ҚҰРЫЛТАЙ ҚОНАҚТАРЫНЫҢ 60 ПАЙЫЗЫ – ЖАСТАР

Маусым айының 22-25-і күндері Аста­на қаласында Дүниежүзі қазақ­та­рының V құрыл­тайы өтеді. Бес жылда бір болатын ұлты­мыз­дың ұлы жиы­нына биыл кімдер келе жатыр? Сыртта жүр­ген ағайын үшін бұл құрылтай несі­мен ерекшеленбек? Осы және өзге де сауал­­дарға жауап алу үшін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орын­басары Талғат Мамашев­пен сөйлескен едік.

%d2%9b%d2%b1%d1%80%d1%8b%d0%bb%d1%82%d0%b0%d0%b9-%d1%84%d0%be%d1%82%d0%be

–       Талғат Асылұлы, биылғы құрылтай өз уақытынан бір жылға кеш өтетінінің өзіндік себебі бар болар…

–       Әр құрылтайдың өз ерекшелігі бар. Бірінші құрылтайды 1992 жылы Алма­тыда өткіздік. Оны тарихи оқиға ретінде есте сақтауымыз керек. Өйткені, Кеңес одағы құлаған соң сыртта жүрген ағайын­дарымыздың елге оралуына алғаш рет қадам жасалды. Дегенмен, қазақтың үштен бірі әлі сыртта жүр. Бірінші құрылтайға әлемнің 30-дан астам елінен ағайындар келіп, бірінші рет Қазақстанға табан тіреген кездегі жан тебірентер көріністер әлі көз алдымда.  Ол кезде мен Алматы облысы әкі­мінің орынба­сары қызметіндемін. Құрыл­тайдың бүкіл ойындары, ұлттық салт-дәстүрлерін Дегерес деген жерде ұйымдастырып, басы-қасында жүрдім. Әуежайда қарсы алсақ та, Дегересте қарсы алсақ та, жерге табаны тигенде құлап, сүйіп, «Ал­лаға ризамын, атажұртыма келдім» деп еңіреген ақсақал­дарды көрдік. Одан бері, міне, 25 жыл өтіп кетті. Содан екінші құрылтай 10 жылдан кейін өтті. Ол экономиканың бір қиын кезі болатын. Әлі 3 жыл, 5 жыл деген тәртіп жоқ ол кезде. Киелі Түркістанда өткен екінші құрыл­тайда өз жарғымызды қабылдап, бес жылда бір құрылтай өтетін болып шешілді. Дегенмен, саяси жағдайларға байланысты үшінші құрылтай 2005 жылы өз уақытынан бұрын болды. Мұндағы негізгі мақсат – өсіп, өркендеп келе жатқан Астананы ағайындарға көрсету болатын. Ол кезде бүгінгі көптеген ғимараттар әлі салын­баған. Біз құрылтайды Үкімет үйінің мәжіліс залында өткіздік. 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткенін білесіздер. Сондықтан біз құрылтайдың уақытын бір жылға шегеріп, 2011 жылы Тәуелсіздік сарайында өткіздік. Сол құрылтай аясында тұңғыш рет мәдени сала, білім саласы, көші-қон саласы сынды 4-5 министрлікте пленарлық отырыстан кейін секциялық жұмыстар өткіздік. Бір күнді спорт күніне арнап, бүкіләлемнен қазақ жастарының футбол коман­дасын жинап, турнир өткіздік. Осы құрылтайда жастарға орын бере бастадық. Өйткені, алғашқы екі құрылтайда ақсақалдар көбірек келген  еді. Ал биылғы құрылтай өткен жылы өту керек болатын. Біз әлемдегі ағайындар да ЭКСПО-ны көрсін деген ниетпен осы жылға жоспарладық. Сол мақсатпен өткен жылы Президентке хат жазып, ұсынысымды айтып, «қолдауы­ңызды сұраймын» деп едім, Елбасы «келісемін» деп қол қойды.

–       Бұл құрылтай бұрынғы құрылтай­лардан несімен ерекше? Астанаға кімдер келе жатыр?   

–       Биылғы құрылтайдың тақырыбы – Рухани жаңғыру және шет елдегі қазақтар. Шақыратын өкілдердің тізімін ұсынарда шет елдегі мәдени орталықтарға мынадай ұсыныс бердік. Біріншіден, «мен үш құрыл­тайда да болғам, бесіншіге неге бармай­мын?» деген реніш болмасын дедік. Біз «өмір бойы құрылтайға шақырамыз» деп ешкімге тілхат бермедік. Бұл жолы жас­тарға баса көңіл бөліп отырмыз. Әлемнің 40 елінде қазақтар тұрып жатса, сондағы 32 елде қазақ мәдениет орталығы жұмыс істейді. Олардың басшыларына «өзіңмен бірге жастар қанатының өкілі не жетекшісі болсын» деген талап қойдық. Екіншіден, бұрын келген адамдар емес, құрылтайға келмеген адамдарды көбірек қамтиық деген талап қойдық. Үшінші, жастарға көбірек орын берілуі керек.

