айында  академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 100 жыл толады екен. Соның алдында ғана ЮНЕСКО-ның айтулы ғалымның ғасырлық мерей­тойды  атап өту жөнінде қаулы қабылда­ғанын естігенбіз. Мұндай мерейтойды журнал бетінде лайықты атап өту – біз үшін әрі парыз, әрі қарыз. Өйткені, «Білім және еңбек» журналы тікелей  Қаныш ағамыздың  ұйытқы болуымен дүниеге  келген.

Өзіміз оқып өскен КСРО тарихынан білетініміздей, Кеңес одағы өткен ғасыр­дың 60-жылдарында  әлемде тұңғыш рет Жердің жасанды серігін ұшырып, атом­ның күш-қуатымен жүретін мұзжарғыш кеме жасап, адамды ғарышқа ұшыруға дайындап, ғылым мен техникада бірқатар жетістіктерге  қол жеткізді.  КОКП-ның (Кеңес одағы коммунистік партиясы орта­лық комитеті) ХХІІ съезінде  коммунизм құрылысшыларының бағдарламасы қабы­лданып, бүкіл ел «80-жылдары комму­низмде өмір сүретін боламыз!» деп армандады.  Міне, осылай  жұртшылықтың арман-қиялы «қой үстіне бозторғай жұ­мыртқалайтын» – коммунистік қоғамға, құлшынысы мен ізденісі – ғылым-білімге ауған кезеңде, қалай дегенмен де, келешектегі даму мен өркендеудің ғылым мен техниканы игеруге байланысты болатынын болжай білген, Қ.Сәтбаев бастаған, Мұхтар Әуезов,  Әлкей Мар­ғұлан, Орынбек Жәутіков, т.б. қостаған бір топ ғалым Мәскеудегі  КОКП-ның  атына арнайы хат жазып, республикада қазақ тілінде жастар мен жасөспірімдерге  арналған ғылыми-көпшілік журнал шығару мәселесін қояды. Алайда,  онда­ғы­лар: «Ұсыныс орынды. Бірақ, ондай басылым шығаруға қаражат пен қағаз тапшы», – деген жауап  қайтарады. Дегенмен,  республиканың басшылығын­дағылар   соған дейін жарық көріп келген «Пионер» журналының орнына  шығару­ды жөн көріп, тұйықтан шығудың амалын табады. Әрі Қазақстанның пионерлерін келешекте журналсыз қалдырмас деп ойлайды. Сөйтіп, елімізде тұңғыш рет жастарды ғылым мен білімге, оның ішінде, әсіресе, жаратылыстану ғылымына, физи­ка, математика, химия сияқты салаларға баулитын  «Білім және еңбек» (кейінгі «Зерде») журналы  өмірге келеді.

Күні кешеге дейін жарық көріп, қаржының жоқтығынан жабылып қалған «Зерде» ( «Білім және еңбек»)  жүз мыңда­ған данамен қиян шеттегі  алыс ауылдарға дейін тарап, бас-аяғы елу жылға жақын уақыт ішінде ғылымға бет бұрған, ғылым кандидатынан академикке дейін өсіп-жетілген қазақ оқырманының  бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды. Бүгінде олардың қай-қайсысы  да журналдың атына жылы лебіздерін білдіріп, оның тұрақты оқырманы болған кездерін  сағы­нышпен еске алады.

Кезінде «Білім және еңбектің» алғаш­қы Бас редакторы болған, көрнекті жур­налист-жазушы Камал Смайылов ағамыз бір кездескенімізде: «Қанекеңнің жур­налға деген қамқорлығы ерекше болды. Алдына бара қалсақ, ешбір кідіріссіз қабылдап, айтқан өтінішімізді жерге тастамайтын. Бізді баласынбай: «Кәмеке, қандай көмек керек болса, еш қысылмай келіп айтып тұрыңыз дейтін», – деп айтқаны бар еді.

Бұл – Қаныш Сәтбаевтай көреген тұлғаның  туған халқының  игілігі жолында жасаған ұшан-теңіз қызметінің бір ұшқыны ғана. Сондықтан да  біздің алдымызда аса ірі қайраткер ғалымның  еліне сіңірген еңбегін журнал бетінде  мүмкіндігінше жан-жақты  жазып  көрсету міндеті тұрды.

