«МЕН — МАХАМБЕТ ЕМЕСПІН, СЕН — МАХАМБЕТ ЕМЕССІҢ!»

Асқақ жырларымен танылған көрнекті ақын Нұрлан Оразалин 70 жасын шығармашылық шабыты шалқыған, ой-парасаты толысқан шағында атап өтіп отыр.

%d0%bd%d1%83%d1%80%d0%bb%d0%b0%d0%bd

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Осы жетінің алғашқы дүй­сенбі күні Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті ақын, драматург Нұрлан Оразалиннің 70 жасқа толуына орай баспадан жарық көрген «Сөзтұмар», «Көк­жал дәуір», «Время волчица», «Тәңірмен тілдесу», «Тәубә», «Аспан­таудан ауған күз» және «Құндағым» кітаптарының тұсау­кесер рәсімі болды. Жиынды Жазу­шылар одағы басқарма төраға­сының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай ашып, алыс-жақын шет елдерден, сондай-ақ, еліміздің түкпір-түкпірінен келген әріптес қаламгерлер құттықтады.

Ертеңіне, 13 маусым күні Абай атын­дағы академиялық опера және балет театрында Нұр­лан Оразалиннің 70 жасқа толуы­на байланысты «Арғы­мақ дәуір зулайды…» атты тақырыпта үлкен шығармашылық кеші өтті. Сал­танатты жиын Нұрлан Оразалин туралы деректі фильм көрсетуден және ақын өзінің қолтума өлеңде­рін оқудан басталды.

Алматы қаласының әкімі Бауыр­жан Байбек Елбасы Н.На­зар­баевтың қазақтың көрнекті ақыны, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Ора­залиннің 70 жасқа толуына байла­нысты жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қасымжомарт Тоқаевтың құт­тық­тау хатын Сенат депутаты Ақан Бижанов, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматул­линнің құт­тықтау хатын Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов табыс етті. Сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрінің, Ақпарат және ком­муни­кация министрінің, Мемле­кеттік және Үкімет орындары бас­шыларының, жекелеген лауазым иелерінің, облыс әкімдерінің құт­тықтау хаттарын арнайы келген өкілдер табыстады.

Ақын Нұрлан Оразалинді 70 жыл­дық мерейтойымен мем­лекет және қоғам қайраткері, көрнекті ақын, Еңбек Ері Олжас Сүлей­менов, КСРО және Қазақ­стан­ның халық әртісі, Еңбек Ері Асанәлі Әшімұлы және қоғам қай­раткері, ғалым Мырзатай Жолдасбеков құттықтады.

– Қасиетті Ораза айында ақын Нұрлан Оразалин өзінің мерейтойын өткізіп отыр. Нұрлан қиын кезде Жазушылар одағын басқарды. Өтпелі кезеңде талай одақтар жойылып кетіп жатқанда Жазушылар одағы аман қалды. Сол үшін Нұрланға рахмет айта­мыз. Енді, міне, 70 жасқа келіп, ақ­сақалдар партиясына кіріп отыр.

– Нұрлан ініміз соғыстан кейін өмірге келді. Біздің балалық шағымыз соғыс жылдарына тап келіп, қиын­дықты да, Жеңісті де көрдік. Қазақта іні дос, аға дос деген болады. Екеуміз­дің іні дос, аға дос болып келе жатқа­нымызға жарты ғасыр уақыт өтіпті. Оның әдебиеттегі, драматургиядағы шы­ғармалары маған жақсы таныс. Үлкен қоғамдық ұйым Жазушы­лар одағын көп жылдан бері абы­роймен басқарып келеді. Әрбір ақын-жазу­шы өз алдына бір-бір ұжым, сонша ұжымның басын біріктіріп, ұстап отыру оңай ша­руа емес, әрине. Мына менің үстімдегі шапан көптен бері киіп келе жатқан киімім еді. Інісі аға­сының ескісін киеді. Осы шапа­нымды қимасам да, Нұрлан інім­нің иығына жапқалы тұрмын, – деген Асанәлі Әшімұлы ағамыз шапа­нын шешіп, қағып-қағып жіберіп, Нұрлан інісінің иығына жапты.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының пре­зиденті Мұрат Жұрынов «Ұлттық Ғылым академиясының құр­метті мүшесі» төсбелгісін, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйы­­мының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов ТҮРКСОЙ ұйымының алтын медалін табыс етті. Алыс-жақын ел­дер­ден келген әріптес қалам­герлер Нұрлан Оразалинді мерейтойы­мен құттықтап, сый­лық­тар тапсырды.

Шығармашылық кеште Нұр­лан Оразалин өлеңдерін оқып, Т.Жүргенов атындағы Өнер акаде­миясының про­фес­соры Дариға Тұрғанқұло­ва­ның студент-шә­кірт­тері ақын өлеңдерінен сахна­лық көрініс қойды. Республи­ка­мыз­дың танымал өнер шеберлері ән-күйден шашу шашты.

Қазақстан Жазушылар одағы бас­қармасының төрағасы, «Құр­мет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Алматы қаласы мен Алма­ты облысының Құр­метті азаматы Нұрлан Оразалин әр жылдары Қазақстан театр қайраткер­лері ода­ғы басқармасының бірінші хат­шысы, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, ХІІ сай­ланған Қазақ КСР Жоғарғы Ке­ңесінің (1990–1994 жылдар) депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесі Жоғарғы палатасында ғылым, білім және мәдениет комитеті төраға­сының орынбасары, ҚР Парламенті Сенатының депутаты (2013 – 2016 жылдар) тәрізді лауазымды қызметтер атқарған. 1996 жылдан бері Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы­ның төрағасы. «Мен — Махамбет емеспін, сен — Махамбет емес­сің!», «Абайға оралу» деп жырла­ған ақын, әріптес қалам­гер ақын­дар­ды ақыл-парасатқа шақырып, кісілік, кішілік, бекзат қал­пынан айнымай келе жатқан Нұрлан Оразалин жетпістегі жігіт қал­пында халқының алдында шығар­машылық есебін берді. Жуырда ғана Ұлттық кітап­ханада Нұрлан Оразалиннің он том­дық шығар­малар жинағының тұсауке­сер рәсімі табыс­ты өтті.