58_medium

Биылғы бір жаңалық – құрылтайға келетін делегаттардың 80 пайызы жаңа адамдар. 20 пайызы бұрын­дары 1-2 рет келген, мәдени орталықты басқарып отырған басшылар. Келетін қонақтардың 60 пайызға жуығы жастар.

Өйткені, рухани жаңғыру да, келешек те жастардың қолында. Мүмкін, ауыз толты­рып айтқанға жақсы шығар, дегенмен, ақсақалдар келеді, кетеді. Жастарға жол бергеніміз абзал. «Мен неге бармаймын?» деп хат жіберіп, өкпелеп жатқан ағайын көп. Бірақ, біздің тәртіп осылай. Мәдени орталықтар бізге ұсыныстарын жіберді. Құрылтай аясындағы тағы бір тың өзгері­сіміз – әлемдегі қазақ жастары көшбасшы­ларының «Жастар рухани жаңғыруды қолдайды!» атты жеке форумын өткізбек­шіміз. Шет елдегі мәдени орталықтардың жас қанатының лидерлері мен «Нұр Отан» партиясы жастар қанаты, Астанадағы жастар ұйымдары бар. Бәрін бөліп-жармай, табыстырайық деп отырмыз. Оның сыр­тында «Болашақ» бағдарламасымен оқып жүрген жастар бар. Олардың өз ұйымдары бар. Сол болашақтықтардан әр елден 15 адам келеді. Оның ішінде біздің қазақ диаспорасының да жастар ұйымдарының өкілдері бар.

Биыл — Халифа Алтайдың 100 жылдығы. Соған орай, құрылтай аясында «Халифа Алтай және қайта оралған тарих» атты ғылыми-практикалық конференция өткі­земіз. Кітабы, библиографиясы басылуда. Балалары да 2-3 кіта­бын шығаруда. Х.Ал­тайдың Норвегия, Франция, Стам­бұлда тұратын  ұрпақтарын шақырдық.

Алаш ардақтыла­рының да ұрпақтары келеді. Мысалы, Мәскеуде Бекмаха­новтың қызы тұрады. Оның немересі де ғылым докторы. Биылғы құрылтайға сол немересі Нарбаев Назым келе жатыр. Канададан М.Тыныш­паевтың немересі Шейх-Али Асқар Дәулетұлы келеді. Өткен құрылтайға оның әкесін шақырғанбыз. Ұрпақ жалғасы деген міне, осы.

«Шет елдегі қазақ кім?» дегенде ауыз толтырып айтатын ағайын көп. Олар әр елде де бар. Бизнесте де, билікте де, спортта да жүр. Өнер адамдары, жазушыар да көп. Қытай мен Моңғолиядан көптеген ақын-жазушы, журналистер келеді. Оның сыртында 5 министрлікте бір күндік секциялар жұмыс істейді. Шет елден бас-аяғы 350 адам шақырамыз, ал 250-ден астам адам Қазақстаннан болады. 14 облыс, Алматы мен Астана зиялылары, Үкімет адамдары, депутаттар бар. Тізіммен шақыратын да өз адамдарымыз бар. Бас мүфтий, ғарышкерлеріміз, Еңбек ерлері келеді. Мұхтар Шаханов, Олжас Сүлей­менов сияқты ағаларымызды шақырып отырмыз.

–       ЭКСПО қарсаңында өткелі отырған құрыл­тайдың ресми бөлімінен бөлек, сырттағы ағайынға не көрсетеміз?

–       22-сі күні түске дейін қонақтарға Аста­наны аралатамыз. ЭКСПО-ға байла­нысты үлкен этно-ауыл бой көтергенін білесіздер. Ол үш ай бойы жұмыс істейді. Сол жерден қазақтың бүкіл тыныс-тіршілігін, ұлттық байлығын тамашалауға мүмкіндік болады. Кешкілік Астана опера театрына «Қыз жібек» операсының жаңа қойылымына апарамыз. Екінші күні Н.Назарбаев университетінде Президенттің қатысуымен пленарлық отырыс өтеді. Ондағы мақсат – Н.Назарбаев универси­тетін көрсету. Одан кейін бүкіл қонақтары­мызды ЭКСПО-ға апарамыз. Сол күні шетелден келген қонақтар Президенттің қабылдауында болады. Ағайындарға Елбасы дастарханынан дәм татқызбақ­шымыз. Салтанатты қабылдау кезінде Қазақстан өнер шеберлерінің қатысуымен концерт ұйымдастырамыз. Осы жолы дәстүрлі әндер мен классикаға басымдық беріп отырмыз. Үшінші күні министрлік­терде секциялық жұмыс. Түстен кейін қатысушылардың жартысы конференцияға барса, жартысы жастар форумына барады. «Қазақстандағы медицина жағдайы және туризм» деген секция бар. Сол бойынша болашақта ағайындарға арзан бағаға елде емделуге мүмкіндік жасалмақшы. Біздің қауымдастық Этноауылда 2-3 киіз үй тігеміз. Келген ағайындарға ыстық бауыр­сақтан, қымыздан дәм татқызбақшымыз. Сонымен қатар, құрылтайдан соң шет елдегі қазақтың 100 жаңа есімін шығаруға жұмыс жүргіземіз.