Ол үшін алдымен Қанекеңнің қызы, танымал әдебиетші ғалым, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының коррес­пондент-мүшесі, филология ғылымдары­ның докторы, профессор Шәмшиябану Сәтбаеваға хабарластық. Шәмшиябану Қанышқызы бізді мұқият тыңдап алып:

– Қарақтарым, ниет-мақсаттарың дұрыс екен. Мына өзіміздің академияның Геология институтында Сәтбаев музейі бар. Сонда арнайы қор жұмыс істейді. Оны өздерің білетін ақын ағаларың Кәкімбек Салықов басқарады. Сол кісіге жолығып, ақылдассаңдар дұрыс болар еді, – деді биязы қоңыр даусымен.

Шәмшиябану апайымыз жөн сілтеген­дей, іздегенімізді Сәтбаев музейінен таптық. Кәкімбек ағамыз құрақ ұшып қарсы алып:

– Қанекеңе журналдың бір нөмірін арнайтын болсаңдар, қолдан келген көмегімізді аямаймыз, – деп жиған-терген қыруар қағазды алдымызға жайып салды.

Бума-бума болып түйілген  ол қағаз­дарды  парақтап,  шолып қарағанда байқа­ға­нымыз, расында да, даңқты ғалым, ірі қайраткердің өмірі мен қызметіне қатысты мол материал жинақталған екен. Оларда қазақ жерінің  киелі бір пұшпағы Баянауыл баурайынан басталған бала Қаныштың  дана Қанышқа дейінгі, яғни, академияның президентіне дейінгі жүріп өткен өмір жолы, ғылымда қалдырған қолтаңбасы мен ізі сайрап жатқандай. Бұған қоса, Қанекең­мен қызметтес, аралас-құралас болғандар­дың, қамқорлығын көргендердің жүрек тебірентерліктей естеліктері өз алдына бір төбе. Анау-мынау емес, атақ-даңқы елге мәлім, әйгілі ғалымдар. Мысалы, кен ісі саласындағы ірі ғалым, КСРО ҒА акаде­мигі  Н.В. Мельников (1909–1980), айтулы геолог-палеонтолог, КСРО ҒА академигі Д.В.Наливкин (1889–1982), геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор В.А.Хахлов (1894–1972), белгілі биолог-паразитолог, Қазақ КСР ҒА академигі И.Г. Галузо, атақты химик, Қазақ КСР ҒА академигі М.И.Горяев (1904–1981), белгілі геолог, тектоника мама­ны, Қазақ КСР ҒА академигі Р.А.Борукаев (1899–1967), аса көрнекті тарихшы-археолог ғалым, Қазақ КСР ҒА академигі Әлкей Марғұлан (1904–1985), қазақ музыкасын зерттеуші, композитор, Қазақ КСР ҒА академигі Ахмет Жұбанов (1906–1968), танымал математик, Қазақ КСР ҒА академигі Орынбек  Жәутіков (1911–1989), көрнекті физиолог, Қазақ КСР ҒА академигі Нәйла Базанова, білікті әдебиетші, Қазақ КСР ҒА корреспондент-мүшесі Е.В. Лизунова (1926–1993), тәжікс­тандық философ, КСРО ҒА корреспон­дент-мүшесі М.С.Асимов (1920–1996),   т.б. деген сияқты. Бұлардың қай-қайсысы да Қаныш Сәтбаевтың айрықша талантты ғалым, ғылымның үлкен ұйымдастыру­шысы, Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалаушы болғанын, республика­мыз­дағы әр ғылым саласының – геоло­гиядан бастап, физика, математика, биоло­гия, тарих, әдебиет, тіпті, музыкаға дейін тікелей қолдау жасап, көмек көрсеткенін   жазған. Осындай мол дүниенің көшір­мелерін алып, көңіл бірленгендей  болды.

– Енді бір сұрағым бар? – дедім  Кәкеңе бұрылып.

– Ол қандай сұрақ?

