СИҚЫРЛЫ ЦИРК ӘЛЕМІ

%d0%be%d0%b1%d1%89%d0%b8%d0%b9

Балнұр АХМЕТ

Ертегілер еліне саяхат жа­сататын, балалық шақ­тың бақытына бө­лейтін цирк – шат­тық­қа әрі сиқырға толы ғажайып ғалам. Ежел­ден келе жатқан цирк өнері бүлдіршіндердің өнерге, спортқа сүйіспеншілігін арт­ты­рып, жан-жануарларға қам­қорлықпен қарауға баулиды. Цирк сахнасында құстай қалық­таған әуе гимнастары  балалар­ды болашақта биікке ұмтылып, алдағы асқақ арманға қанат қағуға құлшындырады. Мұндағы әрбір әртіс баршаға өнердің құды­ретін сездіріп, адам бала­сының бойындағы қабілетінің шексіздігін паш етеді. Қойылым­ның басты кейіпкерлері болып табылатын жан-жануарлар да өз өнерімен кішкентай көрермен­дердің көңілін көкке өрлетеді. Ойлап қарасақ, сахнада бар­шаны өз өнерімен тамсанды­ра­тын акробаттар, гимнастар, жонг­лерлер, сайқымазақтар тәрізді көрермендердің алдында бар өнерін паш етіп, қойылымның қызықты өтуіне атсалысатын аңдар да нағыз талантты цирк әртістері болып саналады. Кө­рерменнің қошеметіне бөленген өнерпаздар мен цирк жануар­ларының сахна сыртындағы өмірі өнерсүйер қауымның қызығушы­лығын тудыратыны сөзсіз. Цирк­тегі әртістер мен жан-жануар­лар­дың сахна сыртындағы күнделікті тұрмыс-тіршілігімен танысу мақ­сатында жарты ғасырға жуық тари­хы бар Қазақ мемлекеттік циркінің өнерпаздарымен кездес­кен едік.

 

Құрманғали ДОСБАТЫРОВ,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

ЕЛІМІЗДІҢ АБЫРОЙЫН АСҚАҚТАТҚАН ШӘКІРТТЕРІММЕН МАҚТАНАМЫН

Бүгінгі таңда дүние жүзіне таныл­ған, мен үшін  кәсіби қарашаңы­раққа айналған Қазақ мемлекеттік циркін «Өз үйім – өлең төсегім» десем, артық болмас. Бұл киелі өнер ордасында 45 жылдан астам уақыт  еңбек етіп келе­мін, әуе гимнасты болып жұмыс істе­дім, кезінде шығар­машылық ұжыммен әлемнің әйгілі сахналарында өнер көрсеттік. Бай­рақты бәсекелерде елі­міздің абы­ройын асқақтатқан талабы таудай талай шәкірт тәрбиелегеніме қуана­мын, олармен мақтанамын. Қазір Айым Мұсабай, Даяна Жетпі­сова, Марина Стародубова, Ольга Хле­вова тәрізді шәкірттердің қанатын қатай­тып, оларды үлкен өнер жолына дайындаумен айналысып жүрмін. Циркте бірден оншақты шәкірт тәр­бие­лей алмайсыз, бұл жерде шәкірт тәрбиелеу спорт саласында олим­пиада чемпионын дайындаумен бірдей. Өнер ордасында шәкірттердің талабының шыңдалуына барлық жағдай жасап отырған Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Бақыт Бөкебаевқа шәкірт­тер мен ата-аналардың алғысы шексіз. Әуе гимнастикасы қауіп-қатерге толы болғанымен, нәзіктігімен, сұлулығы­мен адамды әрқашан өзіне тартып тұра­тын  тылсым  өнер. Әуе гимнас­та­ры­ның әуе кеңістігінде құстай қалық­­тап трюк жасаудан бөлек, актерлік шеберлігі, хореографиялық талабы, музы­камен жұмыс істей алатын қабі­леті болуы тиіс. Өмірде де, өнерде де биікке қанат қағып, биік шыңдарды бағындыруды арман­даған адам тұла бойындағы қорқыныш сезімін жеңе білуі тиіс, өзіне деген сенімсіздіктен арылғаны абзал.

