ҚҰРАНДЫ ҚАСТЕРЛЕГЕН ҚАҚПАШЫ

Түркі халықтары өкілдерінің ішінен әлемдік футболдың

биігін бағындырған алғашқы тұлға, аңыз-адам Ринат Дасаев 60 жасқа толды

%d0%b4%d0%b0%d1%81%d0%b0%d0%b5%d0%b22

Сәкен СЫБАНБАЙ

1957 жылы Астрахандағы (Ресей) балық комбинатының қара­пайым жұмысшысы Файз­рах­ман Сәлімұлы мен теңіз пор­тында еңбек ететін Шафиха Хұ­сайынқызының отбасында дүние­ге келген Ринат тегі етіп бабасы­ның атын алған. Баба­сының есімі Досай екен, айнала­сындағы орыс достары «Дасай» деп атапты. Ақыры Ринаттың құжатына да «До­саев» емес, «Дасаев» күйінде жазылып кетеді. Ұлтын «татар» деп жазады, деген­мен, кейбір дерек­тер бойынша түп-негізі но­ғай болып шығуы да ғажап емес.

Футболмен тоғыз жасынан бас­тап айналысқан, қолына қолғап киіп қақпаға тұрған Ринат есейе келе Астраханның «Вол­гарь» командасына қабыл­данды. Ал 1975 жылы 18 жа­сында әйгілі бап­кер Констан­тин Бесковтың көзіне түсіп, Мәскеудің «Спар­тагына» ауыс­ты. Үш жыл жастар коман­дасында шеберлігін шың­даған соң, бүкіл Кеңес Одағына әйгілі осы клуб сапында он бір жыл бойы (1978 —1988) өнер көр­сетті. Осы уақыт ішінде Ринат КСРО чемпионатында 335 ойын ойна­ған, екі рет ел чемпионы атанған (1979 және 1987), бір рет Одақтың үздік қақпашысы бол­ған (1982). Сосын үш жыл «Се­вильяда» (Испания) ойнады.

Ринат Дасаев 1980 жылдан 1990 жылға дейін КСРО құра­масының да 1-нөмірлі жейдесін он жыл бойы ешкімге берген жоқ. Жалпы, ұлттық құрама қақпасын ол 91 рет қорғап, 70 гол жіберген. Өткен ғасырдың 80-жылда­рының екінші жартысында «КСРО футбол құра­масы» десе, жан­күйер­лер «9 украин мен 2 татарин» деп әзілдейтін. Ішінара грузин, беларусь, орыс фут­болшылары да шақырыл­ғанымен, ол уақыттағы негізгі құрам шы­нында да солай еді. Мысал үшін 1988 жылғы Еуропа чемпионаты ойында­рын­дағы негізгі құрамды алсақ, қақ­пада Дасаев тұрды, қорға­ныста – тағы бір татар Вагиз Хидиятуллин жүрді, қалған жігіттердің бәрі де (Анатолий Демьяненко, Влади­мир Бессонов, Олег Кузнецов, Василий Рац, Геннадий Литов­ченко, Алексей Михайличенко, Александр Зава­ров, Олег Про­тасов, Игорь Бела­нов) – Киев­тің «Динамосынан» болатын.

Сол 1988 жылы Р.Дасаев әлемнің үздік қақпашысы атан­ды. Ол – үш әлем чемпио­­натына қатысқан КСРО тари­хындағы 4 футболшының бірі (қалған үшеуі – Лев Яшин, Бессонов, Демья­ненко). Мәс­кеу Олимпиадасы­ның (1980) қола жүлдегері. «Франс футбол» (Франция) журна­лы­ның Еуропаның үздік фут­­болшысын анықтайтын «Ал­тын доп» жүлдесінің тізіміне Ринат Дасаев қатарынан 7 рет енді: 1982 (6-орын), 1983 (6-орын), 1984 (22-орын), 1985 (9-орын), 1986 (16-орын), 1987 (21-орын) және 1988 (13-орын).

Бұл – бұған дейін иісі мұ­сылман баласы, түркі жұр­тының өкілі жетіп көрмеген жетістік еді. «Алтын допты» ақыры мұсылман футболшысы алды (1998 жылы, Зинедин Зидан), бірақ соған дейін ол марапатқа сәл де болсын жақын­­даған спортшы – Дасаев еді.

Ринат жасыл алаңға шығар­да әрдайым шағын қолсөмке­сіне қосалқы запас қолғап­тарымен бірге Құран кітабын жасырын салып алатын болған. Сөйтіп, қақ­паның бұры­шына қойып қой­ған. Кеңес зама­нында, атеи­змнің дәуірлеп тұрған уақы­тында мұндай қадамға барудың оңай болмағаны анық…

Р.Дасаев қазір Мәскеудің «Спартагының» қосалқы құра­мын жаттықтырады. Баяғы Ал­матыға келіп жүріп тапқан ал­ғаш­қы жары, жерлесіміз, гим­наст­шы Нелли Гааспен ажыра­сып, испан қызы Мария дель Мармен көңіл қосқан. Бірінші әйелінен екі қызы (Эль­­мира мен Кристина), қа­зір­гі жарынан екі қыз (Беатрис пен Әлия), бір ұлы (Сәлім) бар.