– Қаныш Имантайұлының  көзін көріп, қызметтес болған кісілер болса… Солармен әңгімелесіп, жанды бір мақала дайын­дасақ?

 

Ән салсаң, Қанекеңдей сал

– Қанекеңмен дәмдес болғандардың бірі менмін, – деп Кәкең бір қызық әңгі­менің шетін шығарды. – Мен ол кісімен 1961 жылы Жезқазғанға республика Ғылым академиясының көшпелі мәжілісін өткізуге келгенде жақынырақ таныстым. Сонда ғұлама ғалымның көңіл-күйінің сан түрлі құбылыстарын, кең мінезді кемеңгерлігін көрдім.

Қанекең арқылы адамның ең үлкен байлығы – мінез екенін ұғындым. Оның жасаған баяндамаларынан,  айтқан әңгіме­лерінен  кереметтей әсер алдым. Сол әсер әлі де есімнен кетпейді, мен Қанекеңнен ар­тық билейтін жігітті әлі күнге дейін кездес­тірген емеспін. Оған ол кісінің еңселі бойы, ерекше жаратылған тамаша келбеті мен өзгеден өзгеше мәдениеттілігі де ықпал еткен шығар. Қаныш ағамыз оқымысты ғұламалығымен де табиғаттың көз тоярлық тұлғасымен де артықша жаратылған адам еді.

Қаныш ағаны көргенде, бала күнгі арманым орындалды. Жиыннан қолымыз қалт еткенде ас-су ішіп, бірер сағаттай бірге демалдық. Ән салудың орайы келгенде, мен үйден домбырамды алдырдым. Домбырам ағамызға ұнады. Маған «ән  айт» деп қолқа салып еді, қысылып, батылым бармады. Сонда ол кісі: «Сұлу саз адам баласының қамкөңілін қалпына келтіреді, ал ән салу өжеттікке үйретеді, ұялып отырсың ғой, «батырым», мен-ақ айтайын», – деп, бірнеше ән шырқады. Әсіресе, «Бүркітбай» дейтін әнді салғаны ғажап!   Мен үшін ол  бір естен кетпейтін ерекше  сағынышты сәттер…

– Ал енді Қанекеңнің көзін  көрген ғалымдар жөнінен екі кісіні  ұсына ала­мын, – деді Кәкімбек аға алдындағы әлде­қандай бір қағазаға үңіліп. – Бірі  – Қане­кеңнен кейін академияны басқарған  энер­гетик-ғалым, академик  Шапық Шөкин, екіншісі – заңгер ғалым Салық Зиманов.

– Дұрыс екен! – деп мен қуанып кеттім. Кәкең жүзіме  барлай қарап:

– Асылы, осы академик Зимановпен сөйлескенің жөн-ау.  Қанша айтқанмен,  Шөкин жасы тоқсанға таяп қалған қартаң кісі, шаршатып аларсыңдар, – дегенді айтты.

Айтқандай-ақ, бұрыннан танитын белсенді авторымыз болған соң  академик Салық Зимановпен хабарласып, сұхбат­тасу аса бір қиындық тудырған жоқ.

Міне, мен қазақ  заң ғылымының абыз ақсақалы атанған Салық Зиманұлының алдын­да отырмын. Қашаннан да ойын бүк­песіз, ашық айтып,  тура сөйлейтін Салық ағамыз:

– Қанекең кеңінен және әріден ойлай­тын, қазақ ғылымының бағына туған ғұлама адам еді ғой, – деп бастады. – Ол кісінің ұлттық академияның  шаңырақ көтеріп, қанат жаюына және де оның қарауындағы әрбір  ғылыми-зерттеу институтының  ірге қалап, әрі қарай дамуына сіңірген еңбегі, қосқан үлесі орасан зор. Ғылымға бет бұрған жастарға жасаған әкелік қамқорлығы  айтып жеткізгісіз.

