ҚОС ҚҰЛЫНЫМЫЗ ҚУАНТҚАН СӘТ

photo_76538

Қазақстан жанкүйерлері сарыла күткен сенбінің сарала таңы да атты. Бұл күні мұхиттың арғы бетіндегі  Америка құрлы­ғының, дәлірек  айтсақ, Америка Құрама  Штаттарының Флорида штатының Бока Ратон қаласында кәсіпқой бокста бақ сынап жүрген екі бауырымыз,  жерлестеріміз — Қанат Ислам мен Жанқош Тұраров кәсіпқой бокстағы  кезекті жекпе-жектерін  өткізді.

Басты бәсекелер  алдында өткен рейтингтік екі кездесуден кейін алдымен шаршы алаңға Жанқош Тұраров бауы­рымыз шықты. 26 жасар Жанқоштың бұл жолғы қарсыласы 36 жасар мек­сикалық Густаво Гарибай болды. Жан­қош бұған дейін шаршы алаңда 20 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен: 14 қарсыласын нокаутқа жіберген, яғни, мерзімінен бұрын тізе бүктірген болатын. Ал Густаво – 21 кез­десу өткізген тіс қаққан тәжірибелі жігіт.

Мұның алдында Жанқош Тұраров бауырымыз Америкада бір жарым жылдай Қанат Исламмен бірге жаттық­қан. Бұл жекпе-жекке тас түйін дайын боп шыққан Жанқош 8 раундқа есеп­телген бәсекенің 3-раундында қарсыла­сының есін жиғызбай,  екі рет есеңгі­ретіп жіберген соң төреші шайқасты тоқтатты.  Бұл бұған дейін ешбір жеңі­ліп көрмеген Жанқоштың 21-жеңісі, 15-нокауты болды. Жарайсың, Жанқош!

Өткен жылдың күзінде Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапхана­сында ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаровпен  кездесуге еріп келген Жанқош бауырымызбен танысудың сәті түскен-ді. Өте қарапайым, сыпайы, жымиып қана отыратын жігіт екен. Жұртты өзіне бірден баурап алды. Сол басқосуда Ардақтан кейін ол да жанкүйерлердің сұрақтарына жауап берген-ді. Біз оған алдағы кездесулерінде сәттілік тілегенбіз. Жанқош бауырымыз нағыз жігіт екен, жанкүйерлердің айызын қан­дырды. Сырт алаңда жұдырықтас­қанына, жергілікті жанкүйерлердің өз боксшысын қолдап, қошеметтегеніне   қарамай, намысты қолдан берген жоқ. Шаршы алаңда ширығып тамаша өнер көрсетті.

***

Бұдан кейін рингке жұрт тағатсыз­дана күткен атақты боксшымыз Қанат Ислам шыққанда, жүрегіміз алып-ұшып отырды. Қанаттың бұл жолғы  қарсы­ласы  «Мексика перісі» («Мексиканский демон») деген лақап аты бар  Норберто Гонсалес (23,8, 13 нокаут) болды. Ал Қанаттың лақап аты «Қазақ» екенін жанкүйерлер білетін болар. Бірінші орта салмақтағы бұл жекпе-жекте жеңген спортшының   бәсі өте жоғары еді. Оның үстіне Норберто Гонсалес рейтинг бойынша Қанаттан тоғыз саты жоғары тұрған.

Алдымен Мексиканың әнұраны ойналғанда Норберто Гонсалес бапке­рімен бірге оны дауыстап айтып тұрды. Біздің Әнұранымызды Қанат бауыры­мыз да бастан-аяқ шырқады. Оған бір топ қазақстандық жанкүйерлер қосыл­ды. Сонымен бірге, Қанат жекпе-жек алдында қазақтың әндері мен күйлерін тыңдап, ләззат алатынын білетінбіз.

Атақты боксшылар  кездесер  алдын­да әдетте сан алуан пікірлер айтылып, түрлі болжамдар жасалып жатады. Соның бірінде  Soloboxeo.com сайтының «Ислам 154-фунттық (66 келідегі бірінші орта салмақ – Ғ.Т.) дивизиондағы аса күшті боксшылардың бірі екенін дәлелдеді. Геннадий Голов­кин екеуі Қазақстан боксының жарық жұлдыздары. Мұның бәрі табанды еңбектің және жұдырықтасудың агрес­сияшыл стилінің арқасында», — деп жазға­нын Sports.kz. хабарлаған болатын.

Бәсеке басталар алдында Қанаттың кең дала төсінде атпен құйындата шауып келе жатқанын көріп, көңіліміз көте­ріліп, мәртебеміз өсіп қалды. Өйткені, қасиеті мол дархан даламыз ұлдарына күш-қуат береді ғой.

Айқас басталысымен-ақ қарсыласы  Норберто Гонсалес Қанаттың гүрзі жұ­дырығының дәмін біраз татып көрген соң неше түрлі айла-шарғы жасап, құй­тұрқы әрекеттерге бара бастады. Қайта-қайта ұстаса берді. Ашық айқасудың орнына қашқақтап, төрешіге шағым жасаумен болды. Мұндай қылық­тың кейбір кәсіпқой боксшы­ларда кезде­сетіні рас. Бірақ, Қанат оны нокаутпен жеңбегені болмаса, он екі раунд бойы сілікпесін  шығарды.  Сөйтіп, жерле­сі­міз жеңіске жетіп, WBO NABA және WBA Іntercontіnental нұсқалары бойынша әлем чемпионы атағына  ие болды.

Қанаттың жеңісіне Олимпиада чемпиондары Бақтияр Артаев пен Серік Сәпиев, белгілі боксшы Болат Манке­нов және басқа біраз мамандар  сенім білдірген еді. Бақтияр бокс маманы ретінде  кездесудің барысына коммен­татор­мен бірге баға беріп отырды. Ол бір сөзінде «Таңғы сағат алтыда қазақты оятқан Қанат» деді.

Қасиетті Рамазан айы басталар күні қол жеткен бұл жеңіс өте жақсы ырым болды. Ылайым, солай болғай.

Ғазизбек ТӘШІМБАЙ.