4-%d0%b4%d0%b0%d1%8f%d0%bd%d0%b0

Даяна ЖЕТПІСОВА,

7 жастағы әуе гимнасты:

АРМАНЫМ МЕНІ ЦИРККЕ ӘКЕЛДІ

Мен ең алғаш рет бес жасымда анам­мен циркке келдім. Қойылымдағы ақ қанатты құстай ұшқан әуе гимнастарының өнеріне қызыға қараған сол күн ешқашан есімнен кетпейді. Сол сәтте мен де ақ көбелектей аспанда ұшқым келді. Сиқырлы цирк әлемінің есігін ашқан күннен бастап әуе кеңістігінде гимнастармен бірге ұшуды армандадым. Демалыс күндері циркке барғанда әуе гимнастарын көрген сайын қуанышым қойныма сыймайтын, қызығу­шы­лығым бұрынғыдан да арта түсетін. Алғашында бұған мән бермеген анам кейіннен мені циркке әкелді. Бір жарым жылдан бері Құрманғали  аға  маған  әуе гимнастикасының қыр-сырын үйретіп жүр. Өткен жылы Марина Стародубовамен бірге «Балапан жұлдыз» атты жас таланттар байқауында өнер көрсетіп, Бибігүл Төлеге­нованың ақ батасын алғаныма қуанышты­мын. Мен болашақта талантты цирк әртісі болуды армандаймын.

 

Батыржан  БЕЙСЕКОВ, түйелердің үйретушісі:

ТӨРТ ТҮЛІКТІҢ ТӨРЕСІ – ТҮЙЕЛЕРДІҢ ДЕ МІНЕЗІ БАР

1-%d1%82%d1%83%d0%b9%d0%b5%d0%bb%d0%b5%d1%80

Аттың жалында, түйенің қомында көшіп-қонып өмір сүрген ата-бабаларымыз ежелден төрт түлік малды ерекше қастерлеген. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде, таным-түйсігінде түйе ерекше орын алған жануар. Түйе түлігін қастерлеген халқымызда «Түйесі бардың – киесі бар» деген дана сөз бар. Кейбір деректерге сүйенсек, төрт түліктің төресі түйе — бұдан 4-5 мың жыл бұрын қолға үйретілген көрінеді. 2013 жылдан бері циркте түйелермен жұмыс істеп келемін. Эльмира, Арай, Мерей, Айка және Бота атты  түйе­лер кезінде Қарағанды жақтағы жайылымнан екі жасында циркке әкелінген. Циркте алғашқы кезде мен түйелерді үйретушінің көмекшісі болып жұмыс істедім. Үйретуші Ұлан Бақтақұнов Қытайға гастрольдік сапармен кеткеннен кейін мен оның жұмысын жалғастырдым. Бұрын бірге жұмыс істесек те, жануар­лардың маған үйренуіне, бауыр басуына біраз уақыт керек болды. Түйелер де таби­ғаттағы жаны бар тірі тіршілік иесі болғандықтан, олардың да әр түрлі мінез-құлқы болады. Өмірде әр адамның мінезі әр түрлі болады ғой, сол сияқты түйелердің де әрқай­сысының мінезі болады. Мысалы, Эльмира — айтқан­ға көнетін, не істеу керектігін және не істеуге болмайтынын білетін келе бастаушысы. Арай мен Мерей ашуланшақ, ал, Айка кішкене «тентектеу» десе де болады. Айта кетерлігі, кейде олардың да көңіл-күйі бол­майды. Көңілсіз кездерде адамдар тәрізді жануарлардың да ештеңеге зауқы болмай қалады. Кейде олардың көңілсіз екені көздерінен көрініп тұрады. Көңіл-күйі болмаған түйе­лерге трюк жасатпаймыз. Егер жануарлар трюк жасағысы келмесе, оларды қинап істете алмайсыз. Біраз уақыт жұмыс жасағандықтан, түйелердің табиғатын тани бастадық. Жануарлардың іс-әрекеті мен қимыл-қозғалысынан олардың қобалжығанын бірден байқаймыз, көңіл-күйін сеземіз. Кейде цирк сахна­сында көрермендердің алдында өнер көрсетіп тұрған түйе­лердің ашуланғаннан секіріп кететін кездері болады. Ол жағдайда  жануарларды сахна сыртына  алып кетеміз. Кіші манежде біраз жүргеннен кейін олардың ашуы басылады. Жануарлар да әр түрлі мінез танытады. Мысалы, репи­ти­цияда күнде қайталап жүрген қимыл-қозғалыс­тарын кейде көрерменнің  алдында жасамай қоюы да әбден мүмкін.