 

Академиктің айтқаны афоризмге айналып кететін

…Қаныш ағаның  мейірімді жүзі, қамқор бейнесі күні бүгінге дейін көз алдымда. 1951 жылдың басында құқық секторының меңге­рушісі Т.М. Күлтелеев  Мәскеуге докторан­тураға жүруіне байланысты  мені уақытша сектор меңгерушісі етіп тағайындау жөніндегі ұсыныспен  академия президенті Қ.Сәтбаевтың қабылдауына  ертіп апарды. Қанекең  алдымен  Тәкеңмен сөйлесіп, оң сапар болсын дегенді айтып, табысты оралуын тіледі. Сонан соң  менің жай-күйім­ді, ғылымдағы ізденістерімді сұрай отырып, екеумізге қарата: «Ғалым білімді болуы керек. Білім ерінбей, жалықпай, тынбай  іздену арқылы келеді», – деді. Кейін Тайыр Молда­ғалиұлы Қанекеңнің сол өсиетін үнемі айтып жүрді. Қарауындағы жас ғалымдардың жалқаулығына  кішкене ренжіп,  көңілі толмағанда осыны айтатын.

Тағы бірде  құқық секторының бір ғылыми  қызметкерінің  келесі мерзімге сайланбай қалу қаупі төнді. Ол туралы мен  академияның қоғам ғылымдары бөлімшесін басқаратын вице-президент С.Бәйішевке  айтып, хабар­дар етуді жөн көрдім. Сақаң  мені прези­дентке ертіп кірді. Қанекең  әлгі қыз­меткер жөніндегі біздің «расында да ғылыми жұ­мысқа босаңдау» деп айтқан пікірімізді тыңдап алды да, жарқын жүзімен күлімсірей   Сақтаған Бәйішевке бұрылып: «Сақа, осы бір қора қойдың ішінде семізі де, арық-тұрығы да, қотыры да болмаушы ма еді?  Кейін олар күтімге қарай оңалып, қатарға қосылып кетпеуші ме еді?» – дегенде, не айтарымызды білмей, ұялып қалдық. Сонан соң  адамға үміт артып, көмектесу, қолдау керектігін айтты. Менің өзіме бұл айтқан ақыл-өсиеті өмірбақи сабақ болды. Задында Қанекеңнің тауып айтатын сөздері артынан афоризмге айналып кететін.

…1961 жылы қаңтарда мен Мәскеудегі КСРО ҒА Мемлекет және құқық инсти­тутында  «ХVІІІ ғасырдың аяғы – ХІХ ғасыр­дың алғашқы жартысындағы Қазақстанның саяси құрылымы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғау алдында кішкене  жүрексініп, толқып тұрдым. Артым­нан біреу келіп қапсыра ұстай алды. Қарасам, біздің академияның жоспарлау-қаржы бөлімінің бастығы, жасы егде тарт­қан В.Соколов екен. Асыға сөйлеп: «Сізді кешеден бері  Қаныш Имантайұлының  тап­сырмасымен іздеп,  талай қонақүйді шарлап таппай жүрміз. Сізге президент диссертация қорғауда табыс тіледі. Қобалжымасын, ғылыми айтыс, пікірталаста әдеппен сөйлеп, өзінің ғалым екендігін көрсете  білсін» деді, – деген  сәлемін, ағалық ақылын жеткізді.

Қаныш ағамыз үміт еткендей, диссер­тацияны қорғауым ойдағыдай өтті.  Сыртқа шығып, «үһ» деп тыныстап тұрғанмын. Анадайдан қолын бұлғап келе жатқан  Қанекеңнің  көмекшісі  Бөпежан Аяпбер­геновті көзім шалды.

– Сәке, кешігіп қалыппын. Самолеттен жаңа түстім. Табысты болған шығар бәрі, құттықтаймын! – деп жатыр. – «Сыртта жүр ғой, қаржы жағынан қиналып қалма­сын» деп  Қанекең беріп жіберіп еді, – деп қолыма бір конвертті ұстата берді. Ашып қарасам, мол ақша. Туған әкемнен сәлем­деме алғандай буын-буыным босап, ағыл-тегіл жылап жібердім. Қанекеңнің  әкелік қамқорлығын сезгендей болдым. Өйткені,  менің әкем соғыстың алдында қайтыс болып, екі ағам майдан даласында көз жұмған-тын. Сондықтан, көңілім жетім болып жүретін.

