Нағыз жұмыс – Наурызбайда

whatsapp-image-2017-06-14-at-15-09-12

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Наурызбай ауданында Елебаев және Байзақ батыр көшелері бойымен екі метростансының құрылысы басталатын болды. Олар Райымбек даңғылы мен Әшімов көшесі қиылысынан солтүстікке қарай орналасады. Бұл туралы «Метрожоба» ЖШС жобаларының бас инженері Павел Московчук Нау­рызбай ауданында өткен инвестициялық форум барысында айтты.

Оның айтуынша, «Западный»  авто­бекеті көліктік-ауысу торабына (КАТ) айналмақшы. Ал онда халықаралық автобекет, ЖРК (жеңіл рельсті көлік), BRT (жүйрік автобус желілері) және метро­политен секілді қоғамдық көліктің бірнеше түрі орталықтандырылатын болады. Бұдан басқа, «Западный» авто­бекетінің аумағында қалаға кіретін азаматтарға машиналарын қалдыруға және қоғамдық көлікті пайдалануға мүмкіндік беретін жеке автомобильдерге арналған тұрақ салу көзделген. Осылайша, «Западный»  автобекетінің соңғы стансасы пайдалануға енгізілгеннен кейін метро­политеннің бірінші желісінің жалпы ұзындығы 18,3 шақырымды құрап, барлығы 13 станса болады. Осының нәтижесінде, метрополитендегі жолаушы­лар саны күніне шамамен 100-110 мың адамға жетеді деп жоспарлануда.

Бұдан басқа, форумда Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жол инфра­құрылымы бөлімінің басшысы Ернұр Әбжахан Абай даңғылын ұзарту жобасы туралы айтып берді. Оның айтуынша, қолға алынған жоба өткізу қабілеттілігін арттыру, көлік тығынын азайту және қала орталығы мен оған қосылған аудандардың жол қаты­насын қамтамасыз ету мақ­сатында жүзеге асырылуда. Даңғылдың құрылысы 2 бөлімнен тұрады: бірінші кезегі қаланың батыс жағына қарай, яғни, Әуезов көшесінен «Қалқаман» шағын­ауданының шекарасына дейін, ал екінші кезегі – Момышұлы көшесінен Әуезов көшесіне дейін «Қалқаман» шағын­ауданына жетеді.

Қазір Наурызбай ауданы әкімшілік орталығының аумағында жол тарауының құрылысы бойынша да жұмыстар жүргі­зілуде. Олар 2017 жылғы желтоқсанда аяқ­талады деп жоспарлануда. Жаңа жолдың 6 қозғалыс жолағы, вело және жиек­жолдары болады. Сондай-ақ, сол маңнан екі жерүсті жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы көзделіп отыр.

Осы жұмыстарға қарап отырып, ин­вестиция тарту бойынша Наурызбай ауданы көптеген жетістіктерге қол жеткізіп отырғанын аңғару қиын емес. Соңғы 3 жыл ішінде негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 3 есеге, яғни, 7 млрд.-тан 22 млрд.-қа дейін өскен. ШОБ жұмыс істеп жатқан субъектілерінің саны 4 есеге (2014 жылы – 175 және 2017 жылы – 755) өсті. Осы 3 жыл ішінде шамамен 1500 жаңа жұмыс орны ашылды.

Бұлардан бөлек, инфрақұрылымды дамыту бойынша да белсенді жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, ауданның 25 га. аумағында «Нұрлы дала» тұрғын үй кешенінің құрылысы жүріп жатыр. 229 мың шаршы метр жерге жалпы саны 5 770 пәтерлі 73 нысанның құрылысын салу жоспары қарастырылған. Соның ішінде, 858 пәтерді пайдалануға берудің бірінші кезегі келер жылдың сәуір айына жоспар­ланып отыр. Сондай-ақ, биыл 153 га. аумақта орналасқан 7 үй пайдалануға берілетінін естен шығармаған жөн.

Наурызбай ауданы әкімшілік орталы­ғының құрылысы салынып жатқан 153 га. аумақта осы жылы 1200 орындық жаңа мек­теп, бір уақытта 500 адамды қабыл­дайтын емхана және әкімшілік аппараты, ІІБ, ХҚКО, МКБ, сот, прокуратура ғима­раттары пайдалануға беріледі. Осы аумақта сауда, мәдени, бизнес орталық­тарының, екінші деңгейлі банктердің, спорт, агро­өнеркәсіп кешендерінің, гипермаркет­тердің және тағы да басқа құрылыстарға бөлінген жер телімдері бар. Сонымен қатар, республикада теңдесі жоқ мұражайы бар «Алматы Ғаламшары» атты ойын-сауық кешенінің құрылысы жос­парланып отыр.