Шындығын айтсақ, өмірде еңбексіз ешқашан ештеңе өнбейтіні баршаға аян. Әрбір істің өзіне тән қиындығы болады. Қойылымға дайындық мәселесіне келсек, жұмыс күндері таңертең түйелермен бір-бір жарым сағаттан репи­тиция жасап, трюктерді қайталап тұрамыз. Сырттай оңай көрінгенмен, түйелермен жұмыс істеу оңай шаруа емес. Көрермендердің алдында түйелермен небәрі он минут өнер көрсету үшін бір жылға жуық уақыт дайындалып, тыным­сыз еңбек еттік. Жануарларды жазда аптасына 4-5 рет, ал қыста суық тиіп, ауырып қалмау үшін аптасына 2 рет жуындырып тұрамыз. Олар алғашында жуынғанды аса ұната бермейтін, айтарлықтай судан қорқатын, кейіннен суға еттері үйренді. Бір қызығы, Эльмира қазір судан шық­қысы келмейді. Айтпақшы, оларды жуындырғанда жануар­ларға арналған сусабын мен сұйық сабын қолданамыз.  Түйе жүнін тарақ­пен тарап тұрамыз. Олар түбітін тарағанды ұнатады. Қойы­лым болатын күні таңертең жануарларды жуын­дырып алып, сахнаға шығарамыз. Түйелер қойылы­мына ұлттық ою-өрнектермен безендірілген жамылғыларды арнайы тапсырыспен тіктіреміз.

Айта кетерлігі, түйелер қызылша, сәбіз, қырыққабат, кар­топ тәрізді көкөністермен қоректенгенді ұнатады. Сахна­да біз оларға орындаған трюктері үшін сәбіз беріп, ынталандырамыз. Түйелер аренада трюкті жақсы жаса­ғандары үшін сәбіз беретінімізді біледі. Егер олар өздерінің істерін ойдағыдай орындамаған жағдайда қорегінің мөлшерін азайтамыз. Олар өздерінің күнделікті қорегінің мөлшерін біледі. Қасындағыларға қарағанда азырақ қорек­тенген жануар өзгелермен салыстырғанда өзінің айтарлық­тай аз еңбектенгенін түсінеді. Бірақ, өз міндетін ойдағыдай орындамады екен деп біз оларды ешқашан аш қалдырған емеспіз. Өз өмірін цирк өнеріне арнаған әкем Серікбай Бейсе­ковтің өнердегі жолын қазір қарындасым Әселмен бірге біз осылай жалғастырып жүрміз.

 

Алена КРАМАРЕНКО, мысықтарды үйретушінің  көмекшісі:

МЫСЫҚТАРДЫ МӘЖБҮРЛЕЙ АЛМАЙСЫЗ

3-%d0%bc%d1%8b%d1%81%d1%8b%d0%ba

Қазіргі таңда Алматы циркінде Азик, Стёпа, Жан, Чарли, Пушок, Антоша, Алиса, Зуля, Маркиза атты 9 мысық өнер көрсетеді. Олардың арасында ең үлкені – 18 жастағы Алиса, ал кішкентайы – бір жасар Маркиза. Мысықтар үй жануары болып саналғанымен, оларды сахнаға үйрету үлкен төзімділікті талап етеді. Үш жылдан бері мысықтармен жұмыс істеп жүрмін. Негізі жасы үлкен мысықтар жас­тарға қарағанда өздерінің іс-әрекеттерін өте жақсы біледі. Көшеден табылған Стёпа атты мысық сахнаны сүйетін өте талантты жануар. Өткен жылы ауырып қалғандық­тан, оны үйіме апарып емдедім. Содан бері қасымнан кеткісі келмейді, қазір менің үйімде тұрады. Трюктерді тез үйренетін ол сахнаны жақсы көреді. Біз мысықтар­дың іс-әрекеттерін мұқият бақылап, олардың қабілеттерін зерттейміз. Мысалы, Зуля арқанның үстімен, ал Алиса арқан­ның астымен жүре алады. Ал төрт жастағы Азик от жанып тұрған сақинадан секіре алады. Айта кетерлігі, бұл трюкті одан басқа ешбір мысық жасай алмайды. Үш жасар Жан арқанның астымен жүгіре алады. Ал Чарли барьерде обручтен секі­реді. Трюктерді жасағысы келмесе кез-келген жануар тәрізді мысықтарды да мәжбүрлей алмайсыз.

 

Тимур ҚОРЖҰМБАЕВ, иттердің үйретушісі:

ЖЕТІ   ҚАЗЫНАНЫҢ  БІРІ ИТ — АДАМ  МЕЙІРІМІН ДАУСЫНАН СЕЗЕДІ

2-%d0%b8%d1%82%d1%82%d0%b5%d1%80%d1%80%d1%80

Алматы циркінде жеті жасым­нан бастап жұмыс істеп келемін. Өмірім­нің ең бақытты кездері – балалық шағым мен жастық шағым өткен бұл цирк менің екінші үйім іспетті. Бала кезімде цирк өнеріне деген қызығушылығымды  иттер­мен сахнаға шығатын Камиля есім­ді әпкем оятқан болатын. Бүгінгі таңда аренада Гранд, Лорд, Пуди, Кузя, Белка, Далми, Джек, Доня атты 8 итпен өнер көрсе­темін. 1 жастан 11 жасқа дейінгі бұл иттердің тұқымдары да, мінез-құлықтары да әр түрлі. Мысалы, олардың арасында Гранд, Лорд, Пуди, Кузя төртеуі бір-бірімен тату-тәтті тұрады. Кейде Кузя мен Джектің өзара тіл табыса алмай калатын кездері болады. Олардың барлығы қызғаншақ келеді, біреуін сипалай бастасаңыз, сол сәтте басқалары да өзіне назар аудар­ғанды талап етіп тұрады. Циркте жануарлармен жұмыс істеу үшін олардың әрқайсысымен тіл табыса білу қажет. Қойылымға дайындық кезінде иттер өздерінің іс-әре­кеттерін дұрыс жасамаған жағ­дайда адамның ашуланғанын, бір нәрсеге көңілі толмағанын оның дауыс көтергенінен бірден біледі, өздерінің қателігін сезеді. Оларды еркелетіп, мақтап, ынталандыру ретінде печенье немесе ет берген кезде иттер өздерінің дұрыс жаса­ғандарын да түсінеді. Олардың да көңіл хошы болмайтын кездері бар, дайындық алдында тойып тамақ жеген кезде тек қана жатып демалып, ұйықтағысы келіп тұрады. Қойылымның алдында 45 минуттан аптасына 4 рет дайын­дық жасаймыз. Ұзақ уақыт жат­тығу жасамаған иттердің бұлшық еттері әлсізденіп, кейбір трюктер жасау­ға қиналып қалуы мүмкін. Кішкен­тай көрермендердің ыстық ықыла­сына бөленіп жүрген бұл иттердің он минуттық қойылымын сахна­лауға бір жылға жуық уақыт қызу дайындалдық. Әдетте отырғызып, жатқызуды оларға үйрету оңай, ал қиындау трюктер жасауды үйрету үшін ұзақ уақыт керек. Себе­бі, сахнада олар қай жерге дейін жүгіріп, қай жерде секіру керектігін алдымен түсініп алуы қажет. Иттерді күніне екі рет тамақтандырамыз. Таңертең олар жеңілірек қоректенсе, кешке толық­қанды тамақтанады. Незігі, иттер жабайы табиғатта 15-16 жасқа дейін өмір сүруі мүмкін. Он жасқа келгенде иттерде қартай­ғандықтың белгілері байқала бас­тайды. Әдетте жасы келген кезде иттерді достарымыз бен таныс­тарымызға немесе хабарландыру арқылы жануарларға жанашыр жандарға қамқорлыққа береміз. Бір қызығы, ұзақ уақыт иттермен бірге жұмыс жасап жүріп, иіс сезу қабілетімнің дамығанын байқа­дым. Достарымның иіссуларын ажырата алатын болдым. Тамақ­тандыру мәселесіне тоқталар бол­сақ, иттерге ет қосылған сорпа, әр түрлі ботқалар мен құрамында кальциі бар балық береміз. Олар­ды ащы және тәтті тағамдар­мен қоректендірмеуге тырысамыз. Табиғатынан сүйектерді мүжігенді ұнататын иттердің күнделікті тамақ мәзірі дәрумендерге бай әр түрлі тағамдардан құралған. Тәттілерден  кейбір иттерде кейін­нен аллергия пайда болуы немесе көру қабілеті нашарлап кетуі әбден мүмкін. Қойылым кезінде иттерге печенье немесе туралған ет береміз. Қойылым бүлдіршін­дерге қызықты болуы үшін жа­нуар­ларды бояуға арналған суса­бындармен иттерімізді қызғылт, көк, сұр, қызғылт сары түстерге бояп, өнер көрсеткен кез­деріміз де болды. Суса­бындар жа­нуар­дың терісі­не ешқан­дай әсер етпейді, аллергия тудырмайды. Бояулар 3-4 рет жуындыр­ғанға дейін түсін сақтап тұрады. Иттер массаж тарақ­­пен терісін тараған­ды ұнатады. Жа­нуар­лардың денсау­лы­ғын мал дәрігері жиі тексереді. Иттер қойылымның басты кейіп­керлерінің бірі бол­ғандықтан, анам Сафия Қор­жұмбаева оларға ар­найы әр түрлі киім-кешек тігіп береді. Қыстағы қо­йылымдарда жаңажылдық киімдер киген көңілді ит­теріміз кішкентай көрер­­мендерге өз өнерлерімен керемет мерекелік көңіл- күй сыйлаған. Шынымды айтсам, сахнада ұзақ уақыт өнер көрсетіп жүрсем де, көрерменнің алдына шы­ғарда әлі күнге дейін іштей толқып тұрамын, қатты қобалжи­мын. Себебі, цирк өнерінің басқа жа­нр­ларында әртістер өздеріне ғана сенсе, ал жануарлар қатысқан қойылым әрқашан күт­пеген жағдайларға толы болады. Кейде дайындықта өздерінің іс-әрекет­терін дұрыс орындап жүрген иттер қойылым кезінде жарық пен дыбыс­тың әсерінен шатасып, ештеңе істей алмай қалады немесе үрейленіп, айтқаныңызды істемей қояды.  Ол кезде бұл жағымсыз жағдайдан көрерменге байқатпай шығуға тырысамыз. Қойылымның қызы­ғы­на батқан бүлдіршіндер мұндай келеңсіздіктерді байқай бермейді. Адамға адалдығынан айнымаған иттер ежелден қасиетті жеті қазы­намыздың бірі болып саналатыны ақиқат. Мен цирктегі бұл иттердің барлығын бірдей жақсы көремін, барлығына бірдей көңіл бөлемін. «Бар жәндігін сүйемін қыбырла­ған, бәрі маған: «Отан!» деп сыбырлаған» деп ақын Мұқағали Мақатаев айтқандай, циркте жан-жануарлармен жұмыс істейтін адамның ең алдымен аң атаулыға деген сүйіспеншілігі мен мейірімі ерекше болуы керек. Жануарлар адам жүрегінің жы­луын оның жылы сөзінен, күлім­деген көзінен, даусынан бірден сезеді.