 

Сәтбаевты да жершіл деген…

Артынан жұрттан естідім, Қанекең жалғыз маған емес, ғылым жолындағы талай азаматқа қолұшын беріп, көмек көр­сетіпті. Солардың бірі – заң ғылымдарының докторы, құқықтанушы ғалым М.А.Бин­дер: «МГУ-де кандидаттық диссертация қорғағанымда мені Қаныш Имантайұлы телефон соғып,  арнайы құттықтады»,  – деп аузынан тастамай айтып жүретін.

Қанекең Алматыда да  әр сала бойын­ша  диссертация қорғау мәжілісіне кейде өзі келіп қатынасып, қолы тимей жатса, әдейі адам жіберіп, ақпар алып отыратын. Табысты да жемісті ғылыми жұмысқа кәдімгідей қатты қуанатын. Ол кісінің айтқан жылы лебізі, көрсеткен  көмегі мен қолдауы  әрбір адамға, үлкенге де, кішіге де күш-жігер беріп, жұмысқа деген құлшыныс пен ынта тудыратын.

Салық аға сөзінің соңында мынадай пікірін де жасырып қалмады.

– Қарағым,  кезінде кейбіреулер «Сәт­баев жершілдікке, туыстыққа  бойалдырды, Баянауылдан  жиырмадан астам докторын шығарды» деп бықсытқан.  Ойлап қарашы, содан қазақ ғылымына қандай да бір зиян-залал келді ме? Керісінше, ғалымдар саны көбейген жоқ па?! Туған жерінен, елінен  жерлес санап, аға көріп, жастар келіп, ғы­лымға талпыныс жасаса, оған бағыт-бағдар беріп, жолға салғанның, жәрдем бергеннің несі айып? Қайта «бұлақтың көзін ашқан­дай» сауапты іс емес пе? Ондай бықсық сөз — жақсының жақсылығын көре алмай­тын  іші тар, ой-өрісі таяз, күншіл­дер­дің күңкілі. Әйтпесе, Қаныш Сәт­баев­тың  шарапаты мен шапағатын көргендер аз емес, ондай­лар Қазақстанның қай бұры­­шынан да табылады. Тіпті, Қане­кеңнің кісілік пара­са­тына, жәрдем-көмегіне ғылым­ның айналасында жүрген басқа ұлт өкілдері  де  ризашылық білдіріп отыра­тын.

Бағалай білсек, Қаныш Сәтбаев  туған елі үшін, халқы  үшін жан аямай қалт­қысыз қызмет еткен, бір ғасырда бір туа­тын таудай  тұлға…

 

Сұлтанмахмұттың сауалына берілген жауап

Мен осылайша  Салық ағамыздың  Сәтбаев жайында айтқан  естелігінен ғибрат алып, қанаттанып қайттым.

Анық-қанығын қайдам, менің мынадай әңгімені естігенім бар. Шамасы, өткен ғасырдың 20-жылдары болуы керек. Бір жолы ақын Сұлтанмахмұт Торай­ғыров  Қанышты кездестіріп:

– Қанышжан, сен бізге қарағанда, орысшаға тәуірсің ғой. Мен мына Карл Маркс  ақсақалдың «Капитал» дейін кіта­бын оқып, түк түсінбедім? – депті. Сонда Қаныш:

– Ағасы-ау, оны түсіну үшін  саяси экономикадан хабарыңыз болуы қажет қой, – дейді. Сұлтанмахмұт басын шай­қап:

– Бәсе, бірнеше қайталап оқысам да тісім батпады, – дей беріпті. Осының өзі  Қаныштың жас кезінен  әр саладан  хабардар, зерек те алғыр болғанын аңғар­тады. Ал есейген, толысқан шағында энциклопедиялық білім жинақтаған ғалым болғаны анық. Бұл жөнінде ұлы жазу­шымыз Мұхтар Әуезов «Қазақ халқының зор ғалымы» деген мақала­сында былай деп жазыпты: «Қаныштың бір ерекшелігі, ол – химикпен де, биолог­пен де, физикпен де, медикпен де, тарих­шымен де, тілші-әдебиетшімен де емін-еркін, солардың деңгейінде сөйлесе біледі.  …Жұмысқа мойымайтын үлкен іскерлігі де бар. Өз басының  білімін өсіруді  ұмыт­пайды, тынымы жоқ ізденуші. Қаныш Қазақстан Ғылым академия­сының  ауқы­мында  қызмет ететін ғалымдардың барлы­ғына үлгі боларлықтай ұстаз. Ғылымдағы ұйымдастырушылығына қоса, кадрларды өсіріп отыру ісіне де зер салып отырады».