–       Сөз соңында, сырттағы аға­йын­ның бүгінгі мәселесін айтып өтесіз бе?

–       Әр елдің саяси-экономикалық жағ­дайына қарай ондағы қазақтардың мәсе­лесі де әртүрлі. Ресей қазақ­тарын­да қазақ тілі мен салт-дәстүрін сақтап қалу өзекті болып тұр. Тәуелсіздік жылдары 1 миллион қазақты елге көшіріп алдық. Солардың 60 пайыздан астамы Өзбекстан мен Қарақал­пақстаннан келді. Елдің көбі Қытай мен Монғо­лиядан келді деген қате пікірде. Олай емес. Ол елдерге 23-24 пайыз ғана тиесілі. Қалған елдерден 2-3 пайыз қазақ оралды. Кезінде Қытай қазақтары телевизия, радиомыз қазақша сайрап тұр, газет-журналдарымыз шығып тұр, Шыңжаң, Құлжада қазақ мектептері істеп тұр дейтін еді. Қазір онда қостілділік деген кіргізілді де, жағдай өзгере бастады. Сондықтан балаларының, ұрпақтарының келе­шегін ойласа, ағайын ойлануы керек. Әуелі Моңғолияның өзі қостілділікті кіргізе бастады. Ол процесс көбеймесе, азаймай­ды. Айналып келгенде, қазақ тілі мен әдебиеті ғана қазақ тілінде қалдырылуы мүмкін. Ал біз ол елдердің ішкі саясатына араласып, «неге олай болып жатыр?» дей алмаймыз. Еуропадағы 12-15 мың қазақ ассимиляцияға ұшырап бара жатыр. Біз мұның бәрін көріп отырмыз. Олар жаппай бері көшіп келгелі жатқан жоқ. Рухани жаңғыруда біз осыған көңіл бөлгелі отыр­мыз. Сананы өзгерту керек. Өткен құрылтайда Елбасы «сырттағы ағайын «Қазақстан маған не береді деп емес, мен Қазақстанға не беремін?» деп ойлауы керек» деп еді. Келген ағайын шүкір, шұбарланған тілімізді байытып, демографиялық жағ­дайы­мызды көтерді. Экономиканың дамуы­на да үлес қосуда. Қаншама өнер адамдары, ақын-жазушылар, ғалымдар келді. Дегенмен, сырттағы ағайынның, оның ішінде қазақ жастарының да мәселесі жетерлік. Былтыр Санкт-Петербургте болдым. Онда 3000-ға жуық студент оқып жүр. Оның 700-і ғана мемлекеттік грантпен оқыса, қалғандары өз жағдайымен барған­дар. Солардың мықты екі студенттік ұйымы бар екен. Солар біраз мәселе айтты. Мысалы, 3-4 курсқа келгенде студенттер тәжірибеден өтеді. Қазақстанға барса, «ұлттық компанияларға барып, өздерің сөйлесің­дер» дейді екен. «Біреуі алғысы келеді, біреуі алғысы келмейді, соны министрлік неге реттемейді?» деген сауалдар болды. Сол Ресейде үздік оқитын студенттерді 4-5 курстарда «Қазақ­станға барғанда не бітіре­сің?» деп азғыра бастайды екен. «Біз саған азаматтық берейік, үй жағдайын шешеміз, қызмет береміз, жалақың мынадай болады. Ойламайсың ба? Ертең өз еліңде жұмыссыз қаласың» дейді. Ал бізде ондай жұмыс жүргізілмейді. Қытайда қазір 5000-ға жуық жастар білім алуда. Сол елдегі студенттер ұйымы – ең белсенді ұйым. Олар осымен екі рет Қытайда оқып жүрген қазақ жаста­рының құрылтайын өткізген. Сондай лидер­лердің барлығын біз Білім министр­лігімен, елшілік арқылы түгелдеп, барлы­ғын шақырып жатырмыз. Ал құрылтайдағы біздің негізгі күтіп отырғанымыз – Президенттің баяндамасы. Сонда нақты тапсырмалар беріліп, алдағы жоспар айқындалады.

Сұхбаттасқан –

Әсел ДАҒЖАН.