Не керек, біз біраз еңбектеніп, ғұлама ғалым, көрнекті қоғам қайраткері Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған журналдың арнаулы санын дайындап, басып шығардық. Ол нөмірде оның балалық  шағынан бастап, студент­тік кезі, алғаш геологтық жұмысын бастаған тұсы, академияның президенті болған жылдары, жоғарыда аталған тұс­тастары мен әріптестерінің, шәкірттерінің естеліктері – бәрі-бәрі қамтылды. Қанекеңе жала жабылған, басына бұлт үйірілген жәйттерді жазған жазушы Медеу Сәрсекеевтің  «Етектен тартқандар да болды» деген мақаласы да енді. Мате­риалдардың соңы ақын Кәкімбек Салы­қовтың:

Дала – Қаныш,

Ауылдар, қала  – Қаныш,

Бала  Қаныш көптігі дара жарыс.

Бәріне де солардың дем береді,

Күлім қағып, жол сілтеп дана Қаныш.

Ғибрат  алдық, сол заңғар данадан біз,

Ұлы ісіне бір кірпіш қалағанбыз, – деген жыр жолдарымен түйінделді.

Журналдың бояуы кеуіп үлгермеген осы санын Шәмшиябану Қанышқызына  апарып көрсеткенімізде, әрі-бері ақтара қарап:

– Өркендерің өссін! Мыналарың  біздің әкеміз Қаныш Сәтбаев жайындағы кішігірім энциклопедиялық журнал болыпты! – деп қуаныштан көзіне жас алып,  ақ пейіл  алғысын жаудырды.

Сол 1999 жылдың сәуір айында академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 100 толуына орай Алматыда Республика сарайында Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың қатысуымен үлкен салтанатты жиын өткізілді. Оған өзімізден және  бұрынғы кеңестік республикалар­дан айтулы ғалымдар келіп қатынасып, ғұлама ғалымның қадір-қасиетін әр қырынан ашып, биік баға бере сөйледі. Жиын қатысушыларына журналдың арнаулы нөмірін таратқанымызда таласа-тармаса алып, жылы лебіздерін білдірісті.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» – елінің  дамуына ерен еңбек сіңірген Қаныш Сәтбаевтай ұлы тұлғаны  ұлық­тап, кейінгі ұрпаққа айтып отыру әрқай­сысымыздың парызымыз болуы керек-ақ.

Кезінде кейбіреулер «Сәт­баев жершілдікке, туыстыққа  бой­алдырды, Баянауылдан  жиырмадан астам докторын шығарды» деп бықсытқан.  Ойлап қарашы, содан қазақ ғылымына қандай да бір зиян-залал келді ме?! Керісінше, ғалымдар саны көбейген жоқ па? Туған жерінен, елінен  жерлес санап, аға көріп, жастар келіп, ғы­лымға талпыныс жасаса, оған бағыт-бағдар беріп, жолға салғанның, жәрдем бергеннің несі айып? Қайта «бұлақтың көзін ашқан­дай» сауапты іс емес пе? Ондай бықсық сөз — жақсының жақсылығын көре алмайтын  іші тар, ой-өрісі таяз, күншілдердің күңкілі. Әйтпесе, Қаныш Сәтбаевтың  шарапаты мен шапағатын көргендер аз емес, ондай­лар Қазақстанның қай бұрышынан да табылады. Тіпті, Қанекеңнің кісілік пара­са­тына, жәрдем-көмегіне ғылымның айналасында жүрген басқа ұлт өкілдері  де  ризашылық білдіріп отыратын.

Бағалай білсек, Қаныш Сәтбаев  туған елі үшін, халқы  үшін жан аямай қалтқысыз қызмет еткен, бір ғасырда бір туатын таудай  тұлға…